XIX

234 3 0
                                    





Газеттегі мақалаларды оқып шыққаннан кейін менің ойыма сонау жайлауда жатқан бір қарт шопан айтқан сөз түсті. Социалистік Еңбек Ері Ілияш Қызырбаевпен әңгімелесіп отырғанымызда, бір реті кеп қалған тұста, мен Ілекеңнен «Махаббат деген не өзі?» деп сұрадым. Қарт шопан қой бағуға байланысты емес бұл сұраққа да ойланып жауап береді.
– Ол – әр үйдің алтын діңгегі ғой, шырақтарым, – деді.
– Сонда кемпір мен шал сіздерде де махаббат бар ма? – деді менімен бірге келген жас зоотехник Ілекеңе бәйбішесі Ақнұрды нұсқай әзілдеп.
– Осы сен күннің нешеу екенін білесің бе? – осылай деп, Ілекең зоотехник жігітке қарсы сұрақ қойды.
– Білемін, аспанда жалғыз ғана күн бар.
– Жоқ, - деді шопан бурыл басын шайқап, - күн екеу, оның бірі көкте болса, бірі жүректе. Жүректегінің аты – махаббат. Махаббат мекендемеген жүрек қысты күні қар астында қалған қараңғы үймен тең.
Ілекең өзіне сұрақ қойған жігітті осылай жеңіп кетті. Біз шопанның тапқырлығына мәз боп, құттықтап, кезек-кезек қолын алдық.
«Махаббат деген не?» деген сұраққа газет бетінде бір мәселені талқылауға атсалысқан жұрттың бәрі жауап берді. Бұл жөнінде даналардың да, данышпандардың да айтқандары көп. Бұл сұраққа шопанның да берген жауабы орынды. Өйткені... «қанша бас болса, сонша ақыл болады, демек, сонша жүрек, соншама махаббат болады» (Л.Толстой). Осыдан екі мың жыл бұрын Рим ақыны Тибулл махаббатты «тәтті жұмбақ» деп атаса керек. Шығыстың бір бұлбұлы атақты Хафиз ақын оны «мәлімсіз сәт» депті. Мәселе махаббатты кімнің қалай атағанында емес. Әңгіме адам жүрегінің осы қымбат қазынасын қадірлей білуде ғой.
Газетте жарияланған мақалаларға қарағанда кейбір жастардың махаббатқа жеңіл-желпі қарайтыны байқалады. Мұның өзі олардың махаббат мұраты не екенін алдын ала ойлап, бажайлап, саралап алмайтындықтарынан болуға тиіс. Махаббаттың алдында, жазда алыстан көзге шалынған таудай мұнартып, әрқашан екі мақсат тұратыны аян. Оның бірі табиғи тілек те, екіншісі сана мұраты болмақ. Табиғи тілек дегеніміз ұрық, ұрпақ қалдыру жөніндегі соқыр сезімнің жетегі екені түсінікті. Ол қыз бен жігіттің бір-біріне қызығып, құмартуы түрінде білінеді, нәпсіге тіреледі. Ал, сана мұраты жігіттің қыздан немесе қыздың жігіттерден өзімен ойы тең, ақылы сай, бір-бірінің қуаныш-реніштеріне өмір бойы ортақ болысып, мұң шағып, сыр шертіп, шер айтысатын, жанымен жаны үндес адам іздеуі, бірін-бірі шексіз сүйетін жан тауып, соған қосылып, қосылған соң бірін-бірі өле-өлгенше қадірлеп, құрметтеп өтуге ұмтылуы. «Кімнің жаны махаббаттан тән ләззәтімен қоса рухани ләззат алуға ұмтылса, тек соны ғана адам деп бағалаймыз» дейтін Бальзак сөзінің мәні айқындала түседі.
Қыз құмар жігіттің (немесе керісінше) желөкпе, жеңілтек, қызыққыш, құмартқыш келетіні ежелден белгілі жай. Ондай адамдардың қысқа қызық, шолақ шаттыққа аңсарлары ауып тұрады да, бара-бара нәпсінің құлына айналады. Ондай жандар өздерінің осы нәпсі құмарлығын өзгеге махаббат деп ұсынады. Бірақ шынайы махаббат пен құмарлықтың екеуі екі басқа. Құмарлық көбіне аңшыға тән қасиет. Аңшы көрген аңын құтқармауға тырысады. Ол көк ала қанат үйректі сүйгеніне емес, соған оғының тигеніне разы болады. Аңшыға шолақ сәттің қуанышы ғана қажет. Ал махаббат мәңгілік қуаныштың туын ұстайды.
Кей қыздар махаббаттың басты шарты сұлулық деп түсінеді. Неғұрлым жігіттерге сұлу боп көрінсем, соғұрлым махаббатта жолым болады деп есептейді. Сондықтан ондайлар бетін бояп, қасын күзеп, кірпігін «ұзартып», ернін қызартып әлек болады. Жақында трамвайда сондай бір қара көз қызды көрдім. Қасты қырып, оның орнына бір сызық қара бояу тартыпты. Сол бояуды көзінің құйрығына да жағып, оны және «ұзартып» қойыпты.
Бетіндегі баттасқан бояуды былай қойғанда, қасының орны мен көзінің құйрығынан қатарласа сызылған жаңағы екі жіңішке сызық көлденең адамға жыланның айыр тіліндей танылып, сүйкімсіз әсер етеді. Қыздың онда шаруасы жоқ, «Мен сұлумын, маған сұқтана қараңдар» дегендей жағын таянып, орындықта сіресіп отыр. Оның қасына қарт ана келіп, түрегеп тұрды. Қыз кішілік жасап, үлкенге орын берер деп ойлап едім, бірақ өйту оның кәперіне де келмеді. Біреу қызға қолын созып, қасындағы кассадан билет жыртып әперуді өтінді. Сұлу адам сыпайы болуға міндетті еместей-ақ, ол міз бақпастан теріс айналып, терезеге қарап кетті.
Мұндай қызға қандай жігіттің ғашық боларына таң қаласың. Табиғаттың өз бояуы бойында тұрған уыздай жас қыздың орта қол артель жасап шығарған қайдағы бір жасанды бояуды жағып, сұлу боп көрінуге тырысуы келіспейді-ақ. Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті. Қыз қанша боянғанымен саналы жігіт оған салғаннан құлап түспесе керек қой. Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан сұлулықтан басқа да асыл қасиеттер іздейді. Ол қасиеттер: ақылдылық, адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, еңбек сүйгіштік болса керек. Жалқау қызға жан жоламауға, еріншек қызды ер алмауға тиіс. Мұның растығына көптеген мысалдар бар. Қай қыз жұмысты жақсы істесе, жұмысшы жігіт соған ұмтылады. Қай қыз сабақ жақсы оқыса, студент жігіт соған қырындайды. Нашар оқитын қыз өзін сүйікті етіп көрсетуге тырысады. Жігітті де қыз танауы үшін емес, таланты үшін сүйеді. Еріншек жігітке ешкім қарамайды. Ендеше махаббаттың басты шарты сұлулық емес. Бұл арада алғашқы мақалада айтылатын Күләш деген қарындастың Жомарт деген жігітті «түр-тұлғасы үшін сүйемін» дегеніне қосылуға болмайды. Сұлулық жоғарыда аталған ғашық болуға қажетті шарттардың бірі ғана. Сұлу деп қазақта көрікті әйелді айтады. Ал көркінің үстіне ақыл-парасаты мол әйелді ару деп атайды. Өмірде сұлу көп те, ару аз. Ауыз әдебиетінде ару бейнесінде Құртқа, Қарашаш, Меңдісұлу сияқты қыздар ғана суреттеледі.
