Абай Жидебайға кетерінде әкесінен көші-қон жайлы сұрастырады. Биыл Құнанбай ауылы Қарауыл өзенін жағалай Бақанасқа бет алмақ. Абай көп асыққан Жидебайына да жетеді. Ол Құлыншақ пен Сүйіндік ауылында Бөжей алып кеткен кіші қарындасы Кәмшат жайлы мазасыз әңгімелерді естіген болатын. Сол жайлы ол шешелеріне айтады.
Көш кезінде Абай Ғабитханды ертіп алып, Бөжей ауылына кетеді. Бөжей ауылына жете бердік дегенде үлкен ақ отаудан Кәмшаттың жылаған үні есітіледі. Бөжейдің өзі жоқ. Оның бәйбішесі сұр жылан секілді бәріне жекіріп, шағып отыр екен. Үй ішіне кіргенде Кәмшаттың мүшкіл хәліне кез болады. Абай не жыларын, не ашуға мінерін білмей қарындасын бауырына басады. Кәмшат оларды танымайды. Екеуі де көп отырмай шығып, үйге қарай бет алады. Абай ауылға жеткенше әкесіне ызаланып, Жүрегі қысылып келеді. Келсе үй ішінде Құнанбай мен Жұмабай отыр екен. Шешелері Абай келгенін біліп, асыға келіп Кәмшатты сұрайды. Сонда Абай: «Кәмшат ауру, әл үстінде. Бізді танымады», – дейді. Шешесі Айғыз қаймығып, жылай түседі. Ұлжан да, әжесі Зере де осыған Құнанбайды кінәлап, жылап жатады. Зере шыдай алмай баласына қатты ұрысады. Құнанбай үн қатқан жоқ. Осыдан кейін аз күн өткен соң Кәмшаттың өлгені жайлы оқыс хабар ауылға жетеді. Бөжейлер, тіпті, шешесі Айғызға да хабарлатпай, жер қойып бітіріпті. Ел іші налаға бөленіп жүрген кезде Бөжейдің өлімі де есітіледі. Оны бес-алты күн ауырып, сосын кеткен деседі. Құнанбай жаназаға шақыратын арнайы хабаршыны күтті. Бірақ Байдалы мен Байсал Құнанбайға хабар жеткізбеді. Тіпті Қарқаралыға дейін жоқтау барған деседі. Бөжей сүйегін Тоқпамбет қыстауына қойыпты. Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды. Құнанбай бұл іске қатты ренжіді.
Күн түске жетпей-ақ Бақанас бойы қайнап, шыжып кететін. Абай, Оспан, Смағұл және басқа балалар Бақанас суына шомылып жатыр. Қастарына Тәкежан келіп: "Жәнібек өзенінің бойында бүлдірген пісіпті. Жүріңдер барып теріп келеміз", - деді. Сосын бәрі де ат ерттеп, мініп кетісті. Шынында да ол жерде бүлдірген мол екен. Бір кез бір көштің дүбірі естіледі. Қараса Бөжей ауылының көші екен. Көш басында бір топ қыз ат үстінде келеді. Қарсы алдынан бір ауыл немесе көпшілік шығатын болса, ол қыздар дауыстап жоқтау айтатын. Сол кез олар Абайларды көріп, айта кетті. Абай қыздардың арасында Сүйіндіктің Қантжаннан туған Тоғжанды көреді. Көктемде бір шаруамен Сүйіндік ауылына барғанда Абай ерекше бір сезіммен қайтқан болатын. Содан кейін Тоғжанды көргені осы. Бірақ қазір Абайдың ойы қарасы дыбыста еді. Ол өзі білмей жылап жібереді. Соңыра кеш түсе олар үйге қайтады. Құнанбай Бөжей ауылы жақын маңда екенін есітіп, ертеңінде ел ірілерімен бірге жоқтап қайтады. Барғандары елу қаралы еркек, отыз-қырықтай қатын. Араларында Абай, Тәкежан, Оспан секілді бір топ балалар да бар.2
Күз келді. Жұрт пәшендерін шапқызып, қыстауға дайындала бастады. Қызылшоқыдағы Құлыншақ ауылына қарай жауыннан ықтай Майбасар, Құдайберді, жорға Жұмабай мен атшабар Жұмағұлдар аса тездікпен шауып келеді. Құлыншақтың бір жорға атына Құдайберді қызығып, сұратуға атшабар жіберген болатын. Ал Құлыншақтың "бес қасқасы" оны сабалап қайтарыпты. Соған ызаланып Майбасар келеді. Бес қасқаның төртеуі Мұңсызбай, Садырбай, Наданбай мен Тұрсынбайлар іште екен. Ал Манас атқа мініп, Қарауыл жаққа кеткен екен. Іште біраз сөзталас болған кезде, Пұшарбай мен Манас бастаған он шақты жігіт асыға кіріп келеді. Төртеуін де аямай сабап, қуып салады. Ал Құлыншақ ауылы, яғни Торғай руы Қарауылдың ар жағына көше жөнеледі. Бұл хабар Құнанбайға жеткен соң, жүз елудей жігіт атқа мінеді. Алдынан шыққан көштің кімдікі екенін аңғармай, шауа кетеді. Көшті ұстап, бұрып әкетпек болғанда Бөжейдің қаралы көші екенін аңғарып, аттарын артқа бұра кетеді. Шырқыраған Бөжейдің бәйбішесі мен қыздары арттарынан талай қарғыс айтады.
Екі бір-біріне қас жаулар қалың қол жинай түседі. Байдалы мен Байсал қол бастаған Жігітек, Көтібақ, Торғай мен Бөкенші адамдары Мұсақұл деген жерде жиылады. Құнанбай Тоғалақ, Әнет пен Бәкеннен адам тартып, Жидебайда жинала бастайды. Мұсақұл мен Жидебай арасы үш-ақ шақырым. Үш күн аяусыз шайқас болады. Нәтижеде Құнанбай жеңе алмады. Жігтек жігіттері де жақсы нәтижеге жете алмады. Осыдан кейін Байдалы Түсіптің қоржынына мол ақша салып, Қарқаралыға жібереді. Он шақты күн өткен соң Тобықты ішіне, дәл Құнанбай ауылына Қарқаралыдан он бес қазақ-орыс кеп түседі. Келген әскердің басы Чернов деген шенеунік екен. Ұлық үш күн екі жақтың арызын тыңдап, ертеңіне Құнанбайды ертіп, алып кететін болды. Байдалы артынан тағы арыз жібермеуге көніп, өзі қалаған Құнанбайдың он бес қыстауын тартып алады. Құнанбай Қарқаралыға кеткен соң, ел іші бірақ тыныштала түседі.