ҚОРШАУДА

181 1 0
                                    

ҚОРШАУДА

1

Оспанның жылын беріп, қонағын атқаруға Құнанбайдың бар ауылы араласты. Келген жиындар мол болғандықтан, әр ауылдың жұрты да, ат-арқаны да тозды. Енді жұрт жаңғырту керек еді.

Соны ең алдымен ойлаған Ысқақтың кербез, паң қатыны Мәніке, күйеуін өзі билейтін ерке бәйбіше, ірге аударып қонды. Әдейі Тәкежан ауылының қасына тақап кеп орналасты.

Тәкежан мен Қаражанның енді Ысқаққа тізе қосып, үнемі ақылдасып, бірлесіп істейтін істері туды. Осыны ойлаған екеуі Ысқақпен Мәнікені, бар естияр үлкендерді, көрші-қоландармен ерулікке шақырған.

Тұстік жеп болған соң, үлкен үйден еркектер тарады. Ысқақты Тәкежан өзі ертіп, ұраңқайға кірісті. Ере келген өзге еркек-әйелдің бәріне Мәніке өзінің әмірлі, қатаң үнімен бұйрық етіп:

— Жә, біздің ауылдың кісілері! Ахкем үйіне қонақ болдың, ішер асыңды іштің (Ахкем деп ол қайна Тәкежанды айтатын). Енді қайтындар. Малдарыңа, шаруаңа жөнел, түге! — деді.

Сөйтіп, қонақтан Қаражан үйі сейілгенде, өздері оңаша сөйлеспек боп, екі абысын ғана қалды.

Ашаң, салқын жүзді Қаражан бұл күнде кексе тартқан. Ал Мәніке бұндай емес, толық, қара торы, бұғақты, кесек келбетті әйел. Ақылды қоңырқай көзінде үнемі жинақты от бар. Көтеріңкі, шолақтау, сәл домалақтау біткен мұрны мен үнемі кекесінге әзір ажарлы ернінде, иек, бұғағында бұл әйелдің көпшіліктен бөтендеу ірілігі, салмақ, тәкаппарлығы танылады.

Киімді де осы өңірде Мәнікедей сәнді, таза киетін кісі жоқ. Кимешек, шаршы мен көйлекті үнемі көкбараздап, шыпырдай қып кию осы Мәнікеден басталған. Қалың қара жібек камзолында қымбаттасты үлкен күміс түймелер бадыраяды...

Мәніке баланы да аз тапқан. Қазір бұдан туған бір ғана қыз бар. Ысқақтың екі баласы- Кәкітай мен Ахметбек алғашқы әйелінен туған-ды. Олардың шешесі өлгенде, Мәніке Ысқақтың жалғыз нақ сүйері боп қалған.

Күйеуіне еркелеп, оны еркін билеп алуда Мәнікенің тәкаппар, паңдығы ғана себеп болған жоқ. Бұл сөзге жүйрік, сыншы тура тілді би әйел. Сол еркелік салдарынан ол соңғы жылдар осы елде бір осалдық істейді, күйеуімен қосылып, апиын тартатын болған.

Тәшкендік керуендерден апиын, наша алғызып отырып, үй ішіне өзінше бір сауық орнатып, «зауық» етеді. Сондай еркіндеп алып, елтіген кезде Ысқаққа болсын, басқа кішімтайлы көрші қонаққа болсын, үнемі асқақ сөйлеп дағдыланған.

Абай жолыМесто, где живут истории. Откройте их для себя