Алғашқы емтихан маған бірсыпыра сабақ берді. Курстас қыздардың төрт-бесеуі ғана үздік жақсы, жеті-сегізі жақсы, он шақтысы орташа оқыса, алты-жеті қыздың үлгерімі мүлде нашар екен. Оның үстіне бұрын бұлар сабаққа жеке-жеке әзірленіп келген. Біреу емтиханға біліп кірсе, біреулер оқытушы алдына тек «құдайға тапсырып» қана баратын болған.
Мен қыздарға сабаққа бұдан былай бірлесіп әзірлену керектігін айттым. Әсіресе, нашар қыздарды жақсы оқитындарымыз екі-үштен өз тобымызға алайық дедім. Осыған келістік. Меңтай, Майра және мен үшеуміз Зайкүл, Сақила сияқтыларды қамқорлыққа алдық. Сөйтіп, осылай үш топқа бөлініп, кейде үш топ бірлесіп, бірігіп кетіп, таңертеңгі сағат төрттен тұрып алып, тынбастан даярланып жүрдік. Кейде бізге өз беттерімен әзірленетін әлді деген қыздар да қосылатын болды. Бірте-бірте қыздардың емтиханнан еңіреп шығуы тоқтала бастады.
Сондай емтиханға әзірлік күндерінің бірінде біз Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанындағы төбешік басында, қалың ағаш көлеңкесіндегі көк шөп үстіне одеялдарды жайып тастап, кезектесіп конспект оқысып, білгенімізді бір-бірімізге ауызша айтысып, сарылып ұзақ отырдық. Бір кезде Меңтай ұсыныс жасады.
– Ағай, шаршап кеттік қой, демалайықшы. Бізге көңіл сергітетін басқа бір әңгіме айтып беріңізші, – деді маған қарап.
– Не айтайын? – дедім мен сәл ойлана түсіп.
– Ойбай, қыздар, – деді Жомартбек жерден жеті қоян тапқандай ентігіп, сонысымен қыздарды одан сайын ынтықтыра түсіп, – мұның соғыс кезінде бір қызбен үш күн бірге жатқан әңгімесі бар. Соны айтсын, өте қызық.
– Оны... – деп Меңтай күмілжіп қалды. Содан соң менің көңіліме бірдеңе келіп қалды деп ойлады ма, ренжір деді ме, сөзін қайта жалғады. – Лайықты десеңіз айтыңыз.
– Айтсын, – деді Зайкүл жаны кіріп. – Ондай әңгіме қызық болады. – Ол Меңтайға қарай бұрылды. – Сен, Меңтай, Ерболды иектеп алып, аузынан қаға беретінің не осы? Әлде өзіңе өлең шығарғаннан кейін өзімдікі деп жүрмісің?
Зайкүлдің Меңтайға айтқан сөзінің ішінде «Ерболды иектеп алып» дегенінің жаны бар деуге де болар еді. Менің Меңтай қасында, әлдебір мінімді тауып сөгіп немесе орнымнан түсіріп кете ме деп жоғарыдан келген үлкен бастық алдында іштей діріл қағатын кіші бағыныштыдай, ол маған атымды атап, жөнімді жөндеп ештеңе айтпаса да, қылық-қимылымнан бірдеңе ұнамай қала ма деп, өз-өзімнен қысылып, қымсынғандай күйде отыратыным барды. Қу қыз соны аңғарып айтты.
Зайкүл өз сөзіне өзі риза болып, сықылықтап күліп алды. Меңтай қызарып кетті.
– Сен де жоқты айтасың-ау, Зайкүл, – деді ол сабырлы қалпын бұзбастан сәл ғана күлімсірей түсіп. – Ағайды иектеп маған соншама не болыпты?! – «Жоқ, олай емес, иектесем иектеймін, онда сенің не шаруаң бар? – десең етті» деп ойладым мен ішімнен. – Әшейін, бұрын естімеген әңгіме болған соң...
– Естімесең естисің, білмесең білесің, – деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. – Есту үшін тыңдау, білу үшін үйрену керек.
– Еститін де, естімейтін де, білетін де, білмейтін де нәрселер бар ғой... – Меңтай маған қарай сәл ғана мойын бұрып, бас изегендей болды. - Айта беріңіз, ағай.
– Иә, Зайкүл шырағым, осы сен тақымдамай тыныш отыршы, - деді Майра. - Бір нәрсенің шеті құлағыңа тиіп еді құнжыңдап кеттің ғой біржола.
