8-9
8. СИҚЫРЛЫ КЕШ
Элия, Рауза және Райл жинаған отындарымен үйдің ауласына кіреді. Екі-үш қонақ келіп үлгеріпті. Олар аулада сөйлесіп тұр екен. Кіріп келе жатқан отын терушілерге жалт қарап, Раузаны бірден тани қояды.
– Сәлем, Рауза, мынауың не? Отын жинау дұғасын бесінші сыныпта өтіп едік қой. Әлде ұмытып қалдың ба? – деді мысқылдап, ұзын қара қалпақ киген бойшаң бала.
Рауза отынды жерге тастай салды да:
– Сәлем,Митр Дожан, сені келеді деп күтпеп едім. Бірінші боп келіп алыпсың ғой. Әдетте келмейтін едің, – деді. Раузаның былай сөйлесуінің себебі – ол Митрді жақтырмайтын, мектептегі басқа сиқыршылар да ұната бермейтін. Қара сиқырмен айналысады деген сыбыс бар еді. Бірақ дәлел болмаған соң, ешкім ештеңе айта алмайтын. Мінезі де біртүрлі еді. Қисық сөйлеп, қисық жауап беретін. Әр нәрседен тырнақ астынан кір іздеп, теріс сөйлейтін.
Митр де қарап қалмай:
– Алыс бір елден саған қонақтар келіп қалыпты деп естіген едік. Қонақжайлығымызды көрсетейік дедік, – деді де, екі қонаққа көз қырын салды.
Бір кезде аспанда белгілі ұшатын объект пайда болады. Кілемнің үстінде біреу ұшып келе жатты. Бұл тау жақта тұратын сыныптасы еді. Ұшатын кілем аулаға шаң бұрқыратып тоқтай кетеді. Рауза бір нәрсе айтқалы жатқан еді, Митр Дожан бірден:
– Әй, жай қонбайсың ба?! Үсті-басымызды шаң қылдың ғой! – деп айқай салды.
Жуандау келген бұл сыныптасы кілемнен асықпай түсіп, оларға қарай бет алды. Осы кезде аспанда тағы екі кілем пайда болады. Артынша тағы үш кілем көрінді. Сосын тағы бірнешеуі.
Ұшатын кілемдер қамалдың үлкен ауласында, әр жерден қонып жатты. Ақырын қонып жатқандарымен бірге, шаңын бұрқыратып қонып жатқандар да болды. Ақырын қонып жатқандардың иелері – қыздар болды.
Элия бір кезде:
– Тек кілемде ғана ұшасыздар ма? Сыпыртқымен ұшпайсыздар ма? Әдетте сыпыртқымен ұшады деп оқып едік. Бізде солай жазылған. Фильмдерде де солай, – деп таң қалды.
– Сыпыртқы?! – деп Рауза мен Митр күңк ете қалды. – Ха-ха-ха.. Рауза сөзін ары қарай жалғастырып:
– Бірінші рет естіп отырмын. Бұл дегенің – ыңғайсыз ғой. Олар қалай шыдап жүр. Кілемде рахаттанып ұшқанға не жетсін? Жатып, ұйықтап ұшсаң да болады, – деді.
– Олар бізге қарағанда артта қалып қойған ғой. Бізде де бірнеше ғасыр бұрын сыпыртқымен ұшқан деп естігем, – деп Митр Дожан ырсия күлді.
Қонақтар қона салысымен кілемдерін орап, бұрышқа қойып жатыр. Кейбіреулерінікі өздігімен оралып, жиналып жатты. Бәрі Элия мен Райлдың айналасына келіп жиналып жатыр.
– Сәлем, Рауза, сәлем адамдар! Біздің елге қош келдіңдер, – деп бірінен соң бірі сәлемдесіп жатыр.
– Қалайсың Рауза?
Бәрі үймелеп, екі адамнан көздерін алатын емес. Рауза сәлемдесіп үлгере алмай жатып:
– Сәлем, сәлем ... – деп қыздармен құшақтасып жатыр. – Не болды соншама, адам көрмегендей! – деп ол күліп жіберді. Шынында да, көбісі адамды бірінші рет көріп тұр еді.
– Ал, жүріңдер, достар, залға кірейік! – деп Рауза бәрін үйге шақырды. – Сол жерде танысамыз.
Қонақтардың саны оннан асып кеткен еді. Олар алдын-ала дайындалып қойған үлкен залға кіреді. Залдың ортасында үлкен дөңгелек үстел қойылған. Үстелдің ортасы бос боп жасалған. Ол жерде жасыл от жанып тұр. Ал төбесінде жұлдыздай жарқырап жарық қоңыздары ұшып жүр. Алдағы кештің сиқырлы да, қызықты болатыны күмәнсіз. Бұл сиқыршы балалардың барлығы өзіне тән қалпақ киіп алған. Біреуінікі төбесі ұзынша келген болса, ал басқа біреуінікі жалпақтау келген. Тек Митрдікінде екі мүйіз шошайып шығып тұрды. Элия, Райл және Раузаны санамағанда онбір сиқыршы бала келіпті. Алтауы қыз, бесеуі ер бала болды.
– Қош келдіңіздер, балалар! – деп залда Нуа ұстаз қарсы алды.
