Бүгін Асыл таңертең анасымен бірге соққан қоңыраудың дауысына оянды. Бүкіл денесі ауырып тұрған еді, өткен күні Мерей оны бір қырдың үстіне шығарып, шанамен төмен қарай сырғытып жіберген еді. Асыл шанасымен бірге аударылып аяғын қайырып алды, ал Мерей болса ішек сілесі қатып, күліп алды.
Асыл жуынып болғаннан кейін тамақтанып алды да, анасына еріп үйден шығып кетті. Бұл екеуі сыртқы қақпаға қарай бет алды. Кішікент тұрғындары да өз тіршіліктеріне кірісіп жатты. Кішкентайы да үлкені де әркім өз міндетін білетін, және содан аспай қызмет қылады. Киімінің түсіне қарап кімнің кім екенін ажырату қиын емес. Екі ергежейлі Кішікенттің көшелерін жағалап кетіп бара жатқанда алдарына Мерей кезікті. Асылды көре салысымен ол тағы бір күліп алды.
– Қойшы болды, сенің арқаңда көргенім жетеді! – деп Асыл ашуын көрсетті.
– Жай әзіл ғой. Қалайсыз Арай әпке, – Мерей де ары қарай күлмеді.
– Жақсы Мерей, өзің қалайсың. Тағы не бүлдіріп жүрсіңдер? – анасының бұл сөзі Асылдың шамына тиді, – Балам ренжіме. Мерей, бос болсаң бізбен жүр, – Мерей кей кездері бұл жұппен бірге сыртқа шығып тұратын. Оның анасы Арайдың құрбысы болғандықтан, қорықпай жібере береді.
-Иә, қолым бос, қарсы болмасаңыздар сіздермен жүре берейін, – Осылай бұл жұпқа Мерей үшінші болып қосылды. Үш ергежейлі сыртқы қақпаның алдына келді. Күзетте тұрған екі ергежейлі алдында келе жатқан әйелді танып дереу қақпаны ашты.
– Сәтті сапар!
– Аман оралыңыз!- деп екеуі батылды шығарып салды. Жанындағы екі жас ергежейлілер болса артынан еріп кете берді. Бір қызығы бүкіл Кішікентте тек Асылдың анасынан басқа батыл қалмаған еді: қара киім тек Асылдың анасында ғана бар. Асылдың анасы айтуы бойынша бұрында кем дегенде жиырма батыл болған, ал қазір тек жалғыз өзі. Неге олай болғаны Асылды қатты қызықтырады. Үңгірден шықпай тұрып бірінші Мерей сөйледі.
– Арай әпке, осы маған қызық болып тұр, Асыл айтады да: «Бұрын қара киімділер көп болған»-дейді. Неге сіз қазір жалғыз өзіңіз ғана? – Асыл досының басынан қойып қалды.
– Болмайтын сұрақ қоймашы,– Мерей ауырған басын сипай жауап қатты.
– Несі болмайтын сұрақ?
– Қойыңдар болды. Екеуің доссыңдар ғой, олай ұрма досыңды балам. Ал сұрағыңа келер болсақ... Ммм... Білмеймін, осыдан жеті жыл бұрын батылдарға киімін ауыстыруға рұқсат берді, сол кезде бәрі ауысып кетті, мен ғана қалдым, – Асыл да өз бұл жауапты түсіне алмады.
– Ал сіз неге қалдыңыз? – Арай ойланып қалды.
– Ммм... Орманға да қарайтын біреу керек шығар? – Арай оларға күліп қарады.
Үш ергежейлі сыртқа шыққанда топты бастаған Арай қарамағындағы екі күшкентай ергежейлілерге қарап бүгінгі істеу керек шаруаларды түсіндіріп жатты.
– Біз бүгін орманның батыс жағына баруымыз қажет, сонда ағаштар қурап жатыр екен. Білмеймін неден, кеше су құйғанмын. Бүгін жағдайы жақсармаса басқа амал қарастырамыз. Сол жақта өсіп тұрған алмалар да пісіп қалған секілді. Жинау керек. Қалғанын көре жатармыз, – Әр сыртқа шыққанда еститін әңгімесі Асылды жалықтырып жіберді, – Асыл!!- Асыл анасына қарады, – Сен мені тыңдап тұрсың ба?
– Иә, иә анашым.
– Жарқын атаны танисың ба деймін?!- Асылдың есіне ондай ешкім түспеді.
– Жоқ, – деді жай ғана.
– Мерей, сен де оны танымайтын шығарсың, – Мерей басын шайқады, – Олай болса бүгін танысасыңдар. Бірақ басқаларға онымен жолыққаныңды айтпаңдар, жарай ма?- Екеуі бастарын изеді. Ары қарай үшеуі айтылған жақтарға қарай жүрді. Бірінші орманның батыс жағына бару керек еді, орман арасындағы ағаштардың арасымен өзен жағасына қарай келе жатты. Асыл жан жаққа көз алартып келеді. Әр шыққан сайын жан жағына осылай қарайтын. Керемет көрініс көзінің жауын алады. Ең алғаш рет ол анасымен жарты жыл бұрын шыққан еді. Бірінші рет сыртқа шығуға қорыққаны сонша анасы оны сүйреп шығарған болатын. Ал Мерей болса сол кезде еш қорықпастан олармен бірге шығып кеткен болатын. Бірақ сыртқа көзін бір салған кезде Асылды ішке кіргізу мүмкін болмай қалды. Сырттың көрінісі Асылды таңғалдырғаны соншалықты ол есін жия алмай біраз тұрып қалды.
Өзен жағасына жақындағанда өзен ортасында тұрған ағаш құрылыс байқалды.
– Алдымен өзеннің арғы бетіне өтуіміз қажет, – үш ергежейлі өзен тұсына жақындады, – Бұл құндыздың соққан бөгеті. Жігіттер біз аңдардың мазасын алмауымыз керек, сондықтан, тыныш қана өтіп кетейік, жарай ма?.
– Жарайды, – бірінші болып анасы жүрді. Асыл мен Мерей болса артынан ілесті. Анасы көзді ашып жұмғанша арғы бетте болды, ал екеуі болса аяқ астындағы бұталарға шалынып әрең келе жатты.
– Тезірек болсаңдаршы!- деді Арай дауыстап. Әрең дегенде екеуі сүріне-жығыла арғы бетке өтті.
– Қазір күте тұрыңдар, – деді Арай, – анда тәтті саңырауқұлақтар өсіп тұр екен, түскі асқа сендерге дайындап беремін, – деп ол шетке кетіп қалды. Асыл өзінің өткен жолына қарап, артына көз салды. Сол сәтте өзеннің арғы бетінен жалындаған екі көзді байқады. Көздер Асылға тікесінен қарап тұрды. Ал Асылдың кішкентай ғана жүрегі кеудесінен шығып кетердей болып дүрсілдеп соқты. Асыл ол көздер қандай аңға тиесілі екенін аңғара алмады, сұлбасын да байқамады. Көздер аз ғана уақыт тұрды да, кері бұрылып, орман арасында ғайып болды.
– Мерей! Мерей дим! – досына дауыстып шақыра бастады.
– Не боп қалды тағы?
– Анда қара, екі көзді көрдің бе? – Мерей көрсеткен тұсқа қарады, бұл сәтті ол көздер кетіп қалған еді,
– Сен ерте бастан алжиын дедің бе? Қайдағы көз?– Асыл досының бұ сөзіне ашуланып артынан қуалай жөнелді, – Асыл қойдым, болды! Қойдым дим ей, – Асыл да жете алмай қуалауды доғарды.
– Осыдан ұстап алайын тура, – Мерей байқамаса да, мұның ойынан жаңағы көздер шықпады. «Бұл не болды екен?» деген сұрақ басынан кетер емес. Осы сәтте анасы да келіп қалды.
– Күтіп қалмадыңдар ма?
– Жоқ анашым, – Асыл жай басын бұрып, анасына қарады.
– Не боп қалды балам, түрің бұзылып кетіпті ғой?- анасы бірден баланың жүзіндегі өзгерісті байқап қойды.
– Анашым, жаңа маған өзеннің арғы бетінен біреу қарады. Көздері қып-қызыл екен өзінің. Ал Мерей болса алжыдың деп кекетіп отыр, – Арай да күліп жіберді.
– Ааа, білмеймін. Бір аю шығар әлде бұғы болар. Назар аудармай-ақ қой балам, – үшеуі ары қарай сапарларын жалғастырды. Асылдың анасы бүкіл орманды бес саусағындай білетін, ал Асылдың өзі қайда келе жатқанын түсініп те жатқан жоқ. Анасына еріп жүре берді. үшеуі орман ішін аралап тиындарға қарай тартты.
Бұлардың жүргеніне біраз болды. Жан-жағына алақтаған Асыл бір уақытта анасын таппай қалды. Мерей де Арайдың қайда кеткеніне назар аудармаған секілді. Сол сәтте ағаштың артынан денесі ірі, алып жануар, қоңыр аю шыға келді. Ол Асылға қарады, Асыл оған. Екі жақтың көз атысы ұзаққа созылмады, аю еңкейіп келіп Асылды бір иіскеді. Тағы сәл тартса мұрнының ішіне кіріп кететін секілді. Мерейді түрінен өлесідей қорқып тұрғанын байқауға болады.
– Асыл, біттің, – деді сыбырлай. Аю алдындағы кішкентай ергежейліне тілімен бір жалап жіберді, ал сол тілмен бірге Асылдың қалпағы да жануардың аузында кетті.
– Ей, не істедің? Қайтар менің қалпағымды!- деді Асыл бар дауысымен айқайлай. Аю естімеді ме оған назар аудармады да. Ол кері айналып өз жөніне кеті барды.
– Қайда кетіп бара жатсың? Қайтар деймін бері!- Асыл да аюдың артынан жүгірді.
– Асыл, қоя берші оны. Сені жеп қоймағанына шүкір десеңші, – Мерей досын қанша кері қайтарғысы келгенмен де оның ойын өзгерте алмады.
– Жоқ, ол менің қалпағым, – жүніне жармасып алып, аюдың үстіне өрмелей жармасты. Ол қолдарымен аюдың жүнінің арасында өрмелей құлағының тұсына келді.
– Ей, сен мені өзі естіп тұрмысың? Қайтар деймін қалпағымды!- аю жөнімен кете берді. Осы сәтте Асылға таныс дауыс келді.
– Асыл, балам ау, аюдың үстінде не істеп отырсың?- дауысынан уайымның ізі байқалады.
– Анашым, мынау менің қалпағымды жеп қойды. Енді қайтармай жатыр!- деді бар дауысымен айқайлап.
– Ей, балам, қоя сал оны. Саған басқа қалпақ тоқып беремін, – деп Асылдың артынан жүгірді.
– Жарайды, – деп Асыл жерге секірді. Аю артына бір назар салды да, қайта бұрылып кетіп қалды. Анасы Асылды құшақтап:
– Балам-ай, таппай қалдым ғой сені. Артымнан қалмай жүрсеңші, – деп жеңіл ғана сөгіп, қайта діттеген жерлеріне қарай кетті.
Анасы екеуі ары қарай жолын жалғастырды. Жап-жасыл болған ағаштардың түсі Асылға бара-бара сарғайып бара жатқандай болып көрінді.
– Балам, байқадың ба? Орман әлсіреп барады.
– Не болған бұларға анашым?- деді Асыл таңданысын жасырмай.
– Балам, қара киімділердің жұмысы сыртқа шығып келумен шектелмейді. Басқа ергежейлілер ойлауы мүмкін, олар ақымақ, не істеп жүргендерін өздері білмейді деп. Бірақ сен түсінуің керек балам. Біздің жұмысымыз мына орманды сақтау. Мен кішкентай кездегі орман қазіргіден әлде қайда үлкен еді, – Асыл ойланып қалды. «Қазірдің өзінде орман оған үлкен болып көрінетін, бірақ бұдан да үлкен болса ол қандай болады екен» деген ойға шомды, анасы болса сөзін жалғастыра берді.- Бірақ, уақыт өте орман қурай бастады, қара киімділер азая берді. Ал бүгін мен жалғыз қалдым. Барлық жерге қарауға шамам келмейді. Осылай жалғаса беретін болса келешекте бір күні орман толығымен қурап кетеді. Менің не айтқым келіп тұрғанымды түсіндіңдер ме?- Асыл орманның қиын жағдайын аңғарды, ал Мерей болса құлағын да салмаған секілді.
– Иә, анашым.
– Балам, қазір сарғайған жапырақтардың барлығын түсіріп тастауымыз керек, біз ағашқа жаңа жапырақ өсіруге жағдай жасауымыз қажет, түсіндің бе?- деді анасы Асылға, – сендер қазір демалып алыңдар, мен құстарды шақырайын, – екі дос осылайша Арайдан қайта айрылып, шетке барып отырды.
Арада тағы біраз уақыт өтті. Кішкентай торғайлар Арайдың нұсқауымен ағаш жапырақтарын түсіріп жатты.Асыл өзінің құр жатқанына ұялды. Асылға жақындау бір жерге бір топ бозторғайлар ұшып кеп қонды. Олар Асылға қарап тұрды да, секіре жақындай бастады.
– Чирик, чирик!- Асыл не істерін білмей қарап қалды.
– Не болды сендерге?- деді.
– Чирик, чирик!- тағы да қайталады. Тұмсығымен бір жақты меңзеп тұрған секілді. Асыл сол жаққа көзін салды
– Кетіңдер ары, маған кедергі жасамаңдар, – деп айғай салды Асыл. Қолын жан жаққа сілтеп бозторғайларды ұшырмақ болды. Бірақ олар оған назар аудармады да. Сәл артқа секірді де, қайта жақындап тұмсығымен Асылдың басынан бір шоқыды. Мерей болса ұйқыға кірісіп кеткен еді, жұлқыламасаң көзін де ашпайтын секілді.
– Анашыыым!- деген Асылдың жан дауысы шықты.
– Не болды балам?!- арғы беттен анасының дауысы естілді.
– Мұнда келші, бозторғайлар мені шоқып жатыр, – Асыл екі қолымен қысып басын ұстап алды.
– Абайласаңшы балам. Бозторғайлар саған өзінен өзі тиіспейді ғой, – анасы бір мезетте жетіп келді. Ол алдындағы құстардың нені меңзегенін дереу түсінді. Сөмкесінен бір уыс жем алды да, бозторғайға ұсынды. Ол болса тұмсығын кіп-кішкентай алақанның ішіне салып, жемді жеді де, ұшып кетті.- Балам, олар саған бір нәрсе көрсеткісі келді. Жүр көрсетемін, – деп, бұтадан бұтаға секіріп жаңа бозторғай меңзеген жаққа жүрді.
Екі ергежейлі бұтадан бұтаға секіріп жоғары өрбіп келе жатты. Ормандағы басқа ағаштар төменде қалып кеткен де еді.
– Балам, бұл биік ағашты секвоя деп атайды, – Асыл төменге бір көзін салды. Алып орман түгелдей дерлік Асылдың көз алдында алақандай болып қалған секілді. Ал ағаш түбінде ұйықтап жатқан Мерей мүлдем көрінбей қалды. Таңғажайып сезім ергежейлінің кішкентай ғана жүрегін толтыра бастады.
– Міне Асыл, бері кел!- деп кенет анасы дауыстады. Асыл сол жерге секіре жөнелді. Асылдың алдында екі түп сарғыш келген, басында қалың болып ұлпа өскен гүлді көрді. Анасының жүзіне қарап еді, қуанышында шек жоқ секілді.
– Анашым, неге сонша қуандың?- деді Асыл анасына қарай.
– Балам, бұл ұлпа гүлдері. Бұдан дәрі жасап жесең денеңді жауратпай жылы ұстайды. Таудың басына еркін шығып, тек сонда өсетін өсімдіктерді жинауға болады. Түсіндің бе?- Асыл басын изеді. Арай гүлдердің бірен-саран жапырақтарын үзіп алды да, екеуі кері қайтты.
Күн арқан бойы көтеріліп, қақ төбеге келді. Асыл отыра беріп зерігіп кеткен еді.
– Балам, зерікпедің бе?- деді анасы Асылдың жанына келіп. Ол анасының қалайша жанына келіп қалғанын байқамай қалды.
– Жоқ, анашым, – ол орнынан атып тұрды.
– Қазір түскі ас ішіп алайық. Мерейді оят, – деді де, шетке қарай кетіп қалды.
– Иә, қазір, – Асыл әртүрлі ойлармен отырып қарны қалай қатты ашқанын байқамай қалған екен. Мерейді жұлқылап оятты.
– Тұр Мерей, тамақ ішеміз, – ол болса көзін әрең ашып жуынуға кетті. Анасы үйден дайындап әкелген заттарын шығарды. Асыл алдында тұрған асты жей бастап еді, анасы сөмкесінен тәтті жаңғақ шығарды.
– Жейсің бе?- деп Асылға көрсетті. Асыл дереу қолына алмақшы еді, алайда Мерейдің қолы жылдам болды:
– Қайдан алдыңыз?- деді Мерей. бұл жаңғақты екі бала да қатты жақсы көретін.
– Ей, әкел бері маған, – досы олжасын қолына алып қаша жөнелді.
– Асыл, екеуіңе де жетеді, – сөмкесінен тағы шығарып Асылғ берді – Жаңа теріп алдым. Ар жақта жаңғақ ағаштары бар, – қолын шетке қарай созып, саусағымен нұсқады, – Солардан пісіп жерге түскендерін жинап алдым, – Анасы да Асылдың жаңғақты қатты ұнататынын біледі.
Үшеуі жақсылап әлденіп алғаннан кейін жолдарын жалғастырды, бірге әртүрлі қызықтар көрді. Ағаштардың жапырағын тазалап болғаннан кейін олар басқа да жұмыстарына кірісті.
Кеш таяған сәтте анасы Асылға былай деді:
– Күн батпай жатып Кішікентте болуымыз керек. Сол үшін ертерек мен сендерді апарам деген жағыма апарайын.
– Қай жаққа анашым?- Асылдың барғысы жоқ еді, ал Мерейге қайда баратыны қатты қызық болды.
– Бір ергежейлімен таныстырамын.
– Ол сыртта тұра ма не?- Асылды бұл сұрақ қатты қызықтырды.
– Иә, бірақ онымен кездескендеріңді ешкім білмесін. Абыздар біліп қойса таяқ жейсің. Түсіндің бе?- Асыл басын изеді.
Олар әңгіме айтып келе жатып, жартастардың арасына кірді. Көкке құлази көтерілген тастардың арасында Асыл өзінің қандай кішкентай екенін түсінгендей болды.
– Асыл, мына тастарды қарашы, алыбын-ай! Қорқынышты емес пе? – оны да бұл көрініс таңдандырған секілді.
– Өй, қорқақ, көлеңкеңнен қорқасың осы сен, – дей Асыл досын кекетті.
– Жоқ, қорықпаймын, жай айтқаным ғой, – Асыл «Мынаның бәрін кім бұлай көтеріп қойған екен» деген ойға келді. Артынша алдарынан ені кең, сарқырап аққан өзен шықты. Ауа да салқындай бастаған секілді.
– Жігіттер, абайлаңдар, бұл су өте суық. Құлап кетсең ауырып қаласың. Ана тастарды көріп тұрсыңдар ма? – деп өзен арасында екі жағаны қосып тізбектеліп тұрған тастарға саусағымен нұсқады.
– Иә – екеуі жамырай жауап қатты.
– Міне солардың үстімен секіріп өтеміз. Менің ұлым ешнәрседен қорықпайды ғой, иә?
– Мен де қорықпаймын Арай әпке, – Мерей де жағаласа сөйлеп кетті. Арай болса күліп жіберді.
– Жоқ, мен қорықпаймын, – деді Асыл да айбарлана.
Тастан тасқа секіріп келе жатқан еді. Асыл артына бір қарады. Анасы асықпай, бірақ нық басып келе жатыр екен, ал Мерей болса бірінші болып өтіп кеткен еді
– Анашым, тезірек болсаңызшы, – деді Асыл. Анасы болса жүре бер деп қолын былғады. Сол сәтте Асылдың аяғы тайып, абырой болғанда суға құламады. Басқа тасқа отырып қалды. Бұны байқаған анасы, қатты-қатты секіріп, жанына жетіп келіп үстін қағып жатты.
– Балам ау, абайламадың ба?- ары қарай екеуі қол ұстасып дем арасында өтіп кетті. Асылға оның құлайын деп қалғанын Мерейдің көрмей қалғаны жақты, себебі ол көрсе мазақ қылар еді.
Өзеннен ары Тастар биіктей берген секілді, бірақ арт жағынан жасыл желек байқалады. Сәл жүргеннен кейін-ақ олар сол жерге жетіп те қалды. Кең жап-жасыл алқапта алыстан жалғыз үй көрінді.
– Бұл Жарқын атаның үйі. Өзі ашуланшақ шал. Мінезі бар болса да, жүрегі мейрімді. Сондықтан ұрсып жатса назар аудармаңдар, жарай ма?
– Жарайды анашым, – Асылға бұл сөз үйреншікті болып қалған еді. Үшеуі үйге келіп, ішке кірді. Іштен соғылған темірдің дауысы естіледі. Шаң басқан ескі үй екен, заттар да шашылып жатты. Аяқ алып жүру мүмкін еместей.
– Кім ол?- деді іштен есіктің ар жағынан кәрі ергежейлінің дауысы.
– Менен басқа сізге кім келеді, Жарқын ата, – деді Арай.
– Ааа?! Арай сен бе?! Неге келдің?!- дауысынан шынымен сұрап жатыр ма, әлде ұрсып жатыр ма, ажырата алмайсың.
– Келмеуім керек пе еді не?- Арай да кәрі шалмен әзілдесіп тұрды. Бұл екеуінің әңгімесі Асылға қызық.
– Қой, қайдағыны айтпа, – деп ол кісі бері шықты. Екі баланы көріп бақырайып қалды.
– Мыналар кім тағы?- сұқ саусағын Асылға шошайтып көрсетті.
– Сізге алдын келгенімде айтқан едім ғой, келесі жолы ұлымды ертіп келемін деп. Мынау ұлым, екіншісі оның досы Мерей, – Арай екі баланы нұсқап көрсетті.
– Мен саған сол кезде ертіп келме дедім емес пе?! Олардың өздері үшін сол дұрыс болар еді! – Жарқын ата ашуланып кетті.
– Олай ашуланбаңыз. Бұлар маған көмектесетін болады, – Асыл анасының бұл айқайларға мүлдем назар да аударып жатқан жоғын байқады.
– Иә ата, біз Арай әпкенің көмекшілерімізә әрі қорғаушылары, – Мерей Арайдың алдына шығып жағымпаздана бастады.
– Әңгімесін қара мынаның! – Жарқын ата айқайлап сөйлегенімен былайша қарсы емес секілді.
– Үйіңізді жинап кетуге келдім. Бір апта ғана бұрын келген секілді едім. Неткен лас адамсыз, мұндай қимылдау мүмкін болмай қалыпты, – Арай өйдің ішінің шашылып жатқанына қатты жынданыд.
– Жинайтын болсаң, тезірек жина да, кет. Өзге ергежейлілерді жақтырмайтынымды білесің ғой!- Жарқын атаның дауысы да аты секілді жарқын-жарқын шығады екен. Бұл ой Асылды іштей бір күлдірді. Анасы екеуі үйді жинауға кірісті.
Үйден қаншама кір-қоқыс шыққанына Асыл таң қалды. Анасы, сонша лас үйде демде айнадай қылды. Асыл ырза еді. Мерей болса барлығына жағаласып жүрді, біресе Арайдың жанына барып мазасын алады, біресе Жарқын атаның. Жарқын ата жанына жолаған Мерейді ұрсып қуса Арай жай ғана күліп қарайтын. Асыл болса мұны көріп тағы да күлді. Сосын анасы дорбасынан бір құты бал шығарды да, бір сөреге қойды.
– Анашым, мен де жейінші. Маған бал бермедің ғой, – деп Асыл өзінің аузына тимеген балды Жарқын атадан қызғанды.
– Балам, атаң ауырады, оған көп бал жеу керек. Мен саған үйге барған соң беремін, – деді жұбатып. Артынша олар заттарын жинап, үйден шығуға дайындалды.
– Жақсы, сау болыңыз ата! – деп айқайлады Арай.
– Сау бол, – деп қатал дауысын түсірмей, Жарқын ата бұларды шығарып та салмады. Ол ары қарай темірлерін соға берді. Үш ергежейлі болса жолдарын жалғастырды. Сол жазық даладан өтіп, тастардың арасына жақындады. Көкжиектен ұясына қызара батайын де тұрған күн көрінеді. Үшеуі асығып келе жатты. Өзенге жақындады. Асыл секіріп-секіріп өзеннің ортасына дейін жетемін дегенше Мерей арғы бетте отырған еді. Анасы болса енді өтіп жатты.
– Тезірек бол анашым...- дегенінше болған жоқ, көз алдында анасы тастан тайып, суға құлады. Асыл жанұшырып артынан жүгірді, Мерей болса таңырқап кідіріп қалды. Арай суда жүзуге тырысқанымен денесі қалтырап жатқан секілді. Қолына ілінген, өзен шетінде тұрған ағаш бұтағынан ұстады. Асыл жағаға қалай шығып қалғанын байқамай қалды. Ол да бұтаны ұстап, жағаға тарта бастады. Алайда шамасы келер емес.
– Мерей, не қарап тұрсың!? – Мерей есін енді жиып, бері қарай өтуге тырысты. Бұта да түбінен сынып жатты. Асыл қатты шаршаған еді. Досы әлі жанына жетпеген еді, қолы әлсіреп қолынан бұта шығып кетті. Анасы оған өзен ағысымен алысқа кетіп қалғандай болып көрінді.
Дәл осы сәтте ол жанынан басқа ергежейлінің қалай шыққанын байқамай да қалды. Жарқын ата екен. Өзінің кәрі, бірақ әлді қолдарымен бұтаны қысып ұстап бір тартты да, Асылдың анасын жағаға шығарып алды.
– Қызым ау абайламайсың ба. Тастар тайғақ екенін білесің ғой, – деп жан дауысы шығып жатты. Дереу арқасына асты да, арқалаған күйі үйіне жүгірді. Анасы қатты жөтеліп жатты. Су жұтып қойған секілді. Асылдың екі көзі шарасынан шығып кетердей болып тұр.
Жарқын ата Арайды өз үйіне кіргізді де, түпкі бөлмеде тұрған үлкен кереуетке жатқызды да сыртынан қалың көрпелермен қымтап жауып тастады. Ол Асылдың уайымын байқаған секілді.
– Балам, уайымдама, екі-үш күн жатады да, дым болмағандай сауығып кетеді, – деді. Жаңа бар дауысымен айқайлап жатқан шалдың дауысы жұмсарғанда Асыл да өз сабасына түсті. Мерей болса әлі таңырқап, есін жиа алмай тұр еді.
Күн қарауытып, қараңғы түсті. Анасының қызуы көтеріліп кеткен екен, Жарқын ата, жанынан шықпады. Ал екі балаға жерге бір төсек салып берді. Мерей бірден ұйықтап қалды. Әр нәрсені ойлаған Асыл, қатты шаршаған еді. Жастыққа басы тиген сәтте-ақ ол да көзі жұмылып, ұйқыға кетті.
YOU ARE READING
Айдаһар жүрек
FantasyБатыл ергежейлі Асыл жүздеген жылдар бойы ешкім көрмеген айдаһарларды жолықтырды. Бұл ненің бастамасы болды екен?