Кейбір жігіттер «мен пәленшеге бір көргеннен ғашық болдым» деп соғады, ал «бір көргеннен ғашық болу» ешбір қисынға келмейді. Бір көргенде қыздың ұнауы немесе оның жігіт қиялындағы өзі мұрат еткен әйел бейнесіне бір жері (беті, аузы, көзі, мұрны, шашы, т.б.) ұқсауы ықтимал. Сол ұқсастық жігіт жүрегіндегі құмарлық сезімін лап еткізеді де, ол енді қыздың қалған қасиеттерін өз ойындағыдай етіп, қиялмен жобалай жөнеледі. Осыны ол «бір көргеннен ғашық болдым» деп түсінеді. Бұл шындық емес. Өйткені, бір көрінген қыздың басындағы қасиеттер оған қараған жігіттің көңіліндегі бейнеге қаншалықты ұқсайтынын бірнеше көргеннен кейін ғана анықтауға, сонда оның көп белгілері сәйкес келмейтініне көз жеткізуге болады.
Ұлы Отан соғысына дейінгі біздің ауыл бозбалаларының көпшілігінің арманы аққұба өңді, ақжүзді жар еді. Өйткені онда әйел жөніндегі біздің мұратымыз фольклордан, ақындардың өлеңдерінен қалыптасты. Біз үшін ол кезде дүниедегі ең сұлу әйел Қыз Жібек болатын. Ал, қиссада ол былай суреттелетін:
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай...
Көкейде қалыптасқан осы бір жақсы жар мұратын Абайдың «Білектей арқасына өрген бұрым», Ақан серінің «Аққұба қатын алсаң бойы сұңғақ» дейтін өлеңдері және толықтыра түсті. Сөйтіп олар танадай жалтылдаған қара көзді, қардай аппақ қызға ынтықты, сондай жарға қолымыз жетсе деп арман етті. Соғыстан кейін олардың бірсыпырасы жар сүйді. Бірақ көбінің көңілдегі мұраты алған әйелдерінің мүсінімен үйлескен жоқ: «наурыздың ақша қарындай» ақ қыз орнына қара торы, бидай өнді, қызыл шырайлы, ақ сары, шикіл сары келіншектерге ие боп шыға келісті. Тіпті олардың бойлары да әртүрлі: сұңғақ, орта, тәпелтек; көздері де әр түсті: қоңыр, шегір, көк болды. Енді олар мұраттарын алған жарларының мүсініне лайықтап қайта қалыптастырды. Осы арада олар өздерінің бұрынғы мұраттарының мол пішілген киімдей олпы-солпысын да көрді, кемшілігін де білді. Егер жарыңның жаны жақсы, адамгершілігі биік болса, оның «ақтығы наурыздың ақша қарындай», ал көзі «аласы аз, қара» боп келуінің тіпті де қажеті жоқ екенін ұқты. Менің құрдастарымның балалықпен тағы бір білмегендері жарымыздың бойы Ақан айтқандай сұңғақ болса деп армандауы болыпты. Енді қарасақ олардың бәрінің өз бойлары орта, тәпелтек, бәкене екен. Ал өзің тапал, жарың биік болса, онда қандай жарастық болмақ? Жігіттер оны да байқамапты. (Әрине, өмірде ұзынды-қысқалы боп та жұптаса береді. Бұл қосылушы екі адамның көңіл жарастығына байланысты).
Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың тереңдігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмарлығынан туған жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала соны құшуға құмартқан жүгенсіз ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам оның суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ жасөспірім бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.
Сонымен, «бір көргеннен ғашық болу» деген ұшқары сөз. Бір көргеннен тек қана ұнатуға, қызығуға, құмартуға болады «Құмарту – ғашықтық емес. Адам жек көре тұрып та құмарта береді» (Ф.Достоевский). Ал, бірсыпыра жастар бірін-бірі ұната сала: «Бітті, біз ғашықпыз!» деп есептейді. Сөйтіп, қолма-қол сүйісіп, сүйкенісіп жібереді. Көзді ашып-жұмғанша, ерлі-зайыпты боп та шыға келеді. Олар мұның шынайы сезім емес екенін артынан аңғарады. Содан соң бір-бірімен айтысып, ажырасып әлек болады. Мұндай күйге душар болмас үшін жастар тез қауышуға құмартпауы керек. Ұзақ сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін шын сүйетініне, бірігіп жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ. Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жол серік қана емес, жан серік тапса ғана бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдің алтын босағасы -достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, қоғам құптайды.
Махаббат ұшқыны дананың да, даңғойдың да жүрегіне түседі. Біріншісінің жүрегіне түскен ұшқын махаббаттың маздаған мәңгілік отын тұтатады; соңғысына түскені – мұз үстіне лақтырған қызыл шоққа ұқсайды. Шын махаббаттың шырғалаңы да болады. Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеу үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамыздық» тастап отыруы парыз. Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ. Махаббатта бір-ақ формула бар, ол – тұрақтылық.
Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар. Осы үшеуін ренжітпей өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады. Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің, қоржаң, осылардың әзәзілі - арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру – мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.
Сайып келгенде әр адам – өз махаббатының бағбаны. Солып қалмауы үшін қай гүлге қашан су құю керектігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адамда өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тынбастан жағдай жасап отыруы тиіс. Бұл үшін ерлі-зайыптылардың әрқашанда бір-біріне құштарлығы, шексіз сенімі, әлдеқалай іште бас көтерген қызғанышты сыртқа шығармай сабырмен жеңуі, ағат айтылған сөздерді кек тұтпауы, мейірімділігі, өзара қалтқысыз қамқорлығы, сыйластығы, ашуын тежеп, нәпсіні тыйып ұстауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, "сезімдерін тәртіппен ұстай білген зайыптардың махаббаты ешқашан өшпек емес. Бұл арада атақты Абайдың: «Болмаса, мінезінің жат кесегі, майысқан бейне гүлдей толықсыған, кем емес алтын тақтан жар төсегі» деген сөздерін әрқашан да есте ұстay абзал. Сонда ғана ерлі-зайыптылар арасындағы жарасты махаббат үйге нұр, ұяға көрік береді, тұрмысқа ажар, көңілге ap орнатады.
Мен мақаламды шопан қарттың сөзімен бастаған едім. Сол сөзбен аяқтағым келеді. «Махаббат – әр үйдің алтын діңгегі» деген болатын Ілекең. Бұл өте орынды айтылған даналық сөз. Өйткені діңгек болмаса үй төбесі ортасына шөгеді, құлайды. Мен Ілекеңнің сөзін қайталап, әрбір жас семьяның алтын діңгегі әрқашан да берік болсын деп тілеймін. Әр үйдің ортасында нұр шаша жарқыраған алтын діңгектер болсын деймін».
– Түу, жүрегім, лүпілдеп кетті ғой, – деді Майра газетті маған қайырып беріп жатып. – Ағай, өзіңіз мүлде өзгеріп, есейіп кеткен сияқтысыз.
– Ел көріп, өмірмен араласқан соң солай болады да, – деді Меңтай, – адам ысылмай ма?
– Иә, дегенмен ағай алғашқы әскерден келгендегідей, біздің бәрімізден жасқанып тұратын ұяң жігіт емес, енді бәрімізге ақыл айтатын нағыз байсалды кісіге айналған. Жалғыз жастардың ғана емес, мен мына мақалалардан жұрт қамын ойлайтын үлкен азамат үнін де аңғарып отырмын, Меңтай.
– Түу, қойыңдаршы, - дедім мен қыздардың мақтауынан қысылып. – Мен баяғы қалпымдамын. Ештеңем де өзгергем жоқ. Ал енді кешкіріп барады. Жаңағы әңгіменің жалғасы немесе аяғы іспетті бір кішкентай ғана әңгіме айтайын да, кетейін мен.
– Иә, айтыңыз, ағай, - деп Майра тағы да тыңдауға дайындалып, жағын таянып отыра қалды.
– Жаңағы Майра оқыған мақалада жайлауда Ілияш Қызырбаев деген қарт шопанмен кездестім дедім ғой. Ол күні Ілекең бізді босатпады. Қонақ етіп, өз өмірінен көп хикаялар шертті. Июнь айының әсем кешінде далаға төсек салдырып, Ілекең, жас зоотехник, мен үшеуміз далаға жаттық. Ұзақ сөйлесіп, әңгіме аяқталғаннан кейін ұйқы тыныштығы туды. Менің көзім жаңа ілініп бара жатыр еді. Ілекең менен жасырғандай боп, жас зоотехникпен күбірлесе бастады. «Бұлар не сөйлесер екен?» деп ұйықтаған боп жатып, мен олардың өзара күңкіліне құлақты салдым:
– Келінмен қайтадан жарастың ба, балам? – деді Ілекең жігітке.