– Құнжындамағаныңды көрермін қазір, – деді Зайкүл оған шамданбастан.
Өзге қыздардың үндемегендерімен, күлімдеген көздеріне қарағанда көбінің менің айтпақ әңгімемді тыңдағылары келіп отырғанын аңғарғаныммен, ол әңгімені Меңтай алдында айтуға лайықсыз көріп, бөгеле бердім.
– Ал, бастасаңшы Ербол, – деді Зайкүл дегбірсіздене түсіп. - Қай жылы? Неше күн құшақтап жаттым дейсің қызды?
Мен басымды шайқап қашқалақтай бастадым.
– Қырық төртінші жылдың күзінде бұл майданнан елге делегат боп келген, – деді Жомартбек Зайкүлдің құмарлығын одан сайын қоздырып, – Сонда, алдымен Алматыға соғып, содан соң өз ауылына барған. Ауылында өзің сияқты бір сұлу қызбен...
– Соғыс жүріп жатқанда ма? – деді Зайкүл көзін бақырайтып.
– Иә.
– Алла-ай, сен қандай бақыттысың, Ербол, соғыс кезінде елге келіп жүрген?
– Иә, қоя тұрсаңшы, Зайкүл, - деді оған Майра. - Ағайдың әңгімесін айтқызсаңшы.
– Әй, сендер дәл осыны «ағай» дегендеріңді қойыңдаршы қылымсып, – деді Зайкүл қыза сөйлеп. –Қайдағы ағай бұл, өзіміз сияқты студент қой. Көп болса 4-5 жас қана үлкен шығар. Соған бола соншама кәртейте бермесеңдерші бұл байғұсты.
Зайкүл аяған болып менің басымды сипады. Басқалар оған ду күлді. Зайкүлдің өзге сөздерін жарата бермесем де, осы сөзін ұнатып, мен де күліп жатырмын.
– Жоқ, оны емес басқа бір әңгіме айтайын, – дедім мен күлкімді тоқтатып.
– Жоқ, соны айт, – деді Зайкүл тақымдап.
– Соны, – деді Қанипа сықылықтап. – Зайкүл, ер болсаң дәл осы әңгімені айтқызбай қойма.
– Ендеше, – деді Жомартбек менен оқшаулана шетке қарай ығысып, – Зайкүл, сен Ерболды мықтап ұстап отыр. Мен оның күнделігіне жазған осы әңгімесін бәріңе дауыстап оқып берейін.
Жомартбек менің қасымда жатқан қалың дәптерімді қолтығына қыса кеткен екен. Шетке шығып, соның беттерін ақтара бастады. Зайкүл шап беріп менің мойнымнан құшақтап алды.
– Ал, оқи бер, Жомартбек. Мен мұны тырп еткізбеймін, - деді Зайкүл маған кенедей жабысып. - Қанипа, жақын отыр, мынау тыпырлап тұрып кетіп жүрмесін.
Жұрт тағы бір ду күліп басыла бергенде Жомартбек менің күнделік дәптеріме жазған естелік әңгімемді судыратып оқи жөнелді:
«Менің ауылым – «Ақбота» колхозы темір жолдан тоғыз шақырымдай жерде болатын. Ауылдың өкпе тұсында «Оныншы» деп аталатын разъезд барды. Ауыл поселкеге айналып, поселке қала болып үлкейіп жатады. Бұл дүниеде өспейтін разъездер екен ғой. «Оныншы» біздің бала күнімізде разъезд еді. Жігіт болып, соғыстан келгенімде де сол разъезд қалпында алдымнан шықты. Бірақ маған ол шетелдің сәнді қалаларынан әлдеқайда қымбат, әлдеқайда артық еді. Күн бата разъезге болар-болмас қана кідіріп өткен поездан қарғып түсіп мен қарсы алдымдағы қызыл шатырлы екі ағаш үйге қуана қарап, орнымнан қозғала алмай қалтиып қалыппын. Ол сәтте өзімді Петергофтағы патша сарайының алдында тұрғаннан бір де кем сезінсем бұйырмасын. Айырмашылық сарай алдында фонтан суына шомылып тұрған жалаңаш әйелдер мүсіні жоқтығында ғана сияқты. Оның орнына менің көз алдымда өзге суреттер кернеді.
Мен бірінші рет поезды осы жерде, анау маңдайшасында «Разъезд №10» деген жазуы бар он жақтағы қызыл үйдің алдында тұрып көргенмін. Содан кейін әкем екеуміз арбаға мініп, ауылға қайттық. Әкемнің трашпенкесінің арт жағында үнемі басы жылқышы құстың тұмсығындай имектеле сорайған шалғы орақ жүретін. Ауылға тақағанда арбаға мінеміз деп алдынан балалар жүгірсе, әкем атын тоқтатып: «Қарақтарым, байқаңдар, арбаның артында шалғы-орақ бар»деп ылғи ескертіп отыратын. Ол жаздың күні еді. Разъезд бен ауылдың арасы тұнып тұрған көк шөп болатын. Разъезден шыға бере әкем атын тоқтатып, арбаның артындағы шалғы-орақты алып шөп шапты. Мен хош иісі аңқыған көк шөпті кішкентай құлашымды жая құшақтап, арбаға тасыдым. Талдан тоқылған шарбақ қорабына көк шөп тиелген арбаға қайта отырғанда мен өзімді асқар таудың төбесіне шыққандай сезіппін. Жас шөптің иісі жанымды елтіткен маған төбесіне шыққан тауым түйенің бүлкіліндей майда желіспен қозғалып, зымырап бара жатқан сияқтанды. Өстіп, разъезге келген, поезды көрген, жас шөп тиелген биік арбаға мінген қуаныштан, кішкентай жүрегім, енесін айнала шапқан құлын тұяғының дүрсілін таныта лүпілдеп отырған шақта әкем маған қолындағы божысын ұстатты. Бұрынғы қуаныш қуаныш па, көңілім одан сайын лепіріп кетті. Божы қолыма тигенде жүрегім үсті-үстіне лүпілдеп жымың ете түскен мен сол сәтте аттың божысын ұстап келе жатқандай емес алыстан қарағанда ақбас нардай боп көрінетін Ақжал тауының өркешіне мініп, соның бұйдасын ұстап келе жатқандай жайда болдым. Ең алғаш осы разъезді көріп қайтқанда ауылға тура Москваның өзінен келе жатқандай күйде енген едім. Сол разъезді одан он бес жыл кейін қайта көргенде сол сурет көз алдыма елестеп, мұрнымды жас шөптің хош иісі қытықтағандай болды.
Разъезд басында танитын ешкімім жоқ болғандықтан мен бірден шапшаң адымдап, ауылға қарай бет қойдым. Теміржол топырағынан түсіп, табаным жерге тиісімен-ақ, өн бойым бірден жеңілденіп, сахнаға шыққан бишідей лыпып келемін. Аяғымды ілгері басқан сайын, екі қолтығыма қанат біткендей зымырап, самғай түсемін. Разъезден біраз шыққаннан кейін осы түс еді-ау дедім де, жерге жата қалып, аунай бастадым. Содан кейін, бала күнімде бір жаққа ала кет деп әкемнің аяғын құшақтап жылап жатып алатынымдай, етбетімнен түсіп, жазда шөбі шабылып алынған орма жерді құшақтап, екі бетімді үйкелеп, ернімді тигіздім. Мен қара жерді анамның жұмсақ маңдайы деп сүйдім, әкемнің жалпақ арқасы деп құшақтадым. Бір кезде өз-өзімнен күбірлеп, күгірлеп үн қаттым. «Айналайын анам, сен туған жер топырағының астында жатырсың. Украинаның қара мақпал көрпедей қара бұйра топырағын жамылып сен қалдың, ардақты әкем. Екеуіңнен бөлінген молекуладай болып, жер үстінде мен жүрмін міне. Сұрапыл соғыстан, сонау Польшадан туған жерге аман келіп, сенің бала күнімде басқан ізіңді иіскеп жатырмын, әке. Ертең сенің қабырына бір уыс топырақ қосамын, ана».
Жеті жасар бала күнімде әкем шалғымен шөп шапқан жерде жатып, ойға да, мұңға да баттым. Содан соң орнымнан тұрып, ауылға қарай қайтадан бет қойдым.
Ауылға мен ай туа жеттім. Туған ауылымның кішкентай терезелерінен жылтыраған әлсіз оттары моңғол тұқымдас шығыс халықтарының қысық көзіндей сығырая күлімдеп қарсы алды мені...»
