Асыл кері қарай тоқтаусыз жүгіре берді. Аяқ астындаға тастарға бір сүрініп, бұталарға тағы сүрініп қайта қайта құлай берді. Әр құлаған сайын орнынан қайта тұрып тағы жүгірді.
– Сен бізді құтқаруың керек...- деді оның басындағы ойлар. Кімнен құтқару керек, қалай құтқару керек. Неге бұл құтқару керек? Әртүрлі сұрақтар Асылдың басын қатырып жіберді. Осы сәтте есіне әкесі түсті. Оны көрмегеніне қанша жыл болды. Жүзі де есінде емес еді.
Осылайша шаршап келе жатқан ол Жарқын атаның үйіне де келіп қалды. Сырттан Жарқын атаның дауысы шықты.
– Асыл, қайдасың?! Қайт үйге! Асыыл!- Асыл жүгіріп барды.
– Ата! Мен мұндамын, – Асыл қолын жоғары қарай көтеріп бұлғады.
– Ай сорлы бала, қайда кетіп қалдың?! Бір алысқа кетпеген шығар деп күтіп отырсам жоқсың. Күтіп отырмын жоқсың. Уайымдадық қой сені, – Асылдың басы салбырап қалды. Ұрысқаны үшін емес, Жалын гүлін таппағаны есіне түсті.
– Анамның жағдайы қалай ата?
– Кешегіден біршама жақсы болып қалды. Алайды әлі қиын. Ол көзін ашты. Ішке кір, сені іздеп жатыр. Сені іздемек болып тұрмақшы болды ғой. Келесі жолы бұлай анаңды уайымдатпа.
– Кешіріңіз, жарайды ата, – бірақ Асыл анасының көзін ашқанына қатты қуанды. Түпкі бөлмеге кіріп сөмкесін лақтырып жіберді де, анасының ыстық құшағына еніп кетті. Мерей ұйқысынан енді тұрып жатыр екен. Арайдың есін жиғаны оны да қатты қуантты.
– Балам ау, қайда кетіп қалдың?- деді анасының жылы дауысы, бірақ та денесі әлі ыстық еді.
– Жай, сыртқа шығып демалып келдім, – анасына жалын гүлін іздегенін айтқысы келмеді.
– Сөмкеңді неге шаша салдың?- лақтырғанда дорбадағы гүлдер ақтарылып кеткен екен, – Мына гүлдерді қай жақтан алып келдің. Алып келші бері, – Асыл сөмкесін қолына алды да, еріксіз анасына ұсынды.- Асыл! Сен мынаны қай жақтан алып келдің?- анасының күрт дауысы Асылды қорқытып жіберді.
– Жоқ анашым. Мен оларды... Мен оларды...- тілі оралып қалғандай болды.
– Балам, мынау жалын гүлі ғой, – деді анасы Асылға. Асыл өз құлағына өзі сенбеді. Қараса анасының қолында қып-қызыл шоқтай болып жарқыраған гүл тұрды.- Балам сен тауға шығып келдің бе?- Не болып жатқанын Асыл өзі де түсінбеді, гүлдің қайдан келгені, айдаһармен жолыққаны, соңғы күні басынан өткен жайттар кішкентай ергежейліні қатты ойға салып жіберді. Баласының үн қатпағанынан-ақ Арай өжет ергежейлінің қатты шаршағанын түсіне қойды. Сондықтан да ары қарай сұрақтармен мазаламады. Асыл осылай жатып көзі қалай ілініп кеткенін байқамай да қалды. Арай болса жалын гүлін Жарқын қартқа берді.
– Мұны жақсылап ұнтақтап, қайнаған суға араластыру керек, – деді қажетті істерді тізіп. Жарқын шал да бірден түсіне қойды. Ол да Асылды қатты уайымдаған еді. Арайдың айтқандарын айнытпай істеп алып келем дегенше арада біршама уақыт өтті.
Асыл көзін ашқанда түскі уақыт еді. Жарқын шал ұшқалақтап жүрді. Мерей болса сыртқа шығып кеткен секілді.
– Асыл, тұр деймін саған! Басыңды көтер. Не жатыс мынау! Әкеңнің үйінде жатсың ба! Тез Кішікентке баруымыз керек. Анаңды мұнда жатқыза беруге болмайды, – деді тоқтаусыз қимылын үзбей. Асыл анасына көзін салды. Ұйқыда екен. Бірақ үсті қатты ысып тұрды. Асыл орнына секіріп тұрды.
– Жалын гүлі ше? Анам емделуі керек еді ғой, – деді Асыл үрке.
– Емделеді, бірақ мұнда жата беруге болмайды. Менің үйім саған абыздардың үйі емес қой ергежейлі емдейтін. Мен ұстамын, жалын гүлін ішкеннен кейін ол тек демалуы керек, ем қабылдауы керек. Дәрі іштім емделдім деген бола мекен. Дереу ана екінші бала кім еді? Шақыр досыңды, – Асыл заттарын жинады. Жарқын шал бүкіл заттарды реттестіріп болғаннан кейін Арайды жаймен оятты.
– Арай, қызым-ау, басыңды көтер. Сендерді тез арада Кішікентке жеткізіп тастайын. Кішкентай ергежейлі анасының мүшкіл халіне қарап қатты уайымдады. Анасы орнынан тұра да алмайтын секілді. Жарқын шалдың оны қалай жеткізбекші болғанын түсінер емес.
– Анам тұра алмайды ғой, – деді Асыл. Бірақ Жарқын шал оны тыңдамады да. Арайдың жайлап басын көтеріп арқасына көтерді де, белінен тартып бір матамен байлап қойды. Сол көтерген күйі үйден шығып жүріп кетті.
Асыл аң-таң еді. Үйден шыққан сәтте аспаннан тамшылап жаңбыр жауа бастады. Қарт ергежейлінің мұнша уайымын көргеннен кейін оның Арайға қалайша қызындай қарайтынын түсінгендей болды. Кішкентай ергежейлілер қанша ілесейін десе де, алдыға жүріп кеткен шал ілестірер емес. Жарқын шал өзен үстіндегі тайғақ тастардан дем арасында үш секіріп өтіп кетті.
– Құлап қалмаңдар! Тезірек жетпесек болмайды. Мына қырсық жаңбырдың жауып кеткенін қарашы- деп артына қарап бір дауыстады. Уақыт өткен сайын жауын үдейе берді. Осылайша төрт ергежейлі Кішікентке қарай жол тартты.
YOU ARE READING
Айдаһар жүрек
FantasyБатыл ергежейлі Асыл жүздеген жылдар бойы ешкім көрмеген айдаһарларды жолықтырды. Бұл ненің бастамасы болды екен?