– Жоқ, Ілеке, ана оқиғадан кейін қайтып жібимін?
– Сұлу әйел бақтан үзіп алған бір шоқ гүл сияқты ғой, шырағым. Гүлді кімнің иіскегісі келмейді. Сұғанақ біреу сен бейқам тұрғанда қолыңдағы көтерген гүліңді бір иіскеп қалса, сол үшін сен оны лақтырып тастай аласың ба?
– Бір емес, үш иіскесе қайтем, Әлеке-ау.
– Гүлің жақсы болса, оның жұпар иісі мың иіскесең де жойылмайды. Бір рет немесе, өзің айтқандай, үш рет иіскеді деп, мың рет ләззат алар хош иісті гүліңді лақтырып тастағаның жөн бе, балам?
– Біреу мұрнына тақаған гүлді қалай иіскеймін, Ілеке-ау?
– Сен оны ешкім иіскеді деп ойлама. Тек қана өзім иіскеп жатырмын, бұл тек менің ғана гүлім деп ойла. Сонда ештеңе де етпейді.
– Бұл өзіңді-өзің алдау ғой.
– Адам өзін-өзі алдамайды, балам. Адам өзіне-өзі басу айтып, бақытсыздықтан сақтанады. Келіннің бауырында алтын айдар ұлың бар. Оның бір білместігін кешіруің керек, шырағым. Адам бір адасқан жерінен екінші рет өмірі адаспайды.
– Өзім де жақсы көремін оны, қимаймын.
– Онда өзіңді де, оны да қинама, балам. Ал ұйықтай бер енді.
Жігіт түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Таңертең екеуміз аттанып кеттік. Жігіт жолда сырын айтты. «Енді әйеліммен қосыламын!» деді.
Осылай деп әңгімемді аяқтадым да, мен екі қызға кезек қарап, өзімнен-өзім ыржиып күлдім. Майра бірдеңені сезгендей, жымиып төмен қарады.
– Иә, ал бұдан шығатын қорытынды не? – деді содан соң.
– Ақсақалдікі дұрыс қой! – дедім мен тағы да өз-өзімнен қысыла күліп.
Шал мен жігіттің сонау жайлаудағы, жұлдызды түндегі осы диалогы арқылы, соған астарлап, бұл менің Меңтайға оларды іздеп келген мақсатымның түйінін айтқаным еді. Бірақ Меңтай ештеңе ұқпағандай, үнсіз қалды.
Күн бата екі қыз мені шығарып салмақ болып, автобус тоқтайтын жерге ертіп әкелді.
– Түу, ағай, келгеніңіз қандай жақсы болды? – деді Меңтай кетерде маған ризалығын жеткізіп. – Көп рақмет. Сіз менің кеудеме керемет бір күш құйып, жігер бергендей болдыңыз. Соңғы кезде жігіттердің ешқайсысын көргім, көздеріне түскім келмеуші еді. Ал бағана сізді көргенде, неге екенін білмеймін, бірден қуанып кеттім.
– Ол Ербол ағайды өзіңнің туған ағаңдай көретіндіктен ғой, Меңтай, - деді Майра сәл жымиып астарлай сөйлеп.
– Рас, содан болар, - деді Меңтай Майраны бірден қостап, тағы да оның сөзінің астарын ұқпағандай қалып көрсетіп. – Мен қиналған шақта, сіздің бір айтқан сөзіңіз көңіліме медеу боп, қайрат берді, ағай. Сіз ол не сөз екенін білесіз бе?
– Қайдан білейін, Меңтай, мен солдаттан келгелі көп сөйледім ғой, – деп күлдім мен. – Төрт жыл жаумен үнсіз соғысқан күндердің есесін қайтардым білем.
– Есіңізде ме, сіз былай дегенсіз: «Адам өз басына түскеннің бәріне көнуге де тиіс, оны көтеруге де міндетті. Өйтпесе оның несі адам?!» Осы сөзіңіз өмір бойы жанды жанитын жануыштай боп, көкірегімде қалды. Сіз бұл сөзді біздің бөлмеде, «Қызыл көрпені» шығарған күні айтып едіңіз.
Менің де есіме түсті. Ол күні Одиссей мен Пенелопа жайында әңгіме болған. Сол күні Меңтай өтініп маған Сәлима оқиғасын айттырған.
Автобус келіп, мен қыздармен қоштастым. Меңтайдың қолын ұстағанда жүрегім аузыма тығылардай лүпілдеп қоя берді. Ол: «Тағы ештеңе бітпеді ме?» деп, зар қаққандай болды. Елжіреп Меңтайдың бетіне телмірдім. Ол төмен қарап кетті: Автобус мені екі қыздан айырып, Алматыға қарай ала қашты.
Бұл күні мен ештеңе бітіре алмадым. Меңтайдың хал-жайын біліп, егер ол шын бос болса, тағы да сөз айтсам деген ойым орындалмастан қалды. Орындалмағанымен оны көргеніме мәз болып, толассыз, тоқтаусыз сөйлей бердім. Сұрағандарының бәріне жауап та қайырдым. Меңтай толық етіп айтыңызшы дегеннен кейін әр әңгімені бүге-шігесіне дейін қалдырмай тәптіштеп баяндадым. Мақтанып кеттім бе, масайрап кеттім бе, білмеймін, қыза келе облыстық газетте жарияланған мақалаларыма дейін көрсеттім.
Осынымның бәрі орынсыз болғанын түнде, Калинин көшесіндегі жатақхананың отыз жетінші бөлмесінде жатқанда бір-ақ пайымдадым. Күні бойы мас болып, енді ғана есімді жиғандай күй кештім. «Апырау, неге өсіттім? Неге көкіп ұзақ күнге жақ жаппай сөйлей бердім? Одан да Меңтайға оны әлі күнге дейін сүйетінімді неге айтпадым? Айтып тұрып, «адал жарың болайын, енді мені өмірлік серігің ет» деп неге жалынбадым оған?» – деп өзіме-өзім ұрыстым. «Жоқ, оны айтуға мүмкіндік болды ма?» - деп өзімді-өзім және ақтадым. – «Ағай, басыңыздан кешкеннің бәрін бүгінгі күнге дейін толық айтып беріңізші» деп Меңтай қиылғанда мен қалай үнсіз отырамын. Оның үстіне Майра да маңымыздан шықпай қойды. Сөйтіп бір әңгімеге бір әңгіме жалғасты. Тоғыз айдың оқиғасын тоғыз сағатта айтып шығу оңай ма? Әлі де айтылмаған талай сөздер қалды...»
«Талай сөздер қалды, талай сөздер қалды»... – деймін біраздан кейін өзімді-өзім қайтадан ажуалап. – Сен «сөз, сөз» деп әлі жүрсің. Ал майданнан сенімен қатар қайтқан жігіттер келе сала үйленісіп алды. Олардың қазір бір-екіден балалары да бар. Баса-көктер батылдығың жоқ боп, сүйгеніңді тек қана сырттай қызықтай берсең – өмір бойы қу тізеңді құшақтап өтерсің сен...»
«Үйлену оңай, үй болу қиын ғой, – деймін мен белгілі нақылшы Мәлімнің сөзін қайталап, тағы да ақталып. – Сомадай жігіт боп, сөз айтып тұрсаң саған да біреу тиер-ау. Тән де табыса беретін болар. Бірақ, алдымен адамның жаны үйлесуі абзал ғой. Жаны үйлескен жандар ғана жақсы өмір сүріп, қызықты күндер кешпек. Ал, жан жарасымы махаббат болса, біріншісінің сынынан сүрінбегенім аян. Енді екіншісінен де сүрінбесем деймін. Ол үшін өзім сүйген, өзімді сүйген жанды ғана жар етуім керек! Ол – Меңтай ғана... Бірақ, «батыл емессің» дегенің рас. Батыл болсам баяғыда, соғыста жүргенде, Сәлимаға: «Басқа ешкімге барма, тек қана мені тос!» деп кесіп айтпайтын ба едім. Батыл болсам баяғыда Меңтай: «өзіңіз айтыңызшы: таста деңізші ол жігітті, бұз деңізші уәдеңді – бұзып-ақ кетейін» деп толқып тұрғанда, «Таста! Бұз!» демейтін бе едім... Жарайды, енді өйтпеймін. Ертең қайтадан барамын. Барамын да Меңтайға бірден өзімнің оны әлі күнге дейін сүйетінімді айтамын! Содан соң оған: «жарым бол» деп тікелей тілек білдіремін! Бірден осылай деймін!..»
Ертеңінде мен Бүргенге тағы да таңертең келдім. Ауылдың орта тұсындағы кешегі көк терезелі тоқал үйдің тұсына тақасам, отау үй іспеттес дөңгелек беседкада оңаша отырған Майра мен Меңтайды көрдім. Олар да мені жандарына жақындағанда бір-ақ білді. Майраның сөз арасында «иә, иә» дей беретін әдеті болушы еді. Бір нәрсеге таңданып, иә қуанғанда аузына сөз түспесе, оның «иәсі» мүлде көбейіп кететін.
– Иә, иә, өзіңіз де сәлеметсіз бе? Иә, иә, келіп қалдыңыз ба? Иә, иә, төрлетіңіз, – деді мені орнынан тұрып, беседка баспалдағында қарсы алған Майра.
– Иә, иә, келіп қалдым, - дедім мен оған әзілдеп.
– Иә, иә, келетініңізді білгенбіз, – деді Майра күліп, Меңтайға қарай жүзін бұрып.
Баспалдаққа аяғымды сала беріп, мен де тез Меңтайға қарадым. Беседка ортасындағы дөңгелек үстел жанына төрт қабаттап салынған шәйі көрпе үстінде оң қолымен жер тіреп, сол қолымен кешегі қызыл юбканың етегін тізесінен төмен түсіре қымтап, бір жамбастай отырған Меңтай, менің тағы да келгеніме сенер-сенбесін білмегендей, неге келгенімді таба алмай дағдарғандай, дөңгелек қара көздерін таңдана кең ашып, босаға жаққа бақырая қарап қалған екен. Мен беседканың соңғы сәкісін аттай бергенімде ол лып етіп орнынан тұрды. Оның алғашында сәл қуқылдау көрінген ақ бетіне лап етіп қызыл бояу жайылғаны байқалды. Бірақ қыз ішіндегі толқынды тез басып, таңданарлық ештеңе болмағандай қалыппен маған қарай қолын созды.
– Ағай, сәлеметсіз бе?
Екі қыз қол алысқаннан кейін мені беседканың төріне қарай икемдеді.
– Иә, таңертеңгі шайымызды жаңа ғана ішіп болып, енді жинайық деп жатыр едік,– деді Майра едендегі үлкен қара таба ішіндегі күлдің үстінде тұрған шойын шәйнекке еңкейе беріп. – Иә, сәл кешіксеңіз–жамандап жүреді екенсіз дейтін едік. Иә, шай жиналмай келгеніңізге қарағанда, бізді жақсыламасаңыз да, жамандамайтыныңызды білдік. Иә, оған да шүкіршілік.
– О не дегенің, Майра, – дедім мен күліп. – Сендерді жамандаған жігіттің жаны шықсын дер едім. Бірақ мақтаған кісінің де мәз болмайтынын байқағанбыз.
– Иә, әй, осы сіздің тіліңіз-ай, - деді Майра сықылықтай күліп. - Күліп тұрып: «бұл қайтер екен?» дегендей, көзінің қиығын Меңтайға тастады. Меңтай сәл жымиды да, үстел үстіндегі бос шыны аяқтарды бір жерге жиыстыра бастады.
– Майра, мен үшін шай қоймай-ақ қой.
Оған қарап «рақмет» деген ишара білдіріп, кеудемді бастым.
– Иә, таңертеңгі шайыңызды ішіп пе едіңіз?
– Іштім, – дедім мен әлі оразамды ашпасам да.
– Иә, асығыс па едіңіз?
– Асығыспын, - дедім тағы да бас иіп.
– Онда от ала келген боларсыз? – деді Майра басын шалқайта түсіп, сақылдай күліп.
– Рас, от ала келдім, – дедім мен неге екенін білмеймін бетімді Меңтайға қарай бұрып.
Меңтай қолына бос шыныаяқтың бірін ұстап, түрегеп тұр еді. Мен: «Рас, от ала келдім» деп оған қарай бұрылғанда, қыздың ақ жүзін тағы да лап етіп қызыл жалын шалған іспеттенді. Осы кезде қызыл юбка, ақ кофта киген Меңтай маған маздай жанып, лаулап тұрған өшпес оттың өзі сияқты боп танылды.
– Иә, онда, асығыс болсаңыз,– деді Майра шайнекті қайтадан орнына қойып жатып, – нан ауыз тиіңіз, кейін келіншегіңіз тастап кетпеуі үшін.
Осылай деп Майра тағы да сықылықтап күліп алды.
– Ауыз тиейін, – дедім мен үстел үстіндегі бауырсаққа қолымды созып. – Кейін, тастаса тастап-ақ кетсін, өз жамандығымнан онда. Бірақ бүгін қолым жетсе екен соған, – деп мен де күліп, бір бауырсақты аузыма тастап кеп жібердім.
– Иә, бауырсаққа бапандай көрінесіз, жететін шығарсыз оған да, – деп Майра тағы да күлді.
– Енді қайтейін, «таз ашуын тырнадан алады» деген бар ғой, – дедім мен ұялған тек тұрмастың кебін танытып.
Бұған Майра екеуіміз қосыла күлдік.
– Иә, сіз асығыс болсаңыз, мен де асығыспын, – деп Майра кетуге ыңғайланды. - Кешеден бері апам басым ауырады, жүрегім шаншыды деп мазасызданып жүр. Менің сол кісіні дәрігерге көрсетіп, дәрі-дәрмек алып беруім керек.
– Жүректің дәрісі маған да керек еді, – дедім мен Майраға әзілдеп.
– Иә, біліп тұрмын, – деді Майра да әзілге әзілмен жауап қатып. – Сізді мына Меңтайға тапсырамын. Сізге керекті дәрі-дәрмекті тауып, біз келгенше емдеп қояр деп ойлаймын.
– Бұл кісі менен дәрі сұрап келмеген шығар, – деді де, Меңтай тоқтап қалды. «Бұл сөзді бекер айттым-ау» дегендей боп, өз-өзінен қызарып төмен қарады.
– Дәрі сұрамаса, дәнемең кетпес. Біз келгенше ағайды ертіп, өзен басына барып қайт. Ағайға ауылдың айналасын көрсет. Көктөбенің басына ертіп бар, - деп Майра құрбысына шегелей тапсырды да, өзі шапшаң аяңдап үйге қарай жөнелді.
– Сіздің уақытыңыз бар ма еді? – деді Меңтай Майра үйге кіргеннен кейін.
– Бар.
– Онда, қаласаңыз мен сізге ауылдың айналасын көрсетейін.
...Біз аяңдап Бүрген өзенінің жағасына келдік. Айғай-шуды көбейтіп, ақ көбік атқылап өз-өзінен лепіріп жатқан таяз өзенге біраз үнсіз қарап тұрдық.
– Тау өзені көпіріп кеп сөйлейтін мақтаншақ, даңғой адамға ұқсайды, - дедім мен. – Қарашы: суы тізеге жетпейді, шуы жер жарады.
Меңтай мені құптап, бас изеді.
– Рас. Дала өзені лықсып, үнсіз ағады. Суы да терең болады ғой, – деді ол.
Осыдан кейін біз гүлді өзекті қуалап, Көктөбеге қарай беттедік.
– Мен сізді ешқашан да көрмейтін шығармын деп ойлаушы едім, – деді біраз жүрген соң Меңтай.
– Неге?
– Білмеймін...
– Онда мені ойлаған екенсің ғой?
– Ойладым, көп ойладым. Сіз туралы ешқашан да ойламайын деп өзіме-өзім талай рет ант еттім. Бірақ соның артынша қалай ойлап кеткенімді өзім де білмей қалып жүрдім.