– Мынау әңгімең көңілсіз боп кетті, - деді Зайкүл шыдамсызданып. – Жаңағы қызбен бірге жатты деген жерінен бастасаңшы, Жомартбек.
– Оқи бер, Жомартбек, – деп басқа қыздар шу ете қалды. – Осылай оқи бер.
Жомартбек дәптер сөздерін әрі қарай жалғастырды.
«Жағалап, сыртқы көшедегі өз үйімнің желкесіне келдім. Басқа үйдің бәрінде сығырайған жарық бар. Тек біздің үйдің терезесі ғана тас қараңғы. Кеше соғысқа өзім кеткенде оты маздап, терезесі жарқырап тұрған үй еді. Менен бір ай кейін соғысқа әкем кетті. Әкем майданда қаза тапты. Әкемнің артынан ауылда шешем өлді. Жалғыз қарындасым ерте шығып, басқа елге кетті. Ендеше бұл үйде қайдан жарық болсын. Бұл иесіз үйдің күтіп отырған жалғыз жарығы менмін ғой. Соғыстан аман оралып, әке ошағының отын маздатып, әке терезесінен жарық жарқырата аламын ба, кім білсін... Осы оймен туған үйдің жанына жеттім.
Адам ғана емес, иесіз үй де жетімсірейді екен. Бұрын үймен жалғас салған шөп үйетін биік қорғанымыз болушы еді. Оның бір қабырғасы құлап, опырылып қалыпты, әке-шешеміз өліп, екі иесінен бірдей айырылғаннан кейін үй екеш үйдің өзі де шөгіп, аласарып кетіпті.
Шөп қорғанды айналып өтіп, қора алдына келдім. Бұрын мұндай кезде қора алдында бірі ыңырсып, бірі күйіс қайтарып қазыққа байлаулы сиырлар жатушы еді. Әр сиырдың алдында бұйығып, қысқа шынжырға байланған Қарашеке жайғасатын. Енді соның бірде-бірі көрінбейді. Үй маңында тірі жан жоқ.
Біздің үйдің есігі қораның қақпасынан бөлек болушы еді Аяңдап солай қарай келдім. Есікте қара құлып тұр екен. Оны қолыммен бір сипадым да, арқамдағы зат қапшығымды шешіп, жерге қойдым. Содан соң есік алдындағы соғыстан бұрын кешке қарай әке-шешем бәріміз шығып отыратын балшық сәкіге жайғастым. Пилоткамды шешіп тіземе қойдым да, екі қолыммен зырқ-зырқ еткен екі шекемді үнсіз қысып, отырып қалдым.
Осы кезде алдыңғы көше жақтан бір дүсір естілді. Қарасам, ай жарығында домаланған бір қылаң біздің үйге қарай құйғытып келеді екен. Оның не екенін аңғара алмай, атып тұрып, соғыстағы әдет бойынша қолымды оң жамбасымдағы пистолетке апарып үлгіргенімше бір ақ ит келіп кеудеме қарай шапшыды. Қыңсылап, арсалаңдап, құйрығымен санымды сабалап жатыр. Сөйтсем, бұл өзіміздің Қарашеке екен. Басының бір шекесі қара дөрегей кішірек келген ақ итімізді біз күшік күнінен солай атап кеткен едік. Байғұс Қарашекенің мені қалай танығанын білмеймін, дүсірлетіп алыстан келді. Алдыңғы екі аяғын екі иығыма асып жіберіп, иегімді жалап, кеудемнің екі жағын кезек иіскелеп жатыр. Мұңын шағып, жылап өксігендей, қайта-қайта қыңсылап, солығын баса алатын емес. Мен оны құшақтап көкірегіме қыстым.
– Қарашеке, аманбысың, қайдан таныдың, күшігім, – дедім итімді басынан, құлағынан, мойнынан сипалап. Қарашеке одан сайын қыңсылап, мүлде есі шығып кетті.
Бір үйден қалған екі жан осылай табыстық.
Қарашеке мауқын басқандай болып, иығымнан түсіп, есікке қарай жүгірді. Есікке шапшып, қыңсылап, алдыңғы екі аяғымен қара құлыпты тырмалады. «Ербол-ау, сен осы үйдің иесісің ғой, ашсаңшы мына есікті, қиратсаңшы аузындағы қара құлыпты» деп жалынғандай боп жаныма келді. Қайта жалт бұрылып, тағы да есікке секірді. Есікті ашып, мен ішке кіргізе алмасын білгеннен кейін Қарашеке қатты үріп, көрші үйдің алдына, одан терезесіне барды.
Біздікімен қатарлас көрші үй әкемнің қарындасы Нарша деген апайымның үйі еді. Ай сүттей жарық болатын. Иттің үргенін естіп, шашы жалбыраған кішкентай қыз шықты. Иен үйдің алдында шошайып жалғыз тұрған мені көріп, бала шошып қалды-ау деймін.
– Бұ кім? – деп баж ете қалды.
– Қорықпа, қалқам, мен Ерболмын, – дедім балаға қарай аяңдап. - Өзің кімсің?
– Мен Бақытжанмын, - деді қыз сенер-сенбесін білмей. Қасына таман барып, мені танығаннан кейін «ағатай!» деп Бақытжан мойныма асыла кетті. Үй сыртынан ентігіп Қарашеке келіп, менің мойныма өзінің қайта асылуына орын жоқ болғандықтан, шыр айналып құйрығымен сабалай берді.
– Тәтем мектепте жиналыста еді, – деді Бақытжан. – Бүгін колхозда жиналыс болып жатыр. Мен тез барып айтып келейін, аға. Бақытжан үйге кірместен мектепке қарай жүгірді. Оның соңынан дүсірлетіп Қарашеке қоса кетті. Біраздан соң ол арсалаңдап қайтып келді. «Менің тілім жоқ қой, ешкімге айта алмадым және сені жалғыз қалдырғым келмеді», – деп келгендей болды, ол маған. Содан соң «жүр, өзіміздің үйге жүр» дегендей, менің назарымды өзіміздің үйге аударып, қыңсылап, соның есігіне қарай қайта-қайта бара берді. Асығып тарп-тұрып басып, сүрініп-қабынып әрең жеткен апайымды және басқа екі-үш әйелді Қарашеке екеуміз екі үйдің ортасында, мен түрегеп, итім қасымда шоқиып отырып, қарсы алдық.
– Қуатым-ау, бауырым-ау, бармысың, қалқам! Сені де көрсететін күн болады екен ғой, – деп өксіп, еңіреп келіп апайым мені құшағына алды. Дауыс айтып, көшені басына көшіріп, айғайлап жіберді.
– Сабыр, Нарша, сабыр, – деп қартаңдау әйел апайымның иығынан тартты.
– Е, қой әрі, бауыры аман келген кісі жылай ма екен? Өзіміздің бауырымыз аман келсе, – деді жастау әйел дауысы.
Қараңғыда кімнің кім екенін біліп болмайды. Тәтемнен кейін жаңағы әйелдер келіп, кезек-кезек бетімнен сүйді.
– Аман-саумысың, қалқам?
– Көктен түстің бе, жерден шықтың ба, қалқам-ау, осы жеті түнде қалай келіп қалдың? – десіп жатыр олар.
– Дені-қарның сау ма, қуатым. Қол-аяғың бүтін бе, айналайын, – деп мені шыр айналып апайым айналып-толғанып жүр.
– Бәрі бүтін, тәте, – деймін мен күліп.
– Е, немене, бауырың ақсақ боп қалды ма деп қорқып жатырмысың, – деді жаңағы жастау әйел. – Ақсақ болса да аман келсе екен өздері.
Осы кезде мектеп жақтан даңғыр-дұңғыр сөйлескен адамдар дауысы естілді. Үкідей ұшып жүгіріп Бақытжан келді,
– Ербол ағам келді деп, ана ауылдың бәріне хабарлап келдім, – деді ол ентігіп.
– Ойпырай, мына қыз жаңа Бүркітбайдың басына жай түсіргендей қылды ғой, – деді жастау әйел. – Уәкілден кейін Бүркітбай қайта сөйлеп мыжып келе жатыр еді. Мына қыз келіп есіктен: «Тәте, жүр үйге, Ербол ағам келді» деп шар ете қалғанда, басекең сөзінен жаңылып кетті-ау біржола.
– Нарша қозғалатын емес, сонсоң мен түрттім мұны: «Жүр, неғып отырсың, Ербол келіпті ғой» деп.
– Ербол дегенді естігенде өн бойым ұйып кетті де, не болғанымды білмей қалдым, – деді тәтем. – Содан соң буынымды баса алсамшы. Үш ұмтылып орнымнан әрең тұрдым. Сонсоң есікке жете алсамшы. Мына Зәлен мен Сәукен келіп қолтығымнан демемегенде тіпті сол арада құлап қалады екенмін.
Жаңағы әйелдердің бірі көрші әйел, бірі сөзге шегедей тықылдақ құдағиым екенін апайым аттарын атағанда бірақ аңғардым.
– Жиналыстан неге кетіп қалдыңыздар, – дедім мен Сәукенге.
– Жиналыстары бар болсын, – деді Сәукен суырыла сөйлеп.
– Өзі де біткен. Жалғыз құдам келді дегенде отырайын ба сол кәрі қырттың көкігенін тыңдап.
Сәукеннің Бүркітбайдан менің өшімді алып жатқаны да білініп қалды. Осы кезде мектеп жақтан шығып, бізге қарай келе жатқан ауыл адамдарының қаралары көріне бастады.
– Ербол, қалқам, - деді тәтем біздің үйді нұсқап, – мынау әкеңнің қара шаңырағы - өз үйің. Осы үйдің түтіні өшіп қалмасын деп, үш күнде бір қазандығына от жағып, қара су қайнатып қоямын. Бүгін де от жаққанмын, іші жылы. Ыдыс-аяқ, дүние мүлік бәрі қаз-қалпында. Жүр, қарағым, өз үйіңе кір, бәріміз де сонда боламыз. Тәтем мені өз үйіме қарай бастады да:
– Әй, Бақыт, кілт қайда, тез кілтті әкел, сіріңке ала кел,– деді қызына.
– Қазір, – деп Бақытжан өз үйіне қарай шапты. Біздің бетіміз - өз үйімізге қарай бұрылғаннан кейін Қарашеке қуанып, құйрығын былғаңдатып құлыптаулы есікке қарай жүгірді. Бағанағыдай шапшып, ондағы қара құлыпты бір тырнады да, қайтадан бізді шыр айналып, кез келгенімізді құйрығымен сабалай бастады.
– Ойпырай, құданың мына жаман итінің құтыруы-ай, – деді Сәукен. – Кет, әй, құйрығы сабаудай ғой кәпірдің.
– Бұл байғұс осы үйдің адал күзетшісі ғой, – деді Зәлен. – Үйде ешкім болмаса да, бұл босағаны ешкім аттап кірмесе де, әйтеуір, осы үйдің жанынан шықпайды ғой. Анда-санда көзіме түскенде шақырып, тамақ беремін. Тамағын іше сала осы үйге қарай жөнелгенде кейде көзіме жас келеді.
– Е, оның дұрыс, – деп шешенсіді Сәукен. – «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деген бар емес пе? Әрине, жас келеді. Бүкіл ауылдың басы болған ақар-шақар бір үйдің түтіні түтемей қалған соң, қайтсін жас келмей.
Бақытжан кілт әкеп, әйелдер «пісміллә» деп ішке кірді. Олар шам жаққаннан кейін мені шақырды. Керосин шамның қара көлеңке жарығында балалық кезімнің бар ізі сайрап жатқан өз үйімнің төріне шығып отырдым. Бірінен соң бірі ауыл адамдары келіп, елдің дәстүрлі амандасуы басталды. Бүкіл ауыл біздің үйге кіріп шықты. Көптен бері йен тұрған үй бір түнде базар болды да қалды.
Ертеңінде таңертең мен, апайым, Бақытжан және басқа кіші жиендерім бәріміз соғыс кезінің жұтаң таңертеңгі шайын ішіп отырдық. Бір кезде арсалаңдап, құйрығын тыным таппай былғаңдатып Қарашеке кіріп келді.
– Есік ашық қалды ма екен, әлде мына байғұс тырмалап өзі ашып кірді ме, – деді апайым алдында жатқан бір жапырақ қармаға қолын соза беріп. – Бұл бейшараның сен кетіп қалды ма деп жаны шығып жүр ғой.
– Кет, – деп қалды Бақытжан итке қолын сермеп.
– Тек, тиме, – деді тәтем. – Мә, мына бір жапырақ нанды сыртқа алып шығып бер.
