ШЫТЫРМАНДА
I
Абай Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мiнiп ел аралаған жоқ.
Көбiнесе Жидебайдағы ауылда шешелерiнiң қасында болды. Көктемге шейiн күндiз-түнi кiтап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кiтапқа анықтап оқталғаны осы едi. Араб, парсы тiлiн, бiрталай сөздерiн ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. Алғашқы бiр жұмадай Ғабитханның тәпсiрiне қарап, бұрынғы бiлген тiлдерiн қайта құрастырып алды. Содан әрi мұның қолына түскен әрбiр қалың кiтап соншалық бiр қатты сағынып жолыққан ыстық қымбат досы тәрiздi болды. Ғабитхан да кiтап оқығыш болатын. Соның кiтаптарының iшiнен өзiн қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абулқасым Туси-фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбатталғази», «Мыңбiртүн», Табары жазған тарих, «Жүсiп-зылихалар», «Ләйлi-мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар. Аздан соң, кешкi шайдан асқа шейiнгi мезгiлде Абай кейбiр оқып шыққан кiтаптарын үй iшiне әдемi әңгiме қып айтып берiп отыратын әдет тапты. Бұған әжесi себеп болды.
Зере Абайдың кiтапқа берген ықласын байқап, бiр күнi кешке:
– Қарағым, осының ақыл. Iшкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама аналарға! – деген.
Әжесi кiтап қадiрiн жақсы айтқанға Абай риза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын бiр тамаша әңгiме айтатын болды. Шешелер, малшылар, балалар боп, баршасы телмiре тыңдайтын. Анда-санда Айғыз да кеп естушi едi. Ол Кәмшат кеткелi қатты жүдеу. Үлкен қара көздерi аларыңқырап, барлық жүзi сұрланып ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары көкшiлденiп, әдемi жүзiне уайым көлеңкесi түскен тәрiздi. Үнсiз уайымдаған ана қаралы. Абай бұл шешесiнiң күйiн қабақпен таниды. Ол келген кештерде әңгiмесiн ерекше ықыласпен айтады.
Абай әңгiме айтуға бiр түрлi шешен, шебер боп барады. Ғабитхан, тiптi оқып шыққан кiтаптарды, Абай хикая қып айтқанда, бар бейiлiмен, жақсы iлтипатпен тыңдайтын.
Бiр жаманы, жалғыз-ақ көктем болып, мал төлдей бастаған уақытта қызық кiтаптың бәрi тегiс оқылып, бар әңгiме айтылып қалды.
«Әңгiме, әңгiме», – деп, Абайға емiнiп отыратын үй iшi ендi, алғаш Абай айтқан әңгiмелердi, кейбiр малшы қатынға немесе балаларға қайта айтқызып, қайта тыңдасатын болды.

ВЫ ЧИТАЕТЕ
Абай жолы
SpiritualАБАЙ ЖОЛЫ роман- эпопеясы барлык 4 томы Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы - қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты. «Абай жолының» бас кейіпкері - Абай. Біз ақы...