БИІКТЕ

253 3 0
                                    

БИІКТЕ

Татьянаның сахарадағы әнi

Бiрнеше жылдар өттi. Абай үшiн бұл еңбек мезгiлi, өнер iздеу дәуренi болған. Оқу менен жазу оның ендiгi тiрлiк тынысы тәрiздi.

Бұл күндегi Абай, ақын атын анық алған. Сол ақындық еңбегiн ендi халыққа етер азамат қарызы деп бiледi.

Өмiрден, көп кiтаптан тапқан сан-салалы күйлер, ойлар ендiгi шақта өз өлшеуiн тауып, ақынның уәзiндi, соны жырларына араласқан-ды. Қыс пен жазды кiтап соңында, не жазу үстiнде өткiзген шақтарын Абай ең бiр бақытты кезiндей санайды. Бұл жылдарда ол ел бүлiгi атқамiнердi, жемiт болыс, ұлықсымақты сан рет, әдiл ашумен жазалаған-ды. "Ел мiнездерi" деген өлеңдерi сахара iшiндегi сотқар мен бұзардың талайын таңбалаған. Жазықсыз, момын көптiң жоқшысы болған арлы ақын бейнет елiнiң ауыр шерiн де шiмiркене шерткен-дi. Талай саналы жасқа ой саларлық шыншыл сезiмдi көркем сөздер сан рет осы Ақшоқыда туып, тарап кететiн.

Соның орайына қазiргi заманда Абай айналасына жиылған жас өнерпаздар да көп. Абай ендiгi шығарған жырларын әрдайым жазып айтады. Сол жазғандарын жаттаушы, әнге салып айтушы, жұртқа таратушы iнi-достары жаңағы жас серiктерiнiң арасынан шыға бастаған.

Осымен қатар Абай өзi тiлемесе де, ауыр көрiп бойын алып қашамын десе де, еркiне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретiн тағы бiр мiндет, бейнет бар. Ол ел iшiнiң дау-шары. Бiрақ бүгiн Абай өзiнiң сүйiп, сүйсiнiп берiлетiн еңбегiнiң соңында.

Таңертеңгi шайдан соң үй-iшi де, қонақ атаулы да тысқа шығып кеткен. Қыстың бiр ашық күнi екен. Абай үлкен бөлмеде оңаша отырып қапты. Алдында кең дөңгелек, аласа үстел тұр. Абай бiресе сол үстелге шынтақтап, бiресе алақанымен мықынын таянып үнсiз отыр.

Iшiнде ой шырағы жанғандай боп, салмақпен қараған көздерi анда-санда қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсiп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседi. Өзiнше бiр мығым күщпен, ұғымсыз бiр мұңмен жұмырлана бүгiлген төбе-төбелер.

Биылғы қыс ел сөзiнен, тынышсыз жүрiстерден Абай өзiн босатып алып, үйде көбiрек орнығып отырған қысы. Көп өлең жазылған жылдың бiрi де осы болатын. Сондай өзiмен өзi боп толғана ойланған уақыттарында, көз алдына көптен көп оралатын – осы адырлар. Бұлар күн райына қарай әр түрлi ажар көрсетедi. Ақындық шабыт кейде осы адырмен көп сырласқандай болады. Бұлтты сұрғылт күнi, ол адыр күн шуағын сағына мұңданады. Ашық күнi жылы, жарқын, жазын көксегендей көрiнедi. Жеткiзбес арман жеңсiгi жеңген адыр.

Абай жолыМесто, где живут истории. Откройте их для себя