Мен Меңтайдың қолын уысыма алып, құшырлана қыстым. Меңтай қолын тартып алмады, тіпті ауырсынған да белгі бермеді. Енді мен оның қолын алақанымнан шығармадым.
– Ал мен сені бір күн де ойымнан шығарған жоқпын, Меңтай.
– Сенемін.
– Тоғыз ай сенен аулақ болу менің махаббатымды өсірмесе, өшірген жоқ. Мен сені сол қалпымда сүйемін! Осыған сенесің бе?
– Сенемін. Бірақ...
Меңтай аппақ, жұп-жұмыр мойнын сәл солға қарай бұрыңқырап, үнсіз қалды.
– Бірақ дегенің не? – дедім мен сыбырлай үн қатып.
– Бірақ... – Меңтай ар жағын тағы да айтқысы келмегендей, ернін тістеледі де, тез босатып жіберді. Қалпына келген томпақ ерін тістегенге запы болғандай, бір дір етіп барып, қайта ашылды. – Бірақ менің сақинам сынып, сабағым үзіліп қалды ғой...
– Меңтай тағы да ернін тістеледі. - Кейін бетке шіркеу болар...
Меңтайдың тамағына жас кеп тығылғанын аңғардым. Жаным онымен қоса қиналып, не істерімді білмей, қабағымды шытып, мен де ернімді тістелей бердім. Бірақ ол лықып келіп қалған көз жасын тез тоқтатып тастады да, сабырмен сөзін аяқтады.
– Жақсы жардан жан ауыртар сөз естіп отыру азап болар...
– Жоқ, жоқ, – дедім мен өз үніме өзім не бола алмай қыстыға сөйлеп, – мен сені соғыстан келген күні бірінші рет көрген күйімде қабылдаймын. Сен сол күйіңдесің, сол қалпындасың, Меңтай! Сенің ештеңең өзгерген жоқ...
Меңтай ақырын ғана басын шайқады. Менің одан сайын дегбірім қашты. Оны қалай жұбатарымды білмей, жаным күйзелді. Тістеніп, жан-жағыма қарап пиджагімнің өңірін жұлмаладым. Осының бәріне сол кінәлідей-ақ, біржола жұлып алардай боп, қайта-қайта түймемді жұлқыладым.
– Сөзіме сенбесең, өзіме сенесің бе? – дедім екі танауым қусырылып.
Меңтай бетіме қарап, ақырын ғана басын изеді. Тегі менің екі көзім құрық көріп, құйрығын тігіп алып, шығандап қашқан қашағанның көзіндей долырып кеткен болуы тиіс. Меңтай тез екі қолын бірдей көтеріп, бетімді сипады. Осы кезде мен алқымын бұғалдырық қысқан асаудай жуаси бастағанымды білдім.
– Сенемін! Сенемін! – деп Меңтай бетімді сипап тұрып екі рет қайталады. – Дегенмен, бірде болмаса бірде көңілге келіп жүрмесе дегенім ғой.
– Келмейді, келмейді! – дедім мен басымды шайқап. Осылай деп мен Меңтайды құшағыма алып, бетінен, көзінен, маңдайынан, иегінен аймалап сүйе бастадым. Ол қарсылық білдірмеді. Бар ықыласымен бауырыма кіре түсіп, ақ тамақ, қызыл ерін, жұмыр мойнының мен қалаған жерін ерніме тоса, екі көзін шарт жұмып алып, шалқая берді. Біз төбесінде тұрған Көктөбе теңселіп кеткендей болды. Ол бізді, махаббаттың бесігі болып, тербей жөнелген сияқтанды.
Осы сәттен бастан мен уақыттың мөлшерін білуден қалдым. Меңтайдың маңында жүрсем маған шығыстан сарғайып таң атса-ақ болды, көзді ашып-жұмғанша батыстан түнеріп төңірекке түн шөге бастайтын тәрізденді. Әшейінде, аяғын тәй-тәй басып, жүк жағалаған баладай боп, аспанда күні бойы мөңгелеп жүріп алатын күн енді гүрс етіп стволдан шыға сала дүрс етіп көздеген жерге барып жарылатын танктың снарядынан да ұшқыр боп кетті. Сол сияқты түн де, электр қырықтықпен қырқылған қара қойдың жабағы жүніндей боп, лезде еңсеріледі де қалады. Ал мен Меңтайдың қасынан сәл ұзап шықсам-ақ әлгі сағат жүрмейді, күн бедірейіп бір жерден қозғалмайды, тұншықтырып, туырлықтай тұтасып жатып алады. Еркектің таңын атырып, күнін шығаратын, күндізін көрікті, түнін тәтті ететін, жақында жүрсе жаныңа қанат беріп, алыста жүрсе аңсататын, жұлдызын оңнан туғызып, еңбегін жемісті ететін сүйген жар екен ғой, шіркін! - деген ой осы кезде келді маған.
Сонымен біз Майраның үйіне кешке қарай бір-ақ оралдық. Меңтай: «Апамнан ұят болды-ау. Мені қайда кетті деп іздейді-ау» деп, жеткенше қысылып келді.
Майраның шешесі шынында да Меңтайды күтіп отыр екен.
– Қарағым, қайда жүрсің? Қарның ашып қалды ғой, – деді ол есіктен аттай берген Меңтайды құшағын жая қарсы алып. Содан соң оны шөп еткізіп маңдайынан сүйді.
– Сәлеметсіз бе aпa? – дедім мен, кемпір Меңтайдың бетінен сүйіп бола берген кезде.
– Сәлемет пе, қалқам, – деп ол бұрылып менің бетіме қарады. – Кешегі баламысың? Е, жоғары шық, шырағым.
– Апа, өзіңіз қалайсыз, тәуірсіз бе? - деді Меңтай.
– Тәуірмін, қалқам, тәуірмін. Осы дәрігерлердің бір салауаты бар. Үйде қанша ыңқыл-сыңқыл болып ауырып жүрсем де, құдайдың құдіреті, дәрігер алдына барғанда жазыламын да кетемін. Бүгін де сөйттім. Бағана, түсте, берген дәрісін ішіп, ағыл-тегіл терлеп келіп. Енді мүлде жазылып кеттім.
– Бәле, жақсы болған екен, апа, - деді Меңтай кемпірді құшақтап.
– Ойбай-ау, мен өзімнің ауруымды айтып, сарнап тұрып алыппын-ау, - деді кемпір тез орнынан қозғалып. – Сендерге деп әлгінде бір май шайқатып қойып едім. Майра келгенше нанға жағып, соны жей тұрыңдар. Майра қазір келеді, сиыр қайырып келуге кетті.
Мейірбан ана батар күннің соңғы сәулесі мол төгіліп тұрған төргі бөлме ішіндегі дөңгелек үстелге дастарқан жайып, Меңтай екеуіміздің алдымызға ас қойды.
– Осыны аужал қыла тұрыңдар, қарақтарым. Мен қазір тез сиыр сауып, ыстық ас жасап беремін.
– Апам сондай ғажап кісі, – деді Меңтай. – Мен бұл кісіні осында келген күннен бастап, өз шешемдей көріп кеттім.
Есік қайтадан ашылды.
– И-иә, екі ғашық, қол ұстасып келдіңдер ме? – деп жүре сөйлеп келе жатқан Майраның үні естілді. - Иә, отқа келген кісінің отыз ауыз сөзі бар деуші еді. Сіздің сөзіңіз одан көбірек болды-ау деймін.
Бұл Майраның мені таңертеңгі айтқан асығыспын деген сөзіме орай қағытқаны еді. Менің көңіліме келмесін дегендіктен болар ол «отқа келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» деген халық мақалын сәл өзгертіп, «қатынның» дегеннің орнына осылай, «кісінің» деп айтты.
– Майра-ау, ол отына және келген кісісіне байланысты шығар, – дедім мен күліп.
– Әрине, менің Меңтайым отыз ауыз сөз айтып, бықсытып бақырға салып ала жөнелетін ауыл-үйдің арзан оты емес. Бұл – алыстағыны күйдіріп, жақындағыны жандыратын, жаманды естен тандыратын, жақсының құмарын қандыратын, өзгеше от.
– Рас, Майра-ау, өзің ақын болып кетіпсің ғой, - дедім мен.
– И-иә, неге ақын болмайын: арманым орындалып, айтқаным келген болса. – Осылай екілене сөйлеген Майра шапшаң Меңтайға бұрылды. – Иә, ал, айт жылдам, тура солай болды ма?
Меңтай жымиып, жайлап қайта-қайта басын изей берді. Майра дөңгелек үстел басында отырған Меңтайға шапшаң еңкейіп, оның екі бетінен кезек шөп еткізіп екі сүйді де қапсыра құшақтап орнынан тұрды.
– Иә, ей, тұрсаңшы, жарылып кетпей неғып отырсың?– деп ол Меңтайды шыр көбелек айналдырды. – Иә, айтпап па едім мен саған Ербол сені шексіз сүйеді, ал шын сүйген адам ештеңеге қарамайды деп. Иә, айттым ба? – Көзін бір ашып, бір жұма түсіп, Меңтай тағы да бас изеді. - Иә, мен саған қысты күні-ақ ана сұмпайың «қатын алдым» деп кеткеннен кейін, айтпап па едім Ерболды іздейік, осыны айтып хат жазайық деп. Сен без-без етіп болдың ба сонда? – Майра енді Меңтайдың дауысына сала сөйледі. – «Жо, жоқ. Ағай мен үшін оқуын тастап кетті. Ендігі біреумен танысып та қойған шығар. Оны бұзуға болмайды. Мен не болсам, ол болайын. Бірақ ол кісінің бақытты болуын тілеймін!» деп еңіреп жылап жатып алдың. Аш күзендей бүгіліп бір жұма бойы төсектен тұрмадың. Иә, сонда мен саған айттым емес пе: ағайың сияқты адамдар тез таныса бермейді. Ондай кісі танысының бәріне табына да бермейді. Шынында, оның айналасында отыз шақты қыз оқыдық. Солардың ішінен жалғыз саған ғана ықыласы ауды. Сенен күдер үзгенде өзгемізге көз ілместен кете барды. Басқаны былай қойғанда қақылдаған Қанипа мен мүйізі қарағайдай Зайкүлге де қараған жоқ, ағайдың бақытты болуын тілеймін дейсің. Мен айтайын саған: Ербол ешқашан да сенсіз бақытты болмайды, сен онсыз өмір сүре алмайсың! Иә, осылай дедім бе? Дедім Иә, енді сүй қазір ғашығыңның бетінен. Осы менің көзімше сүй!
Меңтай күліп, екеуінің қасында түрегеп тұрған маған қарай қолын созды. Мен, магнит тартқан бүркеншікті шегедей лып етіп, қыздың қасына бардым. Ол мені сүймекші боп жатыр еді. Жібектей созылған Меңтайдың баяу қимылына шыдамадым білем, бас салып оны өзім сүйе бастадым.
Майра сақылдап кеп күле жөнелді.
– Иә, апырай, көніңіз кеуіп қалған екен сіздің, – деді ол күлкісін тыя алмай. - Тұра тұрыңыз, енді сізді мына қыз сүйсін.
Отқа тақаған балауыз шамдай қызып, балқи бастаған мен әрең тоқтадым-ау деймін. Сол кезде Меңтай келіп бар ықылас, махаббатын танытып, дірілдеген ыстық ернін ерніме тақағанда теміршінің электр дәнекерлегішінің тұмсығы тиген кесек қорғасындай еріп, елжіреп бара жатқанымды сездім.
– Жарайды, болды, болды, - деді Майра тағы күліп. - Бір жабыссаң айырылмайды екенсің ғой өзің.
– Енді қайтейін, сүй деген соң сүюдің жөні осы екен деп жатқаным да, – деп Меңтай да қымсына күлді.
– Сен өзің жаңағылардың бәрін тегіс айттың ба? Айтты ма? - деп Майра күлкісін тыйғаннан кейін Меңтай екеумізге кезек қарады.
Меңтай басын изеді.
– Күні бойы арамызда айтылмаған жыр, ашылмаған сыр қалмаған сияқты, – дедім мен.
– Бәсе, өзіңіз айтыңызшы. Әйтпесе мынаның қуанғанынан тіл-аузы байланып қалыпты. -Майра Меңтайды нұсқап, тағы да сақылдап күліп алды. – Енді сізді «ағай» дегенін қойды ма?
– Қойды, - дедім мен күліп.
– Бір, – деп Майра сол қолының шынашағын бүкті. – «Сіз» дегенін қойды ма?
– Қойды. Бірақ бұған бірнеше рет репетиция жасауға тура келді. Ұмытып кетіп, қайта-қайта «сіз» дей береді.
– Әйтеуір сізді «сен» деуге тілі келді ғой.
– Келді.
– Екі, – деп Майра аты жоқ саусағын бүкті. Содан соң ол «үндемеңіз» дегендей ишара жасап, маған ақырын көзін қысып қойды. – Дұрыс. Ал енді сізге Меңтай: «жаным, сәулем!» деді ме?
– Жоқ, – дедім мен басымды шайқап.
– Ендеше соны айтқызу керек, – деп Майра бұрыштағы биік үстел жанындағы жайдақ орындықтан атып тұрды. – Айт, Меңтай.
Меңтай оның бұйрығын екі етпеді. Жерде қатар отырған менің қолымды ұстап:
– Жаным! Сәулем! – деді үздіге үн қатып.
Маған сол арада дүниеде Меңтай аузынан шыққан осы екі сөзден тәтті, осы екі сөзден күшті ештеңе жоқ сияқты боп көрінді.
– Қой, Майра, сыртқа шығып, апама көмектесейік, – деп Меңтай тез орнынан тұрды.
– Иә, сіз де жүріңіз, - деді Майра не қыздармен бірге сыртқа шығарымды, не үйде қаларымды білмей қипақтап қалған маған. – Меңтай сиыр сауады, сіз бұзау ұстайсыз.
Осыны айтып Майра тағы да күлді. Сырттай сабырлы көрінетін, орынсыз көп те сөйлей бермейтін Майра бүгін адам танығысыз боп өзгеріп кеткен сияқтанады. Әртүрлі әзіл, күлкісімен Меңтай екеуміздің жанымызды қытықтап, күміс қоңыраудай сылдыраумен болды.
Біз бірімізді-біріміз жетектеп, сақылдай күліп, сыбырлай сөйлеп сыртқа шықсақ, Майраның апасы сиырды сауып болып қойыпты. Беседкаға таяу тұрған кірпіштен қаланған кішкене мұржалы қазандық басында кешкі тамағын түсіріп жатыр екен.
– Майраш, төргі үйге шам жақтың ба! – деді ол қыздарының дауысын естіп.
Біз үйде әңгімемен отырып байқамаппыз. Күн әлдеқашан батып, көшеге қараңғылық үйіріле бастапты.
– Қазір, апа. – Майра бізге қарай бұрылды. – Бәләй, сізге бұзау ұстатып, Меңтайға бір сиыр саудырып көрейін деп едім, болмағанын қарашы...
Майра тағы да өз-өзінен сақылдай күліп, ішке қарай жөнелді. Біз де қайта кірдік. Майра ондық шамды жағып, биік үстелдің үстіне қойды.
– Майра, мына орындықты дөңгелек үстелге жақындатып, шамды үстіне қояйық. Сонда жарығырақ болады, – деді Меңтай бір қолымен шамды, бір қолымен орындықты алып жатып.
– Жарайды, жарайды, - деп Майра енді ыдыс-аяқтарды сылдырата бастады. – Иә, жігітім аузын таба алмай қала ма деп жаның шығып барады ғой тегі...
Майраның езуі күлкіден жиылмады. Бір сөз айтып – бір, екі сөз айтып – екі күледі. Күле жүріп тамақ ішетін тарелкаларды үстел жанына жайғастыра бастады. Шам жақындағаннан кейін дөңгелек үстелдің үсті бұрынғыдан бетер жарықтала түсті... «Меңтайдың мұнысы қандай оңды болды?» деп ойладым мен ішімнен. Тек үстел басы ғана емес, Меңтайдың әр сөзі, әр қимылынан жаныма жарық тарап, жүрегіме нұр кіріп жатқан сияқты боп көрінді маған.
– Әлде, сіз... Ереке, - деді Майра маған қарап. Ол бұрынғыша «ағай» дейін деді де, олай атамай «Ереке» деді. – Иә, ала көлеңкеде аузыңызды таба алмайтын ба едіңіз?
– Майра, мен өз аузымды қараңғыда да таба аламын, – дедім жымиып. Өзімше тауып айттым деп ойлап, іштей рақаттанып қалдым.
Майра бұған сақылдап күлді. Бір толқын күлкісі толастай бергенде екіншісі басталды. Содан кейін жалаңаш білегімен көзінің жасын сүртіп, күлкісін тыйды.
– Әй, қайдан білейін, қараңғыда табатын кісі жарықта адаспаса керек еді.
Майраның үсті-үстіне толқындата неге ұзақ күлгенін мен енді ғана аңғардым. Ол менің батылсыздығымды, бостығымды ажуалап тұр екен. Ол Майраның: «Батыл болсаң Меңтайға баяғыда қолың жететін еді» дегені екен. Мен оны бірден мойындадым да:
– Иә, оның да рас, Майра, - дедім. Майра тағы да күлді.
– Әй, Ереке-ай, қандай адал, ақкөңілсіз. Шындықтың шеті шықса, шынжыр торға шырмалғандай боп қалатыныңыз тағы бар-ау сіздің. Біздің мына қыздың көкейін тесіп жүрген де осы адалдығыңыз ғой, шіркін!
Меңтай үндеген жоқ. Тек қасында түрегеп тұрған Майраның бір иығынан құшақтап, оның маңдайынан қақ жарған қос бұрымды ұзын шашын қайта-қайта сипалай берді.
– Екеуіңе бір тарелка қояйын ба? – деді Майра иығын құшақтап тұрған Меңтайға мойнын бұрып.
Меңтай көзін жыпықтатып, басын изеді.
– Бір қасық берейін бе? - Меңтай тағы да бас шұлғыды.
– Айттым ғой мынау бүгін тіл-жағынан біржола айырылып қалған деп...
Майра тағы да сықылықтап кеп күлді. Қыз жүрген жер қызықсыз, күлкісіз болмайды ғой. Дегенмен Майра бүгін бірнеше қыздың күлкісін бір өзі міндетіне алған сияқты болды. Оның үстіне Майраның бұл жағдайы күлгенінен күлімсіреуі көп Меңтай мен ешқашан қарқылдап қатты күлмейтін менің қасымда ерекше білініп тұрды. Алайда Майраның күлкісі адал досқа деген ақжүректен ақтарылып жатқан асыл қазына екенін біліп, біз де оны іштей қосыла құптауда едік.
– Балалар, үстелді жасадыңдар ма? - деп дауыстады осы кезде бір нәрсе көтеріп сырттан кіріп келе жатқан Майраның шешесі.
– Дайын, апа, – деп Майра мен Меңтай қосыла жауап қатты.
Майраның апасы буы бұрқыраған бір тегене ыстық асты үстел қасына әкеп қойды. Өзі соның жанына жайғасты да, қызының қолынан бір-бірлеп тарелка алып, бәрімізге бөліп құя бастады. Абзал ананың қолымен ақ сүтке жасалған кеспе көже Меңтай екеуміз ақтілеумен табысқан алғашқы күні аузымызға алған асыл асымыз болды.
– Ішіңдер, қарақтарым. Нанмен қосып ішіңдер, – деп шешеміз бәйек болып жатыр. Содан соң маған қарай бұрылды. – Қарағым, сен азаматсың ғой, тауысып іш. Келгенің жақсы болды, айналайын. Сенің төбең көрінгеннен бері мына екі баламның ажары кіріп, адам болып қалды.
– Иә, ажары ғана емес, мына қызыңыздың кеудесіне жаны кіріп, жақсы болып қалды, апа, – деп Майра өзінен жоғарырақта, маған тақау отырған Меңтайды нұсқады. Шешесі басын көтеріп қызына қарады. Меңтай «тыныш отыр» деген ишара жасап, Майраны ақырын жеңінен тартқылады. Бірақ оған Майра тоқтамады. – Меңтай мен мына отырған балаңыз екеуі бір-біріне Қыз Жібек пен Төлегендей ғашық болатын. Араларына бір Тұмажан деген Бекежан түсіп, мына балаң оқуын тастап, былтыр басқа қалаға кетіп қалған. Дүниеде Бекежандар оңушы ма еді, ол Меңтайдың оқу бітіруін тоспай, басқа біреуге үйленіп қойыпты. Сөйтіп мына аңқау қызыңды алдап кетіпті. Иә, кеткені жақсы болды сол сұмпайының! – Бұл тұста Майраның жазық маңдайы шытынып, кеудесін ыза кернегендей дауысы дірілдеп шықты. – Мына балаң оны білмей ана жақта жүре берген. Ал қызың ұялып, оны айтпаған. Сонымен андағы Ербол балаң жазғы оқуға келе жатып, жолда бір жерде жаңағы сұмпайымен – Бекежанмен кездеседі. Содан бар жайды біледі. Білген соң Меңтайды іздеп кеше осында келеді. Иә, апа, мына қызың, – ол қолымен Меңтайды бүйірінен түртті, бүгін бұрынғы Меңтай емес. Төлегеніне қосылған Қыз Жібек боп отыр қазір. Ал, құттықта, апа, балаларыңды.
– Алда, қарақтарым-ай! Алда, айналайындар-ай! Бақытты болыңдар ендеше! Босағаларың берік, үбірлі-шүбірлі болыңдар, қалқаларым, – деп Майраның шешесі қапелімде аузына түскен тілегін айтып, ақ батасын берді. – Келіңдерші, қарақтарым, екеуіңнің де беттеріңнен сүйейін, – деп орнынан тұрды. Біз де қоса көтерілдік. Екі беті қып-қызыл боп кеткен Меңтай төмен қарап, ілбіп басып, Майраның анасына қарай аяңдады. Ана оны айқара құшақтап, бауырына басып, қайта-қайта шашынан иіскеді. Содан соң маңдайынан сүйді де: – Қосағыңмен қоса ағар, ботам! - деді.
– Айтқаныңыз келсін, апа, – деген үш сөзді даусы дірілдеп әрең айтты да, Меңтай Майраның анасын тез қайта құшақтап, солқылдап жылап қоя берді. Оған қосылып, ана да көзіне жас алды. Меңтай жылағанға мен қоса қиналып, ернімді тістелей бастадым. Ішіміздегі міз бақпаған Майра ғана болды.
– И-иә, несіне жылайсың? Қуанғаныңа көрінсін! – деді ол құрбысын сыртынан құшақтап, анасының бауырынан ажыратып жатып. Содан соң маған қарап, көзін бір қысып қойды.
– Қуанған да, қорыққан да бір деген ғой, қайтсын жыламай,– деді Майраның шешесі басындағы орамалының ұшымен өз көзінің жасын сүртіп жатып. – Бәлкім, анасы есіне түскен болар. Ол байғұс тірі болса, өз қолынан ұзатар еді ғой бүгін. – Осы сөздерді айтып болған соң ана құшағын жайып маған бұрылды.
– Кел, балам.
Аналық құшағын кең жайып тұрған бұл мейірбан кісі менің де өз шешеме ұқсап кетті. Мені де алдымен төсіне басып, сонсоң екі қолын екі иығыма салып, тебірене сөз сөйледі.
– Сен де – жалғыз екенсің, балам. – «Жалқылығым жадыңда екен-ау» деп ойладым ішімнен. - Жалғыздың жан жолдасы – ары мен жары болады. Ендеше, қалқам, жарыңды жаныңмен тең ұста, жаныңды арыңмен тең ұста. Сен сенімді серік болсаң, Меңтайым мейірімді жар бола алады саған. Жерден шыққан жетім қыз алдым деме, шырағым. Ақылды қызға – ана көп, аяулы жанға - пана көп. Мен жалғыз Майраның ғана емес, Меңтайдың да анасымын, қарағым...
