Ортадан сәл ғана төмендеу бойы бар, самай тұсы ширатыла бұйраланып тұратын қою қара шашын ұзын қос бұрым етіп өріп, оны ақ маңдайынан жоғарылата басына бірнеше рет орап, екі ұшын тас қылып төбесіне түйіп тастаған, ақ беті таза қолмен аршыған жұмыртқадай кіршіксіз, жасы он сегізге келген талдырмаш қыз мені қоршап тұрған өзге қыздардың арасын қақ жарып өтіп қасыма жақындай берді. Қыздың ғажап сипатын көргенде мен ұялуды ұмытып, оған бақырайып қадалдым да қалдым. Орасан үлкен де емес, онша кіші де емес дөңгелек қара көздер «Тергеуші» қыздың көзіндей ойнақыланбай, көлгірсіп күлімдемей, өзгеше бір пәк таза тұнықтықпен жаудырай қарайды. Жылы шуақты осы қос көздің арасынан төмен қарай ақ қағазға ақ бояумен тартқан тік сызықтай болып, қыр мұрын көрінеді. Осы әсем мұрын астындағы таңертеңгі гүлдей бүрісіңкі оймақтай ауыздың «мені кім сүйеді?» дегендей ынтыға үлбірей қалған боялмаған қызыл еріндері қыз жүрісінің ырғағымен әлде өзі дір еткендей ме, әлде тыныш тұрған мені дір еткізгендей ме бір белгісіз жайды аңғартты. Лезде сол дірілдің суға лақтырған тастай болып, алысқа, жүрегімнің түбіне қарай шым батып бара жатқаны өзіме ап-айқын боп біліне бастады. Жаныма тақап қалған қыздың аппақ бұғағы мен жұп-жұмыр мойнын көзім шалғанда тамағымның ішінен бір жұмсақ нәрсе қытықтай жөнелгендей және бір сезім пайда болды. Әсіресе оның он бетіндегі мойылдай мөлдіреген мең менің көзімді де, өзімді де магниттей тартып, әкетіп бара жатты.Ақ қыз алдыма келіп тоқтап, қылымсымай, қымсынбай, бейне бір өзінін туған ағасымен сөйлесіп тұрғандай үн қатты.
- Ағай, бұл Қанипа деген қалжыңбас қыз, - деді ол мені сұрақтарымен сонша қинаған қызыл шырайлы, қасқа тіс қызды иығынан бір сипап қойып. - Бәрімізді күлдіріп, көңілімізді көтеріп отыратын осы. Сіз оған ренжіп қалмаңыз.
Неге екенін білмеймін, бұл қыздың дауысын құбылтпай, бір қалыпты табиғи биязылықпен өтіне айтқан сөзі маған бұйрықтан бетер әсер етті. Жау танкімен жекпе-жек айқасуға жауапты бұйрық берген командир сөзін тыңдағандай, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап тіп-тік бола қалдым да, «күп болады» дегендей ишара жасап, алдымен басымды изеп, одан соң еңкейе иілдім. Бұл арадағы екі қимылдың бірі артық: бас изеген соң иілудің қажеті жоқ еді. Бірақ мен ол сәтте не қажет, не қажет емес екенін біліппін бе, сірә. Содан соң қайтадан кеудемді керіп, бақырайып, бақжиып қызға қарап, оқтау жұтқандай тіп-тік боп серейдім де қалдым. Мұным: «Мен сіздің құлыңызбын, айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, тағы не бұйырасыз?» дегенім сияқтанды. Менің бұл тұрысым сылаңдаған әсем аққудың қасында өз-өзінен күжірейіп, одырайып тұрған күрке тауықтың қоразын көз алдарына елестетті ме, кім білсін, кейбір қыздар мырс етіп күліп жіберді. Осы кезде бағанағы бүріскен гүл ашылайын дегендей әлпет танытып келе жатты да, тез тоқтап, сол күйінде қозғалыссыз қалды. Өзге қыздар күлгенмен ақ қыз әсем ернін қытықтай бастаған күлкіні кері қайырып жіберді. Мұнысымен ол барша ұстамды қыздың бетінен ешнәрсені білдіртпейтін, жақсы иә жек көргенін ешқашан аңғартпайтын ең үлкен өнерін танытқан еді. Бірақ, ағасының, өзімді айтамын, ол кезде оны аңғарарлық жайы мүлде жоқ болатын.

ВЫ ЧИТАЕТЕ
Махаббат қызық мол жылдар
RomantizmМахаббат қызық мол жылдар - Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 3...