ЖОЛДА

880 8 2
                                    

"ЖОЛДА

I

Бейуақ едi. Кеш қараңғылығы қоюланып келедi. Үлкен үйдiң бұрыш-бұрышынан қарауытып түн туып, тұтасып келе жатқан тәрiздi.

Жидебайдағы қыстаудың ең үлкен бөлмесi осы. Кiлемдi, текеметтi, алашалы, көрпелi, меймандос, мол үй.

Абайдың кәрi әжесiмен, өз шешесiмен бiрге тұратын үйi осы едi.

Әлi шам жағылған жоқ, жұрттың көбi тыста мал жайлап жүр. Шыңғыс жаққа қараған терезенiң алдында қос тiзерлеп, екi шынтағын терезенiң алдына салып, иегiн қолдарының үстiне қойып Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта, жер төсектiң үстiнде бала уатқан Зере бар. Тiзесiмен тербетiп отырғаны – Айғыздан туған немере қызы – үш жасар Кәмшат. Кәрi әже күндегi машығы бойынша бесiк жырын айтады. Өте бiр өзгеше, ескi жыр. Абайдың өз әжесiнен басқа ешкiмнен естiмеген жыры. Бiрақ кәрi әжесiнiң өзiндей соншалық жақын, ыстық, сүйiктi жыры. Кiшкентай күнiнде Абай өзi де кеш сайын осы жырдың тербеуiмен ұйықтайтын. Сол күндерден бiр ырғағы ауыспаған, бiр сөзi де өзгермеген, ана жүрегiндей айнымас жыр. Осындай қоңыр кештiң қоңыр күйi. Бейуағына жеткен әженiң өмiрлiк көй-гөйi. Сырт қарап отырған Абай әженiң кейде шерлi, кейде мейiрбан рақым күйiн өзiн тербетiп отырғандай сезедi. Аяқталмай созыла түссе екен дейдi.

Осы қыстауға қонғаннан берi кеш сайын Абай ешкiмге бiлдiрмей, елеусiз ғана әжесiмен оңаша қалады.

Неге қалатынын әжесiне де айтпайды. Жалғыз-ақ кеш батып, қораға мал келетiн уақыт тақалғанда, кiшi шешесi Айғыздың үйiне барып, мына кiшкене қарындасы Кәмшатты көтерiп, еркелетiп ойнап жүредi де, ақырында әжесiне әкеп бередi.

Кәмшат тез ұйқтамайды. Қазiрде де, ала көлеңкеде кәрi әжесi байқап отыр: ән тоқтай қалса, кiшкентай қыз қарақаттай қап-қара көздерiн ашып алады. Ұзын кiрпiгiн ұйқылы-ояу қағып, «тағы айт» дегендей қыңқылдай бастайды.

О да құнығып алған. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсiз, жым-жырт қана өткередi. Өзiмен-өзi ғана болуын сүйiп, саяқ қалады. Егер ол кей күндер бұл шақта тыста болса, жапа-жалғыз төбе басына шығып кетедi. Қыр кешi бұның бiр ұғымсыз әмiршiсi, сүйсiндiре мүлгiткен зор мұңдасы тәрiздi.

Құлағы әжесiнде, екi көзi сонау алыс көк тау, қатпарлы қалың Шыңғыс жотасын қыдырады.

Жидебайдан жиырма шақырымдай жердегi Шыңғыс кешкi шақта ымырт жабыла, көкшiлденiп, суық тартып алыстай бередi. Жайын күштiң жотасы тәрiзденген қалың ауыр жоталар мен қатаң суық серек тастар болсын, баршасы да жым-жырт қана сiлейiп, түнге бейiм ұсынып барады.

Абай жолыМесто, где живут истории. Откройте их для себя