Өзгелер жалғыздықтан асқан қорқынышты ештеңе жоқ деп жатады. Егер бұл шын болса, мен ғаламның ең үрейлі бұрышында ғұмыр кешу үшін жаралғандаймын.
Үнсіз көшелер мен самал желдің тынысы Алматы кешін одан бетер құпиялық пен сырға толтыруда. Шамдардың жарығы тратуарға жігерсіз нұрын шашып, көлеңкелер белгісіз сұлбаларды бейнелейді. Көк аспанның сұлулығын қызғанып, өз кеудесімен жабуға тырысқан сұрғылт бұлттар менің кәзіргі көңіл-күйімді суреттеп тұрғандай.
3 жыл бұрын менің өмір тарихымды мәңгілікке өзгерткен оқиға орын алды. 3 жыл бұрын менің жүрегімнің ашық аспанына қайғының буын бойына сіңірген күңгірт бұлттар келді. 3 жыл бұрын анамды психиатриялық ауруханаға алып кетті. Сол күннен бастап анам туралы ешқандай хабар келмеді. Егер тірі болса, ертегідегі секілді көгершіннің аяғына хатын байлап ұшырсада амалын табар еді-ау. Бірақ, үміт адам көңіліндегі ең соңғы болып өшетін алау. Бәрі кеше ғана болғандай. Жарық, газетпен тұмшаланған терезе, теледидардағы белгісіз бір түрік сериялы. Осы жанға жайлы пейзажды 50 жас шамасындағы әйел адамның жан айқайы ғана бөліп тұрды. Бар болғаны 15 минут. Бұл 15 минуттан кейін мен жүрегімнің жарты бөлігінен айырылғандай болдым. Адамның жады таңғажайып дүние емес пе?!
Сол кездегі айналамдағы бар затты бүге - шүгесіне дейін білсем де, анамды ала кеткен қос жанның кескін келбеті мүлде есімде емес. Құдды аспаннан періштелердің өзі түсіп анамды ұзақ сапарға адам бейнесін жамылып ала кеткендей.
Бұл ойлар маған жұмыс орныма жетемін дегенше маза бермеуші еді. Кеше де, бүгін де, мүмкін ертең де. Бірақ, №239 қалалық аурухананың тұтқасын ұстағанда бұл ойлар су сепкендей басылды. Емхананың үрейлі аурасы тәніңді саусақ ұштарына дейін баурап алардай.
- Қалайсыз? Бүгінгі операцияға дайынсыз ба? - деді тар дәлізді бөлісе келе жатқан сары шашты қыз.
- Иә, уақытын есіме салып жібере аласыз ба?
- 17:00 ұмытпаңыз.
Мен асығыс сағатыма көз тастадым. 15:47. Ендігі операцияға қанша минут қалғандығын есептей алмай жанарымды бос бір нүктеге қадап келе жатқанда, сары шашты медбике тұтқиылдан тағы сөз бастады.
- 1 сағат 13 минут.
- Білемін...Тек...Тек есіме басқа бір зат түсіп кетті. - деп ақталудың жолын іздей бастағанмын, ол еріксіз күлкіге басты. Мүмкін сіздер осы сәтте оның күлкісінің сұлулығы жайлы жарты кітапты алатын метафораларды күткен шығарсыз. Бірақ, тек бүгін емес.
- Жарайды. Ендеше көңіліңізді аулаған бұл нендей зат болды екен?
- Маңызды емес.
Мен осы түсініксіз диалогты жылы тоқтатуға бекіндім. Себебі, бұл бос сөздерде ешқандай мағына, ешқандай мақсат болмады.
16:45. Үстелде тек қалың кітап пен шыныдағы кофе. Сыртымнан көрген адам мені "неткен сауатты жан" деп ойлап қалуы мүмкін еді. Ендігі күн тәртібіндегі іс кофеден өрнектеле шыққан буды бақылау. Қызық құбылыс.Басында көзге оттай басылып көрінеді де, көтеріле келе ерекшелеп тұратын сұлулығы көппен бірге жоққа айналады. Адамдарда осыған ұқсас емес пе? Жаңадан дүние есігін ашқанда әрқайсымыз өзіндік қасиетке ие боламыз да, уақыт өте келе кәзіргі ақпараттық қоғамда сол қайталанбас құндылығымызды жоғалтамыз.
Әрине, мен 1 сағат бойы жәй ғана кофе буына телміре қарап отырмадым. Олай болса бұл уақытқа дейін кофе салқындамақ түгіл, ішіне мұз қатар еді. Алдымен, деректер базасына барып науқасымыз туралы ақпаратпен таныстым. Нысанбай Әлішер, 56 жас, нефропексияны қажет етеді. 1 бет парақта ол жайлы барлық ақпарат жазылған еді. Бірақ, сіздерге Әлішеріміздің қай жылы соқырішек болғандығы қызық деп ойламаймын. Деректер базасында операцияға дейін болғым келгенімен жалықтырарлық сөрелер мен мүлгіген тыныштық жоспарымның бір кемшілігі бар екендігін ұғындырды. Мен беймаза адам едім. Бір орында 1-2 сағат бойы лекция тыңдау мен үшін ең азапты жазалардан да бетер еді. Деректер базасынан шығып, қабылдау бөліміне беттедім. Бір қорап толы заттар. Бұл бір әріптесіміз өзінің жылы орнын босатты деген сөз.
