Студенттердің қос өкпесіне найзадай төніп, жазғы емтихан да жақындап келе жатты. Найзадай төнетіні студент сияқты жас желең қауымның ішінде желбас жігіттер мен желөкпе қыздар аз болмайды. Қысқы семестрден қалт-құлт етіп өткеннен кейін олар «Әй, жаз қайда, біреу қайда» деп, қолды бір-ақ сермеп, кітап пен конспектіні жауып тастап, секеңдеп сауық іздеп, селкілдеп би билеп кетеді де, емтихан тақағанда естері кіріп, қыл көпірдің аузына кеткендей қалтырайды екен. Соғыстан келген маған студенттердің емтихан тапсыруы әскерлердің ұзақ жақтан бекіністен көтеріліп, мылтығының найзасын ұмсына кезеп «Уралай!» ұмтылған жауынгерлердің бәрі бірдей алға баспайды: біреу оққа ұшады, біреу денесінен қызыл қан саулап, жер құшады - жаралы болады. Ал емтихан тапсырғанда ешкімнің оққа ұшуы жоқ. Оның есесіне қан орнына көздерінен жас сорғалаған «жаралы» көп болады екен.
Біздің курстан емтиханның найзасына бірінші түйрелген Сақила деген семіз сары қыз болды. XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің емтиханынан ол өкіріп жылап шықты.
– Не болды? Не болды? - деп жатырмыз отыз үшінші аудитория есігінің сыртында дәлізде ішке кіруге кезек күтіп тұрған біз.
– Құладым, - деді ол солқылдап келіп, алда тұрған қыздардың бірінің мойнына асыла кетіп.
Біз оны ортаға алып, өзімізше жұбатып жатырмыз. Қандай сұрақ келді дейміз.
– Бұхарды білесің бе деп сұрады оқытушы, - дейді Сақила солығын басып.
– Сен не дедің?
– Білемін дедім.
– Сонсоң?
– Білсең оның жаңалығы, ерекшелігі қандай? – деді оқытушы.
– Дұрыс, сен не деп жауап бердің?
– Мен ойланып тұрдым, тұрдым да: «Бұхардың жаңалығы самауыр мен ақшәйнек қой, ағай» дедім.
Біріміз күліп, біріміз ренжіп жатырмыз, «Сөйтіп кісі жауап бере ме екен» дейміз.
– Қайдан білейін, – дейді Сақила өксігін әрең басып, - Бұхар – сауда-саттық қаласы, қазаққа самауыр мен ақшәйнек содан тарады дегенді бір құлағым шалғаны бар еді...
– Әй, әй, қуаттарым, айтсаңдаршы, - деп өңі құп-қу болып Зайкүл ортаға шықты. - Осы сұрақ келіп қалса менің не деп жауап беруім керек?
– Алдымен, – деді Меңтай, – сен Бұхар жырау өлеңдерінің аттарын біліп ал.
– Иә, айтшы сол түскірлерді, - дейді Зайкүл елпілдеп.
– Бұхар жырау Абылайханның тұсында өмір сүрген, - дейді Меңтай ол жайындағы мәліметтерді Зайкүлге қысқаша айтып түсіндіруге асығып. – Өлеңінің аттары мынадай: «Айналасын жер тұтқан...»
– Мұнысы не пәле, «жер тұтқан ба, жер жұтқан ба?», қайсысы? - дейді Зайкүл екі көзі бақырайып.
– Өлеңнің аты, «Айналасын жер тұтқан», – дейді Меңтай оған ыждағатпен түсіндіріп.
– Ойбай-ай, Меңтай. Менің миымда тұрады дейсің бе бұл пәлең. Одан басқаларын айтшы.
Меңтай шұбырта жөнелді.
– «Ай, Абылай, Абылай», «Керей қайда барасың?», «Бірінші тілек тілеңіз», «Жал құйрығы қаба деп», «Қалданменен ұрысып»...
– Ойбай-ай, Меңтай қуатым-ау, мынаның қайсысы есте тұрады? Әне біреу, «Әй, қайда барасың?» дегені болмаса.
Біз ду күліп жатырмыз. Тек Меңтай ғана күлмейді.
– «Әй, қайда барасың?» емес, ол өлеңнің аты «Керей, қайда барасың?» – дейді Меңтай Зайкүлге бар ынтасын сала түсіндіріп. - Бұл жыраудың Абылайханнан жапа көріп, үдере көшіп бара жатқан қазақтың Керей деген руына айтқан өлеңі.
Осы арада жұртты емтиханға біртіндеп кіргізіп, кіргендерді сыртқа шығарып тұрған Жомартбек мысқылға басты. – Зайкүл Бұхар жырауды неғылсын, «Әй, қайда барасың?» деп маған айтып жатыр ғой.
