XVIII

184 2 0
                                    


Көлеңкесін сүйретіп ашық күнде ұзақ жортқан салт атты жолаушыға ұқсап, біздің тілші деген ағайындар да кезбе келеді, – деп бастадым мен әңгімемді. «Иә, бәсе, ағайдың әңгімесі осылай боп келсе керек еді» деп Майра күлімдеп, қуанып қалды. Меңтай да ықыластана жымиып қойды. Олар күлгенге мен мәз болып, әр сөзімді одан сайын бейнелеп, бедерлеп айтуға тырыстым. – Ел кезіп, аудан аралап жүрген күндердің бірінде, жолым түсіп, өзіміздің «Ақбота» ауылына соқтым. Жұмабай жездем соғыстан аман-есен қайтқан болатын. Кешке келіп сонда түсіп, апайымды, жиендерімді қуантып, аунап-қунап жаттым да, ертеңінде Бүркітбайға сәлем берейін деп колхоз кеңсесіне бардым.
– Ассалаумағалейкүм, - дедім председатель кабинетінің табалдырығын аттай бере.
Төрде күжірейіп Бүркітбай отыр екен. Мен бала күнімнен білетін кешегі ширақ, кірпі шаш, ұзын бойлы, көзі тұздай көк сары жігіт бұл күнде үйелмендей сары шал болыпты. Иегі ілгері ұмсынып, шошқаның кірпігі сияқты қою ақ кірпік торлаған, тұзы азайғандай түссіз көк көздері өзін жұтқалы келе жатқан жыланнан қорыққан тышқандай боп бүрісіп, бұғып қалған қарсы алдындағы жұдырықтай әйелге тікенектей қадалып, тесірейе қалыпты. Бүркітбай маған мойын да бұрмастан, ормандағы сары аюдың табанындай балпиған күректей етжеңді алақанын, жас баланың қос жұдырығындай қызыл мұрнына қонған шыбынды қаққандай, бір сілтеп қалып:
– Әй, сәлеміңді қойшы, әрі, – деді.
Бүркітбай бұрынғысынша жай сөйлейді екен. Әр сөзін ақпанда құтырып адам тарпыған бураның тізесіндей тегеурінмен нығарлап, нығыздай айтатын болыпты.
Оның оң қол жағында, соғыста үлкен командирлер ғана ұстайтын, қалыңдығы қылыштың қырындай сары әмірқан былғарыдан жасалған, иыққа асынатын ұзын баулы, әскери сумка жатыр. Шабуылға шыққанда кей командирлер оған гранат, немістердің олжа пистолет – ауыр парабеллумын салып алатын. Бүркітбай, шарап сауытының тығынын бұрала сүңгіп тесіп өткен темір бұрандадай боп әйелге қаралып қалған түссіз көк көзін бұрмастан, оң қолын сумкаға қарай созып, сипалап, оның аузын аша бастады. Мен мына мылқау дүнгене сумкадан мылтық суырып алып, сорлы әйелді бүрісіп отырған бойында басып салар ма екен деп қорықтым. Шынында да ол сумкадан немістердің ағаш сапты гранатасы сияқты ұзындау бірдеңені суырып алды. Сөйтсем, онысы ішімдіктен босаған сида сауытқа толтыра салып алған, тышқанның құмалағы сияқты, қиыршық-қиыршық қара бұйра насыбай екен. Соның шошайған қағаз тығынын алып, сол жақ алақанының шұңқырына бір уысқа жуық насыбайды бір-ақ салды да, насыбай емес, қылқ еткізіп коньяк жұтқандай етіп, апандай аузына апарып тастап кеп жіберді. Тілінің ұшымен екі ұртын кезек-кезек бұлтитып, тығырыққа қасқыр қуып тыққандай құмарлықпен, аузындағы насыбайды салпы ерін мен сары тістің арасына жинады да, рақаттанғандықтан екі езуі, үнсіз ырылдаған сары төбеттің езуіндей, жыбырлап қоя берді. Содан соң, сабалақ сары шашты аю басын әрең қозғап, солға қарай бұрды да, кәрі қойдың тісіндей мүжіліп, түп жағы қарайып кеткен, үш жағы сап-сары сирек тістерінің арасынан сыздықтата, шырт еткізіп түкіріп қалды. Бүркітбай түкірмек боп басын бұрған кезде бұрандаға ілініп, суырылып бара жатқан тығындай, әйел байғұс орнынан көтеріле берді де, Бүркітбай бері қарай қайта бұрылғанда әйел де сылқ етіп, орнына отырды – өн бойын темір бұранда бойлай кіріп, қозғалтпай тұрған тығын сол күйінде қалды.
Бүркітбайдың түкірігі сол жақтағы үстелде бұқиып бірдеңе жазып отырған есепшінің оң жақ бетіне шылп ете түсті. Есепші ыржың етіп басын бір көтерді де, бетін алақанымен сипай салды. Содан соң қағазына қайта бұқиып, жағына Бүркітбайдың түкірігі емес, нақ бір құдайдың жылы жаңбыры тигендей масайрап, мыңқ етпестен отыра берді. Есепші жігіт біздің ауылдың Тұрсын деген баласы болатын. «Тұрсын, төбеңнен құдай ұрсын» дедім мен ішімнен оның бетіндегі Бүркітбайдың насыбай аралас түкірігінің айғыз-айғыз ізін көріп тұрып.
Бүркітбай рахаттана түкіріп тастап, қатты бауырсақ шайнағандай, аузын қайта-қайта малжаңдатып, тышқанның қиындай түйіртпек насыбайдан әлдебір әл алғандай боп, алдындағы әйелге одан сайын тесірейе қарады.
– Сендер, немене, соғыс бітті, енді Бүркітбайдың сөзінің бір тиын деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, соғыс бітсе, соғыстан бүлінген дүниені қалпына келтіру бар. Бұл да соғыстан кем емес. Ендеше Бүркітбайдың бұрынғы бұйрығы – бұйрық, оның бұрынғыдай, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс! Біліп қойыңдар мұны. Ертеңнен бастап өзің шөпке жұмысқа барасың. Ал балаң тракторға шығады.
– Бала тәуір боп қалды, барсын, - деді әйел тамағы кеберсіп, үш-төрт сөзді бөліп-бөліп әрең айтып. – Ал маған екі-үш күн аял бер, Бөке, қатты ауырып жүрмін.
Әйел бойындағы бар қасіретті жүзіне жинап, Бүркітбайға жалына қарады.
– «Ауырып жүрмін», - деп кекетті Бүркітбай оны. – Ауырсаң– жұмыс басында өл, білдің бе, үйде жатпа. Кеудеңде жаның болса, ертең сені шөп басынан көретін болайын, білдің бе? Ал өйтпесең, онда менен жақсылық күтпе, білдің бе?
Әйел амалсыз көнгендей боп, басын изеді. Содан соң үнсіз орнынан тұрып, есікке қарай беттеді.
– Әй, қатын, тоқта, – деді Бүркітбай әйелге жеки ақырып.
– Неге үндемей барасың: шығасың ба өзің жұмысқа, жоқ па?
– Өмір бойы осы колхоздың жұмысымен көзіміз шығып келеді ғой, Бәке. Ауырған соң, амалсыздан бір күн қалып едім. Жарайды, өлсем, сол шөбіңнің басында-ақ өлейін, – деді әйел. - Ауданға барып, дәрігерге қаралып келемін бе деп едім, жібермедің ғой. Қайтейін.
Бұл әйелдің кім екенін ол тоқтап, кейін бұрылғанда бір-ақ білдім. Ері мен үлкен ұлы соғыста өлген Қанша апай екен. Соғыста өлген үлкен ұлы менімен түйедей құрдас еді. Қолындағы кенжесі біз соғысқа кеткенде кішкентай бала болатын. Сол есейіп, әжетке жарап, қаршадайынан жұмыс істеп, шешесіне сүйеніш болып жүр деп естігенмін.
– Сәлеметсіз бе, Қанша апай? – дедім әйел председательге ақырғы жауабын беріп болғаннан кейін.
Қанша апай да мені енді таныды.
– Аманбысың, айналайын. Ербол екенсің ғой, - деп жақындап кеп бетімнен сүйді. - Қашан келдің? Оқуың бітті ме, қалқам?
– Кеше келдім, оқып жүрмін әлі.
– Нарша байғұс қуанып, ақ түйенің қарны жарылып жатыр десеңші онда. Жарайды, қалқам, үйлеріңе барып жолығамын ғой, – деп Қанша апай қайтадан есікке қарай беттеді.
– Әй, қатын, – деді Бүркітбай әйелді тағы тоқтатып. Қанша апайдың әкесі азан шақырып қойған аты Бүркітбай үшін мүлде өшкен сияқты, қайта-қайта «қатын» деп атайды. – Дәрігер сенің не теңің, жұмысқа бара бер. Егер балаң ертең тракторға жанармай тасуға шықпаса, онда ауданнан мелитса шақыртып, айдатып жіберемін ұлыңды. Білдің бе?
Бүркітбайдың бар құқайына төрт жылдан бері шарасыз көніп келе жатқан жесір әйел бір ауыз сөз қарсы айтпастан, тағы да бас изеп, есіктен шығып кетті.
Бұрынғы бригадирімнің мынадай боп кеткеніне мен таң қалдым. Алғашында оның сәлемімді алмағаныма ренжіп қалып едім. Артынан, әлгі сорлы әйелді сонша жәбірлегенін көргенде оған зығырданым қайнады. Өзімді-өзім әрең ұстап, оған, қайтадан сәлем бердім.
– Ау, сен қайдан жүрсің? – деді ол сәлемімді алған болып. Мен жөнімді айтып, тілшілік куәлігімді көрсеттім.
– Е, тілші деген қалада отырмайтын ба еді, – деді ол енді мені мысқылдап. – Жұрт қалаға жете алмай жүрсе, сенің Алматыдан облыс келіп, облыстан ауылға шапқылап жүргенің қызық екен. «Сары иттің басын сары табаққа салса, шоршып түседі» деген осы-ay, - деп ол өзінен-өзі рақаттанып, кеңкілдеп кеп күлді. «Сары ит – сенсің, – дегім келді оған. – Шашың да, қасың да, шарық табақтай бетің де сары. Сен өңкиген сары аюсың!» Бірақ, әдеп сақтап, жасы үлкен кісімен тайталаспадым. Жөн жауап бердім.
– Қала қайда қашар дейсіз, – дедім де қойдым.
Бүркітбай тағы кеңкілдеді.
– «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар» деген қайда? Жалпақ жұрт сыйып жатқан қалаға сенің бір басыңның сыймағаны қиын екен, шырағым. Жарайды, жарайды, қалаға сыймасаң – дала кең. Өзің біл.
«Бұл қақпас неге менен ауылды қызғанып тұр?» деп ойладым ішімнен. Оның себебін артынан білдім.
– Ал, менде не шаруаң бар тілші болсаң? - деді Бүркітбай арт жағынан оны біреу ауыздықпен шаужайлап, отырғандай, екі езуін кезек қайшылап.
– Бірінші шаруам сізге сәлем беру еді. Оны әрең орындадым. Берген сәлемді алмайтын боп кетіпсіз. Екінші айтарым – колхозшы әйелмен жаңағыдай сөйлесуіңіз дұрыс емес. Сіз ол кісіні өзімнің меншікті күңім деп ойлайсыз бa? Жоқ, олай емес. Ол кісі колхоздың қожаларының бірі.
– Оны кім айтты саған?
– Партия.
– Маған ақыл үйрететін кімсің сен өзің?
– Облыстық партия комитетінің тілі – «Алатау жұлдызы» газеті қызметкерімін.
Бүркітбай булығып, үндей алмай қалды. Мен бұрылдым да, қоштаспастан шығып кеттім.
Ертеңінде қалаға қайтпақ болып, Төкешті іздеп, төменгі ауылға қарай беттеп, мектептің қасынан өтіп бара жаттым.
– Аға-а-а! – деп торғайдай шырылдаған бір бала дауысы шықты артымнан.
Жалт қарасам, шашы жалбыраған бір кішкентай қыз соңымнан жүгіріп келеді екен. Мен тоқтап, тосып алдым.
– Аға, сізді мұғалім тәтем, – деді кішкентай қыз ентігін баса алмай, – Сәлима тәтем шақырады. Өзі класта отыр.
Осы кезде мектептен жамырай жүгіріп, басқа балалар шықты.
