ХІ

373 3 0
                                    



Біздің үй, барша ауыл үйлері сияқты, «ауыз үй», «төр үй» және «қазандық» деп аталатын кухнясі бар екі бөлмеден тұрушы еді. Өткен түнде бәріміз төр үйде – тәтем балаларымен еденде, мен төсекте жатып шыққанбыз. Біз қайта келсек, тәтем төргі бөлмедегі түнде мен жатқан екі кісілік темір кереуетті Танаға дайындап, маған еденге жер төсек салып қойыпты. Өзі балаларымен ауыз бөлмеге жайғасыпты.
Тана төсекте, мен жерде екеуміз тағы да ұзақ сөйлесіп жаттық. Есігі жабық тұрған ауыз бөлмеден тәтті ұйқының қорылы естілді.
– Тана, – дедім мен сол кезде ақырын.
– Әу.
– Бері келші, бірге жатайық.
Тана үндемеді. Бұл сөзді қалай айтқаныма өзім де қайран қалдым. Шыным ба, әлде Тана қайтер екен деп сынамақ болдым ба – алғашқы сәтте оны өзім де аңғара алмадым.
Ақырын төсек шықырлап, Тана жерге түсті. Терезеден түскен көмескі ай сәулесімен ақ балтыры жарқылдап, ішкөйлегі ағараңдап Тана қасыма келді. Еңкейіп, тізе бүкті де, көрпенің шетін өзі ашып, қойныма кірді.
Әлгінде Тана үндемеген кезде, ол менің қасыма келмейтін шығар деп ойлап едім. Тана келіп, бір көрпенің астына кірген соң енді оған не айтып, не істерімді білмей қалдым. Бағана, күндіз аяп, басынан сипағаным есіме түсті де, тағы да оны маңдайынан, шашынан сипай бастадым. Қыздың маңдайынан қақ жара тараған жылтыр шашын сипалай сырғып барып, қолым оның тоқпақтай жуан жалғыз бұрымына тиді. Алақаным ауға шырмалған алабұғадай боп, бұрымда бір сәт бөгеліп қалды да, одан сытылып шығып, іш-көйлектің жоғарғы ашық жағындағы қыздың жұп-жұмсақ жалаңаш етіне тиді. Осы кезде Тана қойныма келіп кіргеннен бері тулай бастаған жүрегім шапқа түрткен тайдай мөңкіп, шапшып, кеудемді тынымсыз тепкілей жөнелді. Қырынан жатқан Тана да маған үстіңгі сол жақ қолын созып, басымды өзіне қарай сәл икемдеп алып тағы да жылап қоя берді. Қыздың ыстық жасы жылы жаңбырдай боп, менің жүзімді қоса жуды.
– Жыламашы, Тана, қалқам, – деп мен оның жас сорғалаған қос көзінен кезек сүйдім. Көзден шыққан ащы жастың кермек дәміне де қарамадым. Тана менің оны аяғаныма ішінен рахмет айтып, разы болғандай қалып танытып, жұмыр, жұмсақ саусақтарымен бетімді сипалады.
Әлде менің жүрегімнің дүрсілін сезді ме, әлде сол дүрсіл әлін азайтып жіберді ме, білмеймін, езінің торғындай жұмсақ мойнының астында жатқан менің сол жақ қолымды босатып берді.
– Қолың талған шығар, ала ғой, – деді ол басын сәл көтеріп. Дауысында жат адамның ресми ибалығы емес, жас жардың жас күйеуіне жасаған ыстық лепті, мол ықыласты үні бар тәрізденді. Содан соң өзі шалқасынан аударылып жатып, оң иығымен оған қарап қырынан жатқан менің кеудеме қарай сұғына түсті. Осы кезде менің көңілімді әлдебір тәтті тілек кернеп, тамырларым да қан лықси тасып, Тана екеуміз жатқан кішкентай бөлменің алақандай төрі шыр көбелек айналып, дөңгелей жөнелген сияқтанды. Жұмсақ бұғақты жұмыр мойнын маған қарай бұра түсіп жатқан Тананың ыстық демі бетіме соққанда күні бойы оттай лепті аңызақ желдің өтінде жүргендей таңдай кеуіп, тән қаталап, өзгеше бір шөлге душар болдым. Осыдан кейін жамбасымда жатқан оң қолымды қайта көтеруге оңтайландым. Сол сәтте ұйтқыған жел мұржаға тыққан түтіндей шалқып, демім ішіме тығылып, тынысым тоқтап қалған тәрізденді. Бұл жай бір минутқа созылды ма, бір сағатқа барды ма, оны білмеймін. Әйтеуір өз қолымды өзім әрең дегенде көтеріп, қыздың кеудесіне салғанымды білемін. Осы бір өмірі көрмеген, қолым ешқашанда тимеген жұмсақ, жылы, рахаттай тәтті кеудеге алақаным желімделіп қалғандай жабысып, қозғалмастан жатып алды. Екі шекемді қан теуіп, өн бойымда өзендей тасыған әлдебір отты толқындар лықсып, кемерінен аса кернеп бара жатқан іспеттенді. Мен қыздың қарсылығын күткендей едім. Бірақ қыз қарсылықтың нышанын да білдірмеді. Мен енді не істер екен дегендей, кеудесі бір жоғары көтеріліп, бір төмен түсіп, үнсіз, дыбыссыз қатты да қалды. Содан соң барып мен ақырын қолымды қозғадым. Осы кезде қыздың ішкөйлегінің астынан сәл ғана діріл білінгендей болды. Ондай діріл менің өз қолымда да бар еді. Сол сәл дірілмен келіп менің қолым қыздың оң жақ алмасының үстінен шықты. Алма ашық емес, сыртын қол тайғанататын сырма жібекпен тырсылдата қаптап қойғандай боп көрінді. Екінші алмасы ашық болар деп ойлап, ақ мамасын іздеген ашқарақ баладай шыдамсыздықпен қолымды солға қарай жылжыттым. Ол да жабық екен. Саусақтарымның жалынғандай боп діріл қаққан сабырсыз шапшаң қимылы әсер етті ме, қыз кеудесін кеудеме тигізе, ыстық демімен бетімді шарпып, маған қарай бұрылды да, сол қолын арқа жағына қарай созып, әлдебір нәрселерді тырсылдатып, ағытып жатқандай болды. Бұл кезде мен оның атлас иығын қайта-қайта емірене сипағанымды білемін. Тананың кеудеме тірелген аршын төсі мен бетіме соққан ыстық лебі, жағадан қайтқан толқындай шегініп, алыстап кеткендей болды. Сөйтсем қыз қайтадан шалқасынан жатқан екен. Менің қолым ашқарақтанып, тағы да жаңағы жерді сипалады. Арқадан ағытылып, бос қалған бюстгалтер астынан топ-томпақ, тып-тығыз қыз алмасы қолыма ілінді. Менің уысыма ғана арналып жасалғандай шап-шағын, бірақ адамның өн бойына бірден электросварка отының жарқылындай ғажайып ұшқынды діріл шашатын ғажап дүниені қайта-қайта сипай бергім келді. Ағаш басында тұрған алманы жұлып алардан бұрын оның қатты, жұмсақтығын білу үшін адам уысына салып, ақырын қысып көрмейтін бе еді. Менің де сөйткім келді ме, білмеймін (тегі мен оны өз бағымның алмасы деп ойлап қалсам керек), бір кезде қыздың алмасын құшырлана қысып жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Қыз да сүйсініп кетті-ау деймін, «ІҺ!» деп қалды. Содан кейін тек алмасын ғана емес, бар денесін менің алақанымның астына салып, тұла бойын тұтас менің уысыма бергісі келгендей, сол ыңырсыған ләззатпен барша денесін менің алақанымның астына қарай жиырып, кішірейіп, бір уыс тәтті құмарлықтың ырқына беріле бастағанын аңғарғандай болдым. Бұрын жалаңаш қызды құшақтап кім көрген, шіркін! Танамен бір төсекте жатқан сол сәтте ажалға арналып, бір арқанмен маталған Еңлік пен Кебек сияқты тас қамау, берік шырмауда қалғандай, қазір екеуміз шыңнан шыңырауға құлайтындай күй кештім. Биіктен бүтін дене боп лақтырылғанмен, етекке түскенде парша-парша шығатынын білсем де, сол шыңырау түбіне тез құласам екен деген жүрегімде жалғыз жалын тілек барын аңғардым. Бұл сәт маған аса тәтті де, асқан үрейлі де боп көрінді. Мен шыңнан шыңырауға қарай тартылған әлдебір құпия күштің арнасында тұрғандай болдым. Ақ көбікті аузын ашып толқын-толқын болып, суылдаған дыбысы білініп, кемерден аса лықып келе жатқан сол күш қазір мені жаңқадай жұлып әкетіп, құздан төмен қарай құлатып қоя беретін сияқтанды. Осы соңғы сәтте ойымда айдаладан, алыстан – сонау шыңырау түбінен шыққан ащы үндей болып, әлдебір қарсылықтың әлсіз лебі білінді. Бара-бара ол үн күшейіп, күшті бір әннің әуеніне айналған сияқтанды. Бұл әуен жаңағы мені құздан құлатуға асығып, айдаһардай жүз бүктеле лықып келе жатқан белгісіз күштің суылдаған үнін өшіріп, оны еңсере жеңіп, теріс аққан судай етіп, кері қуып бара жатқанға ұқсады. Мен оның мұншама екпінді не ән екенін ұққым, білгім келгендей, құлағымды тосып, бүкіл жер шарын уыстағандай боп қыздың алмасы үстінде жатқан қолым сәл босап, қалт тыңдап қалған іспеттендім. Ақыры мен ол әнді де, оны шырқаушыны да таныдым.
Сол сәттен төрт жыл бұрын, 1940 жылдың жазында, осы ауылға, маған қонаққа педучилшцеде бірге оқыған жалғыз жан досым Заман келіп, осы үйге қонды. Заман бұрын бұл маң естімеген жаңа бір жақсы әнді өзімен бірге ала келді. Әннің аты «Зәуреш» екен. Мазмұны: оба жалмаған отыз ұлдан қалған жалғыз қызын іздеп келген сорлы әке қызының да өлігі үстінен, қабыр басынан шығады. Сондағы әкенің құран орнына зарланып айтқан аза әні тыңдаушыны еріксіз егілтіп жібереді. Мол дауысты, ашық үнді, жайдары мінезді, қою бұйра шашы маңдайына түскен, жұмсақ нұр шашатын қоңыр қой көзді жас Заман біздің осы үйдің қасында отырып, сол әнді шырқағанда, оның үніне бүкіл ауыл жиналған еді. Сол күні түнде Заман екеуміз біздің үйдің төрінде, дәл осы арада, Тана екеуміз жатқан жерде, айқара құшақтасып ұйықтаған едік. Сонда ол маған өз ғашығы Тана жайында сыр шерткен еді. «Ер мінезді, ер көңілді менің Танамдай қыз жоқ», – деп қуанған еді. «Ол екеуміз тірі болсақ, қайтсек те қосыламыз», – деп ант еткендей де болған. Енді міне сол жерде төрт жылдан кейін мен Заманның өзін емес, сүйген қызын құшақтап жатырмын. «Апырау, менің мұным жөн бе? Заман қайда? Қазір құшағымда жатқан сол досымның кеше бір-бірінен ыстық ләззат татысып, бірімен-бірі қосылуға ант етісіп, уәде байласқан қызы емес пе еді? Ол тірісінде мені бүйтіп Тананың қасына жатқызбас еді-ау. Ол Тананы көктегі күннен де, жердегі желден де, көлденең көзден де, гулеген сөзден де, мен тұрғай өзінен де қызғанар еді-ау! Ендеше менің мұным оны өлді деп басынғаным ба? Мені құмарлық қысып ләззаттың осынау өзім сипалаған қос шыңының төбесіне көтерілсем әзіз досым Заманның зиратын таптағандай болмаймын ба? Таптағаным емес пе. Жоқ, олай болмайды. Жаным тірі тұрғанда мен досымның атына кір келтіруге тиіс емеспін. Танадан ләззат ұрлап, дос қарызы, дос аруағы алдында қара бет болуға хақым жоқ!»
Осылай деп ойлаған маған Тана екеуміз жатқан төбесі аласа, қараңғы тар бөлме көрдей қорқынышты болып кетті. Тананы құшақтап жатып, саудыраған сүйек үстінде ләззат ойнағын салғандай көрініп, төбе шашым тік тұрып, жаным тітіркене түсті. «Арсыз, абыройсыз, адамгершіліктен азған ит екенсің» деп өзімді-өзім кінәладым. Биік төсекте бөлек жатқан Тананы азғырғандай боп, қасыма шақырып алғанымды сұмдықтай сезіндім. Содан кейін қолымды Тананың кеудесінен тартып алмақ болып, қозғай бастап едім, Тана оны шап беріп ұстай алып, «Тағы да қысшы, тағы да!» дегендей, кеудесіне қатты басып, босатқысы келмегендей ыңғай танытты. Әлде Тана менің алма қысқан қолымды сәл босатса болды кеудеден төмен сырғанап, жүгенсіз жүйріктей лағып басқа жаққа кете ме деп қорыққандықтан сөйтті ме, оны аңғара алмадым. Қылмыс істегендей боп сасқалақтаған мен қолымды күшпен тартып алуға шамам жоғын сездім де, енді қайран досымның өзін көмекке шақырдым.
– Осыдан төрт жыл бұрын, – дедім мен Танаға дауысым дірілдеп, – қазір сен екеуміз құшақтасып жатқан осы жерде егіз қозыдай болып Заман екеуміз жатып едік...
Заман атын естігенде Тананың менің қолымды қысып жатқан қос алақаны ортасынан үзілген серіппедей босап, сусып, сырғанап жерге түсіп кетті. Осы кезде мен қыз кеудесінде тұтқында қалған қолымды босатып алып, қыздан бойымды бөлектей түсіп, Заманның біздің үйге сол жолғы келісін ұзақ әңгіме етіп айттым. Заман аты аталғаннан бастап, Тана қайта жылап, солқылдап келіп сан рет маған бетін басты.
Екі дос бір-біріне сыр айтады.
Әкесі баласын шын айтады.
Айырылып, Зәуреш, сенен қалғаннан соң,
«Көке!» деп енді мені кім айтады?!–
деп Заман көкірегі қарыс айырылғандай боп шерлене шырқағанда біздің ауылдың кәрі-жасының көзінен жас парлағанын баян еттім.
«Зәуреш» әнін Заман аузынан Тананың өзі де талай рет естіген екен. Жас-желең жиылып Ақжал тауының басына шығып серуен құрған шақтарда Заманға барлығы қолқалап осы әнді айттыратын болса керек. Көзіне төгілген қара бұйра шашын сілкіп тастап Заман бұл әнді шырқағанда екі көзінен жас парлап ағып отырады екен. Сонда Тана жаңағы менің қолымды қысқан қос алақанымен талай рет оның көзінің жасын сүртіпті.
– Сонда өзінің осындай күйге душар боларын біліп жылаған екен ғой Заман, – деп Тана қатты күрсініп, аузынан шыққан отты жалын менің бетімді ғана емес, барша жанымды жалап, жайпап күйдіріп барып тынды.
Өстіп екеуміз ұзақ жаттық. Әңгімені айта-айта екеуміз де шаршадық. Екеуміздің де тамырымызда тулаған бағанағы ыстық қан салқындап, сабасына түскендей болды.
Бір кезде қасымда үнсіз жатқан Тананың ішінен бір нәрсе үзіліп кеткенге ұқсады. Оның менің иығымда жатқан сол қолы сылқ ете түсті де, қорғасындай салмақпен сырғып келіп бетіме тиді. Мен оны ептеп көтердім де, илікпейтін ағаштай икемсіз боп қалған қыз қолын жайлап қана жанына салдым. Ұзақ жылап, қайтадан маған қарап қырындап жатқан қыз шалқасынан ауыр аунап түсті де, танауы пыс етіп, тәтті ұйқыға кетті.
Ертеңінде, түске таман, Тана үш күнге сұранып келгендіктен оны Ақжалға жібермей үйде қалдырып, өзім ауыл аралап, кемпір-шалдарға сәлем берейін деп көшеге шықтым. Алдымнан соғысқа бармай ауылда қалған, кішкентайдан бірге өскен құрбым Төкеш кездесе кетті. Колхозда бригадир екенін ол алдыңғы күні түнде, алғаш кездескенімізде айтқан болатын. Екі бұты талтақ үш бұрышты саржан ағашын иығына салып алып, бүкеңдеп келеді екен.
– Ереке, батыр, сәлем бердік. Кеше қайда барып келдің, неге ат сұрамадың? – деді ол қос қолын бірдей ұсынып.
– Солдаттың аты екі аяғы ғой, – дедім де, ауданға, военкоматқа барып тіркеліп қайтқанымды айттым. – Сен ерте жер басына кетіп қалған екенсің, көлік сұрап Бүркітбайға барғым келмеді, – дедім.
– Айтпақшы, құсың құтты болсын, – деді Төкеш екі көзі күлімдеп, екі танауы қусырыла түсіп.
– Қайдағы құс?
– Кеше кешке қарай Ақжал жақтан бір ақсұңқар құс ұшып келіп, сенің қолыңа қонды деп естіп едім. Сонау соғыстан елге келгенде еңбегін еш, құшағыңның құр болмағанына қуанып жатырмын.
Тәкештің Тананы сөз қылып тұрғанын енді түсіндім. Кеудемде мұз үстінде жүрген қызыл судай болып, ауылға Тана жайында өсек жайылып қалғанын да жаңа сездім. Сондықтан түсімді бірден суыққа сала бастадым.
– Батыр, шыныңды айтшы, қалыңдығың ба бұл қыз? – деп Төкеш қайтадан қылмыңдады.
– Жоқ, досым, - дедім мен.
– Қой, оны түнде қасыңа оңаша алып жатыпсың ғой. Қалыңдығың болмаса ол не?
– Бөлек жай болмаған соң, бір бөлмеде жатпағанда қайтесің? Ал оны кім айтты саған?
– Ел құлағы - елу деген емес пе? Жұрт сенің кішкентай жиендеріңнен естіпті.
– Балалар не біледі, – дедім мен салмақты түрде. – Ел де бала сияқты естігенін айта береді. Бірақ сен сенбей-ақ қой оған.
– Мен неге сенбеймін, – деді Төкеш қылмыңдай түсіп.
– Мен елден артықпын ба сонша? – Содан соң көшеде екеумізден басқа ешкім көрінбесе де, құлағыма кеп сыбырлады.
– Қыз деген қызыл гүл сияқты емес пе? Шырынын шашып, сыбағаңды алып кет одан. Сонда ол тырп ете алмайды. Шырыны бар ма екен өзінің?
Осылай деп ол өз-өзінен мәз болып, қарқ-қарқ күлді. Мен ыза боп кеттім.
– Мен соғыстағы солдатпын! – дедім дауысым қаттырақ шығып. – Бүркітбай екеуің сияқты елдегі қыз-келіншектің шырынын тексеріп жүргенім жоқ. Білмеймін несі бар, несі жоғын.
– Қойдым, қойдым, батыр-екесі, қойдым, –деді ол екі қолын бірдей төбесіне көтеріп. -Бірақ, есіңде болсын, келіншектің шырмауығы болса да, шырыны болмайды. Ал жаңағы «білмеймін несі бар, несі жоғын» дегенін Байбала қыздың Сабырбай ақынға айтқанына ұқсап кетті. «Ақын» деген сөзге құлағым елең ете қалды. Ол не әңгіме екенін білгім келді.
– Ол қандай сөз? - дедім ажарымды сәл жылытып.
– Білгің келсе айтайын. Кейін соғысқа қайта барғаныңда солдаттар арасында да айтып жүруіңе болады. Қызық, – деп Төкеш мені ынтықтыра түсті.
– Ертеректе, мына Сыбанның бір елінде он жеті ақын болыпты, – деп Төкеш ашаршылық жылдары ауып келген ауылдағы екі үй жақты иегімен нұсқады.
– Сыбан-мыбанда шаруаң не, «осы елде» деп айта бермейсің бе? – дедім мен Төкештің ру қуалай сөйлегенін ұнатпай.
– Жарайды. Сол елде Сабырбай деген ақын жігіт, Байбала деген ақын қыз болыпты. – деді ол саржан ағашына винтовкадай-ақ шірене сүйеніп тұрып. – Сол екеуі он жеті ақынның ішінде өмір бойы өзара қағысып, айтысып өткен екен дейді. Бірақ қанша аңдыса да бірін бірі жеңе алмапты. Бір күні Сабырбай Байбаланың күйеуге шыққалы жатқанын естіп, енді оны жеңетін жерім келді деп ойлайды. Кешке ол өзіне той хабарын жеткізетін бірнеше жас жігіт, келіншектерді сайлап қойып, атын шылбырынан ұстап, той болған ауылдың сыртында отырады. Бір кезде той тарқап, жеңгелері Байбаланы күйеудің қойнына салу үшін отауға қарай алып жүреді. Хабаршы келіншектердің Сабырбайға жетсін деп сықылықтаған күлкісі, шолпы сылдыры ақынға айқын естіліп тұрады. Қыз шолпылары сылдырап күйеу жайғасқан төсектің алдында шешініп жатыр дегенді естіп, Сабырбай атына мінеді. Ақын айлы түнде, ақбоз аттың үстінде, ақ домбыра қолында түнгі тыныштықты бұзып, дүбірлете, дүңкілдетіп ақ отаудың жанына жетіп келіп, өлеңдетіп қоя береді. Күйеу құшағында жатқан Байбала оның әніне ән, әзіліне әзілмен жауап береді.
Сонда Сабырбай қызға қайта айтатын сөз таба алмай, Болмады, Байбалаға дауа жоқ екен» деп, атын борбайға бір салып, жөнеле берген екен дейді. Жаңағы сенің сөзің осыған ұқсады дегенім ғой, – деді Төкеш әңгімесін аяқтап, қайтадан қылмыңдап. – Байбала айтқандай, «Той болған жер төмендеп ой боп» қалса деп жатырмын да баяғы.