– Иә, біздің апам боздатты біржола,- деді Майра Меңтайдың көз жасын құрғатып жатып.
Әзіз ана өз сөзін одан әрі жалғастыра берді.
– Ендеше сен құрсағымнан шықпаса да, құшағымнан шыққан баламды алғалы тұрсың міне. Еркектің бақыты да, тақыты да – жақсы жар болады, шырағым. Саған айтар ақыл, берер кеңесім, қарағым: өзіңді тапқан анаңды сыйласаң – анау адал жарыңды сыйла. Сенің де анаң бір кезде осындай жас келін боп түсіп, жанұшырып жүріп сені дүниеге келтірген. Ана болғаннан кейін дана болған. Адамның екінші қымбаты– арыңды қадірлесең – жарыңды қадірле, қарағым. Мына бүлдіршіндей Меңтайымды жарым деп қана емес, жаным деп қабылда, қалқам. – Осы арада ана бір тоқтап, тыныс алды да, сөзін аяқтады. -Бұны Жетісудың бір бейтаныс кемпірінің сөзі емес, өзіңнің туған шешеңнің өсиеті деп ұқ, балам!
Осылай деп ана менің де маңдайымнан сүйді. Ананың сөздері менің де сай-сүйегімді сырқыратты, Меңтай көзінен тағы да үнсіз жас сорғалады. Бұл тұста Майра да босады. Мұнысын білдірмеу үшін ол Меңтайды уата жүріп, оның бетін үнсіз аймалай берді.
Жүрегім елжірей тұрып мен осынау шүйкедей кемпірдің шешендігіне, даналығына таң қалдым. Менің Флобер, Бальзак, Тургенев, Горький кітаптарын айлар бойы ақтарып, алтын тапқандай қуана қойын дәптеріме көшіріп алатын асыл сөздерімді бұл кісі бір ғана сәтте түйдек-түйдегімен төкті де салды. Осы үйдегі кешеден бері ең елемеген адамым да осы кісі еді. Кеше келгенде «Сәлеметсіз бе, апа» деп сәлем беріп, кетерде «Сау болыңыз, апа» деп қоштасқаннан басқа жылы ұшырап, бір ауыз сөйлескемін жоқ. Менің есіл-дертім екі қызда, Меңтайда болды. Солар не айт десе, соны айтып, осы бөлмеде патефондай сайрадым да отырдым. Олар күлген сайын мен әңгімемді соза бердім. Оларды күлдіре түскім, қуанта түскім келді. Сонда мәсісінің ұшымен басып, есікті сықырлатпай ашып, кіріп-шығып жүрген осы кісі көлеңке іспетті ғана боп көрініп еді маған. Кітап қадірлегіш, өткен данышпандарды сыйлағыш мен екі күн бойы қасымдағы тірі дананы елемеппін-ау. «Ана болған – дана болады» деген сөзі қандай жақсы еді апамның. Жо-жоқ, жалғыз бұл емес, жаңағы айтқан бар сөзі маржан ғой тізіліп тұрған. Кеш менің білместігімді, данышпан ана. Мен ішпей маспын ғой бұл күндері. Mac кісі не білуші еді, не аңғарушы еді. Соны ескер, абзал ана. Әрине, мен мұны ауызша айтқаным жоқ. Оймен айттым. Өйткені мен үндемей отырып, іштей сөйлеуге ғана шешенмін ғой. Ал ауызша айтқан бар сөзім мынау ғана болды.
– Алдияр ана, айтқаныңызды орындаймын! - деп бас иіп, ант еткендей оң тіземді бүктім.
Бұл менің анаға деген ризалығым еді. Бұл және Меңтайға ризалығымнан айтылған сөз болатын. Осы аз сөздің өзін әрең айттым. Өйткені мен өзімнің тебінгідей үлкен еріндеріме ие бола алмай қалдым. Ол, жылаған жас баланың ерніндей боп, кемсеңдеп кетті.
Майра жүгіріп кеп мені қолтығымнан көтерді.
– Иә, не боп кетті өзі. Жұрт қуанады екен десе, – деп ол өз-өзінен күбірлеп жүр.
– Қуаныш деген осы ғой, күнім, – деді ана енді камзолының қалтасынан орамалын алып, көзін сүртіп жатып. – Қуаныш тек күлкімен ғана келмейді. Ол тек бала басынан кешіретін тәтті қуаныш қана. Азаппен келетін ащы қуаныш та болады. Нағыз қуаныш һәмәнда жанды қинап, жүректі сыздатып, жылата келеді ғой, қарағым. Ең қайырлы қуаныш та сол болады.
– Иә, апам бүгін философ болып кетіпті, – деп Майра бізді орнымызға жайғастыра бастады. – Отырыңызшы, Ереке. Отырсаңшы, Меңтай.
– «Былайсоп-мылайсобыңның» не екенін білмеймін, қалқам, – деді ана қызы орнына отырған соң. – Соғыс кезінде соқаға жеккен сиырды «соп!» дейтінбіз. Менің білетінім осы ғана. Ендігі білетінім – ертең ел-жұртты жинап, той жаса, балам.
– Иә, жасаймыз, – деп Майра күлімдеп кетті.
– Ертең ана ақ бұзауына айырбастап колхоздан бір семіз қой ал. Жиырма жылдан бері осы колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеміз ғой. Соғысқа кеткенше әкең де табан аудармай жұмыс істеген. Берер бір малын.
– Береді, апа, береді, – деп Майра алақанын шапалақтап.
– Берсе, солай ет, ботам, – деп ана орнынан көтерілді. Ол тегенені, Майра мен Меңтай ыдыс-аяқты жинап алып, ауыз үйге әкетті.
Төргі бөлмеде оңаша қалған мен өз-өзімнен отырып тағы да тебірендім. Ері соғыста өлген, жалғыз қызын медеу етіп, күнделікті еңбегімен күн көріп отырған жесір әйелдің мынадай мырзалығына және таң қалдым. Алты аласы, бес бересісі жоқ біреуге той жасап, жалғыз бұзауын сойып бермек. Неткен дарқандық десеңші бұл! Бүгін біреуге той жасап, ертең өздері аш отыруға бейіл ғой бұл ел. Жоқ, Меңтай екеуміз бұзауды сойдыртпаспыз. Ал алда-жалда айтқанымызға көнбесе, екі есе ғып өтерміз бұл жақсылықты.
Жалғыз Майраның ғана емес, үшеуміздің бірдей ортақ анамыз етіп алармыз бұл кісіні!
Мен осыны ойлап отырғанда төргі үйге Майра кірді.
– Біз Меңтай екеуміз де күнде беседкаға жатушы едік, – деді ол орындықтағы шамды алып, биік үстелдің үстіне апара жатып. – Үй ыстық. Сізге төсекті қайда салайық?
– Үйдің төбесіне жатуға бола ма? – дедім мен. Менің бүгінгі көңіл күйім не үйдің төбесіне, не таудың төбесіне жатуды керек қылғандай еді.
– Болады. Онда мен сізге төсекті төбеге салайын, – деп Майра төр жақта жинаулы тұрған жүкті бұза бастады.
Орнымнан ұшып тұрып, мен де оған көмектесуге кірістім. Мен текеметті, Майра көрпе-жастықты көтеріп екеуміз сыртқа қарай беттедік. Меңтай ауыз бөлмедегі биік ағаш төсекті бұзып жатыр екен. – Меңтай, – деді Майра шығып бара жатып, – сен андағы, апамның төсегін салып болғаннан кейін өзіміздің төсек-орынды беседкаға апара бер.
– Жарайды, Майра.
Бұл екі сөз маған ғажап музыка, асқақ әндей боп білінді. Сол ән мен музыка жаныма қанат бітіріп, жайраңдап далаға шықсам, ай сүттей жарық, ауа қымыздай тәтті екен. Кеудемді кере дем алып, қабырғаға сүйеулі тұрған саты ағаштың орта беліне дейін көтерілдім де, текеметті жоғары шығардым. Одан соң жерде тұрған Майраның қолындағы көрпе-жастықты алып, төсекті өзім салып аламын деп, оны қоя бердім. Маған алаңдамай, олардың тезірек беседкаға жайғасуын тіледім.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя