Шоқайдың ата-анасы бірден жұмысқа кірісіп кетеді. Апалары балалардың қасына келіп:
– Шаршамасаңдар қаланы бір көріп, қыдырып келсеңдер болады. Біз үйді реттей берейік. Қазір тағы көмекшілер келеді. Не дейсіңдер? – деп ұсынысын білдіреді. Арцтың көзі жайнап:
– Кілембуспен ба!? – деді.
– Иә, кілембуспен. Қонақтар келді ғой, – деді апа байсалды кейіппен.
Арц пен Шоқай бірден қуанып кетті. Өйткені олар көптен бері ұшатын кілеммен қалаға шықпап еді. Олар тез арада сары қызыл кілемді жайып жіберіп ұшуға дайындалды. Кілемнің ұзындығы 3 м. ал ені 2 м. Сонда кілембустің ауданы 6 м2 болғаны. Кілемді басқаратын Арц болатын болды.
Уақыт түстің шамасы. Төрт бұрышты күн жылуын аямай тәтті Шококентке төгуде. Ашық аспанда мақта бұлттар кемедей жылжып асығатын түрлері жоқ. Керемет күн болайын деп тұр. Ұшатын кілеммен шоколадтан жасалған ғимараттардың арасымен ұшу – естен кетпес сәттер қалдыратыны күмәнсіз. Шоқай төсекке секіргендей кілемге өзін лақтырып жіберіп:
– Кеттік, көңіл көтерейік. Қаланы бір айналып шығайық. Әкем күнде бұлай рұқсат бере бермейді. Бұл тасбақадай жүретін жүк кілемі кілемтор емес. Бұл нағыз Кіледес, – деді. – KMG 99!!
– Кіледес, бұл кілембустың маркасы ма? – деді Райл таңғалып.
– KMG 99 – модельі ғой?? – деген сұрақ Райлдың аузынан еріксіз шығып кетті.
– Иә, нағыз KMG 99. Желдей ұшады, бірақ ұшқанда жел соқтырмайды.
Элия ұлдардың әңгімесіне араласып:
– Бұл қалай сонда!? – деді жай ғана.
– Қазір көресіңдер.
Бәрі жұмсақ кілемге отырып жатыр. Кілемнің бір ұшы желпілдеп ұшуға дайын тұр. Сары қошқар мүйіз оюлар бірден көзге түсіп, кілемге ерекше реңк қосты. Төртеуі кілемге жайғасқан соң Арц алды жағына отырды. Әлде арт жақ па екен. Арц кілемнің екі бұрышын қайырып ұстап алды. Мұнысы кілемді басқару үшін еді.
Кілем ақырындап жоғары бес метрдей көтерілген соң, алға қарай ұша жөнелді. Қонақ балалар үшін бұл қорқынышты болған жоқ. Өйткені олар бірнеше рет ұшып көргенді. Тіпті өз үйлері жақта да ұшты ғой. Бірақ мына KMG 99 қатты ұшатын кілем, сондықтан кішкене болса да Элия да қобалжу пайда болды. Райл болса жылдамдықты жанымен сүйеді. Оған керегі де осы. Әп сәттте, кілем жылдамдығын арттыра түсті. Олар қаланың сыртына шығып батысқа қарай бағыт алды. Биіктік те арта түсуде. Енді Шококент аяқ астарында қалды. Элияның шашы жалбырай бастап еді, ол бірден шашын буып алды. Сосын Арцқа қарап:
– Қазір қай жаққа бара жатырмыз? – деп сұрады. Жел дауыстың жақсы естілуіне кедергі болса да, Арц оның не сұрағанын түсінгендей болды.
– Шококентті бір айналып, қаланың орталығына барамыз. Сіздер кеткелі қала қатты өзгерді. Тіпті менің өзім көп жерлерін әлі көріп үлгерген жоқпын, – деді Арц кішкене мақтанышпен.
Шынымен де Шококентте зәулім ғимараттар көбейген. Тіпті бірнеше қабатты үлкен үйлер де байқалады. Шокоханның сарайы оңтүстік шығыс жақта жотаның төбесенді тұр. Әдемі ақ қоныр шоколадтан жасалған қабырғалары өте тәтті екені алыстан-ақ көрініп тұр. Ал сары сағыздан жасалған үлкен күмбездері жарқырап бірден көздің жауын алды.
Кілем одан сайын тездетіп ұша жөнелді.
Вшшшу-у-у-у!
Элия мен Райл сүліктей кілемге жабысып алады. Ал Шоқай мен Арц еш саспай отыр. Арцтың көңілі көтеріліп, айғайлап қояды.
Иоххо-о-о-у!!
Тамаша сезім. Кілемнің жылдамдығы тіпті Райлдың шашын желбіретіп жібереді. Кілембус енді төмендеп саяжайдың ішімен ұша жөнелді. Бірақ жылдамдық сол қалпында. Кілем кейде халуа ағаштардың дәл қасынан өтеді. Қандай да біреуіне соғылса беттен бет қалмайтыны күмәнсіз. Алайда Арц керемет ұшқыш екені көрініп тұр. Ол бірде-бір бұтаққа тимей ұшып келеді. Сол сәтте сол жақтан ақ-қара кілем шықпас па екен. Тікесінен орнатылған таяқшасының ұшынан кезек кезек қызыл көк от шығып жарқ-жұрқ етеді. Неге екені білгісіз, бірақ жалындап тұрған от бірден үрей шашты. Қоңыр форма киіп алған екі адамның көздері бақырайып Элия мен Райлге қарап келеді. Арц жылдамдықты бәсендете бастады. Элия қабағы түйіліп:
– Мына жақта да жол полициясы бар екен ғой, – деді.
Бір кезде:
– Сары түсті кілем төмендеп бір шетке тоқтаңыз!! – деген дауыс сол жол сақшыларынан шықты.
Арц бірден төмендеп ыңғайлы бір жерге тоқтауға кіріседі. Сақшылар да арт жақтарына тоқтайды. Екеуі де кілемнен түсіп қонақтарға қарай жақындайды. Арц бірінші боп түсіп оларға бұрылды.
– Сәлеметсіз бе!
– Сәлеметпе. Қатты ұшып келе жатырсыңдар ғой.
– Иә, қаланы бір айналып қайтайық деп едік.
Полицейдің біреуі қалтасынан үлкен емес апарат шығарып:
– Мына нәрсеге бір үрлеп жеберші. Тұз деңгейін өлшейік. Кілембуспен ұшқан түрін ұнамады. Ащы бір нәрсе жеген жоқсың ба? – деді күмәнмен қарап.
– Жоға, қайдағы тұз!? Құдай сақтасың! Ондайды кім жейді? – деп шошып кетеді.
– Соңғы кезде бұзылып жүргендер пайда бопты деседі. Қаламыз өркейіп кеңейген соң сырттан келіп жатқандар көбейіп барады. Неше түрлі кісі болады ғой арасында. Сондықтан тексеріп жүрміз.
Қасындағы көмекшісі қосылып:
– Ащы ештеңе жемесең қорқудың не қажеті бар? – деп мысқылдап қойды.
– Ааа, жарайды онда, – деді Арц иығын сілтеп.
Жаңағы сақшы сөмкесінен алып шыққан бақалшақты Арцтың аузына жақындатты.
– Үрле.
Ұұұфу-у-у-у!
Бір кезде бақалшақтың түсі жасылға өзгере бастады. Үлкендігі қойдың басындай бақалшақ толығымен жасыл түске бүрінді. Жасыл түстің не білдіретірін білмеген Арц екі сақшының жүзіне кезек-кезек қарайды. Артынша екеуі де жымиғанда Арцтың уайымы басылып, ол да күліп жіберді.
– Қызыл емес – демек бәрі дұрыс, – деді ұзындау келген сақшы, Арцтың арқасынан қағып. Арцтың бұны білмегендігі байқалып қалды. – Жасыл түс әрқашан жол ашық дегенді білдіреді.
– Мына жолаушылар кімдер? Жергілікті кісілерге ұқсамайды, – деді бойы қысқалау келген ШАИ қызметкері.
– Ааа, бұл жолаушылар Шокоханның қонақтары. Тіпті бүкіл Шококенттің қонақтары. Элия мен Райл ғой.
– Ооо, онда неге бірден айтпадың? – деп екеуі бірден Райл мен Элияның қасына барды. Сақшылар кешірім сұрап олардың қолдарынан алды. Сақшылар хал-жағдайлырын сұрап, әңгімелесіп болған соң өз шаруаларымен кете берді.
Қонақтар тәтті шаһарды бір айналып, қаланың шығыс жағына жақындады. Екі-үш қабатты үйлер көп салынған. Көшелері болса бес атты адам жүре алатындай кең. Бір таңғаларлық нәрсе – айнала қаптап жүрген ұшатын кілемдер. Әртүрлі оюлармен безелендірілген кілемдер үстіден тіптен әдемі көрінеді екен. Қызыл жасыл оюлы кілемдер бірден көзге түседі. Қыз келіншектер әдетте қызыл кілеммен ұшты. Ал жігіттер жасыл, қара кілемдерді ұнататын. Ақ киізде ұшып жүрген әжейлер де баршылық. Жеңіл сопақ кілемдермен қатар ауыр жүк тасып жүрген қалын кілемдер де жүр.
Қонақтар отырған Арцтың кілемі бір ашық алаңға жоғарыдан ақырындап түседі. Артынша сол көшемен орталыққа қарай бет алады. Кілемдер жердің бетінен 2-3 метрдей қашықта ұшып жүрді. Өйткені жол ұшу ережесі солай болды. Баста бұл ереже болмай тұрып, шокилер үйлердің үстімен ұшатын. Бірақ соңы жақсы болмады. Шатырдың үстімен ұшу көптеген апатқа жол ашты. Алайда қала сыртында бұл ережелердің керегі болмады.
Төртеуі ұшатын кілеммен шоколадтан жасалған үйлердің арасымен ұшып барады. Не деген тәтті сәт. Олар орталыққа жақындаған сайын кілембус саны көбейе берді. Тіпті, біреуінде ұйықтап жатқан кісі болды. Кілемі өті жұмсақ болуы керек, сірә. Қайтсің. Бәлкім жұмыс істеп шаршаған да болар. Үйге жеткенше дейін жұмсақ кілемде ұйықтағанға не жетсің. Тәтті үйлердің арасынан ұшқанда ұйқы да тәтті болар.
Бір кезде кептеліс басталды. Орталық көшеде кілембустың түр-түрлері қаптап тұр. Оң жақтан екі қабатты қызыл кілембус қонақтармен қатарласып баяу ұшып келеді. Ұзындығы он метрдей кілембустың іші толған шокилер. Ерекше есте болатын жағдай: бәрі де кітап оқуда. Тек жүргізушісі тәтті жимиып қояды. Біраз ұшқаннан кейін кептелістің себебі түсінікті болды. Екі көшенің қиылсуында апат болыпты. Екі кілембус қақтығысып, жүргізушілері жерде домалап жатыр. Шокилер жан-жағында топырлап оларға көмек беруде. Көп ұзамай жедел жәрдем кілемі де ұшып келді. Кілемнің үстінде ТӘТТІ ЖӘРДЕМ деген қызыл түсті жазу көзге бірден түсті. Дәрігерлер жарақаттанған шокилерге берден қызыл түсті шоколадты ауыздарына тыға қояды. Естері шығып, айғайлап жатқан апат құрбандары қызыл шоколадтың дәмін сезгенде бірден тынышталды. Олар Тәтті Жәрдем кілеміне жатқызылып ауруханаға ұша кетеді. Ал жол сақшылары кептелісті тарқатуға кіріседі. Соғысып қалған екі кілемнің жіптері тарқап жолдың шетінде жатыр. Абзалы, оларды қайта тігу орталығына жіберу керек. Ол жердегі майталман әжейлер шапшан қолдарымен бір-екі күнде кілембусті жамап, қайта қалпына келтіреді.
Қонақтар кілемнен жерге түсіп Шококенттің көшелерімен серуендейді. Халуа ағаштар көше бойымын отырғызылып, қалаға ерекше сән қосты. Кейбір жерлерде фонтандар да кездеседі. Алайда көлік ретінде ұшатын кілембус қана емес, бұрыннан кележатқан сағыз арбалар да болды. Төрт жас бала қаланы кешке дейін аралап, әбден шаршайды. Қонақтар квадрат пішінді күн батпас бұрын Арцтың жаңа үйіне бет бұрады. Ол жерде оларды тәтті тағамдар күтуде.
Дастархан басында Шококенттің соңғы жаңалықтары айтылып жатыр. Барлығы да жақсы жаңалық. Шококент көлем бойынша үш есеге өсіп, көркейіп қалыпты. Басқа елдерден келіп қоныстанып жатқандар да көп. Өйткені қала дамып, байлығы күннен күнге артуда. Түптеп келгенде, бұған ықпал етіп отырған сиқырлы шоколад дәндері, әрине. Сиқыршылар мектебі Элипсаһар да әлемге танымал болды. Ол енді басқа мықты мектептермен бәстесе алады. Ал Шококенттің патшасы Шокохан болса басқа нашарлау қалаға орналасыпты. Мақсаты сол қаланы дамыту. Тіпті кейде жай адамның киімін киіп алып елді аралайды деседі. Халықтың жағдайын өз көзімен көріп, білгісі келеді екен.
Элия мен Райл аздап қобалжуда, бұның себебі – ертең олар әйгілі Элипсаһар мектебіне аттанады. Иә, ғажайыптар мектебі Элипсаһар...
ВЫ ЧИТАЕТЕ
ТЫЛСЫМ ЭЛИПСАҺАР
FantasyШоко әлем 2. Қараңғылық тараптарларымен күресу үшін Райл мен Элия сиқыр мектебіне шақырылып қабілеттерің жетілдіреді. Ал ежелгі Элипсаһар мектебі оларға өз сырын қаншалықты ашады...