– Жоқ, – дедім мен қабағымды қайта түйіп. - Ешқашанда олай болмайды.
– Жарайды, ал қайда беттеп барасың? – деді Төкеш. Мен ауыл аралауға шыққанымды айттым.
Осы кезде қасымызға жас бозбала жігіт Тұрсын келді. Ол трактор бригадасында учетчик екен. Төкеш екеуі ақылдасып, Тұрсын бүгін ауылда менімен бірге қалатын болды. Төкеш екеуінің жұмысын қоса атқармақ боп, ертең өзі маған серік боп ауылда қалу үшін жер басына қарай кетті.
Тұрсынды ертіп жүріп, ауылдың үлкендеріне тегіс сәлем беріп шықтым. Соғыста тұл қалған жесір жеңгелеріме амандастым. Кірген үйімнің өлгендеріне көңіл айтып, соғыста тірі жүргендерін осы мен сияқты боп, аман-есен қайтып келеді деп жұбаттым. Үйден үйге ілесе жүріп Тұрсын кімнің үйінде қандай хал-ахуал бар, ауыл соғыс кезінде қандай қиындықтар көріп жатыр, қай үйге қара қағаз қашан келді – соның бәрін жақ жаппастан баяндаумен болды. Менен алты жас кіші, мен соғысқа кеткенде төртінші класта оқып жүрген бала Тұрсын енді ширақ, пысық, елпек жігіт болыпты. Үлкенге қызмет етуге даяр тұратын жылпостығы және білінеді.
– Мынау Бүркітбай ағайдың үйі, кіресіз бе? – деді Тұрсын колхоз председателінің үйінің тұсына келгенімізде. Мен ол үйдің кімдікі екенін Тұрсын айтпаса да білуші едім. Қу бала мені қайтер екен деп, әдейі айтты-ау деймін. Өйткені менімен уәдесі бар Сәлиманы бұзып, Бүркітбай алып отырғанын бүкіл «Ақбота» ауылы білгенде, ол білмеуші ме еді?
– Ол кісі өзі қайда екен? – дедім мен Тұрсынға осы кезде өз көңілімнің алай-түлей боп кеткенін сездірмеуге тырысып.
– Кеңседе шығар, – деді Тұрсын.
– Жүр, онда кеңсеге барып, Бүкеңе де сәлем берейік. Ол кісі менің бұрынғы бригадирім ғой.
Тұрсын бетіме қарады. «Қу бала, күйімнің қандай екенін білгің келеді-ау, тегі» дедім ішімнен. Балаға бәрібір сыр бермеуге бақтым.
– Жарайды, жүріңіз, кеңсеге барайық онда, – деп Тұрсын қайтадан лып ете қалды.
Колхоз председателі Бүркітбай Тұтқышевпен кеңсе алдында кездестік. Ол іштен сыртқа қарай шығып келеді екен. Басында қызыл пүліштен тысталған түлкі тымақ, аяғында саптама етік. Сақал-мұрттан қылтанақ жоқ, бет-аузы жып-жылмағай, бөшкедей сары шал бізді көргеннен кейін, жылан көзін маған қадап, маңғаздана тоқтап қалды.
– Ассалаумағалейкүм, Бүркітбай аға, – дедім мен елдің үлкендерге құрметпен осылай сәлем беретін дәстүрі бойынша, өзімнің оған деген наразылығымды сездірмеуге тырысып.
Әрине, Бүркітбай менің келгенімді әлдеқашан естіген болуы керек. Көргеніне таңданбады. Аузындағы насыбайын таяқтай жуан сұқ саусағымен алып, жерге тастап, бір түкірді де:
– Уағалейкүмуссәлем, қашан келдің, бала? – деді.
– Алдыңғы күні.
– Ойбай-ау, содан бері неғып кеңсеге келмей жатырсың?
– Кеңсеге келетін уәкіл емеспін ғой мен, – деп өзімді өзім зорлай күліп. - Кеше военкоматқа барып қайттым. Бүгін ауыл аралап, үлкендерге сәлем беріп жүрмін. Бүркітбай кекжиіп қалды. Мен де үндемедім. Менің көзім оның басындағы түлкі тымаққа қайта түсті. Шашақты екі құлағы пілдің құлағындай үлкен сары тазы көз алдыма елестеді. Ол Бүркітбайдың қасына керіліп келіп тұра қалып, бірден пілдей боп үлкейіп, Бүркітбай қандендей кішірейіп кеткен сияқтанды. Содан соң Лашын оқ тиген пілдей шөгіп, басын алдыңғы екі аяғының үстіне салып, тас болып қатып қалған іспеттенді...
Мен тістеніп, басымды шайқадым. Бүркітбайдың көзі менің оң жамбасымдағы пистолетіме түсіп кетті де, дір еткендей болып:
– Өй, Ербол, өзіңнің мылтығың бар екен ғой, - деді.
Өн бойымды ыза буып тұрған мен де қырыстана қалдым.
– Бар. Жау майданда ғана емес, елде де бар. Кездескен жауыңды жайратып кет деп әдейі берді, – деп қалың, қатты сары былғарыдан жасалған кобураны сыртынан сықырлата сипап қойдым. Мен қолымды мылтыққа қарай апарғанда Бүркітбай әлденеден сескеніп, қозғалақтап қалды. Бірақ мен мылтық суырмаған соң тез тыныштанды да:
– Қой, Ербол, елде жау қайдан болсын, – деді айтарын айтса да қайтадан қыбыжықтап. Содан соң, суға салған көндей жайылып, бірден жібіп, жұмсарып қалды. - Керегің болса айт, Ербол. Немесе қасындағы Тұрсыннан үйге барған соң айтып жібер. Майдандағы жауынгерден не аяймыз?
– Рахмет. Ештеңе де керегі жоқ, бәрі де майданда бар. Сізден председатель еді деп бірдеңе сұрағалы келгемін жоқ, бұрынғы бригадирім еді деп сәлем бере ғана келдім, - дедім «бұрынғы» деген сөзді нығарлай айтып. Сол арқылы бүгінгіңнің маған бір тиынға қажеті жоқ дегенді де тұспалдап сездірдім.
– Мейлің, мейлің, – деді Бүркітбай қайтадан тәкаппарлана бастап. – Колхоздың далада шашылып жатқан малы жоқ.
– «Жаны да жоқ» деңіз, – дедім мен мырс етіп. Мұным оған өзімше атқан екінші оғым еді. Бұл Сәлиманы тұспалдағаным болатын. – Колхоздың мал-жанын кәрі қасқырлардан сақтай білген жөн. Қу шал менің бұл сөзімнің де астарын түсінді. Бірақ ұқпаған, ұқса да тура мағынасында қабылдаған боп, үндемей қалды.
– Ал, сау болыңыз, - дедім мен тез кеткім келіп.
– Жолың болсын, – деп міңгірледі Бүркітбай.
Біз кете бардық. Бүркітбай сол орнында тұрып қалды. Ол мені үйіне шақырған жоқ. Сондықтан мен баруға тиісті емеспін. Сәлиманы несіне көремін. Адуын шалдың әйелі болған соң ол енді мені неғылсын деп түйдім.
Сонымен кешке үйге қайттым. Қайтып келе жатып та, күні бойы үй арасында жүріп те Тананы есімнен шығармадым. «Апырау, түндегім теріс не? Жоқ, дұрыс. Тананың маған деген айқын ықыласы бар емес пе еді? Болса, болар. Бірақ, Заман өлді деп хабар алған соң, Сәлима менен кетіп қалған соң туған ықылас шығар ол. Сол ықыластан артықтың керегі не маған, қойнымда жатқан қызды құшып, құмардан шықпаймын ба бір? Жоқ, олай етуім дұрыс емес. Мен қыздың да, өзімнің де ертеңімді ойлауым керек. Ертең мен соғыстан аман келсем жақсы. Тағы да менің жаман атымды естіп, қыз байғұстың жүрегіне екінші рет қанжар сұғылмаса құба-құп. Бір күнгі нәпсіден өмірлік өкініш тумасына кім кепіл?» Осылай деп күні бойы өзіммен өзім іштей сөйлесіп, жауаптасып, ақыл қорытумен болдым.
Кешке қыз төсекте, мен жерде, екеуміз екі бөлек жаттық. Мен қызды қасыма шақырмадым. Ол да үндемеді. Екеуміз екі жерде бірімізге біріміз білдірмей дөңбекшіп, таңды атырдық.
Бұл күні Төкештің үйіне қонаққа барып қайттық. Төкештің қаладағы апа-жездесі таңдап әперген сұлу келіншегі Мәстураны көрдік. Алтын сырға, ақ білезік, алтын сақиналары жалтылдаған сұңғақ бойлы ақ келіншек колхозды ауылдың келіні болудан гөрі үлкен қаланың артисткасы болуға лайық екен. Тана екеуміз солай деп ұйғардық.
Сонымен, үшінші күні түнде, шам сөнгеннен кейін, қыз түнде жалғыз жатқан төсегінің алдына барып, сырт киімдерін шешініп болды да, төрде жатқан маған тіл қатты.
– Ербол.
– Ау.
– Ұйықтаған жоқсың ба? - Жоқ.
– Онда құлақты сал.
Мен басымды көтеріп, жастыққа шынтақтадым.
– Жұрт соғыстағы жауынгерлерді қыран деп атайды ғой, - деп бастады Тана сөзін. Кездескеннен бері оның шешендігіне көзім жеткендей болған еді. Соны дәлелдей түскісі келгендей бүгін бірден тұспалдап сөйледі. – Осы өңірдің қыраны өзіңсің. Сонау майданнан шарықтап, туған жер аспанына келіпсің. Түсер тұғырың тайып кетті, досың өліп қалды. Қияда шарықтап жүрген қыранның көзіне төменде ілер ештеңе болмай құсалана ма деп, сені аяғанымнан, әрі жақсы көргенімнен, қызықсаң тоят алар қызылың болайын деп бел буып едім. Ендігісін өзің біл.
– Танажан, пиғылыңнан садағамын, – дедім мен дауысым дірілдеп. Содан соң түрегеп, төсегімде отырып, бар сырымды ақтардым. – Мен саған алғашқы түнде-ақ ынтыққанмын, Тана. Қазір де жүрегім лүпілдеп, құмартып отырмын. Өзімді қинап, үш күннен бері тежеп келемін. Тежейтінім: ертең мен соғысқа кетемін. Одан аман-есен оралсам жақсы. – Осы арада мен күле отырып, Төкештің кешегі «сыбағаңды» алып кет, сонда тыпыр ете алмайды» дегенін айттым. – Төкеш айтқандай «шырыныңды шашып» кетіп, қайта оралмай қалсам, сенің Заман өлімі тілгілеп кеткен жүрегіңнің жарасы жазылмай жатып, мен оған екінші қанжар боп және қадалмаймын ба? «Ат аунаған жерде түк қалып» жүрсе, оны қайтесің. Ол жас жаныңа азап, жас басыңа және қасірет емес пе? Бүкіл Отанның бар халқын азап пен қасіреттен азат етісемін деп шыбын жанды шүберекке түйіп жүрген солдат мен ендігі ең жақын жандарымның бірі сенің басыңды өзім азапқа душар етсем, онда менің нем солдат, өзгеге менің нем қорған! Одан да бұрын, «майданда хабарсыз кетті» дейтін адамдардың жаралы боп жау қолына түсіп, өлмей тірі қалатындары да кездеседі. Жасырын тапсырмамен жау тылына жіберілетіндері де болады...
Тана менің сөзімді төсекте, аппақ сирақтарын еденге салбыратып отырып тыңдаған еді.
– Аһ, ондай атты күн болса, мен бақыттымын ғой, Ербол, – деп қыз жастықты құшақтап құлай кетті. Әкем мен шешем жатқан ескі темір кереует Тананың көкірегіндегі күйікті ауырсынып, белі қайысқандай, бір сықыр етті де тынды.
Мен ойымды жинақтап, сөзімді аяқтауға кірістім.
– Бүгін мен үш күн өзімді берік ұстай алмасам, ертең Заман тірі боп шықса, ел алдында сен екеуміз қарабет болмаймыз ба, Тана? Онда менің Бүркітбайдан, сенің Сәлимадан нең артық? Соғыстан кейін Заманмен жүз көрісер таң болса, екеумізді ең алдымен Бүркітбай табаламай ма? Сыртына шығармағанымен іштей болса да Сәлима ойламай ма? Мен сондықтан шыдап жатырмын, шыдайын деп жатырмын, Танажан.
– Өлді деген адам тіріледі деген ойымда жоқ еді, – деді Тана дауысы дірілдеп. – Онда менің үмітім үзілмеген екен ғой әлі. Заманым, жаным, барсың ба, тірісің бе? Кеш менің бір жолғы осалдығымды, – деп қыз «аһ!» ұра дыбыстап барып, үнсіз қалды. Жастықты тістелеп, тұншығып, солқылдап жылай берді.
Сөйтіп, ол қызбен мен осылай үш күн бірге жаттым. Сол үш күнде үш рет қыл көпірден өткендей болдым. Тізем дірілдеп, буыным қалтыраған сәттер болса да, құламай аман өттім. Төртінші күні таңертең Тананы жарты жолға дейін жаяу шығарып салдым. Айырылысар жерде екеуміз құшақтасып тұрып, бір-бірімізді аймалағандай құшырлана сүйістік те, тез ажырасып кеттік. Ол велосипедін жетектеп Ақжалға қарай, мен жаяу ауылға қарай қайттым. Қайта-қайта қол сермесіп, біріміздің сыртымыздан біріміз ұзақ қарасып тұрып, арамыз алыстай берді.
Түстен кейін, кешкі поезға отырып, Алматыға, одан әрі қайтадан майданға кетпек боп, ауылдан мен аттандым. Төкеш пен Тұрсын екеуі пар ат жегіп мені «Ақботадан» жиырма бес километр жердегі Біртөбе станциясына алып жүрді. Бірақ, ауылдан бір аттанып кетіп, бес-алты километрден кейін ауылға қайта оралуға тура келді. Бағана, үйден шығарда Қарашекені қораға қамап, есікті бекітіп кетіп едік. Соның қалай босап, бізді қалай тауып келгенін білмеймін. Бір кезде ол бар дәрменімен жүгіріп, тілі салақтап біздің соңымыздан қуып жетті. Арбаны тоқтатып, үшеуміз бірдей: «Кет!» деп, итті үйге қарай қудық. Тұрсын жерден алып тас та лақтырды. Ит кетпей қойды. «Не атып өлтіріп кет, не қасыңнан қалдырмай алып кет» дегендей боп, анадай жерге барып, маған телміре қарап, жатып алды.
– Станцияға барса, не қаңғып кетеді, не поезд басып өлтіріп кетеді ғой мұны, – деді Төкеш. Амалсыздан аттың басын ауылға қарай қайта бұрдық. Үйдің жанына барған соң Қарашеке ешкімге ұстатпай қойды. Тәтем шақырса да, балалар ұстайын десе де, үйден аулақтап, станция жақтың жолына қарай сытылып шыға берді. Ақырында қолыма шынжыр ұстап, Қарашекеге мен барып едім, ол қашпай, құйрығын былғаңдатып, төрт аяғын көкке көтеріп жата кетті. Екі көзі менде, «қалмаймын, тастама» деп жалынып жатқан сияқты. Мен оның қарты бауына шынжырды таққанымда иттің көзінен жас парлап қоя берді. Менің сол жерде Қарашекеге жаным қатты ашып кетті.
– Қой, Қарашеке, мен келемін, соғысты бітіріп қайтып келемін, – дедім сасқанымнан.
Қарашеке: «Сөйт! Сөйт!» дегендей боп, құйрығын былғаңдатты. Иттің иесіне мұншама адалдығы көңілімді босатты. «Сәлимадан сен сенімді болдың-ау, Қарашеке» деп ойладым оны үй алдындағы қазыққа мықтап байлап жатып.
Біз арбаға қайта отырдық. Тағы да «Қош, қош!» деген дауыстар естілді. Жиендерім, жеңгелерім жылады. Апайым жаулығының шетімен тағы да көзін сүртті. Осының бәрі ауыр жүк болғандай қос ат жеккен арба тағы да орнынан әрең қозғалды. Мен енді Қарашекеге қарамадым. Адал достың ауыр қайғысын көргім келмеді. Арба үйдің бұрышынан станция жаққа қарай айнала бергенде иттің қыңсылап, қыстыға арс-арс етіп қалған ақырғы дауысы естілді. Ауыл адамдарының менімен қоштасып тұрып күрсінгендері, жиендерімнің жылағаны, жеңгелерімнің менен жасқанып, үн шығара алмай сыңсығандары, Қарашекенің қатты қыңсылап, не шынжырын, не мойнын үзердей боп, арбаның соңынан қоса ұмтылмақ боп, темір шынжыр босатпай қылғына «Қош, қош!» дегендей боп екі рет арс еткені – бәрі-бәрі, майданға қайта аттанған менің құлағымда кетті. Кешке жолаушы поезына ілігіп, Алматыға қарай бет қойдым.
Вагонда келе жатып, ауылда өткізген төрт-бес күнімді тағы да еске алдым. Еске алдым да, Танамен бірге болған үш күнгі ұстамдылығымды бір жолғы ұрыста жау танкімен жалғыз өзім жекпе-жек беттескен сұрапыл шайқаспен салыстырдым.
Ол ұрыста жау біздің жаяу әскерді кейін тықсырып, тура наводкада тұрған біздің батареяға танктер дүрсе қоя берді.
Қарасам, бір зеңбірек расчетынан бас көтерер адам жалғыз мен ғана боп қалыппын. Көздеуші мен оқтаушы екеуі де оққа ұшқан. Өзгелер жаралы боп кетті. Одан кейін маған зеңбіректі оқтап беріп тұрған жалғыз жауынгер бар еді. Танктан атылған снаряд жарықшағы оны да жалп еткізді. Оқсыз, отсыз зеңбірек жау танкінен жасқанғандай бүкірейіп, бүкжиіп, мойнын ішіне алып, үнсіз қалды. Оның доңғалағын құшақтап, жерге кіріп кетердей жабысып окоп ішінде мен жатырмын. Біресе ұзын стволы қылқандай зеңбірек көмейінен күрк-күрк жөтеліп, біресе пулеметтердің тажал өңешінен шыққан ыстық қорғасын лебімен жолындағының бәрін жайпап, жарқ-жұрқ еткен жыланбауыр тісін шақыр-шұқыр шайнап, бейне бір сені жалмауға жұтынып келе жатқан таудай темір құбыжықтың алдында оған қарсы шығуды былай қойғанда, жерден бас көтерудің өзі ешбір адам баласына оңай іс емес, сірә. Өн бойым жерге желімделіп қалғандай боп, басымды көтертпей бір ауыр қол желкемнен нығарлай басып тұрған тәрізденіп, біраз үнсіз жаттым. Танктың тура маған қарай зымырап келе жатқанын, окопты ойрандап, оның ішінде үнсіз бұғып жатқан зеңбірекпен екеумізді жаныштап, жермен-жексен етіп кететінін біліп жатырмын. Білсем де танк таптап, жанышса жаншып-ақ кетсін, бірақ басымды көтермесем қайтеді деп ойлаймын. Бір кезде дүбір жақындап, айналам, астым дірілдей бара жатты. Осы кезде танкке қарсы қолданатын гранатты қыса ұстап, орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Қорқақтық етегімнен тартып: «Бұқ, бұқ!» деп босатпай жатқан соңғы сәтте жауға деген өшпенділік орнымнан көтерді-ау деймін мені.
Сол жолдан кейін мен: солдат қабылдар шешімнің ең мәндісі соңғы сәттегі шешім екен-ау деген ойға келдім. Солдатты ер ететін де, жер ететін де сол соңғы сәт шешімі деп білдім. Кімде-кім соңғы сәтте бойындағы бар үрей, қорқынышты жеңіп, азаматтық борышын орындаса – ол нағыз жауынгер. Тек солдат қана емес, адамның әр істің соңғы сәтіндегі ұйғарымы, сол сәтте өзін-өзі ұстай білуі оның адамгершілігін танытатын болуға тиіс.
Иә, сонымен, орнымнан тұрғаннан кейін мен де темір танктен бетер тістеніп, жағым қисая ашылып, бар қуатымды қос қолыма жиып, шоқпардай гранатты танкке қарай сілтеп кеп қалдым. Содан кейін жалп етіп, өз окобыма қайта құладым. Танктің «жан бергені» сондай қиын болады екен. Алдымен сұрапыл бір дыбыс шықты да, дүние солқ ете түскендей болды. Жер төңкеріліп кеткенге ұқсады. Содан соң қарамай, бензиннің иісін тарата лап еткен қара жалын қолымды, желкемді жалап жіберген сияқтанды. Артынан аман екенімді бір-ақ білдім. Екі құлағым тас керең боп қалыпты...»
– Ой, мен мұны жүрек жұтқан батыр деп жүрсем, өзі қорқақ та болған екен ғой, – деді Зайкүл бір қолымен мені иығымнан баса ұстап, екінші қолымен кеудемді нұсқап. Зайкүлдің әлде әзілдегісі келді ме, әлде мені ажуалағысы келді ме, оны білмеймін. Бірақ мен оған шынымды айттым.
– Мен ұрысқа кірер алдында әрқашанда қобалжушы едім, Зайкүл, – дедім жайлап. – Бірақ қобалжыған сайын, не ғажап екенін білмеймін, жауымды жеңіп шығатынмын. Сонда: осы қобалжудың өзінде де жеңімпаз күш бар емес пе екен деп таңданатынмын. Сол жолы жау танкін қиратқаным үшін мен Жомартбектің кеудесіндегі анау Данқ орденімен наградталған едім. Осылай деп мен қыздарға Жомартбек кеудесіне тағып жүретін өзімнің орден, медальдарымды нұсқадым. Жомартбек менің наградаларымды әсіресе асханаға барғанда тағып алатын. Өйткені майдангер студенттер кассаға кезексіз жіберілетін. Мен соғыстан келгенімді пайдаланып, ас алу үшін алға қарай ентелемей, кезегімді күтіп тұра беретіндіктен, Жомартбек менің тумбочкада жатқан медальдарымды тағып алып, кассаға қарай ұмтылатын. Фанермен қоршалған тар кассада отырған әйелге студенттердің омырауы көрінбейді. Жомартбек ондайда кеудесін шайқап, медальдарын сылдырлата қояды.
