ҚАТ-ҚАБАТТА

1.1K 12 0
                                    

ҚАТ-ҚАБАТТА

I

Биыл Құнанбайдың өз ауылдары да, жақын ағайындары да күземдi елден ерекше ерте алды. Және бұрын күзеуден бiр қар жаудырмай көшпеушi едi. Қазiрде қарашаның ортасына жетер-жетпесте қыстауға қарай тартты.

Маңындағы Жiгiтек, Көтiбақ, Топай, Торғай сияқты сыбайлас отырған, аталас елдерге көшi-қон туралы жөн жосығын айтпады.

Сүйiндiк осыған қайран боп, Бөжейдiкiне түстене келiп отырып:

– Туысқаныңның бұл сырын ұқтың ба? Бұл неғып биыл дедектеп кеттi, ә? – деп едi.

Үйде Бөжей мен Сүйiндiктен басқа Түсiп бар. Кесек мұрынды, шоқша сақал, зор дауысты Түсiп, Жiгiтектiң Бөжейден соңғы басты адамының бiрi болатын. Ол:

– Бүйтпеушi едi. Бұл неғып жүр? Әлде, күзеуiнiң оты тозды ма екен? – дегенде, Бөжей бұған барлай қарады да, мырс еттi.

– Е, тәйiр, күзектiң шөбi бiтушi ме едi? Тұнып тұр, – деп Сүйiндiк, «Бөжейде бiр сыр бар-ау» деп соған бұрылды да: – Бәсе, тiптi мал тойыны да төтенше. Құлқын сәрiден қыстауға барып, қыстыгүнi несiн жейдi? Мұның күземдi ерте алғаны да осы көшi-қон есебi болды! – деп дағдарып қап, Бөжейге қарап: – Әлде сен бiлдiң бе? Айтсаңшы, – деп едi.

– Ақылдаспаса да соның көмген көмбесiн сен табасың. Күптi қылмай, мүлдем, айтсаңшы!

– Құнанбай көктемде ерте көшсе, Уақтың жерiн шаба торитын. Жайлауға ерте көшсе, Керейдiң қонысын көздейтiн. Бiрақ қысқа қарсы оның аты жетпес алыс жоқ. Әлде, Тiнейдiң сар құсындай өзiңе түсiп жүрмесе? – деп, Бөжей бiр қауiптiң шетiн шығарды да, тоқтап қалды. Сүйiндiк Бөжей сөзiнен тiксiнiп қап едi. Бiрақ, ешбiр жердiң қисыны жоқ.

– Жаным-ау, айрандай аптап, күбiдей күптен болды ғой. Жуантаяқты қуды. Әнеттен алатынын алды. Көкшенi де сырып салды. Ендi кiм қалды! Күзектегi Тақыртұмадан сонау жайлаудағы Байқошқарға шейiн отыз көш жерде ылғи соның көктемi, күзеуi, қыстауы мен жайлауы! Қоныс-қонысының арасында, тiптi, түйенiң қолтығы терлеп көшетiн жырағы жоқ қой! – дедi.

Ырғызбаймен салысса, Жiгiтекте де қоныс аз, өрiс тар. Ел ортасында өзге сөзi бiр төбе болғанда Түсiп үшiн осы жай өзi бiр төбе болатын. Сүйiндiк айтқан Құнанбайдың қоныстарын есiне алды.

– Тiптi қозы көш жер сайын бiр қоныс қой! – дедi. Сүйiндiк бұл жөнде Жiгiтекпен, әсiресе, мұңдас.

– Және қоныс болғанда қандай! Тұнып тұрған көкбастау, торғындай тұма, қасқа бұлақ, көк үйiрiм көл.

Абай жолыМесто, где живут истории. Откройте их для себя