– Мә, мә, Қарашеке, кә, – деп Бақытжан итті еліктіре сыртқа қарай жүгірді. Қарашеке құйрығын бір былған еткізіп, маған қарады да «Қайтейін, әркімге өз тамағы жақын ғой. Кетпегеніңді, туған үйдің төрінде отырғаныңды көрдім. Енді Бақытжанның қолындағы өз үйімнің дастарқанына бұйырған несібені жейін» дегендей тырнақтары тақтай еденді тесе жаздап, сатырлата сыртқа қарай жүгірді.
– Қарашеке мен Лашын ағаңның жақсы көрген иттері еді ғой, – деді тәтем әкемді есіне алып. – Ағаңнан «қара қағаз» келерде Қарашеке байғұс жаман ұлып, жүдеп кетті.
– Лашын қайда? – дедім мен осы кезде сары тазы есіме түсіп.
Әкем қыс түскенде анда-санда аңға шығып қоюды ұнататын. Сондықтан біздің үйде күшігінен асыраған екі ит болатын. Бір сары, бір ақ күшікті әкем бір жақтан екеуі де тазының күшігі деп әкеліп еді. Қарашеке күшік дүрегей де, сары күшік құлағы пілдің құлағындай үлкен қара ауыз тазы болып шықты. Оны біз Лашын деп атадық. Лашын үйіне жетпей түлкі ұстады. Қарашекенің де өзіндік өнері болып шықты. Келесі бір аңға шыққанда әкем Қарашекені жер-суға сыйғызбай мақтап келді. Таңертең әкем Лашынды қосып, бір түлкі алады. Түлкіні ол темір жолдың ар жағындағы Ақшоқы дейтін таудан аулайтын. Түске таман тағы бір түлкі көріп, Лашын қосылған екен, түлкі інге кіріп ұстатпай кетеді. Сол кезде ін аузында аңырып тұрған Лашынның қасына әкем мен Қарашеке де жетеді. Қарашеке іннің аузын иіскеп-иіскеп жіберіп, бір-екі қыңсылайды да, іннің ішіне кіре бастайды.
Әкем аттан түсіп, мынау қайтеді деп тұрады да, іннің ішіне кірсе бір түлкіге шамасы келер деп, оны тоқтатпайды. Ит іннің ішіне кіріп кетеді. Әлден уақытта ін аузынан Қарашекенің құйрығы, одан соң бөксесі көрінеді. Сөйтіп ол ін ішінде жатқан түлкіні тамағынан тістеп, шала жансар күйінде алып шығады. Содан кейін Лашын мен Қарашеке біздің ауылда «қос қыран» атанған-ды.
– Лашын өліп қалды, – деді тәтем менің сұрағыма жауап беріп. Оның қалай өлгенін айтсам ба, айтпасам ба деп ойлады ма, сәл бөгеліп барып сөзін қайта жалғады. – Бүркітбай өлтірді.
– Қалай?
Әкем соғысқа менен кейін, қырық бірінші жылдың қысында алынған. Одан соң әкемнің орнына Бүркітбай колхоз председателі болып сайланады. Әкем кеткен соң екі ит аңсырап, кейде өздері далаға кетіп қалып жүреді. Кешке арсалаңдап келген екі итті көріп, көршілер: «Әй, осы екі ит бүгін түлкі алып, далаға тастап келді-ау» деседі де қояды. Келер қыста иесіз екі ит қатты жүдейді. Далаға аңсарлары ауып, ешкімге еріп шыға алмай қор болады. Бір күні Бүркітбай ешкімнен сұрамастан үй сыртында жүрген екі итті ертіп, далаға алып кетеді. Ол Лашынға күні бойы екі түлкі ұстатады. Кешке қарай жүдеу, арық ит үшінші түлкіні әрең ұстайды да, қардың үстінде шөкесінен түсіп жатып қалады. Күн тез суытып, қатты ызғырық тұрады. Үш түлкі алған Бүркітбай итке қарамастан ауылға қарай тартады. Итті алдына өңгеріп ала кетсе ештеңе жоқ. Лашын сол шөкесінен түскен бойы қозғалмастан қатып қалады. Бүркітбайға ілесіп Қарашеке ауылға келеді. Ертеңінде ішіне шөп тыққан үш түлкінің терісі жалаудай желбіреп, Бүркітбай үйінің төбесінде тұрады. Шешем одан: «Тазы итім қайда?» деп сұраса, ол: «мен ешкімнің итін бағып жүргемін жоқ» дейді.

ВЫ ЧИТАЕТЕ
Махаббат қызық мол жылдар
RomanceМахаббат қызық мол жылдар - Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 3...