Балдай тəтті үйлердің бірінде Шококенттің бас уәзірі Бастуар ақсақал тәтті ұйқысынан шошып оянады. Ол түсінде тұзды жартастың шетінен құлағалы тұр екен. Үсті-басы тұз болып, әрең дегенде жартастан жерге түседі. Ол ұйқысынан оянса да, түсіндегі тұздың дәмі әлі аузынан кетер емес. Бастуар ақсақал бірден терезені ашып жібереді. Күз күні бар шуағын шашып, әлемді жарық пен қуанышқа толтырып тұр. Таңғы салқын жел солтүстіктен хош иістерді жинап, Шококенттің көшелері мен аулаларын таңғажайып сарайға айналдырды. Құстар бар өнерін салып, ән шырқап тұр. Бастуар ақсақал бұл құстар оркестріне әдеттегідей жем беруге кірісті. Жеммен қатар көңілден шыққан жылы сөздер ең маңызды азық, әрине.
Бастуар ақсақал таңғы асын ішкен соң, сарайға қарай бет алды. Жағымсыз жаңалықты сарай сақшыларынан бұрын жолдағы əйелдерден естіді, сенгісі келмейді, ішінен "мүмкін емес, қаншама жыл мұндай болмап еді. Кеше ғана бəрі бүтін, ал бүгін көңілдің іші толған қара түтін" деп сарайға бет алып, ақиқатқа жақындай береді.
– Сəлем бердік, мырза, – деп мұңды дауыспен қарсы алды қорғаншылар.
– Сəлем бəріңе, – деп Бастуар мырза қорғаншылардың жүздерін өткір көзімен сүзіп өтті.
Ішінен: "Бəрі түсінікті. Қорқып жүрген нəрсе басымызға келді. Соңғы күндері осы ұрлықтан қорқып жүргендердің саны себепсіз артқан еді. Осылай, бəлені өзіміз шақырып алдық па?" деп бас уəзірдің басына сан түрлі ой келе бастайды.
Бастуардың алдынан бір жақсы киінген нөкер шығып:
– Шокохан сізді күтіп отыр, – деп ащы сорпаға одан сайын тұз қосқандай болды. Дəлізде Бастуар кетіп бара жатып, қабырғаның бетінде жылап жатқан бозбаладай, шоколад тамшылары пайда болғанын байқайды. Сол кезде жүрегіне қызыл бұрыш салып жібергендей сезінеді. Өйткені, қабырғаның жылауы шоколадтың күші кеткенінің белгісі еді. Шындыққа бес-он метрдей қашықтық қалды. Алтын шоколадтан жасалған тəтті есіктің арғы жағында оны ащы шындық күтіп тұрды. Бірақ, бəрі жақсы шығар деген үміт жүрегінің бір шетінде əлі де бой бермей арпалысуда. Бастуар мырза есікті ашып жібергенде, есіктен еңіреген дауыс шығады, ал аржағында басы салбырап Шококенттің патшасы Шокохан отыр.
– Бастуар, халіміз мүшкіл. Сиқырлы шоколад дəндері ұрланды, – деді жайбарақат даусымен. Патшаның даусы жайбарақат болғанымен, ішінде күйіп тұрған шоқ сезілді.
ВЫ ЧИТАЕТЕ
ШОКО ƏЛЕМ
FantasíaЭлия мен Райл шоколад əлеміндегі таңғажайып оқиғалар туралы бұл фэнтезі, тəтті сəттер сыйлайды. Ал Тұздейімдіктер əлемнің барлық жерін тұздап тастағысы келеді. Жеңетін тəтті ме əлде ащы ма..