– Қазір, қазір, – дейді кассир әйел оның майдангер екенін «танып». Содан кейін оған сұраған чектерін жазып береді. Ұзын чекті ащы ішектей шұбатып, қораздана басып ол менің қасыма келеді де, өзімен ілестіріп, үстелге қарай алып кетеді.
Түскі тамақтың уақыты тақап қалғаннан кейін Жомартбек бүгін де сол «кәсібін» істеп, қазір, қолындағы дәптер сөздерін оқығаннан кейін, тайраңдап, жатақханаға қарай жүгіре жөнелуге әзір отыр еді. Мен өзін нұсқағаннан кейін Жомартбек қоқилана түсіп, кеудесін қозғап-қозғап жіберді. Күміс медальдар сыңғырлап қоя берді. Оған қыздар күлкісінің сыңғыры және қосылды. Жомартбек дәптерді әрі қарай оқыды.
«Сөйтіп, ол үш күнді ерлікке пара-пар-ау деп ойладым өзімше. Олай ойлайтыным, баяғыда қазақтың бір батырынан өміріңізде өзіңіз сүйсінген неше ерлігіңіз болды деп сұраптымыс. Сонда: «Өмірі есімнен қалмайтын үш ерлігім бар» деп, батыр мына төмендегілерді айтыпты.
– Бір ұрыста жау қолына түсіп қалдым, - деп бастапты батыр. – Қалмақтың мені олжа еткен батыры еліңнің ерлерін ата, олардың осал жерлерін айт, қазақтың ұлы өзенінің өткелін көрсет деп қинады мені. Мен айтпадым да, көрсетпедім де. Содан кейін ол мені кеңірдегімнен қылқитып жаңа сойылған өгіздің жас терісіне қаптатып, босағасына байлатып қойды. Жас тері жаздың ыстығында бір-ақ күнде кеуіп, сірі боп шыға келді. Күн көтеріле сіріге шелектетіп су құйдырады. Ол кезде сірі сәл кеңиді де, құрыс-тырысым жазылып, рақаттанып қаламын. Күн қыза сірінің суы кеуіп, ол енді қайтадан құрысады. Өгіз терісінен жасалған темірдей сірі жан-жағымнан құрсау боп қысқанда сүйектерім сытырлап өліп кете жаздаймын. «Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме» деген емес пе? Өлсем өлермін, бірақ сырымды бермеспін деп тістеніп, күн сайын бір уыс боп бүрісемін де қаламын. Өстіп бір ай жаттым. Бір айдың ішінде арыстай басым аруақтай болды да қалды. Бір айдан кейін қазақтың бас батыры келіп, мені қинаған жауды өз қолымен өлтіріп, мені қысқан сіріні өз қолымен тіліп, босатып алды. Бір ай сіріде жатқанымда қыңқ етіп үн шығармағанымды бір ерлік деп білемін.
Түнде, мен далада ұйықтап жатқан жерімде сұп-суық бірдеңе бақайымнан көтеріліп, кеудеме шығып, жоғары қарай өрмелеп келе жатқанын сезіп оянып кеттім. Қозғалмай жатып байқасам, бақайымнан бері қарай өрмелеп келе жатқан ұп-ұзын жылан екен. Ұшып тұрсам оның шағып алатынын білдім де, сенің іздеп келе жатқаның осы ғой деп, аузымды аша бердім. Жылан апандай боп жатқан ауызға басын сұға бергенде, мойнынан қыршып кеп алдым да, жыланның басын жерде шеңбердей боп шоршып жатқан денесінің қасына түкіріп тастадым. Екінші ерлігім осы деп есептеймін.
Жиырмаға жаңа ілінген қылшылдаған шыдамсыз жас шағымда өн бойымды қышыма қотыр басып, орнымнан қозғала алмай жатып қалдым. Сонда бойым отқа күйгендей дуылдап, қанша қышынып, қиналсам да, етіме бір рет тырнақ тигізбей шыдап кеттім. Осыны үшінші ерлігім деп айтар едім, - депті батыр.
Мінеки, әр адамның басынан өткерер ерекше үш ерлігі болса, мен мұны өз үш ерлігімнің біріне балар едім, достар!» – деп Жомартбек дәптердің бетін жапты.
Алғашында бұл жайды қыздарды кейбіреулері күле, жымия отырып тыңдағандарымен, ең соңында олардың бәрі де жым-жырт отырып қалды.
– Жоқ, бұл жазғаныңыз да жақсы екен, ағай, – деді Меңтай ғана әлден уақытта.
– Оның несі жақсы? - деп Зайкүл шап ете түсті. – Үш күн қыздың қасында жатып, жігер көрсете алмағаны жігіттік пе?
– Иә, неге жігіттік емес, нағыз жігіттік, – деді Майра Абаева. – Орынсыз құмарлық -опасыз жаумен тең. Ендеше адамның өз нәпсісін тыя білуі – үлкен ерлік.
– Қойыңдаршы, ерлік соғыста болмай ма? – деді Қанипа қыздардың бұл өзара таласын өршіте түсу үшін шеткерірек отырғандарға қарап көзін қысып қойып.
– Рас, ерлік соғыста ғана болады, бұл қайдағы ерлік, - деді Зайкүл Қанипа өзін қостап отыр екен деп ойлап одан сайын өршелене түсіп.
– Ой, шырағым, – деді Майра да қызбаланып, – ерлік тек қана соғыста болады деп кім айтты саған? Біле білсең, күнделікті өмірдің өзі ерлік. Егер сен бірдеңеге ұшырап қалып, мына Жомартбек өзіңді алақанымен көтеріп ауруханаға жеткізсе, ол да ерлік, Жомартбек басын шайқады.
– Оны, кімді алақанға салып, кімді арқалап апаруды ойланатын шығармыз. Ал Зайкүлді аяғын салақтатып арқалап алғанға не жетсін. Ол маған да жеңіл. Зайкүлге де рахат: аппақ саны, өзі айтқандай, «түбіне» дейін көрінеді.
Қыздар қыран күлкі болып қалды.
– Әй, әй, менің санымда шаруаң болмасын, – деп Зайкүл Жомартбекке қарап жұдырығын түйді. – Мен бірдеңеге ұшырап қалсам, бәрібір сен ауруханаға апармайсың. Одан да жедел жәрдемге жалынғаным артық. 03-ке телефон соғыңдар, қыздар, ондай бірдеңе бола қалса.
– Оған да мен жүгіремін ғой бәрібір, – деді Жомартбек күлместен, жымимастан. - Ал сенің санында менің ешқашан шаруам болған емес. Кербез ағайыңа көрсетіп жүрген өзің ғой оны.
Зайкүл Жомартбекті жеңе алмасын біліп, қолын бір сілтеді де, алғашқы әңгімеге қайта оралды.
– Тоқта, Абаева, сен несіне қызыл кеңірдек боласың Ерболды қорғап. Алдымен мұның осы жазғаны шын деп ойлайсың ба?
– Шын. Өмірде ондай болады, - деді Майра.
– Тоқта ендеше, – Зайкүл басына келген әлдебір ойға екі көзі жайнаңдап қуанып кетті. – Ендеше Ерболды періште дейік. Сен сонда мына мақалды білесің бе өзің: «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген. А? Білесің бе?
– Иә, – Майра сасқалақтап қалды. «Апырау, ондай да мақал бар еді-ау. Мына түлкі қыз оны қайдан суырып ала қойды? Бұған енді не десем дауа?» дегендей. Зайкүл айтқан мақалдай адамның адалдығына бұлтартпай сендіретін сөз іздеп, дағдарғандай күй танытты. - Білемін. Ол мақал ғой. Бірақ мақалдың бәрі бірдей...
– Тоқта, – Зайкүл қолын көтерді. – Емтиханда мақал деген халық жүрегінің шындығы. Мақал – шындық сәулесі деп таңдайың тақылдағанда алдыңа жан салмайсың. Енді келіп ол мақал ғой дейсің. Мақал болса өтірік демекпісің сонда?
– Жоқ, өтірік демеймін, шындық. Бірақ ол қандай мақал? Мәселе сонда. Халықтың адал жүрегінен шыққан, өмірдің философиясын білдіретін, шын даналықты танытатын мақал мен мәтелге дауым жоқ. Ал халықтың сол даналығына үстем таптың, елдегі қу, сұмдардың өз пайдасын көздеп қосып жіберген қоспалары және бар.
– Мысалы? - деді Зайкүл. – Мысалын айт.
– Мысалы: «Бәйбішеге жарасар қолындағы сабасы» деген мақалды ал. Бәйбішеден басқа әйел, кедей әйелдері қолдарына саба ұстаса күнә бола ма екен? Олар қымыз ішсе ауыздарынан ағып кете ме екен? Жоқ, бәйбішеге жарасқан саба басқаға да жарасады. Бірақ үстем таптың сабаны бәйбішеден басқаға ұстатқысы келмейді. Кедей, күң әйелдерге саба ұстауға жазбаған деп оларды сендіруге тырысады. Атам заманнан келе жатқан халық мақалы осылай деген дейді. Сол сияқты өздерінің өзгеге жасаған қиянат, қылмысын бүркеу үшін қу, сұм адамдар да мақалға ұқсас сөздер шығарып қосқан. Мәселен, жаңағы өзің айтқан: «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген. Сұм, арам адамдар сұмдығын істеп алады да, артынан «Мен қайтейін, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген, мен періште емеспін, адаммын ғой» деп монтансиды. Бұл сол үшін шығарылған сөз. Әйтпесе алтын көрсе періште неге жолдан таяды? Жолдан таяды екен, онда ол періште емес. Жолдан таю, жөнсіздік жасау – адамның ісі. Бірақ адамның да адамы бар. Жұрттың бәрін жолдан таяды деуге болмайды, жолдас Сағынова. Мақалды білген жақсы. Бірақ, әр мақалдың мәнін де ажырата білу керек. Ас ішіп, ақ нан жегенді жақсы көріп, арпа мен бидайды айыра алмаудың несі лайық.
Майра алғашында сөзін кібіртіктеп, күмілжіңкіреп бастағанымен, орынды ой, орамды сөз тапқаннан кейін біржола қанаттанып, қайраттанып кетті. Үсті-үстіне бастырмалата екпіндей сөйлеп, Зайкүлдің аузын аштырмай тастады.
– Жаса, Майра! - деп Жомартбек жалғыз өзі аямай алақан соқты. – Сағынованы шалқасынан түсірдің. Аяғын аспаннан келтірдің.
– Жоқ, жоқ, сен қоя тұр оны, – деді Зайкүл жеңілгісі келмей. - Қыздар, айтыңдаршы: Ерболдың қызды құшақтап үш күн оңаша жатқандағы адалдығына әсте сенуге бола ма?
Ол Майрадан басқалардың өзін қолдауын күтті. Қыздар сылқылдап, сықылықтап күліскендерімен, ешкім оған демеу болар ештеңе айтпады.
– Мен сенемін, – деді Қанипа сықылықтап күліп отырып.
– Мен де ағайға сенемін! – деді Меңтай күлместен, байыпты түрде. – Майра өте дұрыс айтты.
– Жоқ, мен сенбеймін, – деді Зайкүл. – Ешқашанда олай болмайды.
Мен өз басымнан кешкен адал, ақиқат шындыққа Зайкүлді сендіре алмағаныма ыза болдым. Бірақ, адамның күншуақ жақтарына көңіл бөлмей, көлеңке жағына көбірек көз салатын Зайкүл сияқтыларға не дауа. Әсіресе, оның «ешқашанда олай болмайды» дегені жаныма батты. Неге олай болмасқа? Болғанын бастан кешкен кісі айтып тұрғанда неге сенбеске?
– Қалай болады ендеше? – дедім мен Зайкүлге кекете сұрақ қойып.
– Оны өзің де білесің, – деп Зайкүл ыржалақтай күлді. Өзін өзгеше мас еткен әлдебір тәттінің дәмін есіне түсіргендей боп елтіп қалды.
– Біздің Зайкүл ерте ашылған гүл ғой, – деді Жомартбек оған ешбір мән бермегенсіп, мүләйім ғана.
– Иә, әр гүлдің өз уақытында ашылғаны жақсы ғой, – деп қостады Майра, мырс етіп.
– Оның несі жақсы, – деді Зайкүл лап ете тез жауап беріп.
– Уақытында ашыламын деп жүргенде суық соғып кетсе, солар да қалар ол гүл.
– Жоқ, олай болмас, мезгілінен бұрын ашылған гүл ғана ерте солатын шығар, – деді Жомартбек.
– Ерте солсам да, есемді жібермесем болады. Менің білетінім осы, қыздар, – деді Зайкүл Жомартбектің мысқылын елемеген болып.
– Ия, ашыл, Зайкүл, ашыл, – деді Майра, сылқылдай күліп.
– Бірақ біржола ашылып-шашылып қалып жүрме.
Бұл әңгімені Меңтай басқа арнаға ауыстырды.
– Ол қыз қазір қайда, ағай? – деп маған қарады. – Тананы айтамын.
– Осында.
– Осында-а-а? – деп екі-үш қыз қосыла дауыстап қалды.
– Алматыда ма?
– Иә. Көргілерің келсе мен бір күні ертіп әкеліп таныстырайын өздеріңмен. Ақылды, жақсы қыз.
– Бәсе, – деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. – Енді түсінікті болды. Осылай шығар деп өзім де ойлап едім-ау. Екеуің ендігі ЗАГС-ке де барған шығарсыңдар.
– Қоя тұршы сарнамай, Зайкүл, – деді Қанипа көзі ойнақшып зәлімдене қалып. – Ал, ол мұнда қашан, қалай келген? Біз неге оны осы күнге дейін білмейміз?
Бұл бар қыздың көкейіндегі сұрақ болуға тиіс.
– Бәсе.
– Иә, - десіп қалды бірсыпыралары Қанипаны қостап. Мен сол жолы Танаға Алматыда ЖенПИ деген жаңа институт ашылғалы жатқанын естігенімді хабарлап, соған барып оқуға түсуге кеңес бергенімді айттым.
– Менің соңымнан іле-шала Тана Алматыға келіп, сол институтқа түсіпті, - дедім. - Қазір екінші курсында оқиды.
– Кездесу жағы қалай? – деді тағы да Қанипа.
– Анда-санда.
– Одан кейін бірге жатқан жоқсыңдар ма? – деді Зайкүл шыдамсызданып.
Қыздар үндемеді. Зайкүлді қайырып тастамады. Соған қарағанда олардың да осыны білгілері кеп отырғаны аян болды.
– Жоқ, – дедім мен күліп. - Ол менің досымның қызы – досым ғой. Тек дос тұрғысында ғана кездесіп, ажырасамыз.
Зайкүл одан сайын тақымдай түсті.
– Достықтан махаббат туады демеуші ме еді? Әлде достық махаббатқа ұласады деуші ме еді? Абаева, айтшы, осылай ма еді! – деді Зайкүл Майраға қарап. Майра басын изеді.
– Ендеше, – деді Зайкүл тағы да қылмыңдап – дос болғаннан кейін ептеп...
Қыздар ақырын ғана сылқ-сылқ күлісіп алды. Жомартбек басын шайқады. Меңтай, Майра, мен үшеуміз ғана күлгеніміз жоқ.
– Ондай ұласқан ештеңе жоқ әзір, – дедім мен салмақты түрде.
– Ол енді, екі жақтың да көңіліне байланысты шығар, – деді Меңтай жай ғана.
Зайкүл ентелей түсті.
– Немене, Ерболдың қызда көңілі жоқ дейсің бе? Болғанда қандай! Осында төмен қараған болып, бәріміздің ашық-шашық жерімізді аңдып, сілекейіне шашалып, өзінен-өзі әлек болып отырады ғой бұл. Әсіресе, сен қолыңа түссең, шайнамай қылғыр еді, бәлем.
Қыздар да, Жомартбек те тегіс ду күлісіп қалды. Меңтайдың ақ жүзіне қызыл қан ойнап шыға келді. Бірақ онысын білдірмеу үшін Меңтай қыздармен қоса күліп, Зайкүлдің сөзін әзілге айналдырып жіберуге тырысты.
– Сен, немене, Зайкүл, – деді Меңтай күліп жатып. - Ағай сонша кісі жейтін тажал ғой деп пе едің?
– Қызды жейтін жалмауыз – жігіт екенін сен білмеуші ме едің, – деді Зайкүл жұлып алғандай. – Сен оны «ағай, ағай!» дейсің. Бір күні ағайың сені, әлгі бір елдің ертегісінде айтылатын, қай елдікі еді өзі, иә қызыл бөрікті қызды жұтқан сұр қасқыр сияқты, «ап!» деп асап қойғанда білерсің әлі тажалдың кім екенін, жалмауыздың не екенін. «Қызыл көрпені» ұмытып кеттің бе өзің? Ол жай шығарыла салған өлең емес. Ол жалмауыздың саған қарап жалақтаған тілі де, шырағым.
Қыздар бұған да мәз боп қалды. Бұл жолы мен де күлдім. Тек Меңтай ғана не күлерін, не күлмесін білмей сәл отырды да, артынан амалсыздан езу тартты.
– Зайкүл не десе, о десін, - деді Меңтай қыздардың күлкісі тыйылғаннан кейін. – Бірақ біздің ағай ондай кісі емес!
– Көрерміз, - деді Зайкүл де ерегесіп.
– Иә, – деді Қанипа күліп.
Жаңағы Зайкүл айтқандай менің қыздарға қызыға қарайтыным рас еді. Бірақ менің қарауым Дон Жуанның жас келіншектерге қарауы, Жиль Бластың жақсы әйелдерге қызығуы емес. Менің қыздарға қарауым өмірге қызығу, өмірдің сұлулығына ынтығу болатын. Бағбанның өз қолынан өсірген гүлге мақтанышпен құмарта қарағаны сияқты, өзім солдат болып қоса қорғасқан өміріміздің жанды гүлі жақсы қыздарға сүйсіне көз салып, осындай жандарды өлімге бермеу үшін күрескеніме риза болып, іштей мақтануым еді. Көп жігіттер осы ғажап гүлдерді көре алмай кетті. Мен сендерге өзімнің алапат соғыстан аман қалып, өздеріңнің орталарында отырған баға жетпес бақытымды сағат сайын сезіну үшін қараймын, қыздар. Ал сен менің мұңымды мазақ етесің, Зайкүл. Бірақ мен сенің бір сөзіңді құптар едім. Сол сөзіңнің шындыққа айналуын қалар едім. Ол сенің Меңтайды мен тажал болып, «ап!» деп асап қояды, қылғымай жұтады дегенің. Меңтайды менің сүйетінім рас. Бірақ, мен оны, сен айтқандай, «асап» та қоймас едім, «қылғымай» да жұтпас едім. Ол мені сүйсе, мендік болса, мен оны гүл етіп төбеме көтерер едім. Оған айнымас адал жар, ажырамас жан серік болар едім. Дегенмен, сен бүгін маған жақсы қызмет еттің, Зайкүл. Сен менің ойымды айттың. Меңтайға ауызбен айтып білдіре алмай жүрген тілегімді жеткіздің. Бұл үшін саған мың да бір рақмет, Сағынова.
Мен осындай деп ойладым. Бірақ мен оны ешкімге де айтпадым. Қыздармен қосыла күліп, жайбарақат адамға ұқсап, үндемей отыра бердім.
– Иә, әркімнің өз Пенелопасы болғанға не жетсін! – деді Қанипа жұрт тегіс тынышталғаннан кейін маған көзінің астымен қарап қойып, өзгелерге бұрылып, көзін бір қысып қалып. Содан соң өтірік күрсініп алды. - Онсыз өмір қиын ғой!..
«Әркімнің өз Пенелопасы болғанға не жетсін» деген менің сөзім болатын. Бұл курстағы қыздардың ауыздарынан түспейтін афоризмге айналып кеткен еді. Осындай бір үнсіздік орнай қалған тұста әлдебіреу соны айтып жіберіп, жұртты ду күлдіретін.
– Жоқ, – деді Зайкүл қолын сермеп. – Бұл Ерболдың, Ербол сияқты ұлдардың айтатын сөзі. Біздің оны өзгертіп, «Әркімнің өз Одиссейі болғанға не жетсін!» деуіміз керек, қыздар. Маған Одиссей керек!
Қыздар тағы да күлді.
– Одан өзге жарамай ма? – деді Жомартбек Зайкүлдің сөзін қағып алып.
– Жоқ, – Зайкүл де тез жауап берді. - Жарамайды, сен жарамайсың. Соғыста болған жоқсың.
– Ендеше соғыста болған, омырауы орденге толып қайтқан адам отыр ғой алдыңда, – деп Жомартбек мені нұсқады.
– Мұның өзі бір кісіден басқаны көрмейтін соқырлау Одиссей, – деді Зайкүл жұртты тағы ду күлдіріп.
– Қыздар, көп күліп кеттік, қояйық енді, – деді Меңтай оң жағында одеял үстінде жатқан кітапты қолына алып. - «Үй артында кісі бар» дегендей, емтихан келе жатқан жоқ па ертең тағы да.
– Иә, сақалы сапсиып, – деді Жомартбек. Жомартбектің сөзіне ешкім күлмеді. Бәріміз, бөлменің ішін шаңдата асыр салып ойнап, мұғалім келе жатқанда тым-тырыс парталарына отыра қалатын төменгі класс шәкірттеріндей бұртиып, төмен қарап, конспект, кітаптар бетіне қайта үңіліп, үнсіз қалдық.
Осыдан кейін бір демалыс күні мен Тананы жатақханаға ертіп әкеп, қыздармен таныстырдым. Ол, әсіресе Меңтаймен, Майрамен шүйіркелесе сөйлесіп, жақсы дос боп кетті.