Барлық қонақтар дөңгелек сағыз үстелдің басына отырды. Дастарханда тек қасық, ыдыс қана болды. Үйдің иесі ретінде Рауза сөз бастады:
– Барлықтарыңыз қош келдіңдер! Бірнеше күн болды үйімізге алыстан келген екі қонағымыз бар: Элия мен Райл.
– Есімім – Элия, сегізінші сынып оқушысымын, – деді сары қыз орнынан тұрып. Арқалықтан боламын. Артынша інісі тұрып:
– Райл, жетінші сынып, – деді қысқаша.
Сосын сиқыршы қонақтар өздерін кезекпен таныстыруға кіріседі. Ал Нуа ұстаз сол кезде ас үйге кетіп қалады.Бір кезде ас үйден табақтарға қойылған тағамдар ұшып келе бастайды. Тағамдардың арасында балық, салат, сүт, ірімшік, ет және шоколад болды, әрине. Сиқыршы балалардың өздері таңғалып ауыздары ашылып қалады. Өйткені Нуа ұстаз бұлай табақтарды ұшыруын тек мейрамдарда ғана жасайтын. Дастарханда шоколадтың түр-түрлісі болды. Тіпті ең қымбат жасыл шоколадтың өзі болды. Ыдыстар да қызыл шоколадтан еді. Барлық сиқыршы балалардың арманы – Нуа ұстаз сияқты болу. Тек Митр Дожанғана одан да асып түскісі келді. Бұл арманымен ол ешкіммен бөліспейтін.
Қонақтар тамақтануға кіріседі. Шырын тұрған сағыз ыдыс өздігінен босаған кеселерге құйылып жатыр. Артынша Нуа ұстаз жерде жатқан дорбасын алып сыртқа шығып кетеді.
– Сиқырлы шоколад дәндерін қайтаратын осы екі адам ба? – деді Митр. Даусына қарағанда бағанадан бері айтқысы келіп, шыдап отырғанға ұқсайды.
– Иә, олар Шококенттен келе жатыр, – деді Рауза жайбарақат дауыспен.
– Қалай сонда? Олар тіпті сиқыр мектебінің табал-
дырығын аттамаған ғой, – деп шыж ете қалды Митр. Басқа балалар да:
– Иә, иә, бұл қалай болмақ? – деп шуласты.
Элия енді өздері жауап беру керек екендігін сезінді де:
– Бізді Шокохан ақсақалдармен ақылдасып жіберіп отыр. Тұздейімдіктер әкемізді әкеткен, негізі сол үшін бара жатырмыз, – деді Элия амалы таусылып.
Рауза әңгімеге араласып, Элия мен Райлға бұрылды:
– Мына менің сыныптастарымның әртүрлі салада қабілеттері бар. Соны тамашалайық. Бәлкім, сендерге пайдасы тиіп қалар. Жолда қажет болуы мүмкін.
Қонақтар дастархан басынан тұрып артқы жақта тұрған дивандарға жайғасты. Рауза ортаға шығып:
– Менің бірінші қабілетімді қонақтар көріп қойған, – деп сөзін бітірмеген еді, Митр бірден:
– Ал екіншісі ше? – деді мысқылдап.
– Екіншісін көрсетпеймін, ол құпия, білесіңдер ғой.
– Ал, жарайды, бірінші боп мен көрсетейін. Жазғы демалыста не үйренгенімді көрсетейін, – деді бағанағы жуандау келген бала. – Осыны үйрену үшін күндіз-түні жұмыс істедім. Сол себептен ғой арықтап кеткенім. Маған бос бір қазан керек және ет немесе күріш болады.
Рауза тез арада сұрағанын әкеле қояды. Сосын қазанның ішіне етті салып, қақпағын жапты. Жаңағы бала өз дұғасын оқуға кіріседі. Көзін жұмып басқа бір әлемге кіргендей көрінді.
«... акуан фия патуи» деген сөздер ғана естілді. Бір уақытта қазанның ішінен пыш-пыш еткен дауыс естілді.
– Дайын, – деді сиқыр иесі. Ол қазанның қақпағын ашқанда ішіндегі ет піскен һәм туралған болды. – Дәмін көрсеңдерші, дәмін!
Барлығы шапалақтай кетті. Тек Митр ғана ұнатпағансып бір қарады. Екінші боп солтүстік жақтан келген ұзындау қыз шықты. Ол да бетін жауып тұрып бір нәрсе оқи бастады. Сосын көк түсті шалбарын түріп, аяқ киімін шешіп қойды. Рауза түк түсінбей:
– Не істейін деп жатырсың, Елса? – деп сұрауға мәжбүр болды.
– Қазір көресіңдер, – деп қыз қарсы тұрған қабырғаға қарай жақындайды. Алдымен қатты шоколад қабырғаны ұстап, тексеріп көреді. Артынан жүгіріп келіп, қабырғаға басып жүріп кетеді. Кәдімгі еден үстімен жүрген адамдай, қабырғаға перпендикуляр түрде қиналмай жүріп жүр. Райлдың аузынан байқаусызда:
– Мәссаған! – деген үн шығып кетеді. – Мынауың Өрмекші адамнан да асып түсті ғой.