Біз бұған ішек-сілеміз қата күліп жатырмыз.
– Әй, жүгірмек, тыныш тұршы, - дейді әшейінде Жомартбекке жұдырығын ала жүгіретін Зайкүл қойдан қоңыр жуастықпен. - Иә, Меңтай, одан соң не дейін?
– Бұхардың жаңалығы не деген сұрауға мынаны айтасың. Жыраудың өлеңдері сыңсыған шешендік сөздерге толы. Оның өлеңінің қай жолын алып оқысаң да ақыл, нақылға кездесесің. Мысалы, «Айналасын жер тұтқан айды батпас демеңіз. Айнала ішсе азайып, көл таусылмас демеңіз» деген сияқты. Осындай керемет шешендік - Бұхар өлеңдерінің ерекшелігі. Осы шешендік әдебиет тарихында «Бұхар сарыны, Бұхар үлгісі, оның жаңалығы» деп аталады. Енді ұқтың ба, Зайкүл.
– Ұғуын ұқтым ғой, Меңтай. Бірақ мен көк мимын ғой. Қазір ұққанымды қазір ұмытып қаламын. Сақила, – деді ол әлі өксігін баса алмай тұрған серігіне қарап. - Сенің екінші сұрағың не?
– Махамбеттің романтизмін білесің бе? – деді содан соң оқытушы, - деп Сақила көзін сүрте бастады.
– Иә, сен не дедің?
– Білемін, - дедім мен.
– Білсең айт, – деді оқытушы.
Ары ойландым, бері ойландым. Ақыры оқытушы Махамбеттің оқыған романдарын сұрап тұрған шығар деп ойладым да:
– Махамбет романдарды көп оқыған, - дедім.
– Е, қандай романдар оқыпты? - деді оқытушы жымыңдап. Ол жымыңдағанда мен ойындағысын дәл тапқан екенмін деп қуанып кеттім де:
-Алдымен «Жұмбақ жалау» романын оқыған, дедім.
– Е, тағы қандай романдар оқыпты? - деді оқытушы.
– «Менің құрдастарымды» дедім мен.
– Иә, сонсоң? – деді оқытушы одан сайын күлімдеп.
– «Ақын» романын дедім мен, дәу де болса күтіп отырғаныңыз осы болар деп.
– Зачет книжкаңды әкел, - деді оқытушы қолын созып. Мен кемі үш қоятын шығар деп ойладым. Ол қол қойып, қайтарып берді. Қарасам екі қойыпты, - деп Сақила қайтадан еңкілдеді.
– Сағынова Зайкүл, - деді Жомартбек бір қолымен тұтқадан ұстап, дәліздегі бізге де, іштегі оқытушыға да естірте дауыстап.
Өйткені оқытушы студенттерді өз емтиханына бөгелтпей кезекпен кіргізіп тұруды Жомартбекке тапсырған болатын. – Сіздің кезегіңіз келді, емтиханға кіріңіз.
Зайкүл есік жанына жеткенде дар алдына келгендей құп-қу боп кетті. Оның кішкентай бөгеліп, жүрегімді тоқтатайын дегеніне Жомартбек қараған жоқ.
– «Шегінуге жол жоқ - артымызда Москва!» – деді де, Зайкүлді қолды-аяққа тұрғызбастан есікті шалқасынан ашып, ішке еріксіз кіргізіп қоя берді.
Енді біз Зайкүлдің тілеуін тіледік. Есіктің кілт салатын тесігінен кезек-кезек сығалап, оның қандай күйде отырғанын байқаймыз. Содан соң тағы біраз тым-тырыс бола қаламыз. Осы кезде өксік қысып, солқ ете қалған Сақила дыбысы естіледі.
– Саспа, Сакила, - дейді Жомартбек алақанын бипаздай сермеп. – «Бәрі өтеді, бәрі өзгереді» деп, мен емес Гераклиттің өзі айтқан. Ендеше бұл да өзгереді - сенің екің үшке түзетіледі.
– Қалай? – дейді Сакила көзін сүртіп.
– Былай. Қазір Зайкүл бес алып шығады. Содан соң...
– Иә, содан соң? – дейді Сақила Жомартбекке, ол бейне бір өлімнен құтылудың жолын айтатындай-ақ, жалбарына қарап.
– Содан соң Қанипа екеуі оқытушыға оңаша кіреді де, ортаға алады. Қанипа: «Ағай, Сақилаға үш қойып берсеңізші» дейді көзін құбылтып. «Иә, сөйтіңізші, ағай» дейді Зайкүл емініп. Екі қыз қиылып тұрған соң көңілшек ағай жібиді. «Сақила ертең келсін» дейді. Сөйтіп, Гераклиттің айтқаны болады да шығады.
Қойыңыз, қойыңыз, жаман екен ойыңыз» деп Қанипа әндете өтірік күліп, көлгірсіп Жомартбекке қарап, сахнаға шыққан бишідей боп, мойнын қылқыңдатты.
– Иә, түк қоятыны жоқ, - деді Майра оған бұрылып, – шашың мен мойныңды Кербез ағайға босқа сипатқанша, Сақиланың бағасын түзеттіріп бер.
Бұл сөзді басқа қыздар да шуылдап, қостап қалды.
– Зайкүл тапсыра ала ма? - деді Сақила Жомартбекке.
– Тапсырады. Ол тегіннен-тегін «Чеховтың қарындасы» аталған жоқ қой.
Бұған бәріміз де мырс ете түстік. Оның мынадай мәнісі болатын.
Қыста XIX ғасырдағы орыс әдебиетінен емтихан өткізуге әзірленіп жүрдік. Бір күні үзіліс кезінде Зайкүл бәрімізге сұрақ қойды.
– Чеховтың бір қарындасы туралы айтқаны бар еді ғой, сол сөз кімнің есіңде?
– Қай қарындасы туралы? – дедік біз түсінбей. - Мария Павловнаны айтасың ба?
– Тілімнің ұшында тұр, өзінің бір қарындасы жайында айтып еді ғой.
– Не деп?
– Не деуші еді кісі өз қарындасы туралы. Соның бір жақсы қасиетін айтқан.
Біз Чеховтың әйел аттас шығармаларын атай бастадық.
– «Ниночка» ма?
– Жоқ, – дейді Зайкүл басын шайқап.
– «Ит жетектеген келіншек» пе?
Зайкүл сақылдап кеп күледі.
– Қойыңдаршы әрі, келіншек ит жетектеуші ме еді? Ол бір ауылдың аңшысы ма екен иттерін қасынан қалдырмай ертіп жүретін?
– Ойбай, Зайкүл, сен білмейді екенсің ғой, – дейді Жомартбек орнынан ұшып тұрып, – Келіншектердің керемет аңшылары болады.
– Өзгеге сенсем де, саған сенбеймін. Жомартбек, – дейді Зайкүл қолын бір-ақ сермеп.
– Онда «Апалы-сіңлілі үшеуді» айтасың ба?
– Жоқ, үшеу емес, біреу, – дейді Зайкүл біздің діңкемізді құртып. – Чеховтың сол сөзін жұрт айта береді ғой ылғи.
Өлдік-талдық дегенде, келесі үзілісте оны әрең таптық. Сөйтсек, Зайкүлдің сұрап отырғаны Чеховтың «Краткость– сестра таланта» дейтін нақылға айналып кеткен атақты сөзі екен. Сол күні біз бәріміз ішек-сілеміз қата күле отырып, Зайкүлге «Чеховтың қарындасы» деген атты бірауыздан бергенбіз. Жомартбектің еске алып тұрғаны осы оқиға болатын.
Біз күлкімізді тыйып үлгіргенше іштен қойқаң қағып Зайкүл шыға келді. Бәріміз оған қарай қоғадай жапырылдық.
– Не алдың, Зайкүл?
Ол бізге бес саусағын көрсетті.
Сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Зачет книжкасындағы «5» деген бағаны көргенде ғана иландық.
– Не сұрақ келді өзіңе?
– Не сұрақ келгенін неғыласыңдар, мен ештеңені де жетістіріп айта алғамын жоқ. Бар бітіргенім мынау болды.
– Қыздар Зайкүлге қарай ентелей түсті. – Кербез ағай бетіме қарап отырды да: «Зачет книжкаңды әкел, Сағынова» деді. Байқаймын, екі қоятын түрі бар. Емтиханды мен емес, ол беріп отырғандай-ақ, екі иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп барады. Аяп кеттім байғұсты. Содан соң қайдан шықса, одан шықсын дедім де, бастым тәуекелге. Зачеткамды қолыма ұстап, юбкамның өзі қысқа етегін одан сайын көтеріңкірей түстім де, стол жанында Кербез ағайдың қарсысында тұрған орындыққа жалп етіп отыра кеттім барып. Ағайдың тышқан көзі жылтырай жайнап, менің мына оқтай түзу сирағыма, жұп-жұмыр тіземе қадалып, одан да жоғарылай берді. Мен оны сезбеген болып, зачеткамды ұсынып былай дедім: «Мен не қойсаңыз да ризамын, ағай. Бірақ, сіз сияқты теңіздей терең білімі бар ғұлама ұстаздан сабақ алып жүрген мені үш пен төртке оқиды деп ешкім де ойламайды». «Төрт» дегенді әдейі айтып отырмын. «Әттең, үш қойып берсе жарар еді» деймін ішімнен. Кербез ағайдың осал жеріне дәл тидім-ау деймін, книжкама қонжитып бесті қойды да берді.
Бұл оқытушымыз өте мақтаншақ кісі еді. Лекция үстінде ол екі сөзінің бірінде: «Мына мен нағыз қыпша бел, қыр мұрын, сымбатты жігітпін ғой» деп отыратын. Оның үстіне өзін үлкен, ұлы адамдармен қатар қоя сөйлеп: «Кеше Мұхит Әуенов екеуміз театрға бардық» немесе «Бұл тақырыпқа байланысты менің мақаламды, одан соң Белинскийдің мақаласын оқыңдар» деп те бөсетін. Осы мінезі үшін қыздар оны сыртынан «Кербез ағай» деп атайтын да, «Қыздар, тыныш отырыңдар, Кербез ағай келе жатыр», «Кербез ағайдың лекциясына барсам ба екен, бармасам ба екен?» десетін. Зайкүл қу оның осал жерін тап басыпты.
– Мынауың масқара екен, - деді Меңтай. Бұған дейін Меңтай аузынан мұндай қатал сөз шыққанын естіген емес едім. Ол жолдастарының кемшілігін кешіре біліп, ешкімнің көңілі қаларлық сөз айтпайтын еді. Сол сабырлы әдетін бүгін бірінші рет бұзғанына қысылды ма, кім білсін, Зайкүлдің сөзін естіп болғаннан кейін құлағының ұшына дейін қызарып, төмен қарады. – Мына сөзіңді бізден басқа ешкім естімесін.
– Енді қайтейін, – деді Зайкүл Меңтайдың алдында ақталғысы келгендей. – Жаңағы сен айтып бергеннің бәрін лезде ұмыттым да қалдым. Қысылғанда адам не істемейді. Ағайдың мақтаншақтығы, менің шашымды сипай беретіні ойыма түсті де, жаңағыны істедім. Енді қайтейін, бір семестр бойы басымды бекерге сипаттым ба мен оған. Басты айтасың Кербез ағай жаңа менің бұғағымды да сипап салды. – Біз күліп жібердік. – Мейлі, сипаса сипай берсін, – деп Зайкүл сөзін аяқтауға ыңғайланды. – Оған менің нем кетті, бір бесті соқтым да алдым.
– Бес қана емес, сен бір түлкі соғып алған сияқтысың, Зайкүл, – деді Жомартбек жымыңдап. – Анада аңшы әйел болмайды деп таласып едің, нағыз аңшы әйел өзің боп шықтың ғой.
– Әй, Жомартбек, байқап сөйле: мен әйел емеспін, қызбын.
– Ә-ә, солай екен-ау, – деді Жомартбек мүләйімсіп. Содан соң түк білмеген кісідей әндете жөнелді. – «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз секірді терең суға» деген екен-ау Абай атамыз. Білген адамға жақсы сөз-ау бұл бір.
Қыздар мұның Зайкүлге арналып айтылғанын сезіп, біріне-бірі қарап жымыңдасты.
– Әй, неге жымыңдайсыңдар, қыздар? - Зайкүл әр қыздың бетіне кезек қарады.
– Жай, жаңағы Жомартбектің «етімді шал сипаған» дегеніне күлеміз.
– Бұл маған айтқан екен ғой. Тілі тотияйындай осы жүгірмектен-ақ көрдім-ау, – деп Зайкүл жұдырығын түйіп, Жомартбекке қарай тап берді.
– Жоқ, жоқ, Зайкүл, - деді Жомартбек қашқақтай ақталып, – «Етімді шал сипаған құрт жесін деп» жартастан терең суға секіріп жүрген сен емес, феодализм заманының ескі қызы ғой ол. Сенің жөнін басқа, сен жаңа заманның сұлуысың. Кербез ағаң да шал емес, қырықта ғана.
– Ә, солай десеңші одан да, – деді Зайкүл Жомартбектің сұлусың дегеніне жайылып түсіп қалып. Оның «Кербез ағаң қырықта ғана» деген сөзіне мән де берген жоқ.
Өстіп, Жомартбек «Шегінуге жол жоқ – артымызда Москва» деген Клочков сөзін бас командашының бұйрығындай қайталаумен жұртты еріксіз ішке кіргізіп, есіктен аппақ боп енген қыздар қып-қызыл боп шығып, «Не алдың? Төрт. Құттықтаймын. Не алдың? Үш. Оқасы жоқ» деп, жылап-сықтап, күліп-қуанып, алысып-әзілдесіп жүріп, алғашқы емтиханды да өткердік.
ВЫ ЧИТАЕТЕ
Махаббат қызық мол жылдар
RomanceМахаббат қызық мол жылдар - Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 3...