ҚҰЗ-ҚИЯДА

176 1 1
                                    

ҚҰЗ-ҚИЯДА

1

Айсыз кеш қоңырқай ағаш үйдің қорасында қап-қараңғы боп тұнып қапты. Әсіресе, төбесі жабық, бүйірі ашық, лапас маңы күйедей қап-қара. Ондай тұстарға ұйқылы түн ұялағандай. Желсіз, жұлдызсыз аспан да қазір меңіреу қара... Жерге мүлде ентелеп төне түскен тәрізді. Тек қана қаланың иттері тыным тапқан жоқ, бірін-бірі қоздыра, өшіктіре, өршеленте үргендей болысады... Осыдан басқа Құмаш қорасының ауласынан білінген тірлік белгісі жоқ.

Абайдың қасынан асыға шыққан Дәрменнің демінде күрсіну білінеді. Үстіңгі үйдің биік басқышынан бұның түсіп келе жатқанын алыстан аңдаған жолдастары, жылдам басып қарсы жүрісті. Бұлар төрт еркек, бір әйел. Бәрі де Құмаштың кең қорасының төр жағындағы төбесі жабық, баурайы ашық лапастың қараңғы көлеңкесінде отырғанды. Аттарын сол лапасқа жалғас салынған ат қора, складтарға жанастыра байлап, көлденең көзден жасырына отыруға тырысқан. Енді Дәрменді қоршай қалған жолдастарының ішінен ең алдымен Кәкітай шапшаң үн қатты.

– Не деді? Ұрысқан, кейіген жоқ па?

– Ұрысқан жоқ. Бірақ, аңдауымша, менің жайымнан бұрын да Абай ағам бір кейіс, күйініш үстінде отырған тәрізді! – деп, Дәрмен сәл іркілді де, жолдастарының аңыра күткен жайын есіне алып асыға сөйледі.

– Маған ұрысқан жоқ. Бірақ көп сөз де қатқан жоқ. Берік жайға жайғасып көріңдер! Ұлыққа арыз жазып, сол арызбен Мәкенді енгізуден басқа шара жоқ. Әбіш арыз жазсын, ар жаққа өтіңдер! – дегенді ғана айтты, – деп Дәрмен бұл үйден алып шыққан ақылы мен байлауын қысқа ғана сөйледі. Енді Мәкеннің қолынан ұстап жетектеп, атқа қарай тез басып ентелей берді.

Абайға Дәрмен мәлім еткен жаңа жары осы. Жұмбақ жайға тілек қосқан сұңғақ бойлы Мәкен еді. Ендігі істейтін іс-әрекет Дәрмен сөзінен анық болды. Дәрмен өз атына қарай беттегенде, Мәкеннің көк жорға атын шешіп әкеп, Әбді көлденең тартты. Бұл топта Дәрменнің қасына әдейі кеп қосылған сенімді серік, жұбын жазбас жолдасы – осы Әбді. Одан басқа көңілдес, дос-жараннан Дәрменнің осындай қысталаң, қатер сапарын бірге атқаруға, Мағашпен ақыл қосып ерген – Кәкітай, Мұқа, Әлмағамбет болатын. Сөйтіп, бес еркек, бір қыз боп қосылған азғана топ енді тез атқа мініп, іңір қараңғылығында Ертіске тақау көшелерді бойлап, желе жөнелісті.

Бұлардың алдында қазір бір ғана асығыс, тығыз мақсат бар. Осы түнде неғылса Ертістің ар жағына өтіп, үлкен қаланың бұлар ойға алған бір түкпіріне барып тығылу, жоқ болу. Азат жүрген жігіт пен оң жақта ата-ана бауырында өзінше әлі күнге еркінше жүрген қыз Мәкен, ендігі сәттерде қашқынға айналды. Бұлар қара түнді жамылып, қиын түкпірді сағалап, көлденең көзден жасырынады.

Абай жолыМесто, где живут истории. Откройте их для себя