Елса залды бір айналып төбеге де шығып кетеді. Басы төменге салақтап:
– Қалай, жетеді ме? – деді.
Бәрі бір дауыспен:
– Керемет! – деп қошеметтеп қол шапалақтады. Рауза қолын сілтеп:
– Келесі кім? – деді.
– Мен көрсетейін, – деп әкіреңдейді Митр Дожан.
Ол асықпай үстелге жақындап:
– Маған керек емес бір зат беріңдерші. Қатты маңызды зат емес, – деді сенімді дауыспен. Өзі қалтасынан қара шүберек алып шығады. Рауза сол залдың бір бұрышында жатқан қуыршағын әкеліп береді.
– Мынау болады ма?
– Болады, болады.
Митр қуыршақты үстелдің үстіне қойып, ойыншықты жаңағы қара шүберекпен толықтай жабады. Қуыршақтың мүсіні толықтай болмаса да, аяқ қолдары қара шүберектің астында белгілі боп тұр. Бәрі не болатынын төрт көзбен күтуде. Митр көзін жұмып тұрып, дұғасын оқи бастайды. Бір кезде шүберектің астындағы қуыршақ еріп кеткендей, жоқ боп кетеді. Бәрі қол шапалақтап қошеметтеп жатыр.
– Тағы да қайталайын ба? – деді Митр. Сосын үстелдің үстінде кетіп бара жатқан жарық қоңыздың үстін жауып, дұғасын оқымай-ақ шүберекті тартып қалды. Қоңыз да жоқ боп кетті. Шапалақтың дауысы бағанағыдай болмаса да, аздап шығады.
Бірінші боп Элияның жаны ашып, сұрай кетеді:
– Бұлардың бәрі қайда кетті? Қоңызға не болды, қайтарасың ба?
– Оларды мен өшіріп тастадым.
– Қалай сонда, жоқ боп кетті ме?
– Иә, тіршілігін тоқтатты, – деді салқын жүзбен Митр.
– Не істедің, Митр?! – деп Рауза айғай салды. – Тас жүрек!!
– Ха-ха-ха! – деп Митр күліп қоя берді. – Оларды қара құрдымға жібердім. Ха-ха-ха.
Сол кезде, бағанадан бері шыдап тұрған Райл оның жағасынан ала кетеді.
– Кері қайтар! Әйтпесе көрсетем саған! – деп, Райл ызалана түсті.
– Әй, тарт қолыңды, мені танымайды екенсің! Қара күшімді білмейді екенсің, – деп арс-арс етті Митр Дожан.
Сөйтіп тұрғанда, Райл көзді ашып-жұмғанша оны жамбасқа бір-ақ лақтырады. Оның аяқтары ауада бір айналып, шақ етіп жерге түседі.
– Ой, кеудем, – деген үн ғана шығады.
Сол жерде тұрғандар екеуін арашалауға кіріседі. Элия
інісін ұстап:
– Болды енді, жібер оны Райл! – деп жатты.
Бір кезде залдың сары сағыз есіктері тарс етіп ашылды. Ішке Нуа ұстаз кіріп келеді.
– Мына жерде не боп жатыр?! Доғарыңдар қане! – деп жуан дауыспен айғай салды.
Ашуы басылмаған Райл бір жақта, кеудесін ұстап тұрған Митр бір жақта тұр. Одан әлі де ыңылдаған дауыс шығып тұр. Дегенмен Қазақстан чемпионымен ұстасып қалған еді ғой.
Рауза тәптіштеп түсіндіруге кірседі:
– Әрқайсымыз сиқыр қабілетімізді көрсетіп жатқанбыз. Кезек Митрге келгенде ол қара сиқыр қолданды. Жарық қоңызын өлтіріп тастады.
– Иә, иә солай болды, – деп қалғандары Раузаның айтқанын мығымдай түсті.
Кінәлі жас сиқыршы болса, ұялмай-қызармай:
– Абайсыздан болды, былай болады деп ойламаған едім. Дұға істеп кетеді деп күтпеп едім, – деді басын төмен түсіріп.
– Бәрі түсінікті. Үйлеріңе қайтыңдар, осымен жетеді, – деді ұстаз. – Ертең мектепте кездесеміз.
Митр Дожан жерге түсіп қалған мүйізді қалпағын киіп алды да, Райлға «әлі кездесеміз» дегендей бір қарады. Сосын бірінші боп есік жаққа қарай жөнелді.
Элия інісіне бұрылып, ол ғана еститіндей:
– Дегенмен, күшті лақтырдың. Дұрыс істедің, – деді мақтан тұтып.
– Қалай оны қара күшімен бірге жерге қадап тастағым келіп тұрғанын білсең, – деп әлсіздердің қорғаушысы күбір ете қалды.
Митр үлкен қадамдармен жылдам жүріп, ұшатын кілеміне жақындайды. Қара оюлы кілемді жайып, үстіне секіріп мінеді. Бес-алты секундта көзден ғайып болады.
Қалған балалар Раузамен қоштасып жатыр. Арасындағы бір боз бала Райлға қолын беріп:
– Бәрекелді! Күшті істедің, – деп оны қолпаштады.
– Рахмет, Рауза, қызықты кеш болды. Әсіресе, Митрнің ауада айналып ұшқаны керемет болды, – деді бір сиқыршы қыз ыржиып.
– Сол керек өзіне, – деді ұзын қалпақ киген басқа бір қыз.
– Сау бол!
– Сау бол, көріскенше!
Келген қонақтар кілемдеріне отырып ұшып кетіп жатты.
Элияның ойынан «жарық қоңызы қайда екен, оған не болды екен» деген уайым кетер емес. Осындай ойлар бірінен соң бірі жалғаса берді, жалғаса берді.
* * *
Келесі күні Элия мен Райл сиқырлы кітапты оқуды қалайды. Сол уақытта Нуа ұстаз орманнан бал әкелуге шығып кеткен еді. Кітап екеуін шақырып тұрғандай болды. Нуа ұстаз бұл кітапты оқуды үйретсе де, әлі кітаптан ештеңе оқымаған еді. Райлды бір тылсым күш баурап алғандай болды. Олар кітапханаға көтеріліп, кітапты тауып алады.
Райл болмай:
– Элияжан, кітапты көрейікші, – деді ақырын дауыспен.
– Ой, керек емес. Нуа ата өзі көрсететін шығар, – дейді кішкене қорқақтап.
Райл кітапты ашып жатып:
– Мен онда оқи берем, – дегенде Элия қасына жүгіріп келіп:
– Жарайды, мұнда тұрған ештеңе жоқ, – деп інісіне қосыла кетеді.
Кітап өте ескі еді, кейбір парақтары тозып қалған. Бұл – оны одан сайын тылсымды етті. Кітаптың сыртында
Қайн кітабы деген жазу болды. Олар әр сөзді, тіпті әр әріпті зейін қойып оқи бастады. Кітап былай басталды:
Суық кейде күйдірер,
Абайла от емес білсең егер.
Адамның ішіндегі семсер,
Әр сөзің шықпасын бекер.
Келесі бетте карта болды. Ол бетте таулар мен ормандар анық көрініп тұрды.
– Иә, иә, ашып оқи беріңдер! – деген бір дауыс терезе жақтан келді.
Екеуі де шошып кетеді. Бұл дауыс терезенің алдындағы қарғадан келген еді. Бірақ қарғаның түсі ақ болды.
– Сен кімсің? – деді Элия бірден.
– Мен – Ақғамын. Осы маңайдан жай ұшып бара жатқам, соғып кетейін дедім. Нуа ата жоқ па? – деді ішке бір қарап.
– А-а-а, неге сенің түсің ақ? Әдетте қарғалар қара болушы еді, – деді Райл қарғадан көз алмай.
– Менің анам мені «аппағым–аппағым» деп өсіргендіктен, осылай аппақ болып кеттім. «Аналардың дұғасы қабыл болады» дейді. Әйтпесе, анам өзі қара.
– Мәссаған, ақ қарға деген де болады екен-ау!? – деді Элия таңғалысын ұстай алмай.
– Бұл деген керемет қой. Ешкімге ұқсамаған, – деді Райл.
– Сыртқы келбет көбінесе алдамшы болады. Сендер білмейсіңдер ғой, – деді қарға көзін төмен қаратып.
Бір кезде бірінші қабатта біреудің жүргені естілді. Есік шиқылдап ашылып, Нуа ұстаз ішке кіріп келді. Қарға лезде ұша жөнелді. Райл ыңғайсызданып кітаптан қолын тарта қалған еді, Нуа ұстаз жымиып:
– Ештеңе етпейді. Демек, кітапты оқитын уақыт келген екен ғой. Келіңдер, бірге оқиық, – деді.
– Ата, кешіріңіз, шыдай алмай кеттім, – деді, Райл басын төмен салбыратып.
– Жоқ, кітап сені шақырған ғой. Бір таңғалғаным, кітапты қалай тауып алдыңдар? Оны ешкім таба алмайтын еді. Ал келіңдер, уақыт жоғалтпайық, – деп сақалды ұстаз кітапты қолына алды.
– Мына бетте Тұздейімге баратын жол басталады. Кейбір парақтар жоқ. Сол парақтарды тауып, Тұздейімге жетесіңдер. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ол жерге жеткеннен кейін, кітаптың соңғы бетіндегі дұғаны оқу керек, сол кезде мақсаттарыңа жетесіңдер, – деді ақсақал.
Элия кітаптың соң жағын ашып қарап:
– Мұнда еш дұға жоқ қой, – деді таңғалып.
– Кейбір нәрселерді мен де толық білмеймін. Ақылдарыңды қолдануларың керек, – деп күрсініп қойды ұстаз. Сосын былай жалғастырды:
– Сендердің мақсаттарың – сол кітаптың соңғы жағындағы дұғаларды табу. Осы дұғалардың күшімен Удай Қаруасты жеңе аласыңдар. Мына кітапта Тұздейімге қай бағытпен бару керек екені көрсетілген. Сендер жолға шығуға дайынсыңдар. Іске сәт!
Элия бір жағынан қорқып, бір жағынан қуанып:
– Онда уақыт жоғалтпай ертең жолға шығайық, – деді.
Нуа бірден іркіліп:
– Жоқ, ертең емес, қазір шығасыңдар. Әр минут маңызды. Шоко әлеміндегі әр ел бұзылып жатыр. Сондықтан асығу керек.
Екеуі тез арада жолға дайындалуға кіріседі. Нуа ұстаз бен Рауза оларды аулада күтіп тұрды.
– Ал, жолдарың болсын, тәтті сапар. Ең маңыздысы жүректегі жылуды суытып алмаңдар. Қандай мақсатпен бара жатқаңдарынды ұмытпаңдар. Әр минутты осы мақсатпен өткізіңдер. Әйтпесе, адасып кетесіңдер. Жақсы, сендерге сенемін, – деп Нуа ұстаз қолындағы Қайн кітабын жас батырларға береді. Рауза да оларды қимай тұрды. Бір-бірлеріне үйреніп, бауыр басып қалған еді.
– Сендерді сағынатын болам. Жолдарың болсын, тәтті сапар! – деді сиқыршы қыз мұнды даусымен.
Олар ұстаздарымен қоштасып, әр айтқан сөзін жаттап алады. Нуа ұстаз осылайша, қасиетті кітапты Шококенттен келген Райл мен Элияға тапсырады. Алғашқы қадамдары ну орманның ішімен жүру болды.
9. ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ
Біраз жол жүрген соң, қатты жаңбыр жауа бастайды. Бір жаңбыр тамшысы Элияның аузына түсіп кетеді.
– Ой, мына жаңбырдың дәмі ащы ғой, – деп тоқтай қалады Элия.
Райл оған бұрылып:
– Демек, Тұздейім елінің аумағына кірдік. Енді өте мұқият болуымыз керек, – дейді.
Олар таудың етегіндегі үңгірді байқайды.
– Мұнда үңгір бар екен, қарашы, Элия, – дейді Райл қолымен үңгір жақты көрсетіп.
– Кеттік мына үңгірге кірейік. Әйтпесе су болатын түріміз бар, – дейді Элия асығып. – Жақсы болды ғой, мына үңгірді кездестіргеніміз, ащы жаңбырдан қорғанатын болдық.
Тұзды жаңбыр одан сайын құйды.
– Иә, кеттік! Тез болайық.
Үңгірдің іші жарық әрі жылы екен. Ішіне бес-алты піл сыйып кететіндей үлкен көрінеді. Екеуі үңгірдің бір бұрышына жайғасады. Артынан саяхатшылар қатты шаршағандарынан шыдай алмай, ұйқылары келеді.
– Райл, мына бұрышқа жайғасайық, жайлы екен, –
деп әпкесі киімін сол жерге төсеуге кіріседі. Райл керіліп:
– Мен де қатты шаршадым, ұйықтап алайық, – деді де, жұмсақ болмаса да төселген таза жерге жата кетті.
Олар бірден түстер әлеміне кіріп кетеді. Ол жерден бәлкім күш-жігер жинап әкеледі. Бұл оларға өте керек.
Райл түсінде тұзды шырын ішіп жатып, бірінші болып
ұйқыдан оянады. Түстің мезгілі, бірақ үңгірдің іші қараңғы. Райл қасындағы әпкесін де оятады.
– Ойбай, Элияжан, үңгірдің аузы жабылып қалыпты! – деді Райл көзін қайта-қайта уқалап.
– Енді қайттік?! – деді әпкесі жан-жағына қарап. – Қалай сонда, өзімен-өзі жабылып қалған ба?
Үлкен тас жоғарыдан құлап, үңгірдің аузын шыға алмайтындай жауып тастапты.
– Қане, итеріп көрейік, – деді Райл үстіндегі жейдесін шешіп.
– Қалай? Тас тым үлкен ғой.
– Не де болса көрейік.
– Иә, ұстазымның айтуы бойынша құлайын деп тұрған ауыр затты үрлеп құлатуға да болады.
– Жарайды, көрейік.
Екеуі бірге итеріп көреді. Бірақ тас орнынан да қозғалмады. Тас тым үлкен еді. Элияның көңілі бірден түседі.
– Енді осы жерде қалып қоятын болдық. Кім бізді құтқара алады? – дейді жылағысы келіп.
Бір кезде үңгірдің сыртынан біреудің жүргені естіледі.
– Элия, естідің бе? Сыртта біреу жүрген сияқты, тыңдашы.
– Қане, шын ба? – деп әпкесінің көңілі аз болса да көтеріледі.
– Бұл кім? – деп сұрайды Райл. Сырттағы бейтаныс өзін көп күттірмей:
– Мен – Теруес, отыз жетінші аспанның періштесімін. Сіздердің дауыстарыңызды естіп жақындап едім, – деп өзін таныстырды.
– Біз үңгірден шыға алмай тұрмыз. Бізге көмектесші, – деп Элия көмек сұрайды.
– Бұл сіздерге байланысты. Білетінімді айтайын. Бұл –
сиқырлы үңгір. Үңгірден шығудың жолы: өміріңізде істеген шынайы жақсылығыңызды айтып жалбарыну керек.
– Жақсылық па? – деді Райл қабағын шытып.
– Иә, бірақ шынайы болу керек. Әйтпесе ашылмайды. Яғни шын жүректен істелген болу керек, – деді періште арғы жақтан айғайлап.
– Мен бірінші бастайын, – деді Элия көп ойланбай. Райл таңғалып:
– Сенікі дайын ба? Жақсылықтарың көп сияқты ғой. Ал мен ойлана тұрайын, – деді.
Сөйтіп бірінші болып Элия бастады.
– Мектепте Наурыз мейрамында ата-аналарымыз бізге сыйлық жасаған. Сол кезде бір балаға сыйлық жетпей қалған еді. Бұл сыйлық өте сирек кездесетін тастан жасалған білезік еді. Жаным қатты қаласа да, өз сыйлығымды сол балаға бере салдым, – деп өз жақсылығын айтады.
Бір кезде тас кішкене жылжиды.
– Алақай!!! – деген қуанышты сөз екеуінің аузынан
шығады. Үңгірдің іші жаңғырып кетеді. Тағы біреу сөйлеп тұрғандай естілді.
– Алақай!.. Алақай!.. Алақай...
Екеуі қатты қуанып кетеді. Бірақ шығу әлі мүмкін емес еді. Элия екінші жақсылығын айтуға дайындалады:
– Қаладан ағамның арбасымен жолға шыққанбыз. Баратын жеріміз алыстау еді. Жолдағы бұлаққа жақындағанда бір қарт адамды кездестірдік. Жаяу жүріп бара жатқан қарияны арбаға салып алдық. Алайда арбада бос орын жоқ еді. Арбадағы өз орнымды беріп, мен жаяу жүруді жалғастырдым. Сонда қатты шаршаған едім, – деп жақсылығын айтты. Райл да тыңдап қалыпты.
– Мәссаған! Соншама жол жаяу жүрдің бе? Бұл туралы маған еш айтпадың ғой. Бұл дегенің – нағыз ерлік қой, – деді інісі қайран қалып.
– Енді, жақсылығыңды айтып жүрсең, бұл мақтаншақтық болады емес пе? Соңдықтан айтуды жөн көрмеймін, – деді әпкесі ұялып.
Осы сәтте тас тағы кішкене жылжыды. Бірақ шығу әлі де мүмкін емес еді. Енді Райлдың кезегі еді. Ол кішкене ойланып қалады. Ішінен «көп жақсылық жасадым, бірақ арасындағы шынайысы керек. Қазір тас жылжымай қойса, қайттім» деп алаңдайды. Бұл жайын әпкесі бірден түсініп қояды.
– Райл, бастасаңшы. Жақсылықтарың көп қой. Мысалы анау ... күшікті қалай өзеннен құтқарғаныңды айт.
– Өөй, сол да ерлік пе екен... Оны айтпаймын.
– Неменеге айтпайсың? Бұл – өте үлкен ерлік. Тірі жанды құтқару өте маңызды. Онда анау жақсылығыңды айт, көшеде ақша тауып алған едің ғой. Иесін тапқанша, бір күн бойы әлек болғаныңды.
– Өй, қойшы Элия, сол да жақсылық па екен.
– Айт енді, кешке дейін осында күтіп қалмақпыз ба? Қой енді, кішіпейілділігіңді, тезірек шығу керек, – деп Элия жерге отыра кетті. – Туууф, қиын болды ғой. Шамалы жақсылықты, жақсылық санамайтынын. Онда саған жақсылық жасағым келсе, маған қиын болады екен ғой, – деп әпкесі күліп жіберді. – Хе-хе-хе. Шамалысын менсінбейсің ғой.
– Ха-ха-ха. Қойшы білесің ғой мені, – деп Райл мырс етті.
– Ойнап айтам, білем ғой сені. Саған жасалған түймедей жақсылықты түйедей көресің.
Бір кезде жас қаһарман әңгімесін бастады:
– Бір жылдары, сен екі аптаға ауылға кеткенде, анамыз қатты ауырып қалған еді. Сол жылы достарыммен көптен армандаған Еруен тауына саяхатқа шығатын болдық. Бұл таудың ерекшелігі таудың басында ерекше алма пісетін. Бұл алма пісу үшін аспанда Ұларбент кометасы жерге жақыннан өту керек. Ал ол болса, жүз жылда бір-ақ рет болады, сондықтан бұл мүмкіндік те өмірде бір-ақ рет болады. Ал бұл алманың дәмі өте ерекше. Оны жеген адам дәмін өмір бойы сезіп жүреді екен. Анам мені ойлап, жолға аттанғанымды қалады. Мен де достарыммен бірге шығуды жаным қатты қалады. Бірақ анашымды бұл халде тастап кете алмадым. Осылайша, анамды күтіп, аурудан жазылуына көмектестім. Үйде тамақ істеп, кір жудым. Анам бұл әрекетіме қатты риза болды. Жүзіндегі бақытты көріп, тауға бармағаным жақсы болған екен, – деп сөзін аяқтай берген еді, тас бірден жылжып, ары қарай домалап түсті.
Үңгірдің аузы ашылып, екеуі қатты қуанады. Олар
бірден бағана үңгірдің сыртынан сөйлеген кісіні іздей
бастайды. Құтқарушы алыстан көрінді, өзі қатты терлеп-тепшіп келе жатыр екен. Теруес ақ киінген, өңі ашық бозбала еді. Киімі ерекше жібектен тігілген, көзге жарқырап көрінеді екен. Періште жақындап келіп:
– Сіздердің жақсылықтарыңызды көкке жеткіздім. Содан қатты шаршап кеттім, – деді ентігіп.
– Көмегің үшін рахмет. Бізді құтқарып қалдың, – деп Райл ризашылығын білдірді.
– Жоқ, құтқарған өздеріңнің жақсылықтарың, – деді періште.
Элия періштеге тесіліп қарап:
– Бұрын-соңды періште көрмеген едім. Өз көзіме сене алмай тұрмын, – деп таңданысын білдірді.
Теруес ыңғайсызданып:
– Бұл – менің шынайы түрім емес. Бозбаланың келбетінде көрініп тұрмын, – деді.
– Сіздер аспанда не барын білетін шығарсыздар, сол туралы кішкене айтып бересіз бе? – деп Элия екінші сұрағын қойды.
– Оны сол жаққа барғанда көре жатарсыздар, – деп
Теруес жауап бергісі келмей, әңгімені басқа жаққа бұрды.
– Біраздан кейін менің достарым келеді, – деді Теруес.
Райл түсінбей:
– Қандай достар, қай жерден? Сіздер қайда тұрасыздар? Қай елден боласыздар? – деп әрең тоқтады.
Теруес жылдам қимылдап:
– Тоқта, тоқта, бір-бірлеп сұрашы. Қазір айтамын. Біз бағана айтқанымдай, көктің отыз жетінші қабатынан боламыз, Райы періштелеріміз. Жұмысымыз жоғарыдан келген бұйрық бойынша сіздерге ауа райын даярлау. Санымыз бірнеше миллиард болып қалады.
Элияның көзі бақырайып:
– Сонда сенің қанша досың бар!? – деді.
– Енді сендерді санамағанда 512 256 досым бар. Кішкене аздау енді, бірақ достығымыз мәңгі.
– Рахмет, бізбен дос болғаның үшін. Біз саған лайықты дос болуға тырысамыз, – деп Райл Теруеске қолын берді.
Осы сәтте үшеуі де күліп жіберді. Теруес жоғары қарап:
– Достарым да келейін деп қалды, – деді қуанып.
Шынында да, көп кешікпей жаңбыр басталды. Аспаннан әр жаңбыр тамшысын бір періште әкеліп жерге түсіріп жатты. Сандары шексіз сияқты. Бір уақытта айнала періштелерге толды. Даланы хош иіс алып кетті. Періштелер бойжеткен мен бозбала кейпінде болды. Барлықтары өте сымбатты да, ажарлы жүзді. Іштерінен біреуі алға шығып:
– Сәлем бердік, жас батырлар! Қош келдіңдер! – деді
– Сәлеметсіздер ме!? – деді екеуі қосылып.
– Соңғы уақытта жаңбырдың дәмі ащы болып кетті, бұның себебін білмейсіңдер ме? – деп сұрақ қойды жаңағы періште.
Оның киімі басқалардан ерекшелеу еді, үстінде қатты жарқыраған алтын түсті шапаны болды. Бұл – олардың басшысы Испал еді.
– Иә, білеміз. Сол себепті біз осында жүрміз, – деді Райл көңілденіп.
– Не болды сонда, айтасыңдар ма? – деп Теруес қосыла кетті.
Райл ары қарай жалғастырып:
– Жарайды, айтайын. Тұздейімдіктер сиқырлы шоколад дәндерін ұрлап әкетті. Біз сол дәндерді қайтару үшін шықтық. Бірақ күлмеңіздер, неге соншама батырлар арасынан бізді жіберді деп. Үлкен әулие кісілер патшамызға бізді ұсынды. Сол себептен Шокохан бізді жіберді.
– Жоқ, күлкілі емес. Сендердің орындарыңа басқа біреу келгенде жаңағы үңгірден шыға алмайтын еді, – деп күтпеген жерден Испал қолдау көрсетті. Бұл – шынында да солай еді.
– Егер сиқырлы дәндерді қайтара алмасақ, басқа әлемдердің де халі мүшкіл болмақ, – деді Элия.
Испал жерге қарап:
– Бәрі түсінікті. Сол себептен екен ғой, батыстан тұзды жел соғатыны. Демек, тұздейімдіктер күшейіп жатыр, – деді.
– Бізге қонақ болыңыздар. Біз үшін бұл құрмет, – деп періштелер патшасы қолын жоғары сілтеді.
Райл уайымдап:
– Біз сіздер сияқты ұша алмаймыз, – деді.
– Ол жағын қатырамыз, – деді Теруес.
Періштелер әуе шары тәрізді екі сыйлы қонақтарының қолдарынан ұстап, көкке самғай кетті. Нұрдан жаратылған бұл періштелерге екеуін ұшырып әкету қиынға соқпады. Періштелер болғасын ба, екі қонақта еш қорқыныш сезімі болмады.
– Қандай керемет! Кемемен ұшып көрдік, бірақ былай құс сияқты желді сезініп ұшу басқаша екен, – деді Элия.
– Иә, қандай күшті. Өзіңді жеп-жеңіл сезінесің, – деді Райл.
Екеуі бұлттар арасынан құстай ұшып, жерді биіктіктен тағы бір тамашалады. Қастарында Теруес досы самғап бара жатыр. Екі адам баласын тек екі періште ғана ұс-
тап келе жатты. Райл оған бұрылып:
– Мекендеріңіз қайда? – деп сұрағаны сол еді.
Теруес:
– Әнееее! – деп қолымен оңтүстікке қарай көрсетті.
Шынында да, бұлттардың үстінде зәулім жарқыраған сарай көрінді. Бұл нұр шашып тұрған сарай күннің сәулесінен жасалған еді.
Жарты сағаттан кейін олар періштелер мекеніне жетіп қалады.
Сарайдың айналасынан үш рет айналған соң, жасыл
қақпаның алдына келіп тоқтайды. Қақпалар жоғары қарай ашылды. Алдарынан түрі бұзылып кеткен Испал шықты. Бір нәрсе болғанға ұқсайды. Тез қастарына келіп:
– Шұғыл түрде тығылуларыңыз керек! – деп айғай салды.
Қонақтар ештеңе де түсінбей:
– Не болып қалды? – деп екеуі бірдей сұрады.
– Тұздейімдіктер сіздер жайлы біліп қойыпты. Сіздерді ұстау үшін әскерлерін жіберіпті. Олар жақындап қалды, тез арада тығылуларыңыз керек, – деп Теруеске белгі береді. Өзі қолбасшыларын шақырып, шайқасқа бұйрық берді.
Теруес олардың қолдарынан ұстап ұша жөнеледі.
– Кеттік! Олар таба алмайтын бір жерді білем, – деп Теруес екі қонаққа жол көрсетті.
Олар алыста қалқып бара жатқан бұлттарға қарай ұша жөнелді. Ар жақта кәмпит тау көрінеді. Теруес:
– Мына тауға тығылайық, – деді. – Қазір, бұл таудың төбесінде жылы жер болу керек.
Аспан қонақтары мамықтай жұмсақ, әрі тәтті бұлттардың қасынан өтіп, таудың бір жеріне қонады. Олар алыстан зәулім сарайды бақылап тұрады. Бір мезетте күн күркіреп, мөлдіреп төніп тұрған көгілдір аспанды қара бұлт басып кетеді. Артынан найзағай жарқ ете қалды.
Теруес түрегеліп:
– Шайқас басталды, – дейді. – Сендер осында тығы-
лып отыра беріңдер. Мен достарыма көмектесуім керек, – деп кетуге дайындалады.
Элия шошып:
– Біз жерге құлап қалмаймыз ба? – деп уайымын білдіреді.
– Жоқ, мына менің киімімді киіп алыңдар, сол кезде
құламайсыңдар, – деп кеудешесі мен тақиясын шешіп береді.
Теруес енді қызып келе жатқан ұрыс алаңына ұша жөнеледі. Шынында да, шайқас алаңы қатты қызып кеткен еді. Өйткені найзағай ұрған жерлерде үлкен күш бөлінді. Алыстан қарағанда жан-жақтың бәрі жарқылдап, қызған шайқас болғанға ұқсайды. Оң және теріс күштердің қақтығысуы аспанда күн күркіретіп, найзағай жарқылдатты. Біраз уақыттан кейін найзағай басылады, тек алыстан күн күркірегендей болды.
Элия мен Райл қатты ұрысқа қарамастан, біраздан кейін ұйқылары келеді. Мұндай мамық төсекте жатып көрмеген олар, ұйықтап кетеді. Бұлттарға оранып алған саяхатшылар түстерінде сиқырлы шоколад дәндерін көріп жатты.
Бір уақытта:
– Адамдар, тұрыңдар, – деген дауыс оларды оятып жібереді. Элия бірінші болып көзін ашады.
Алдында Теруес тұр. Элия атып түрегеліп:
– Аманбысың, Теруес, не болды? Кім жеңді? – деп сұрайды.
– Әйтеуір, төтеп бердік. Оларға кері шегінуге тура келді. Бірақ сендерге бұл жерде қалуға болмайды. Тұздейімдіктер қайтып келеді. Тез арада төменге түсейік, – деп Теруес қолдарынан ұстап, төменге секіруге дайындалды. Осы уақытта Райл да оянады. Олар ақырын қалқып төмен қарай түседі. Түскен жерлері орманның етегі еді. Теруес есіне бір нәрсе түскендей:
– Айтпақшы, қай жаққа барасыңдар? – деді.
– Ғанун еліне жетуіміз керек, – деп Райл жауап қатты да, сөмкесінен Қайн кітабын алып шықты. Карта салынған бетті ашып жіберіп:
– Мына елге, – деді.
Теруес:
– Ол жолды білемін. Мен сіздерді кішкене шығарып салайын, – деп екі баланың қолынан ұстап, қайтадан жоғары ұшуға дайындалды.
Екі жолаушы не дерін білмей келісуге тура келді.
ВЫ ЧИТАЕТЕ
ШОКО ƏЛЕМ
FantasyЭлия мен Райл шоколад əлеміндегі таңғажайып оқиғалар туралы бұл фэнтезі, тəтті сəттер сыйлайды. Ал Тұздейімдіктер əлемнің барлық жерін тұздап тастағысы келеді. Жеңетін тəтті ме əлде ащы ма..