- Кім?
- Терапевт Жандос ағай
- Неге?
- Жаңа бастық-жаңа заңдар
Бойымды сенімсіздік бен ашу бірге биледі.
- Бірақ, оның зейнетке шығуына санаулы жылдар ғана қалды емес пе?!
- Ал осыны жаңа бастықсымағымызға айтып көр.
- Сіздер не ағайды жұмыстан шығарып жатқанда жәй ғана қарап тұрдыңыздар ма?
- Әй, жүгермек. Ашуыңды менен алайын дедің бе?! Қатты ақылды болып бара жатсаң бар басшыңа айта ғой шағымыңды. Ол кісінің босатылғаны сенің ғана жаныңа батты дейсің бе?! 40 жылдық тәжірбиені пысқырып тұрған бастығың жоқ. " Жастарға жол беру керек" "Жасарту керек" деп жарамсақтанып бара жатыр.
Осы сөзден соң үнсіз қалдым. Сөз таппадым ба, әлде Гүлнар апайым алдындағы зат толы қорапты аударып жібереді деп қорықтым ба, әйтеуір үнсіз қалдым. Жандос ағайда осыны сезгендей қорабын алуға келді
- Қайда барасыз?
Бұл менің азапты үнсіздікті бұзу үшін жасаған бір қадамым еді. Жандос ағай бұл сөзге жымимады да, керісінше көзіндегі жасырғысы келген зарлы жастары айқындала түсті. Ол үн қатпастан қорабын қолына қапсыра ұстап кете барды. Үнемі нұр шашып жүретін адамдардың жүзінен мұң мен қайғыны, тарқамаған шерді көру - ауыр қасірет. Үстел үстінде оның бір кітабы қалып қойыпты. Апарып беру үшін енді кеш. Сондықтан, кітапқа үңіле бастадым. Достоевский "Белые ночи". Мен өмірімде Әліппеден өзге кітапқа мән беріп оқымағанмын. Оқығымда келмейтін. Кітапты Жандос ағайдың маған берген тосын сыйы деп біліп, ендігі асханаға бет алдым. Бар ойым "Жаңа басшымен дәлізде кездеспесем екен" болды. Өзінің биік екендігін көрсету үшін көзіне алғаш көрінген тірі жандардың бәрін жұмыстан қудалап жатырғандай.
12:58. Операцияға дайындық басталып кетті.
Тозған жүйке жүйелері, қолымды сәл қысып тұрған көк түсті резеңке қолғаптар, ақ халат және антисептиктің бөлменің әр бұрышына сіңген терең иісі. Мен көзіммен құралдарды бір шолып өттім. Әрқайсының келесі 3 сағатта болатын өмір атты биде өзінің рөлі бар. Хирург, анастезиолог, медбике, санитар және кешіміздің қадірлі қонағы - пациент. Науқас қаншалықты терең ұйқыда жатса да, оның маған деген сенімін жұмулы көздерінен ақ байқауға болады.
Операция аяқталды. Бөлме есігін дыбыссыз жауып, үстімдегі хирургиялық халатты шешуге асықтым. Халаттағы қан мен араласқан тер бүгінгі жұмысымның сәтті болғандығы туралы хабар берді. Теріме жабысқан қолғаптарды шешіп, мен уақытша трагедиядан алшақтағандай, ұлағатты өмір атты романның тағы бір бетін аяқтағандай болдым.
Ұзақ отадан соң тысқа шығуды жөн санадым. Мені күтіп тұрғандай бір бос орындық көзіме тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Жайлы орынға жайғастым. Бірақ, 3 сағаттық отадан кейін тіпті жұмыр тастың өзі мен үшін мамық керуеттен еш кем емес еді. Қос жанарымды алысқа, қаланың енді тұтанып жатқан ұсақ ұшқындарына бағыттадым. Тіпті, ойлануға да жігерім болмады. Самал леп арқылы келген бостандықтың жұпар иісі мұрнымды жарып бара жатты.
Сәлден соң жаныма жаңа ғана операцияда бірге жұмыс атқарған медбике келіп жайғасты.
- Жақсы жұмыс атқардыңыз.
- Рахмет
- Неге жалғыз отырсыз? Әлде жалғыздықты ұнатасыз ба?
- Жоқ, мен тек өзгелерден көңімнің қалуынан шаршадым
Үнсіздік. Азалы үнсіздік. Екеумізде диалогды әрі қарай өрбіткіміз келмеді.
- Сіздердің еңбектеріңіз дұрыс деңгейде бағаланбайды.
Мен үндемедім
- Ойлап қараңызшы. Егер пациентке ем бітіп, сауығып кетер болса, жаратушыларын мадақтап, сол үшін қаншама еңбек сіңірген дәрігерлерді ұмытады. Тіпті, алғыс айтуғада жарамайды. Ал енді, оқыс жағдай болып, қаралы хабар келсе, бірнеше сағаттап өлім мен өмір арасында арпалысқан дәрігерлерге жала жабады. "Оқымаған","Дипломын сатып алған","Антын бұзған" айта берсе көп.
- Әлі-ақ үйреніп кетесің. Адамдардың қолынан келетін негізгі іс - өзгеге кінә тағу. Ұмытпа.
- Мүмкін ішке кіреміз.
- Жоқ. Асығыспын