Нашар студенттердің көз жасын көктемнің жылы жауынындай сорғалатып, жазғы емтихан да өтті. Біздің бірсыпыра қыздар жылап-сықтап жүріп, кейбіреулері құлап қалған емтихандарын қайта тапсырып, бәріміз тегіс үшінші курсқа көштік. Бір курс жоғарылағанға Алатаудың төбесіне шықпағанмен төскейіне жеткендей боп, көңіліміз көтеріліп қалды. Соңғы емтиханнан құтылған күні кешке отыз үшінші аудиторияға жиналып, өзімізше сауық өткіздік. Оны қалай ұйымдастыруды алдын ала ақылдасып алғанбыз.
Ішкісі келгендерге бір-бір бокал шампан қойылды. Ішпейміз дегендерге қалағандарынша лимонад пен минерал суы берілді. «Сен ананы іш», «сен мынаны іш» деген сияқты біреуді біреу қыстау, қинауға қатаң тыйым салынды. Әркімге екі бутербродтан шайнама және тиді. Осының өзі бізге бірінші класты ресторанның ең қымбат, ең дәмді тағамынан кем боп көрінген жоқ. Бірлесіп жасалған программаның «ішу, жеу, ықыластану» деген бірінші бөлімі осымен бітті. Оның «Ойнау, ойлау, өнер таныту» деп аталатын екінші бөлімі басталды. Бұл бөлімде әркім өзінің бұрыннан осы күнге арнап даярлаған ең оригиналды деген ойынын ортаға салады. Ең жақсы деп танылған номерлерге мынадай сыйлық беріледі: ұлдар қалаған қызының бетінен сүйеді; қыздар қалаған адамына өз тілегін орындатады.
Бәріміз аудиторияның ортасын босатып, алқа қотан отыра қалдық. Алғашында жүрексініп, ешкім ортаға шықпады. Бәрімізден батыл Зайкүл болды. Бір кезде ол мойнын жас баладай былғаңдатып ортаға шықты.
– Ал, не айт дейсіңдер.
– Біз ештеңе демейміз, арнап әкелген өнеріңді өзің көрсет.
– Ей, қыздар-ай, – деді Зайкүл күліп. – Менде кімнен шпаргалка аламын дегеннен басқа не ой, алған шпаргалканы өз сөзімдей етіп төпеп айтып шығудан басқа не өнер болды дейсің.
Бәріміз ду күлдік. «Өзі ақ жүрек» десіп жатыр біреулер. - Одан да бір ән айт десеңдерші маған.
– Айт.
– Дұрыс.
Зайкүл сызылтып «Дударайды» айтты. Әнін бітіре салып, тақпақ айтқаннан кейін дереу кәмпит сұрап алақанын жайған баладай болып, төрешіміз Абаеваға қарап, бірден ақы сұрады.
– Майра, менің бұл әніме сыйлыққа... – деп келе жатыр еді, Жомартбек орнынан ұшып тұрды.
– Жоқ, саған сыйлық берілмейді, – деді ол. – Сен оригиналды ештеңе орындаған жоқсың.
Қыздар ду ете түсті.
– Берілсін, берілсін!
– Тіпті болмаса бірінші бастағаны үшін берілсін.
Майра басын изеді.
– Иә, қалағаныңды ата, Сағынова.
Зайкүл қылмыңдап қалды.
– Онда, – деді ол енді тәкаппарлана бастап, - онда мына екі жігіт, Ербол мен Жомартбек, шөп еткізіп екі жақ бетімнен қатар сүйсін.
Қыздар қыран күлкі болды.
– Жоқ, біреуіміз де жетеміз ғой, – деді Жомартбек.
Зайкүл жетпейді дегендей, басын шайқады.
– Ойынның тәртібі бойынша: қыздар қалаған адамына өз тілегін орындатады. Осылай ғой? Ендеше менің тілегім айтылды. Екеуің келіп орындаңдар, солай ма, Майра.
Майра ішек-сілесі қатып, басын изеді.
Жомартбек екеуіміз Зайкүлге қарай аяңдадық. Қыздар қосылып, бір ырғақпен алақан соқты. Бұл жеңімпазға ойналған туш есебінде болды.
Екінші кезекті Жомартбек алды. Ол ортадағы орындыққа қолына домбыра ұстап шықты. Орындыққа отырмас бұрын, артистерше иіліп, қыздарға тегіс ізет көрсетті.
– Менің негізгі мақсатым КазГУ-ді бітіріп, жақсы азамат боп шығу екенін өздерің де білесіңдер, қыздар. Одан маңызы ешбір кем емес тағы бір мақсатым бар.
– Ол не? – деді шыдамсыз Зайкүл.
– Ол, – деді Жомартбек, – жақсы әйел алу. – Бұл сөз де қыздардың ду күлкісіне ұласты. Сыңғырлаған тәтті күлкілер тоқталғаннан кейін, Жомартбек сөзін жалғады. - Сендер күлесіңдер. Сендерге оңай бұл. Сендер немене, жақсы көрген жігіттеріңе құлағынан басып отырып, шығасыңдар да аласыңдар. Болмай бара жатса, комсомол ұйымына арыз бересіңдер. Ана жігіт менімен көңіл қосып еді. Енді қарамай кетті дейсіңдер. Ал комсомолдың құрығы ұзын – жігітті, шетке шыққан саяқ жылқыдай етіп қайырып әкеп, арыз айтқан қызға қосақтайды. - Қыздар тағы да бөлмені бастарына көтере күлісті. - Ал, Ербол ағай екеуміздің жайымыз мүлде басқаша. Алдымен біз қай қыз жақсы деп басымызды бір қатырамыз. Жақсы қыз мені жақсы көре ме, айтқанымды қабылдай ма деп және дел-сал боламыз. қойшы не керек, жігітке жақсы жар тауып алу оңай емес.
Сондықтан мен сендерге қазір алдымен жақсы қатын, одан соң жаман қатын туралы екі өлең айтып беремін.
Осылай деп Жомартбек домбыраны қағып-қағып жіберді де, аудиторияны басына көтере шырқап қоя берді.
Аққұба қатын алсаң, бойы сұңғақ.
Қасыңа шақырғанда келсе зырлап.
Дауысы: «Әу» дегенде әрең шығып,
Кеудесі еңкейгенде етсе бұлғақ.
Аяғын, табағымен қойған жуып.
Сүйреңдеп сөз сөйлемес өсек қуып.
Бір сөзді екі сөз ғып еш айтпайды,
Көбейсін ұрыс-жанжал қайдан туып.
Еріне адал жүріп болар серік,
Қуанар ғазиз құрбы жүзін көріп.
Білгізбей бар болса да, жоқ болса да,
Тұрғаны әрқашанда қасын керіп.
Сыпаты жақсы қатын айтсам бітпес,
Мадақтап жаман қатын ерін күтпес.
Ұқсатса аз ба, көп пе тапқаныңды,
Кез келсе кедейшілік ештеңе етпес, а-а-ау!–
деп Жомартбек шанақты сарт еткізе соғып, орнынан тұрып, тағы да жан-жағына қарап бас иді.
Бәріміз қол соқтық.
- Енді жаман қатын туралы айт, - деді Зайкүл шыдамсызданып.
«Айтайын ба?» дегендей, Жомартбек биігірек креслода қолына кітап ұстап, өзге жұрттан оқшаулау боп отырған Майраға қарады. Ол «рұқсат» дегендей, басын изеді. Абаева қазір үшінші курсқа бүгін ғана көшкен студенткадан гөрі үш жылдан бері ел билеп тәсілденіп қалған әйел патшаларға ұқсайтындай еді. Күлмей, ашылмай, басын тік ұстап, иегінен ишара жасап, саусағының ұшымен бұйрық беріп отыр. Қолындағы кітабы хазіреттің асасы немесе Богдан Хмельницкийдің булавасы сияқты, оны сәл көтерсе болды, шулап отырған жұрт тым-тырыс тына қалады. Абаевадан рұқсат алған соң Жомартбек қайта шырқады.
Болмайды пейлі сұлу жаман қатын.
Білмейді үйретсең де сөздің салтын.
Ілмелеп, салған жерден кекесіндеп,
Қылады ұрыс-жанжал сөздің артын.
Кетеді таң атқан соң өсек бағып,
Еріне былшылдайды елді шағып.
Қонаққа тамақ бер деп ептеп айтса,
Жүреді теріс қарап, жыбыр қағып.
Кісіге күле сөйлеп келмес жанап,
Былдылдар ел көзінше байын сыбап.
Таусылды күні-түні ет пен шай деп,
Қонағын қыстай келген бәрін санап...
Орамал жерде жатыр, кірі батпан.
Салдырап аяқ-табақ қирап жатқан.
Сүтіне шелектегі ит кеп тисе,
«Кет!» деп те айтпайды оған, құдай атқан. – – о-о-о, е-е-е...
Оуф!
Төрешінің ұйғаруымен Жомартбекке де сүю сыйлығы тиді. Ол алшаңдап, Зайкүлге қарай жүрді. Ернін шүршитіп, нақ соны ғана сүйетіндей боп, ыңғайланып бара жатты. Зайкүл құйтыңдап, басын қиқаңдатып, ернін ыңғайлай бастады. Жомартбек оны өзіне қарай ұмтылта түсті де, басын шапшаң бұрып, шөп еткізіп Зайкүлдің қасында отырған Назиләштің бетінен сүйді. Зайкүл сүйісуге ыңғайлап шошайтқан ернін не істерін білмей, түсі бұзылып нәумез боп қалды. Оны бағып отырған біз және қыран күлкіге баттық.
– Зайкүл, немене сүйіскің келіп пе еді, кел, – деді Жомартбек ештеңе болмағандай жайбарақат оған қарай бұрылып.
– Архимедтың тұтқасын ұстағандай болмай, аулақ кетші, - деді Зайкүл теріс айналып.
– Менің өз тұтқам да жетеді, – деді Жомартбек бейнебір Зайкүлмен ұрысқандай баж ете қалып. – Біреудікі маған дәрі емес.
Осылай деп Жомартбек Зайкүлге қарап күлейін дегендей боп ыржиып келе жатты да, дереу, біреумен төбелесіп қалғандай, түсін томсырайта қойды. Бұлай, бет бейнесін лезде екінші түрге түсіре қою сияқты артистік өнер курста Жомартбекке ғана тән болатын. Осынысымен ол бәрімізді бұрын да талай рет күлдірген еді. Бұл жолы да ол біздің күлмес еркімізге қоймады.
Қанипа, Сақила, Назиләш үшеуі үш жақтан қол көтерді.
Майра үшеуіне де бас изеді. Олар ортаға келіп, соғыс кезінде шыққан «Көкем-ай» деген әнді шырқады.
Елде жүрген жас бауырдың майдандағы ағасын сағынып, жүректің запырандай зарымен айтқан жан-жүйені босатар ащы әні аудиторияны кернеп кетті. Үш дауыс қосыла шырқап «Көкем-ай!» деп зарланғанда терезенің шынысына дейін дірілдеп, қалтырап кеткендей болды.
Қан майданның ішінде көкем жүр-ау-а-а-ау.
Мылтық кезеп көкеме неміс тұр-ау, а-а-ау-ай.
Көкем-ау!
Қашан келер екенсің?!
Мен тағдырдан сұраймын күндіз-түні-ау, а-а-ау,
Көкеме атқан жау оғын маған бұр-ау, а-а-ау-ай.
Жан көкем!
Дидарыңды бір көрсем!..
Бұдан кейінгі кезек маған келді. Үш қыз қосыла айтқан жаңағы зарлы ән жүйке-жүйкемді босатқан мен не айтарымды білмей састым. Әзірлеп әкелдім дегенімнің бәрі жан толқытқан жаңағы әннен кейін мүлде қажетсіз, керексіз сияқтанды. Бірақ қыздар қыстап болмады. «Шықсын ортаға, айтсын бірдеңе» деп жанымды шығарды. Амалсыз ортаға шықтым.
– Мен Абай өлеңдерінде кездесетін ескі сөздердің тізбесін жасап, оларға өзімше түсінік берген едім. Бүгінгі конкурс сияқты қорытынды кешке соны ұсынуыма болады. Бірақ, мұның өзі бір дәптер, - дедім қыздарға дәптерімді көрсетіп. - Бәрін табан астында оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан мен қазір соңғы оқыған бір кітабымнан сұлу әйел, махаббат жайында жазып алған екі-үш нақыл сөзім бар, соны оқып берейін.
Мен Майраға қарадым. Майра қыздарға қарады.
– Махаббат жайындағысын оқысын.
– Соңғысын айтсын, - деп шуласты қыздар.
Абаева кітабын жоғары көтерді. Жұрт тегіс тым-тырыс боп тыныштала қалды.
– Иә, онда былай болсын, қыздар, – деді Майра. - Ербол ағайдың Абай өлеңдеріне түсінік жасауы біздің ешқайсымыздың ойымызға келмеген үлкен жұмыс. Оны білудің бәріміз үшін пайдасы бар. Ол әсіресе ертең біз мұғалім болып, мектепке барғанда керек. Сондықтан біз оны ағайдан сұрап, көшіріп алармыз. Меніңше, ағайға таңдаған қызын сүю сыйлығын осы еңбегі үшін беруімізге болады. Ал бұл кісі жаңағы соңғы айтқанын оқып шықсын да, сыйлығын алсын.
Мен бір жапырақ бөлек қағазға тізіп алған махаббат жайындағы сөздерімді оқи бастадым.
«Махаббат бар жерде көз жасы қоса жүреді.
Адамның өмірі қысқа болғанымен, махаббаты ұзақ өмір сүреді.
Құштарлық, – махаббат хабаршысы.
Құштарлықты көз айтып, тілекті тіл түсіндіреді.
Жүрегін махаббат мекендесе, ең сараң деген адамның өзі ересен мырза боп кетеді.
Әдемі әйелдің әлегі көп.
Сұлу әйел сорға бітеді.
Көрікті әйелдің күйеуінің көңілінен күдік арылмайды.
Сұлуға сұқтанушы көп.
Сорлының әйелі сұлу болады».
Жазып алған қағазымның екінші бетін оқымай ортасынан бүктей салып, қыздарға рахмет деген ишара жасадым.
Зайкүл аузынан емшек тартып алған жас баладай боп, баж ете қалды.
– Екінші бетін оқыған жоқ, Майра. Ербол енді қағазының екінші бетіндегісін оқысын, -деп елбелектеп ұшып кете жаздады.
Абаева маған қарап, «Зайкүл бәрін естімей тынбайды» дегендей жымиды да, басын изеді. Бұл төрешінің «тағы оқы» деген әмірі еді. Әскерде командир бұйрығын екі етпей орындап үйренген басым, қағазымның бүктеуін қайта жаздым.
– Бұл үзінділер Үндінің жазушысы Дандиннің «Он ханзаданың басынан кешкен оқиғалары» деген кітабынан алынды. Ал, тыңда, Зайкүл, - дедім мен алдымен жүзі жайнап, құлпырып отырған Зайкүлге қарап алып.
– Оқи бер, оқи бер, - деді Зайкүл шыдамсызданып. – Мен тыңдап отырмын.
Мен тағы да оқуға кірістім.
"Махаббат жайына келетін болсақ, оның мәні адамға дүниеде теңдесі жоқ өзгеше рахат беретіндігінде. Кеудесін махаббат кернеген еркек пен әйелдің ойлайтыны өмірдің өзгеше сол рахатына жету ғана болады. Жүрегіне махаббаттың нұры түскен жанның жай жұрттан өзгешелігі оның айналасының бәрі күліп, қуанып тұрғандай күйде болады. Ынтызар екі жанның құшақтарының айқасуы өздеріне өшпес қуаныш боп танылып, кейін сол сәтте еске алудың өзі ол екеуін ерекше елтітіп, өзгеше шаттыққа бөлейді. Жүректі кернеген осы қуанышқа жету үшін үлкен қызметтегі адамдардың өздері аса қиын ерліктер жасауға дейін барып, мол-мол сыйлықтар тартады. Қауіпті іс қатерлі жанжалға дейін тәуекел етеді...
...Әйелге, әсіресе жүрегінде біреуге арналған маздаған махаббаты бар әйелге, өзі сүймейтін еркекке еріксіз қосақталудан қиямет қорлық жоқ.
...Мені махаббаттың улы жыланы шақты аямай. Жаныма дәрі, дертіме шипа сен ғана!
...О, құдірет, жалаңбұт жүгіріп, күні бойы қуалап торғай ататын сәби сияқты, садақ толғап, сан адамның жүрегіне жебе қадалтатын махаббат тәңірі! Не жазығым бар еді менің? Неге мұнша қинайсың мені? Біржола өртеп, күл қылып жібермей, неге мұнша күйдіресің аяусыз?..
...« Өзіңдей сен оның жүрегіне! Оның жүрегі алып жартастың табанындай тұрақты, нағыз болаттың өзіндей берік. Ол жүректі өзгеше байлық – өз махаббатыңның нұрлы гауһар тасымен өрнектегейсің сен! Оның биік кеудесі өзіңдей лайықты жардың салмағына жаншылып, өз рахатын алсын өмірден». Ханшаның нөкер қыздары осылай деп үн қатты маған. Бұл сөздерден кейін менің жүрегімді қысқан махаббат бұғауы одан сайын тарыла түскен тәрізді болды».
Мен бар оқығыштық өнерімді жұмсап, бар жанымды салып, біреудің сөзін оқып тұрғандай емес, өз жүрегімнің бар сырын бір жанға ғана арнап ақтарып тұрғандай боп елтіп, егілгендей күйде үнімді үзіп, қағаздан басымды көтердім. Әрине, мен бұл сөздерді тек қана Меңтайға арнап едім. «Осынымды ұқты ма екен?» деп мен басымды көтергеннен кейін, басқаларға білдіртпеуге тырысып, Меңтай жаққа көз тастадым.
Мен оқыған сөздерге қыздардың көбі іштей рахаттанып, бас көтере алмай, төмен тұқысыра сылқылдап күлісіп қалған екен. Зайкүлдің екі көзі ішіп-жеп, маған қадалып алыпты. «Тағы да бар ма, тағы да оқышы» деп өтінгендей, сұрап, тілегендей күй танытады. Тек Меңтай ғана күлместен, жымимастан, менің сөздерімді естімегендей боп, маған емес, терезе жаққа көзін қадап, ойланып қалыпты.
– Иә, ағай, сыйлығыңызды алыңыз, – деді Майра жаңағы мен оқыған үзіндідегі нөкер қыздар мақтаған ханшадай жымиып. – Қалаған қызыңызды сүйіңіз.
Мен жаңағы махаббат жайында үзінділер оқыған сәтте бар дүниені ұмытып, ойымнан шығарған екенмін. Сөйлегенім үшін маған да сыйлық бары, сыйлық болғанда таңдаған, жаным жақсы көрген қызды құшақтап, бетінен сүюге праволы екенім енді ғана есіме түсті. Сол-ақ екен жүрегім өз-өзінен лүпілдеп, дүрсілдеп қоя берді. «Сүйсем бе екен, сүймесем бе екен?» деп ойладым. «Жоқ, осындай сәті кеп тұрғанда сүйіп алайын, ол қайтер екен?» дедім де, ақырын басып, Меңтайға қарай аяңдадым. Меңтай маған келе жатыр деп ойламаған сияқты қалып көрсетіп, басқа қыздардай қымсынып, бетін баса бастаған жоқ. Мен оның қасына тақап қалғанда да өзінің сол жағындағы қыздың бетінен сүюге келе жатқан болар дегендей, оң жағындағы көрші қызына қарай мойның бұрып, оны сөзге шақырды. Дәл сол кезде мен, қолы дірілдеп, ең алғаш мөр ұстаған ауылнайдай етектей ернімді жиған боп сәл бүрістірдім де, оны Меңтайдың қағаздай мойнына былш еткізіп басып кеп қалдым. Бейқам отырып, селк еткендей болып және қытығы келген сияқтанып қыз мойнын ішіне тартыңқырап, қайтадан сол жағына қарай бұрды. Ол кез менің қызға құмартып, қиналып жүрген шағым емес пе? Егеудей ернім Меңтайдың мойнын, кішкентай құлағын үйкелеп барып, лезде қып-қызыл боп кеткен ақ бетінің ұшына тоқтады. Оны, өзімше ақырын өптім де, қыздарды қыран күлкіге батырып, мас кісідей сенделектеп өз орныма қарай аяңдадым.
Менен кейін қыздар бірлесіп тағы да өлең айтты. Бірақ олардың не айтқанын мен ұққаным жоқ. Меңтайдың бетінен бір сүйгенге, бір шиша шербетті басыма көтеріп жалғыз сіміргендей, өз-өзімнен масайып, буын-буыным құрып, елтідім де отырдым. Сол кезде қолына шағындау дәптер ұстап ортаға Меңтайдың өзі шықты.
– Ойынның шарты өзгешелеу нәрселер даярлап әкелуді талап еткен соң, - деді Меңтай бөгеле сөйлеп, – мен мына бір дәптерді ала салып едім. Мұнда шешемнің айтқан бірсыпыра сөздері жазылған. Шешем бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарған, сауатты кісі болатын. Оқыған кітаптарының ақ бетіне өз ойларын жазып тастай салатын. Менің он жасыма дейін біз ауылда тұрдық. Одан соң Риддер деген қалаға көшіп барып, әкем жұмысшы болды. Былтыр ауылға барғанда (әкемнің інісі ауылда тұрады) апам оқыған кітаптардың беттерін бір-бірлеп ақтарып отырып, оның өз қолымен жазған жазуларын мына дәптерге көшіріп алған едім. Талай қызық кітапты өздерің де оқып жүрсіңдер ғой. Мен сендерге апамның жазғандарын айтып берейін. Мұның кей тұстары тұрпайылау да боп көрінер. Бірақ бәріміз де ес білген ересек балалармыз ғой, ондайларын алып тастамай-ақ тұтас оқи берейін.
– Дұрыс.
– Жөн.
– Оқы, Меңтай, – дедік біз жарыса шуылдап. Меңтай тамағын кенеп алды да, асықпай жайлап, бірінің соңынан бірін тізіп, ана жүрегінен шыққан ақылды нақылдарды ақтара бастады.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя