Жалын гүлі

0 0 0
                                    

  Асыл таңертең ерте оянды. Аз ұйықтаса да, ұйқысы қанық. Жанындағы төсекте Мерей жатты. Ол орнынан тұрып анасы жатқан кереуетке жақындады, қатты терлеген екен. Қолын маңдайына тигізген еді, әлі қатты қызып тұр. Ол сыртқа шығып, сонда құманда тұрған суға жуынды. Күн әлі шықпаған болатын, алайда айнала жап-жарық. Үйге қайта кірген кезде қарнының ашқанын сезді. Түпкі бөлмеге қайта кірді, кереуеттің жанында тұрған дорбаны ашып, жеуге жарамды заттар іздеді. Кешегі жаңғақ өте көп екен. Асыл қуанып кетті. Уысымен толтырып алып асханаға қарай жүгірді. Анасын мазалағысы келмеген еді. Асханаға барып, үстелдің үстіне қойды да, біртіндеп жей бастады. Жетіншісін жегеннен кейін қарын тоймаса да, ары қарай жей алмады, тым тәтті еді. Асыл кеше Жарқын атаның темір соққан ұстаханасын іздеді. Онда кіретін есік бір тасалау жерде тұр екен. Ескі ағаш есікті ашып, ол ішке енді. Іште әртүрлі темір-терсектер жатты. Әр қайсысы әртүрлі өріліп, оюланған бұл темірлердің не үшін керек екенін Асыл түсіне алмады. Сол бөлменің қақ ортасында, жерге жалпақ бір темір төселген екен, ал темірдің үстінде Жарқын ата жатты. Денесіне темір қатты батқан секілді, қолдары мен беті қызарып кетіпті. Асыл Жарқын атаны оятпақшы болды. Жанына еңкейіп келіп, қолымен атаның иығын сілкіді.
  – Ата...Ата- деді жай үнмен. Кәрі ергежейлі көзін ашпай:
  – Не керек саған?- деді. Асыл қорқып кетті. Бірақ сонда да сұрағын қоймақшы.
  – Анамның қызуы көтеріліп тұр, – Жарқын ата басын көтерді.
  – Әлі басылмады ма?
  – Жоқ, басылмады, – Жарық ата орнынан дереу тұрып, өзінің қайда жатқанын анықтауға тырысты. Кешегі түні шал Арайдың жанында түні бойы отырған еді, ұстаханаға су құятын ыдыс іздеп келгені есінде еді. Бірақ ары қарай ойында ешнәрсе жоқ. Есін жиып ұстаханадан шықты. Бірден Арайдың жанына барды. Асыл да артынан жүгіре жөнелді. Жарқын ата өзінің әжім басқан кәрі қолдарымен Арайдың маңдайын ұстады.
  – Бұл дұрыс емес. Жай ғана суықтап қалған болса бүгін енді ыстығы басылуы тиіс еді. Су жұтып қойған секілді. Бұл өте ауыр, – Асыл Жарқын атаның бұл сөздерінен кейін анасының жайын уайымдай бастады.
  – Енді не істейміз?- Асылдың мұңға толы дауысын естісе де Жарқын ата назар аудармады.- Бір нәрсе десеңізші, – Асыл Жарқын атаның киімін жұлқылады.
  – Сен бала не істеп жатырсың?!- Жарқын ата ашулана шетке қарады, – Қолымнан келсе өзім ақ емдейтін едім. Бірақ менде Жалын гүлі жоқ. Әттең Жалын гүлі болғанда ғой, – Асылда осы сөзді естігеннен кейін үміт пайда болды.
  – Не ол ата? Мен кез келген нәрсені тауып келемін, – Жарқын ата Асылға қарады.
  – Сен әзілдеп тұрсың ба?! Әлде анаңмен қоса сенімен әлек болғанымды қалайсың ба? !Жалын гүлі қайда өсетінін білесің бе өзі, – бала жай ғана басын шайқады. – Таудың басында ғана өседі. Ол жерде тоқтаусыз боран соғып тұрады!- деп айқайлап берді. Бұл айқайдан Мерей оянып кетті. Бірақ әлі ұйқысын аша алмай отыр еді. Асыл болса бұл сөздерден кейін сөмкесін қолына алды да бөлмеден шығып кетті. Артынан Жарқын атаның дауысы шықты.
  – Ешқайда кетпе, анаң уайымдап қалады!
  – Жарайды, – жауапты жеңіл қайыра салды. Бірақ батыл ергежейлі бекінген ойынан қайтпады. Анасын қалай да болсын емдеу керек. Таудың басы суық болатынын жас та болса ол білетін. Сол жерде қалай үсіп қалмай өтуге болатынын қарастырды. Дорбаны ақтаруға кірісті. Ішінде кешегі Ұлпа гүлі тұр еді. Асылдың сол мезет есіне анасының сөзі түсті. Мұны жеп, тау басына жаурамай көтерілуге болады. Асыл екі түп гүлдің біреуін қолына алды да, бекініп  аузына салып жіберді. Өте ащы екен. Тамағын қажап өтті. Аузы ашып барады. Дереу асханадан анасы қойған балды іздеді. Сөреде тұрған құтыны түсіріп, қолмен алып, бір уысын ішіп жіберді. Тамағындағы ащы дәм кеткен секілді.
  Арқасына өзінің кішкентай дорбасын асынған Асыл тауға қарай жол тартты. Жарқын ата байқап қоймай мекен деп үйдің терезесіне қарады, пердемен жабық тұр екен. Бұрындары тек алыстан ғана назар салып қарайтын бұл тау Асыл үшін енді сондай жақын. Жарқын атаның үйі орналасқан жазықтың өзенге қарама-қарсы бетіне қарай жүру керек. Асыл алақтап жан жағына қарады. Кеше оған алып болып көрінген тастар, мына таудың жанында кішкентай түйіршіктей еді. Ендігі жұмыс жоғары көтерілу. Асыл қадымдап тіке жүре бастады.
  Асыл қадымдап келе жатса да, екі көзі жан-жақта еді. Әзірге өзіне деген сенімділігі басым болып тұр. Жазық біткен кезде орман басталды. Тау етегінде әртүрлі ағаштар бой көтерген екен. Бірақ жалын гүлін қайдан табады, мәселе сол. Асыл жалын гүлінің қандай болатынын да білмейді. Әзірге көзіне көрінген гүлдерді жинай берді. Ары қарай қайда жүрерін де білмейтін еді. Ағаштың үстіне шығып жолды көрмекші болып, бөренеге өрмелей бастады. Жоғарыдан айналаның барлығы дерлік толықтай көрінді. Таудың жоғарғы жағын қар басқан екен. Асыл жалын гүлі сонда болар деп үміттенді. Неге олай ойлағанын өзі де білмейді.
  Ағаштан төмен қарай бір секіріп түсті. Асыл таудың қияр шыңын бетке алып алдыға қадам басты. Денесі қыза бастаған еді. Жаңағы гүлдің әсері деп түйді Асыл.
  Жазықта орналасқан үйшікте Жарқын ақсақал Арайдың жанында отырды. Мерей болса қайта жатып қалған еді. Күн қатты көтеріліп кеткен екен. Негізінде әрдайым күннен бұрын тұрып өз тірлігін жасап жүретін шал, бүгін ешнәрсе істегісі жоқ еді. Арай суға құлағанда бұл үйдің терезесінен сол жаққа қарап тұрған болатын. Құлағанын көре сала аласұрып, тұра жөнелген еді. Түні бойы терін сүртіп, жанында болды.
  Жарқын ата аяғын әрең басып жатын бөлмеден шықты. Қолдары қалтырап тұр. Жаурап қалған болса керек. Асханаға барып тіскебасар бірнәрсе іздеп, сөреде тұрған балды көрді. Бірақ оның беті ашылып, сыртына бал тамған екен. «Арай заттарды жинақы ұстаушы еді» деп ойлады. Нан жағып, кішкене бал жеп алды. Артынша Арайдың жағдайын білуге жоғары шықты. Асылдың ешқандай үні жоқ. Арайдың шекесіне қолын қойды. Әлі қызуы көтеріліп тұр екен. Маңдайына әкеліп, суланған шүберек қойып, үйден шықты. Асылды табуы керек. Сыртқа шығып айқайлады.
  – Асыыыл! Асыыл! Қайдасың!?- үн жоқ. Үйде де жоқ, сыртта да жоқ, кішкентай ғана ергежейлі қайда кетуі мүмкін. Не де болса алысқа кетпеген болар деп түйді. Қазір маңыздысы Арайдың жағдайы болып тұр.
  Жарқын ақсақал осындағы аң-құстардың жағдайына қарайтын ұста еді. Тырнағы сынған құстардың тырнақтарын қайрап, арқарлардың мүйіздерін күтетін. Қолы босаса Арай сұраған бұйымдарды істейтін. Ал бүгін ол демаламын деп шешті. Ол Арайға әрдайым ұрысса да оны жақсы көретін. Қызындай болып кеткен еді. Жарқын ақсақал бұрын Кішікентте тұрған кезінде, Арайдың әкесімен дос еді. Кейін түрлі қиындықтарды басынан өткерген бұл шал Кішікенттен кетуіне тура келді. Кетпесе де болмайтын еді. Ол жайтты өзі де еске алғысы келмейді. Ол кезде Арай әлі кішкентай болатын. Кейін өсіп, кезінде Кішікентте болған көкесін ұмытпай Арай ғана келген еді. Содан бері апта сайын Арай Жарқын атаның үйін жинауға келіп тұрды. Ал келмей қалған кездері ата қатты уайымдайтын. Кейін үйленгенін, артынша ұлды болғанын естігенде де қатты қуанды. Арайдың қуанышы Жарқын ата үшін де қуаныш, ал оның мұңы Жарқын ата үшін де мұң еді. Ал бүгін мына жайт орын алып жатыр. Жарқын ата не істерін білмеді. Кішікентке өзі апара алмайды. Арайдың күйеуінің хабарсыз кеткеніне 7 жыл болды. Асыл болса жоқ. Әртүрлі жануарлар, терезеден байқады, ары-бері өтіп жатты, Жарқын ата оларды, Арайды мазаламасын деген ниетпен, қуып жіберді. Жарқын ата өз қызындай өсірген Арайдың жанына барып қайта отырды.
  – Е-е, Асыл тезірек келсе болар еді, мен шалдың не әлі бар дейсің?- деп ұйқыдағы Арайға бір қарады.

  Асыл таудың біраз жеріне шығып кеткен еді. Қар да қатты жауып кетті. Бірақ оның көңілі көншір емес.
Кенет өте таныс бір нәрсені байқады. Алыстан оған қарап екі жалындаған қызыл көз тұрды. Тұрған орнында қатып қалды. Ал от көздер болса боранды жарып бері қарай жақындай берді, жақындай берді. Батыл ергежейлінің жүрегінде үрейдің тамшыдай да белгісі жоқ. Көздерге қарсы тұрып, тіке қарады.
  – Кім болсаң да кел бері. Мен сенен қорықпаймын!- деп айқайлады.
  Кенет жалтыраған құйрық боранды жарып өтіп Асылды қоршады.
  – Асыл... Асыл, біз сені күттік, – деді дауыс.
  – Сен кімсің? Жүзіңді көрсет!- деп айқай салды Асыл.
  – Біз сенің қорғаушыларыңбыз. Біз сенің қолдаушыларыңбыз. Сен – бізді құтқару үшін жаратылғансың. Сенің бар болғаныңның өзі біздегі болашаққа деген үмітті ашады.
  – Мен сендерді қалай құтқарамын? Сендердің кім екендеріңді де білмеймін?
  – Сенің бізді қалай құтқаратыныңды біз де білмейміз. Ал біздің кім екенімізді көргің келсе, көзіңді қаттырақ аш, – деді де, көз бері қарай қадам басып жақындады. Асылдың алдында күмістей жалтыраған қабыршағы бар, қолдары  бөренедей, денесі аққан судың толқынындай ирелеңдеген алып жануар айдаһар тұрды.
  Асыл өз көзіне өзі сенер емес.
  – Біз сені сонша уақыт бойы аңдыдық. Осында қашан келер екен деп күттік. Үмітімізді мүлдем үзбедік. Міне, бүгін өзің келіп тұрсың, – Асыл көзін қайта-қайта ашып жұма берді. Не сенерін, не сенбесін білмеді. Есіне дереу қорқақ ергежейлілердің әңгімесі түсті. «Жоғарыда айдаһарлар бар, олар ергежейлілерді жеп қояды» дейтін еді. Анасы болса «Сандырақтай бермесін, сыртта жүргеніме қанша жыл болса да біреуін болсын көрген емеспін» деп жауап қайтаратын. Ал бүгін Асылдың алдында алып айдаһар тұрды. Сол сәтте денесін үрей билей бастады. Қорыққаны сонша артына қарай бұрылды да, көзін жұмып алып жүгіре берді, жүгіре берді. Боран болса үдеген үстіне үдей берді. Осы сәтте Ұлпа шөптің әсері кетті ме, Асыл қалтырап, жаурай бастады. Өзінің қайда кетіп бара жатқанын өзі түсінбеген ол артына қарауға қорқып, тоқтаусыз жүгіре берді.

Айдаһар жүрекWhere stories live. Discover now