ҚАҚТЫҒЫСТА
1
Әбіш биыл да жазғы демалысқа елге қайтқан. Бірақ бұл жаз соншалық басқа, бөтен. Бала шағынан бері елге келіп жүріп, дәл қазіргідей жүдеу жүз, жадау көңіл аға-бауырын, аулын да білген жоқ-ты.
Бұл елдің қазіргі жайлауы да Шыңғыстың сырты емес. Салқын белдер, ұзын аққан өзен-бұлақтар, көкорай шалғындар да жоқ.
Ауылдар алыс жайлауға шықпай бауырда, Ералыда қалыпты. Әбіштің келген кезі июльдың басы, жаз ортасы болғандықтан, кең жазықтың тықыр көгалдары тапталып қалған. Айнала атырапқа көз салсаң сарғыш көде, бетеге басқан реңсіз дүние мол жатыр.
Сол көрініс те осы өлкеде отырған көп ауылдың мынау жаздағы жабырқау ажарына сай келгендей.
Алғашқы үш күн бойында әкесінің қасында болған Әбіш, қазір Абайдың да үлкен уайымда екенін көрді. Бір Абай емес, биылғы жыл осы отырған бар ағайын, көп ауыл тегіс қаралы. Себебі, өткен қыстың бас кезінде Оспан қайтыс болған.
Ол қыс ортасында өзінің Жидебайдағы қыстауында Еркежан үйінде ауырды. Жаратылысында алып денелі Оспан соңғы жылдар ішінде қатты семіріп кеткен еді. Ауруы не екенін аңғарып болғанша, аз күн ішінде қызуы қатты күшейді. Сол қызу өрлеген сайын сандырақ молайып, көбінше есін білмей жатты. Атыраптағы жақын туыс, жанашыр дос-жаранға «Оспан науқас» деген хабар жетіп үлгергенше, бес-алты күн ішінде жанталасып жатып, тез қайтыс болған.
Абай Ақшоқыдан «Оспан ауру» деген хабармен Жидебайға асығып жете бергенде, алдарынан қос атпен шыққан шапқыншы қаза болған қайғылы хабарын да білдірген.
Әбіш келгенде сол Оспанның қаралы жылын аза тұтқан жақын, туыс, тілеулес ауылдар Ералыда бірыңғай боп іріктеліп қалған екен. Ел аз емес. Ералы бойында жиі отырған ауылдар саны отызға тартады. Сол елдің тап ортасында Оспан аулы. Өзге: Ысқақ, Абай, Тәкежан, Майбасар, Ырсай, Ызғұтты, Ғабитхан ауылдары Оспан аулын ортаға алып, қоршай қонысқан.
Оспан әйелдерінің үлкені — Еркежан. Ол — Зереден, Құнанбай, Ұлжаннан қалған шаңырақта отыратын қаралы келін.
Екінші үйдегі әйел — Зейнеп. Бұл — Өндірбай қажының қызы. Баяғыда Құнанбай Мекеге кетіп бара жатқан сапарда Оспанға
атастырып кеткен қалыңдық болатын. Зейнеп үлкен әнші еді. Әсіресе, жанынан жақсы жоқтау шығаратын, өз зарын өзінің әуенімен де айта білетін әйел.
ВЫ ЧИТАЕТЕ
Абай жолы
SpiritualАБАЙ ЖОЛЫ роман- эпопеясы барлык 4 томы Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы - қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты. «Абай жолының» бас кейіпкері - Абай. Біз ақы...