Мен Сәлиманың осында мұғалім екенін білетінмін. Бірақ барып жолықпаған болатынмын. Өзі шақырған соң – барайын деп мектепке қарай бұрылдым. Колхоз кеңсесі мектептің дәл қасында еді. Оның сығырайған кішкене екі терезесі әлдекімді аңдығандай боп, мектеп жаққа жұтына, жылмия қарап, телміріп тұратын.
Бұрынғы у-шуы көп орталау мектеп соғыс кезінде жабылып, бастауыш мектепке айналған. Оның тұтас бір жақ жартысын колхоз алып, астық қоймасы етіп жібергенін естіген болатынмын. Өзімнің ең алғаш қанат қағып ұшқан ұям болғандықтан ба, әлде өмірлік жар болар деген үмітпен ең алғаш құшақтаған қызым Сәлима ішінде отырғандықтан ба, әйтеуір, мектептің табалдырығын аттай бере жүрегім қатты лүпілдеп кетті. Сәлима екеуміз ең алғаш рет сүйіскен класта, мұғалім үстелінің басында, есікке қырындау отыр екен. Оның қарсысындағы өзіме бала күнімнен таныс парталар, бұрыш-бұрышы күшіктің құлағындай делдиіп, «Апырау, мынау Ербол ма?» деп, жапырлай маған қарасқан сияқты болды.
Есіктің ашылған дыбысын естіп, Сәлима жазып отырған журналының бетін жапты да, мойнын бұрды. Класқа кірген адамның кім екенін білген соң, орнынан ауыр көтеріліп, мен үшін өзгеше бір жат қимылмен, үйрекше, екі жағына кезек теңселе басып, бері қарай аяңдады. Ол өзіме жақындағанда іші едәуір білініп қалған екіқабат екенін аңғардым. Бұрынғы аппақ беті тарғақтың жұмыртқасындай тарғылданып, әр жеріне әжімге әсте ұқсамайтын жалпақ, қызғылт сызықтар тартылыпты. Екіқабат әйелдің бетіне «ноқта» түседі деген осы екен ғой деп ойладым. Сәлиманың бұрын да бір баласы бар деп еститінмін. Ішіндегі екіншісі болар деп жорамалдадым.
Сәлима маған қол беріп амандасты. Мен де одан артыққа бармадым. Тарғыл бет, шартиған іш, үйрек аяң – бәрі маған біртүрлі жат та, жиіркеніштілеу де көрінді. Бірақ мұнымды сездірмеуге тырыстым.
Сәлима, алдымен, өзі барып сәлем бере алмай жатқанына кешірім сұрады.
– Соғыс кезінде келгеніңде де көре алмап едім, – деді.
– Оқасы жоқ, Сәлима, – дедім мен. – Өз халың қалай?
– Халдың несін сұрайсың? – деп күрсінді ол үстел жанындағы өз орнына отырып жатып. Мен, шәкірт сияқтанып, оның алдындағы бірінші партаға жайғастым. – Қара түнде адасып, қаңғып, елсіз шөл далаға шығандап кеткен адамда не хал болушы еді?
Мен үндемедім. Сәлиманың жүрегіндегі ескі жараның аузын тырнағым келмеді. Бірақ, Сәлима өз жайын мен сұрамай-ақ баяндай бастады.
– Мен сені ешқашан да кінәламаймын, – деп бастады ол сөзін. – Осалдың омыртқасын омырып, беріктің белін бүгілдіріп кеткен соғысты кінәлап, жас өмірімді мәңгілік өшпес өртке салып кеткен соған лағынет айтамын. Осалдық жасап, омырылып қалғаныма өкінемін, өзімді кінәлаймын.
– Осылай деді ме? Тура осылай деді ме, ағай? - деп Меңтай білегімнен ұстап алды.
– Иә, – деп мен басымды изедім.
– Түу, ағай, қандай жақсы болған! Мен сіз Сәлимамен кездесіп, ол тура осылай деп өз қатесін сіздің алдыңызда мойындаса деп ойлаушы едім. Кездескеніңіз, Сәлиманың осылай дегені қандай жақсы болған!
Меңтай арқасынан әлдебір ауыр жүк түскендей, ішіне сыймай жүрген осы бір мойындау сөзін Сәлима емес, бейнебір өзі айтқандай боп, масайрап, рақаттанып қалды.
– Сәлима бұдан басқа да бірсыпыра сөздер айтты.
– Енді ретімен айта беріңіз, ағай. Маған ең керегі жаңағы мойындауы еді, – деп Меңтай қайтадан сабырлы қалпына келді.
– Өзімді кінәлайтыным, – деді Сәлима ауыр бір күрсініп алып, – мен анау Танадай тұрақты бола алмадым. Сым қоршаудың ішінде болса да ол қазір сүйгенінің қасында жүр. Шын ғашыққа одан артық мұрат бар ма?
– Тананың қайда екенін біледі екен ғой, – деді Майра.
– Біледі екен...
– Ойлап қарасам, менің саған жазған соңғы хатым аққудың ақырғы әніндей бопты, Ербол, – деп Сәлима тағы бір күрсініп алды.
– Ол хат әлі күнге дейін сақтаулы, – дедім мен. Сәлима басын изеді.
– Онда мен шешен де, шебер де екенмін. Ақын болсам деген талап бар еді ғой онда кеудеде. Соның бәрі мына сары шалдың, саңырау дүлейдің, – Сәлима мектеп сыртындағы колхоз кеңсесі жақты нұсқады, - қалқасында қалды. Тұяғы қанданып, тұмсығы майланып, қорбаңдап жас жемтіктің кеудесін кеулеп жатқан кәрі қасқырдай күйге жеткен соң ақын емес, ақымақ қылды ғой ол мені.
– Сен әлі де ақынсың, Сәлима, – дедім мен. – Мына сөздеріңнің өзі төгіліп тұрған теңеу ғой.
– Ақындық қайда енді бізге, – деп күрсінді ол. - Бала-шағамен қалдық қой біз. Ал сен нағыз журналист боп кетіпсің, Ербол. Жазғандарыңның бәрін газеттерден үзбестен оқып жатамын.
– Нағыз журналист болуға әлі ерте ғой, - дедім мен басымды шайқап. Сәлима да басын шайқады.
– Жоқ, жоқ, рас айтамын.
Осыдан соң ол сәл ойланып, үнсіз қалды да, алғашқы бастаған әңгімесін қайтадан жалғады.
– Тағы да айтамын, Ербол, мен сені ешқашан да кінәламаймын. Ұл - жетім, жар - жесір болып, әр кеудеде жүрек орнына жұдырықтай мұз жатқан, әр адамның көзінен аққан қанды жасы екі бетті қышқылдай күйдірген сұрапыл соғыс жылдарының азабын, зардабын кім ұмытады дейсің. Бұл да сол мыңдаған жанның жүрегінде қалған тарқамас шердің бірі ғана ғой. Оның үстіне өмір бойы өзімді кінәлап өтермін дедім емес пе жаңа. Егер үнім жетсе мен бар қызға, қыз боп туар болашақ бар ұрпаққа былай деп жар салар едім: «Қыздар, бай деп, бақты деп ешқашан да шалға шықпаңдар. Жаның сүйген тең құрбы досыңа балғын бал көңілмен берген уәдеңді өлсең де бұзба!» дер едім. Бірақ менің үнімді кім естиді, кімге айтамын? Сөзінде тұра алмай сорлаған, шатасып шалға шыққан Сәлиманың ендігі сөзі кімге керек, кімге дәрі...
– Түу, байғұстың жағдайы қиын екен ғой, аяп кеттім ғой, - деді Майра. Меңтайдың да мөлтілдеп көзіне жас келген сияқтанды. Мен әңгімемді ары қарай жалғадым.
Осы арада Сәлима өксіп жылап қоя берді. Оның жылағанын көріп отырып, өзім де қиналдым. Бірақ, қиналғанмен менің қолымнан келер не бар? Сәлима өксігін тоқтата алмай, қайта-қайта жылай берді. Оның ендігі сөзі екі өксік арасында айтылып қалған үзік-үзік ойлар түрінде жалғасты. Ол маған шал күйеуінің соғыстан соңғы бір жыл ішінде өзіне істеген зәбірін жеткізді. Бұл ауылда Бүркітбай етегін ашпаған жас әйел, өңі бүтін орта жастағы қатын кемде-кем көрінеді деді.
– Бұл қорлыққа көнгенше өлгеннің өзін хош көрген сәттерім де болды, Ербол, – деді ол тағы бір өксіп алып. – Алайда мезгілсіз жан шықпайды екен кеудеден. Әлі күнге дейін өлмей тірі келемін. Бірақ, тек тірі жан дегенің болмаса, мендегі ендігі тіршілік шамалы боп қалды бұл күнде. Әйтеуір, бала-шаға болған соң бой үйреніп, көндігіп кетіп бара жатырмын, теңізге лақтырылған бір кесек тастың су түбіне қарай сыбдырсыз домалағанына ұқсап.
Сәлима көзінің жасын сүртіп, сөзін жинақтай бастады.
– Сені терезеден көрген соң, шыдамай шақырттым, Ербол. Келгеніңе рахмет, саған шағып, ішімдегі шемен шерім біраз босап қалғандай болды...
Осы кезде сарт етіп, класс бөлмесінің есігі ашылды. Екеуміз де жалт қарадық. Түсі оңа бастаған көк көздері құтырған иттің көзіндей қанталап, оқ тиіп долырған сары аюдай қорбаңдап, Бүркітбай кіріп келе жатыр.
– Ә, екі ғашық қол ұстасып, отырсыңдар ма сыбырласып, – деді ол тістене тақпақтай сөйлеп. Содан соң Сәлиманың қасына келді де, үнемі тершіп, быршып жүретін жалпақ алақанымен жағынан сылп еткізіп тартып кеп жіберді.
– Әкеңнің аузын... Сен менің қатыным екеніңді ұмытып қалған боларсың тегі...
Аюдың табанындай ауыр алақанымен Сәлиманы беттен салып қалғанда, «Ойпырай, өлтіреді-ау мына бейшараны» деп жаным шығып, орнымнан атып тұрдым.
– Неге ұрасың, не жазығым бар? - деді Сәлима жылап жіберіп.
– О, шешеңді... Міне жазығың! - деп ол әйелінің екінші бетінен және тартып жіберді. – Кет үйге қазір.
Менің көз алдым тұманданып, өзімді-өзім әрең ұстап қалдым. Оның үстіне жаумен соғысқа болмаса, мен өзі бала күнімнен ауылдың жаяу төбелесіне жоқ жанмын. Қазір қызбаланып жағасынан алсам, мына аю сары шалдың осы минутта шапқылап ауданға барып, «Мені тілші сабады» деп, өзін өтірік жаралап, жалған жала жауып, соттатып жіберуі мүмкін. Сондықтан, не де болса шыдап, ернімді тістеп, үндемей бақтым.
Екі бетін басып, еңкілдеп жылап, Сәлима есікке қарай ұмтылды. Егер Сәлима екіқабат болмаса, мына дүлей оны сабап, насыбай толы қалың ернін тістеніп алып, ішке тепкілейтіндей еді.
– Мұныңыз дұрыс емес қой, ақсақал, – дедім мен бұл сәтте бар қолымнан келгені осы болып.
– Мен сенен ақыл сұрамаймын, – деді ол былш еткізіп партаға түкіріп. Содан соң есікке қарай аяңдады да, тоқтай қалып және тістене сөйледі. – Үлкен үйдің итаяғынан жұғын дәметкен бұралқы күшікше ілмимей, жайыңа кет сен өзің!
Маңдайымнан қара тер бұрқ ете түсті. «Мұның кеше қаладан далаға неге келдің деп домбытпалап отырғаны осы екен ғой. Менің әйелімді торып келдің дегені екен ғой» деп ойладым. Сары аюдың нақақ жаласына жаным күйді.
Бүркітбай бар ашуымен есікті тарс еткізе жауып, шығып кетті. Ол Сәлима екеуміз бала күнімізде, оңашаланып келіп бірінші рет сүйіскен класс бөлмесін, мектептің басқа жағын қойма, ат қора етіп алғаны сияқты, абақты етіп, соған мені тас қып қамап кеткендей болды.
Осылай деп мен үнсіз отырып қалдым. Қос қыз да бастарын шайқап, ауыр мұңға батқандай болды. Енді мен әңгіменің аяғын тиянақтадым.
– Сол жолы Бүркітбай Тұтқышевқа қатты ыза болып кеткен едім. Оның жалғыз Сәлимаға ғана емес, Қанша апайға көрсеткен жәбірі де жадымда жүрген. Қанша ыза болсам да Бүркітбайды маған бірден жыға қою оңай емес қой. Өйткені мен, жас журналистпін ғой әлі. Ал Бүркітбай болса жас аңшыға кездескен кәрі қабан іспеттес. Алыстан және жанды жерінен дәл көздеп атпаса, жаралы қабан аңғал жас аңшының өзін де жайратып кетпей ме? Осыны ойладым да, мен Бүркітбайдың Сәлимаға байланысты арсыздықтарын былай қойып, оның колхозшылармен дөрекілігін сынап, Қанша апайға көрсеткен зәбірін баяндап газетке «Әй, қатын...» деген фельетон жаздым. Өйткені Сәлима туралысын айтсам: «Бұл менің әйелімнің бұрынғы жігіті болатын. Сондықтан өштікпен жазып отыр» деп бас салар да, басқалар соған иланып қалар деп ойладым. Соным дұрыс бопты. Кейіннен, аудандық партия комитетінде жаңағы мен жазған фельетон талқыланғанда ол шынында да солай деп шатыпты. Кейбіреулердің Бүркітбайды қолдағанына қарамастан, бюро колхозшылармен дөкірлігі және колхоз шаруасын ақсатқаны үшін оған сөгіс жариялапты. Егер мұндай қылықтары қайталанса, орнынан алынатындығын ескертіпті.
Осы кезде басқа бір үйден шығып, сары кідір тартқан ақсары әйел қасымызға келді.
– Апа, бері жақында, мына Ербол деген балаңмен таныс. Біздің бірге оқитын жолдасымыз, – деді Майра әйелге.
Мен орнымнан ұшып тұрып, басымды иіп, үлкен кісіге сәлем бердім.
– Сәлеметсіз ба, апа?
– Аман-есенбісің, шырағым. Күйлі-қуатты жүрмісің, жаным. - Содан соң әйел қызына қарады. – Майра, қалқам-ау, тал түс болды. Қонақтарыңа шай қайнатып бермейсіндер ме? - деді.
– Қазір, қазір, апа, әңгімелесіп отырып қалдық, - деді Майра ақталып, Меңтай екеуі тез орындарынан тұрып, беседка сыртындағы қазандыққа қарай ұмтылды. Ақ кофталы, қызыл юбкалы Меңтайдың сыртынан мен сұқтана қарап отырып қалдым.
Қос қыз бен қарт ана үшеулеп, лезде шай жасап әкелді.
– Қарағым, әкең бар ма? – деді қарт ана маған Майра арқылы шай ұсынып жатып.
– Жоқ, апа, соғыста өлді.
– Е, бақыр-ай, – деді ана ернін сылп еткізіп – Біздің Майраның да әкесі соғыстан қайтпады.
– Білемін, апа. Майра айтқан болатын.
– Шешең бар шығар? - Мен басымды шайқадым.
– Е, бақыр-ай, – деп Майраның шешесі тағы да ернін сылп еткізді. Содан соң, менің әке-шешемнің жоқтығы ана жүрегінің әлдебір қылын қозғады ма, білмеймін, ол бұрынғысынан да мейірленіп, дастарқан үстіндегі май мен бауырсақты өз қолымен молырақ етіп, менің алдыма қарай ысырды.
– Жеп-іш, қарағым. Тойып ал.
– Иә, менің апам жақсы кісі, – деп Майра еркелеп, шешесіне басын сүйеді.
– Кімнің шешесі жаман дейсің? Баласының қасында басы қарайып отырған шешенің жаманы бола ма, қарағым, – деді ана шайын ұрттай отырып.
Шайдан кейін Майра, Меңтай мен үшеуміздің әңгімеміз қайтадан жалғасты.
– Жас баланың, өз туған әке-шешесінің нендей адамдар екенін білмейтіні сияқты, жас күнімізде бәріміз де туған халқымыздың бойындағы барлық қасиеттерді тегіс біле бермейді екенбіз. Әсіресе, оның кемшілік жақтарын көрмейтін екенбіз, қыздар. «Халық – ана», «Халық - қаһарман», «Халық– данышпан» деп жүре береміз. Онымыздың бәрі де рас. Бірақ, жақсы адамның да басында кемшілігі болатыны сияқты, сол қаһарман, данышпан халықтың да бойында бір кінәрат болады екен. «Жеке адамдардың кемшілігіне халық кінәлі ме?» деп, екеуіңнің маған қарсы дау айтуларыңа да болар. Бірақ халық жеке адамдардан тұратын болғандықтан мен олардың кемшілігін халықтың бойындағы мін деп отырмын. Сонда мен әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтай дүниенің төрт бұрышына кең танылған үлкен жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтей, дүлдүл композиторлар Мұқан Төлебаев пен Ахмет Жұбановтай, бұлбұл әнші Күләш Байсейітовадай есімдері мәңгі жасайтын ұл, қыздары бар, дарынды, данышпан қазіргі қазақ қауымының басындағы мін – арызқорлық деп түйдім. Бұған өзім алты жарым айдай яғни, 190 күн тілші болып, ел аралағанда еркін көзім жеткендей болды. Өйткені мен сол 190 күннің тең жарымынан артығын арыз тексерумен өткіздім.
Бір жолы редактор шақырып алып, алыс ауданнан түскен арызды қолыма ұстатты.
– Ербол шырағым, осы хатты жақсылап тексеріп келші,– деді редактор. – Олай дейтінім мұны жазып отырған мұғалім адам. Бұл кісіден колхозшы емес, оқыған ауыл интеллигенті боп есептелетін бұндай адам неге арыз жаза береді екен, соның себебін білші.
Хатты алып, редакцияның бір бос бөлмесіне барып оқи бастадым. Қарасам дәптердің төрт бетіне жазған хаттың іші бықып тұрған қате. «Сауатын арызбен ашатын ағайындарым-ай» деп ішімнен тынып, хаттың аяғына қарасам, «Тілеуғали Рүстемғалиев» деп қол қойыпты. Аты-жөні маған таныс адам сияқты боп көрінді. Соғыста дәл осындай бір қаруласым болған еді, сол емес пе екен деп ойладым. Іздеп келсем соның нақ өзі боп шықты. Мен оның арызына байланысты көп адамдармен әңгімелестім. Аудандық партия комитетінің секретарымен де, ауатком председателімен де, прокурормен де, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісімен де сөйлестім. Бұлардан басқа адамдардың, Тілеуғалимен бірге қызмет істейтін мұғалімдердің ол туралы пікірлерін тыңдадым. Олар бір ауыздан менің ескі досымның оңбағандығын дәлелдеді. Солай екеніне өзімнің де көзім жетті. Осы кісі бір өзі ғана екі жылдың ішінде жоғары орындарға әркімнің үстінен отыз екі арыз жазыпты. Соның бірде-бірі расқа шықпаған. Отыз үшінші арызды қолыма ұстай отырып, мен ескі досымның өзімен әңгімелестім. Ол бәрін де мойындады, «расталмағаны рас» деді.
– Ендеше расталмайтын арызды неге жазасыз, Тілеке? – дедім мен. Соғыстың талай сұрапыл кезеңдерін басымыздан бірге өткерген ескі дос болғанымызбен, ол менен 5-6 жас үлкен еді. Сондықтан мен оның жасының үлкендігін құрметтеп осылай «Тілеке» деп атадым.
– Біреудің үстінен бірдеңе жазбасам, отыра алмаймын, – деп ескі досым шынын айтты. – Біреуді жамандамасам, ішкенім ас болмайды. Teгі қанымда сондай бірдеңе бар ғой деймін, – деді ол.
Оның қанында не бар, не жоғын тексергенім жоқ, білмеймін. Өйткені мен дәрігер емеспін. Бірақ журналист те дәрігер сияқты, ол да өзінің тексерген ісіне диагноз қояды, операция жасайды – кемшіліктен құтылудың жөнін көрсетеді. Дәрігер операцияны – адамның тәніне, журналист – жанына жасайды. Теріс диагнозбен жанға жасалған операция адамды өмір бойы мүгедек етеді, сөйтіп оны баспасөзге деген сенімнен айырады, оған өштестіреді. Бұл жалпақ жұртқа жария болады. Ал тәнге жасалған операция теріс болса – адам өледі, ештеңені білмейді, ешкімге айта алмайды. Өлген адам тіріге қорқынышты емес. Екеуінің тағы бір айырмашылығы - дәрігер адамның бойынан кемшілік көрген сайын жаны ауырады, «бұл сорлы мұндай кесірге қайдан тап болды екен?» деп, өз-өзінен қиналады. Мен де қинала отырып, командировкадан қайтқаннан кейін, «Алатау жұлдызына» «Ескі досқа хат» деген үлкен мақала жаздым. Мен сендерге соның ең соңын ғана оқып берейін, қыздар.
Мен, арт жағымда, аң жастықтың қасында жатқан қоңыр папкаға қол создым. Онда менің «Алатау жұлдызында» жарияланған барлық мақалаларымның қиындылары бар еді. Жомартбекке көрсетіп мақтанайын деп облыстан Алматыға әдейі ала келген едім. Жомартбек жоқ болғандықтан келгеннен бері беті ашылмай жатқан бұл папканы, мүмкін, Меңтай мен Майраға көрсетермін деп, бағана, осылай қарай шығарда қолтығыма қыса салғамын. Майра лып етіп, маған қол жалғап жіберді. Мен аталған мақаланың ең соңғы бағанасын оқи бастадым.
«...Досым, сен маған алғашында дипломыңның барлығын, сауатты екеніңді айттың. Сол кезде алдымда жатқан сенің арызыңның соңғы бетіне көзім түсті менің. Онда сен былай деп жазған екенсің.
– Рідаксиядан(!?) сұрайтыным (?) менің осы хатмның (?) қата (?) Жер (?) болса тузетіп (?)Жазіп (?) костын (?) қосып, ендеп (?) кәзит бетіне жазуды (?) сұраймын (?). Тақырыбы; «Ескіліктін Жат (?) адеттеріне (?) Жол (?) беруші бастықтар» деп (?) басқа теме (?) алуына (?) блоды (?). Тезрек тексерунді (?) сұраймын.
«Хат Жазушы» (?) мұғалім (?) Тлеуғали (??) Рүстемгалеев
(???)».
Сөзіңді тыңдап, жазуыңды оқи отырып, сен үшін мен қызардым, досым. Қырық шақты сөзден үлкенді-кішілі жиырмадай қате жіберіпсің. Жазуыңнан көрінген сауатсыздық сол жердегі сөзіңнен де танылып тұрды сенің.
– Мені қудалап жүр. Сондықтан мектеп директорының жазалануын талап етемін, - дедің сен сөзіңнің соңында.
Сабақтың сапасын білу үшін комиссия құруын қудалау деп есептесең, онда директордікі дұрыс, Тілеуғали. Өйткені, директор мектептегі оқу-тәрбие жұмысына жауап береді. Ол бар оқушысының барша пәннен сауатты болып шығуын көздейді. Ал, сен, шала сауаттысың, сенен оқып ештеңе білмей шыққан баланың обалы кімге ертең? Сен осыны ойладың ба өзің? Ойласаң, олай демеген болар едің, әрине.
Мен ауданнан қайтқанда сен туралы дәнеңе жазбай-ақ қоярмын деп едім. Бірақ, оным саған болысқандық болмайды екен, ескі дос. Сен тек өзімдікі жөн деп, өзгенің сөзін өрге бастырмайды екенсің. Қит етсе, иректеп арыз жазуға құмар көрінесің. Бұл оқиға сенің өміріңдегі бір рет өткен ағаттық болса, мен оны елемеген де болар едім. Бірақ бұл сенің сүйегіңе сіңіп бара жатқан дерт көрінеді. Сондықтан мен, жүрегім сыздай отырып, осы хатты жолдауға мәжбүр болдым саған.
«Жалақор» деген жаман ат, Тілеуғали. Арызшылдық абырой әпермейді. Ескінің бұл жиіркенішті қалдығы жаңа өмірге жараспайды, коммунистік жаңа заман адамына лайық емес. Әсіресе, осы өмірді қорғау жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай жаумен күрескен отанның ер солдаты сенің бойыңа сыйымсыз іс. Ойлан осыны. Коллективіңмен тату бол, жолдастарыңды сыйла; орынсыз арыз айтып, өтірік жала жауып олардың тынышын алма, шырқын бұзба. Сонда олар да сені құрметтейді. Жалқаулықтан арыл, ерінбей ізденіп, сауатыңды аш, Сонда сені шәкірттерің қадірлейтін болады. Сен екеумізді майданда бір күні, бір жиналыста партияға алды. Соғыста ел үшін еткен ерлігіміз үшін партияның мүшесі болдық. Ендеше екеуміз әрқашан өзгелерге өнеге көрсетуге, майдандағыдай тек қана алға ұмтылуға тиіспіз, жауынгер дос.
Мен сенің редакцияға келген хатыңды алғаш оқып, соңындағы атың мен фамилияңды көргенде қуанышымда шек болмады. Бірден сені көз алдыма келтіруге тырыстым. Тезірек өзіңмен кездесуге құмарттым. Бірақ, жайыңды көріп, жабырқап қайттым. Мен сені мұндай болады деп ойламаған едім. Сәлеммен сенің майдандас ескі досың.
Ербол ЕСЕНОВ».
– Бұл – бір, – дедім газет қиындысын қайтадан папкаға салып жатып. – Бұдан басқа да бірнеше мысал айтайын мен сендерге. Мінеки, осы екеуің сияқты, бір кабинетте қатар отырған, бірімен-бірі ойнап күліп жүрген адамдардың бірінің үстінен бірі арыз жазғанын естідіңдер ме, сендер? Жоқ, естіген жоқсыңдар. Ал мен көрдім ондай адамдарды. Редакцияға бір колхоздың председателі мен орынбасарының бірін-бірі жамандап жазған хаты келеді. Екі хатта да: «Ол ішіп қойды, жеп қойды. Мемлекет мүлкін талан-тараж етті» деген ауыр-ауыр айыптар бар. «Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, екі етекті белге түріп алып, мен жөнелдім ол хатты тексеруге. Аудан басшыларымен ақылдасып, адамдармен сөйлесіп, тексеріп қарасам, колхозда шашау шыққан ештеңе жоқ. Бар мүлік орнында, бар дүние қалпында.
– Ау, ақсақалдар-ау, бұларың не? – деймін күйініп.
– Мынау әнебір үлкен жиында сөз сөйлеп, менің атымды әдейі аузына алмай кетті. Мен соған ыза болып едім, – дейді председатель.
– Бұл кісі ылғи ойын-тойда өзі төрге отырып алады. Басты да өзі ұстайды, басқаны да өзі таратады. Маған үлкен едің деп үстел басын бір билетпейді. Мен соған ерегесіп едім, – дейді орынбасар. Сөйтсем, орынбасар председательден 2-3 жас үлкен екен.
Мінеки, ол екеуінің арыздасқандағы әңгімелерінің түрі осы.
– Екеуіңіз де үлкен адамсыздар, менің әкемдей кісісіздер, – деймін мен оларға қынжылып. – Екеуіңізге менің өнеге айтуым келіспейді де. Бірақ осыларыңыз ел-жұрт, естір құлақтан ұят емес пе?!
– Қояйық, қояйық.
– Жаңылдық, жаңылдық, – дейді олар, мен, бейнебір, ол кететіндей апалақтап.
– Шаршадыңдар ма, қыздар?
– Жоқ-жоқ, айта беріңіз, ағай, – дейді Майра мен Меңтай жарыса үн қатып, тағы да тыңдауға ынталанып.
– Тоқсандағы өлмелі шал жазған тағы бір арыздың қызық хикаясын айтайын да, бұл әңгімені доғарайын біржола.
– Иә, қызық емес, қасірет қой бұл, - дейді Майра. Майра мақұлдап, бас изеймін де, қызып алған мен тағы да сөйлей жөнелемін.
Іргелес қатар отырған екі ауылдың бірінің тоқсандағы шалы екінші ауылдың алпыстағы шалының үстінен арыз жазып, былай деп көрсетіпті:
..Үшбу, жоғарыда аталған Әлімбай шал, аруағымызды қорлап, атамыздың бейітіне қол тигізді. Соны тексеріп, атамыздың аруағын қорлаған кісіні жазалауды сұраймыз...»
– Иә, түуһ, – деді Майра қабағын шытып. – Ол соншама, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың бейіті ме екен қол тигізбейтін?
– Тексере келгенімде, – дедім мен, - мәселе мынадай боп шықты. Арыз жазған тоқсандағы шалдың арғы аталары білікті кісі болса керек. Ауылдарының шетінде соған орнатылған бір жақ бүйірі құлаған ескі зират тұрады екен. Көрші отырған екінші ауылдың қарты Әлімбай деген кісі бір күні сол зираттың құлаған жерін қайтадан қалап, бұрынғыдай етіп, жақсартып, түзеп қояды. Тоқсандағы шал осыған ашуланады.
– Әлімбайды неге кінәлайсыз? – деймін мен оған.
– Атамыздың бейітіне қол тигізді.
– Атаңыз қадірсіз кісі ме еді?
– Жоқ, қадірлі болатын.
– Онда Әлімбайдың атаңыздың құлап жатқан бейітін түзеткені дұрыс емес пе?
– Жоқ, теріс.
– Неге.
– Өйткені ол біздің атамыз.
– Онда зиратты өзіңіз түзетейін деп жүр ме едіңіз?
– Жоқ, менің оған халым жоқ, Әлімбайдай жас емеспін.
– Жас болмасаңыз зираттың түзетілгеніне қуанбайсыз ба қайта?
– Жоқ, қуанбаймын.
– Неге?
– Ол біздің атамыздың зираты. Оны түзетсек біз түзеуіміз керек. Түзете алмасақ, бөтен ешкімнің қолы тиюге тиіс емес!..
Міне мұны алжыған шалдың сандырағы ғана деп, ешбір мән бермеуге де болар еді. Бірақ, дәл осы штрихта жоғарыда айтқан кінәрәттің, ескі психологиялық элементтері жатыр. Ол кінәрәт, ол дерт – арызқорлық, ауылға бөлінушілік. Мен халқымыз осы жаман дерттен арылса екен деп арман етемін. Ең жоқ дегенде болашақ ұрпаққа осы дерт жұқпаса екен деймін. Құр арманмен іс бітпейді. Арманды жүзеге асыру үшін аянбай күресу керек. Жан-жақты күрес қажет. Мен журналист, сендер мұғалім болып, бәріміз бір үнмен осы тілектің ұранын жас ұрпақтың құлағына құюға тиістіміз! Мен осылай деп ойлаймын, қыздар.
– И-иә, ағай-ай, жақсы айттыңыз-ау, - деді Майра менің сөзіме сүйсінгендей болып. Меңтай да, Майра екеумізді құптағандай, бас изеді де:
– Жалақорларға жаза қолданылса, шен-лауазымына қарамай әшкерелеп, халық алдында қарабет етсе – тоқталар еді бұл пәле.
Екі қыз маған қарады. Мен де басымды изедім оларға. Содан соң үшеуміз де, әрқайсымыз іштен ойланғандай боп, біраз үнсіз отырдық. Менің есіме профессор Әуенов түсті.
– Мұхит ағай қалай, қыздар? – деп сұрадым келгелі ол кісіні көрмегенімді айтып.
– Жақсы, – деді Майра. – Сізді лекцияға келген сайын сұрап қояды. «Ерболдан хабар бар ма, Жомартбек?» дейді. «Ол облыстық газетте тілші боп ел кезіп жүр» деп жауап береді Жомартбек. Оған Мұхит аға риза боп қалады. «Бәле, жас жігіттің өмір көргені жақсы. Ол соғыстың сұрапылын белуардан кешіп келген азамат. Енді ел өміріне қансын. Ербол сияқты жігіттерге өмірдің өзі университет. Көрерсіңдер, Ербол үлкен журналист болады әлі» дейді Мұхит аға. Біз, Меңтай екеуміз, асыл ағаның сізді мақтай айтқан бұл сөзіне төбеміз көкке жеткендей боп қуанып қаламыз. Рас, қой, Меңтай. - Меңтай сабырмен бас изеді.
– Рахмет, – деп мен оларға анада, осы екеуін іздеп театрға барғанда, Мұхит ағай маған алдыңғы қатардан орын ал деп ақша бергенін, бірақ мен ол ақшаға билет ала алмағанымды, кейін, облысқа кеткенде, жол қаражатына жұмсағанымды айттым.
– Соны алмауым керек еді, алғаным ұят болды-ау деп осы күнге дейін ойлаймын. Бірақ, үлкен кісі өзі ұсынып тұрғаннан кейін алмауды тағы ерсі көрдім.
– Иә, оның несі бар? Тәбәрік қой, қайта жақсы болады, – деді Майра.
– Ол күні Мұхит ағаның залда сізді қолтықтап, әңгіме шертіп жүргенін біз де көргенбіз. Мұхит ағай қандай әңгіме айтты деп сізден сұрағалы бұрышта тосып тұрған едік.
– Иә, иә, сонда. Енді сол ақшаны Мұхит ағаға қалай қайырып берсем деп жүрмін.
– Қойыңыз, ол кісі ренжір, – деді Майра.
– Неге? Егер мен студент боп қайтарып берсем, ол кісі ренжір еді. Ал қазір мен журналистпін, жас интеллигентпін ғой.
– Жоқ, тәбәрік болады, оны қозғамаңыз, - деп Майра үзілді-кесілді кесім айтты.
– Ал енді не қалды айтылмаған онда, – деп қос қызға кезек қарадым. – Бүгін мен сондай мақтаншақ боп кеткен сияқтымын. Көңіліме келгеннің бәрін кідірмей ақтарып жатырмын. Ол сендерді сағынғандығымнан болар, қыздар. Кешірім етіңдер.
– Жо-жоқ, бәрі де жақсы, ағай, – деді Майра бәйек болып.
– Сіз келгенге жанымыз жасап қалды. Иә, айта беріңіз, тағы да айтыңыз.
– Онда, мынау менің «Алатау жұлдызында» осында жүрерде жарияланған ең соңғы мақалам еді, – дедім папкамды қайтадан ашып, оның ішінен тұтас газет нөмерін суырып. – Махаббат туралы. Енді соны оқиық. Тарихы мынадай. Бір жігіттің уәделескен қызы басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Соған назаланып жігіт редакцияға: «Осы ма еді, ей қалқа, берген сертің» деген мақала жолдады. Мақала газетке басылып, оған көптеген пікірлер келді. Сол хаттарды қорытындылау маған тапсырылған еді. Мен бірнеше күн ойланып, толғанып жүріп осы мақаланы жаздым. Майра, сен оқисың ба, мен оқиын ба?– дедім газеттің ішкі бетін ашып жатып.
– Әкеліңіз, ағай, мен оқиын. Сіз бағанадан бері әңгіме айта-айта шаршаған боларсыз.
Мен газетті Майраға бердім. Ол, тамағын бір қырнап алып, мақаланың басына көз жүгіртті.
– «Ербол Есенов, жас журналист», – деп Майра алдымен мақала тақырыбының үстіңгі, оң жақ шекесіне бадырайта жазылған менің аты-жөнімді айтып, сәл тыныс жасады да, содан соң судыратып, төмендегі мақаланы оқи жөнелді.
"АЛТЫН ДІҢГЕК"
«Алатау жұлдызы» газетінің осы жылғы 12 майдағы санында «Осы ма еді, ей қалқа, берген сертің?..» деген тақырыпта мақала жарияланды. Бұдан кейін газет бетінде бірнеше дүркін оқырман сол мақалаға байланысты өз пікірлерін ортаға салды.
Аталған мақалада да, оған байланысты көтерілген әңгімеде де адам жанының ең сұлу, ең асыл сезімі, жас ғұмырдың жалынды әні – махаббат мәселесі сөз болды. Махаббат деген не? Махаббаттың басты шарты қайсы? Тек сұлулық үшін ғана сүюге бола ма? Алған жарыңның мүсіні көкейдегі мұратына сай келмесе не істеу қажет? «Бір көргеннен ғашық болу» деген рас па? Екі адам бірін-бірі көрместен ғашық бола ала ма? Махаббаттың жауы не? Тұрақсыздық қайдан туады? Сезімді тұрақты етіп қалай тәрбиелеу керек? – міне, осы жайлар едәуір талқыға түсті. Көп оқырманның бірі ретінде менің де бір әңгімеге ат салысуыма тура келді.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя