VII

488 1 0
                                    


Ертеңінде қайтадан мен жатақханаға жолай алмадым. Меңтайға не бетіммен көрінемін, «ағай, мұныңыз не?» десе не деймін деп, өз жанымды өзім жегідей жедім. Сөйтіп, мені қисапсыз мас болған адамның өзінін орынсыз айтқан сөз, келеңсіз қылықтарын естіп, ертеңінде тартар өкініш азабындай қинап, екінші қаңтар өтті.
Үшінші қаңтарда, күндізгі сағат екіде лекциямыз басталмақ. Жатақханадан жүрегім шайылып қалған мен университетке баруға тағы бетімнен бастым. Қыздардың бәрі мені Меңтаймен қосыла кінәлап, мазақтап, масқаралайтындай көрінді. Тілдері ащы Қанипа мен Зайкүл: «Көзі қарайған там сүзеді дегендей, ағаң сені бір сүзіп көрейін деген ғой» деп қазірдің өзінде. Меңтайды ажуалап жатқандай сезілді.
Әлде бүгін университетке бармай қалсам ба екен деп бір ойладым. Әскерде себепсіз шашау шығып көрмеген басым, мұным тәртіп бұзғандық болар деп таныдым. Оның үстіне бүгінгі алғашқы екі сағаттық лекциядан өлсем де қалуыма болмайды. Ол профессор Әуеновтың лекциясы. Біздің филфак оқытушыларының ішінде Әуеновтың орны бір бөлек сияқтанады. Кейбір лекцияларда шулаңқырап, тіпті болмаса өзара күбірлесіп, күңкілдесіп отыратын студенттер аудиторияға Әуенов келгенде, оған ерекше құрмет білдіре жым болады. Ол лекцияға кіріскенде, аудиторияда ұшқан шыбынның ызыңы білінерлік дейтіндей тыныштық орнайды. Ол кісі лекциясын шүу дегенде кібіртіктеп бастап, біраздан кейін, тұяғы қызған тұлпардай көсіле жөнелгенде студенттердің айызы қанады. Аса бір миғұла, кеще біреу болмаса, оған әсерленбей, оны ұқпай ешкім қала алмайды. Профессор студенттерді бір лекциядан бір лекцияға қарай қызықтырып, ынталандыра жетектеп отырады. Лекциядан сырғып шығу, әсіресе Әуеновтың лекциясына қатыспау бәріміз үшін кешірілмес күнәдай болатын. Әсіресе, соғыста төрт жыл бойы кітабын арқалап жүрген маған сүйікті жазушының сабағына қатыспай қалу қылмыс жасағаннан кем көрінбес еді. Оның үстіне мен алдыңғы күні Меңтай бөлмесінен шыққаннан бері өзімді әлдекімнің құзырында, әлдебір көрінбейтін шеңбердің құрсауында қалғандай сезіндім. Меңтайды көруден тартынсам да, қаймықсам да, көргім келетінін аңғардым.
Сағат бірден аса университетті жағалап келуін келгеніммен, оның ішіне ене алмай көп күйбеңдедім. Біресе оның баспалдағына көтеріліп, біресе одан қайта түсіп, қарсыдағы паркқа еніп кетіп, әбден есім шықты. Өзіміздің қыздардың ешқайсысының көздеріне көрінбеуге тырыстым. Сағат екіге бес минут қалғанда ішке кіріп, шинелім мен фуражкамды гардеробқа өткіздім де, төменде біраз бөгеліп тұрып, екінші этажға көтерілдім.Тура сағат екіде ішінде Меңтай отырған отыз үшінші аудиторияның қасына жетіп, тәңір үйінің қақпасы алдына келген діндардай дірілдеп, есіктің тұтқасын ұстадым. Осы кезде қарсыдағы деканаттан шығып, профессорға бас иіп, ол кісіден бұрынырақ асыға ішке еніп кеттім.
Мен аудиторияға емес, жаңа ғана жау өртеп кеткен деревняға енгендей болдым. Бетімді ып-ыстық от лебі шалған іспеттенді. Не болса деп, өзім ең алғаш келгендегі артқы партаға қарай тарттым.Тұсынан өтіп бара жатқанымда Меңтай маған бірдеңе айтпақ болғандай жалт қарап еді, өрт ішінен созылып оза шыққан бір ұзын қызыл жалын мені қатты шарпып, өн бойымды күйдіре тұншықтырып, орап өткен сияқтанды.
Артқы партада Жомартбек деген аққұба өнді, ұзын бойлы тыриған арық бала жігіт отыратын. Ол үнемі қызметкер ағасының үстінен түскен көнетоз киімдерін киіп жүретін және ылғи шетте отыратын. Сондықтан сырт пішіні жағынан, ит-құсты үркіту үшін қотан сыртындағы жіңішке ағашқа кигізіп қойған ескі киім, тымаққа – қарақшыға ұқсаңқырайтын. Ал мінез жағынан – тіл алғыш, жұғымтал, оның үстіне едәуір қу тілді болатын. Мен ең алғаш келгенде Жомартбек соқыр ішегіне операция жасатып, ауруханада жатқан екен. Содан сауығып, он шақты күннен кейін курсқа қайта келген. Отыз қыздың ішіндегі еркек кіндікті екеуіміз ғана болғандықтан бір-бірімізге үйір бола бастағанбыз.
– Ағай, менің қасыма келдіңіз бе? – деп Жомартбек тісін ақсита күліп, мен жанына тақай бергенде-ақ орын босатып, өзі төрге қарай сырғыды.
Мен орныма отыра бергенде есіктен профессор кірді. Екі жақ самай шашы толқындай бұйраланып, қасқа маңдайы жарқырап, орындарынан тұрып қошемет көрсеткен студенттерге қайта-қайта бас иіп, жымия күлімдеп, сонысымен бәрімізді баладай қуантып, профессор төрге қарай аяңдады.
Оқытушы столына жайғасқаннан кейін профессор алдында отырған студенттердің бастарынан асыра әлдебір қиян алысқа көз тастағандай сәл үнсіз отырды да, ұзын кірпіктерін қайшылай қағып-қағып жіберді. Осы бір сәт алдымен аспанда айқыш-ұйқыш нажағай ойнап, артынан шелектеп бір нөсер төгер ғажайып шақты еске түсірді. Әуенов лекциясын бастап, телегей-теңіз білім төгіп, ағыл-тегіл боп ақтарылды да кетті.
Алайда, «Абайдың лирикасы» деп аталатын осы лекцияның алғашқы сағатын мен алаң-құлаң тыңдадым. Бұл лекцияны бекерге жібермеуім керек деп, өзімді өзім қаншама қайрасам да, «Қызыл көрпе» өлеңі есіме түсіп, тәубамнан жаңылғандай айдалаға лағамын.
Өстіп екі күйдің - аудиториядағы Әуенов лекциясы мен жүректегі махаббат сазының қайсысына көбірек көңіл бөлуді білмей, дел-сал болып отырғанымда қонырау соғылды. Мен аудиторияда қалмай, оқытушымен ілесе тезірек шығып кетпек болып, парталардан аулақтап, қабырғаға жанаса жүріп, жылдамдай басып, есікке қарай ұмтылдым. Партадан көтеріле бергенде Меңтайдың да орнынан тұрып жатқанын көзім шалып, қалып еді. Оның ашулы жүзін көрмейін деп, төмен тұқырып алғанмын. Есікке тақап, тұтқаға енді қолымды соза бергенімде асаудың алдынан арқан құрғандай боп, екі құлашын екі жағына керіп, бетіме жымия қарап тұрған Меңтайды көрдім. Қанша қысылсам да, алдымда кісі тұрғанда кимелеп өте шығатын сиыр емеспін ғой. Меңтайдың бетіне тура қарауға жүзім шыдамай, теріс айнала бөгеліп, тоқтап қалдым. Меңтай мені жұрт көзінше жерлеп, масқара етпек болған екен деп, өне бойымды тер жауып қоя берді.
– Ағай, сіз ақын екенсіз, – деді қыз осы кезде.
Мен селк ете түстім. Селк еткенім: «Мен қате естіген болармын. Қыз: «ағай, сіз ақын екенсіз» демей, «ағай, сіз ақымақ екенсіз» деген шығар деп ойладым. Одан сайын ұнжырғам түсіп кетті.
– Ағай, сіз ақын екенсіз деймін, – деді қыз тағы да. Бұл жолы ол көңілді кезіндегідей әр сөзін соза, әндетіп айтты. Мен «ақын екенсіз» деген екі сөзді дұрыс естігеніме сенбегендей, екі көзім жыпылықтап Меңтайдың бетіне қарадым. - Иә, ақын екенсіз, нағыз ақынсыз, – деді ол басын изеп, тағы да жымия түсіп.
Үш күннен бері тартқан қасіретімнің төлеуіндей болған бұл жымиыс маған соншама қымбат еді.
Жүрегім жана орнына түскендей болды. Меңтайдың маған ұрыспайтынына, жұрт алдында масқараламайтынына енді ғана көзім жетті. «Уһ!» деп, арқамнан ауыр жүк түскендей терең бір дем алдым да:
– Рахмет, Меңтай! Ақындық қайдан келсін, әшейін... – деп міңгірледім.
– Жоқ, «Қызыл көрпеңіз» жақсы өлең, – дейді Меңтай. –Зайкүл де, Қанипа да, Майра да басқа қыздар да оқыды. жақсы деп тапты. Менің сізге ол көрпенің тарихын да айтып бергім келді.
– Әй, Ербол, - деді Зайкүл мені қолымнан жұлқылап, төрге қарай сүйреп. – Осы сенің мына Меңтаймен не пәлең бар. Осыдан басқаны көзге ілмейсің де, мұның төсегіндегі көрпесіне дейін өлеңге қосасың. Саған қызыл керек болса, менің көйлегім, пальтом да қызыл, тіпті аяғымдағы етігім де қызыл. Айта берсең, өзім де қып-қызыл от емеспін бе жайнап тұрған. Сен осы мені неге өлеңге қоспайсың?
Қыздар ду күлісіп жатыр. Осы кезде жүгіріп Жомартбек келді.
– Шұрқ етпе, Зайкүл, - деді ол кеудесін басып. - Саған деген асыл сөз мына алтын сандықта сақтаулы жатыр.
– Ал, айт, ендеше, – деді Зайкүл қырланып. Жомартбек тамағын кенеп, Зайкүлге жалынып, жүрек шерін ақтарғандай боп әндете жөнелді.
Қаpa көз, имек қас.
Қаpaca жан тоймас.
Аузың бал қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Зайкүл көзін құбылтып, ернін бүрістіріп мәз боп қалды. Қарқ еткізіп әсем ақ тістерін және ақситып үлгірді. Жомартбек өлеңін одан ары жалғастырды.
Иісің гүл аңқыған,
Нұрың күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған...
Жомартбек өлеңнің әр жолының мазмұнына қарай бірде мойнын созып, бірде екі құлашын кең жайып, одан соң балқып, еріп, ақырында бу боп ұшып бара жатқандықты танытып неше қимылдар жасап болып тоқтап, Зайкүлге басын иді.
– Бис! Бис! - деп қыздар қол соқты. Зайкүлдің өзі де мәз болып, алақанын қоса шапалақтады.
– Әй, мынауың жап-жақсы өлең ғой өзі, – деді Зайкүл Жомартбекке разы боп. – Басқа біреудікі емес пе?
– Жоқ, Зайкүл! – Жомартбек кеудесін соқты.
– Қарғаншы өзімдікі деп.
Жомартбек шұбырта жөнелді.
– Егер осы өлеңді Зайкүлге арнап өзім шығармаған болсам аяқтағы суға ағылып өлейін, құрғақтағы киттерге қағылып өлейін, тумаған ту асаудың құйрығына тағылып өлейін! Оллаһи! Биллаһи!
Осылай деп Жомартбек зірк-зірк еткізіп сөзін аяқтап, екі қолын бірдей аспанға көтерді.
– Сендім, сендім, - деді Зайкүл Жомартбектің «ант» ішкеніне разы боп. - Онда сен бір өлеңді жақсылап ақ қағазға көшіріп басына «Зайкүлге» деп жазып, менің кітабымның арасына әкеп салып қой.
– Құп болады, Зайкүлжан, – деп арық Жомартбек сұрақ белгісіндей иіліп қалды.
– Әһ, Зайкүл, сен Жомартбекке рас сеніп отырсың ба?– деді Майра. - Бұл Абайдың «Көзімнің қарасы» деген өлеңі емес пе?
– А, не дейді. Мен расында өзіме арналған өлең екен деп қуанып едім. Осы ақындар «С-ға», «Қ-ға», пәленшеге, түгеншеге деп жазып жатады ғой. Маған да біреу өлең арнасашы, шіркін! – деп Зайкүл дағдарып қалды. – Ал мен Абайдың «Айттым сәлем, қаламқастан» басқа өлеңін естіген емеспін.
– Естігенің не, оқымайсың ба? - деп күлді Майра.
– Жоқ, мен өлең оқымаймын, – деді Зайкүл басын шайқап.
– Өйткені мен қызбын. Ал қыздың өзі өлең. Ендеше, мені жігіттер оқысын.
– Рас, өзге қыздар өлең болса, біздің Зайкүл поэма ғой, – деді Жомартбек жымыңдап. – Поэманың әр бетін ақтарғаның сияқты...
Осы кезде үзіліс бітіп, профессор аудиторияға қайта кірді. «Мен саған көрсетермін кісі алдағанды» дегендей, Зайкүл арт жаққа бұрылып, Жомартбекке жұдырығын түйді. Мен бұл сабақта бұрынғы орнымда, Меңтайдың қасында отырып қалдым. Меңтайдың маған ренжімегеніне шаттанып, көңіл алаңы басылғандықтан болар, бұл жолы Әуенов лекциясын тағы да бұрынғымдай сүйсіне тыңдадым. Бір сағатын профессор Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» дейтін көпке мәлім өлеңін талдауға арнады. 1884 жылы жазылған бір өлеңнің тақырыбы қазақтың бойжеткен қызының сырт көрінісін, мүсін келбетін суреттеуге арналғанын, жас атаулы қызығарлық, сүйсініп тамаша етерлік ерекше сұлу қыздың портретін ақын қалай жасағанын, сол портретті сомдау тәртібін санамалап айтты. Қыздың сырт мүсінін суреттеуде төл әдебиетте теңдесі болмаған бұл өлеңді Пушкин, Лepмонтов, Байрон, Гейненің қызға арнаған өлеңдерінің жатқа үзінділерімен салғастырып бір өтті. Қалай дегенмен бұл өлеңде Абайдың әлі де әлеуметтік шындықты, халық арасындағы ауыртпалықты сыншылдықпен жырлайтын қоғам қайраткерлері дәрежесіне көтерілмегендігін, «Қақтаған ақ күмістейден» көбінше сұлулықты, жарастық келісімді ғана жырлайтын эстет ақынның лебізі аңқып тұрғандығын профессор бір түйіп тастады.
Осыдан кейін ол осы өлеңнің бойындағы өзінің кемшілік, мін деп табатын жайларына тоқтады. Оның айтуынша ақын бұл өлеңінде тірі адамды, оның жай-күйін бейнелеудің орнына сурет берген. Қасы қандай, шашы қандай, көзі қандай, мұрны қандай деген сияқты анкеталық сұрақтарға жауап іздеп, тек қана паспорттық сипаттау жасаған. Мұның себебі ақынның әйел жынысына қазақы көзбен қарап, қыз көре келген жігіттің немесе келіп айттыра келген құданың көзқарасынан аса алмауында, – деп тағы да пайымдау жасады.
Бұдан кейін профессор Абайдың «Аттың сыны» дейтін өлеңін еске алды. Анықтап қараған кісіге «Қақталған ақ күмістеймен» осы өлеңнің арасынан айқын композициялық ұқсастық танылатынын айтты. «Ат сынында» жүйрік аттың сырт мүсіні мүше-мүшесімен реттеле баяндалады. Әрине, атты солай суреттеу орынды. Ал адамзатты сипаттауда мұндай әдісті қолдану қонымды емес деген қорытынды жасады профессор.
Абайдың еш өлеңінде ешқандай мін бар деп ойламаған біз оған арналған мынадай сындарды естігенде екі көзіміз бақырайып, профессорға сенерімізді де, сенбесімізді де білмегендей, тесірейіп отырып қалдық. Әрине, сенбеске болмайды. Бар дәлелімен тайға таңба басқандай етіп көрсетіп отырған бұл кемшіліктерді еріксіз мойындауға тура келеді.
Бұл аз дегендей профессор енді сол өлеңнің композициялық шалағайлығын ашады. Өлеңнің бас жағы бір тақырыппен басталып, аяқ жағы екінші тақырыпқа ауысып кететінін, әуелде іс пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек мінез ғана айтылатынын, сөйтіп алғашқыда мақтаған нәрсесіне ақын кейін кейіп, ұрысқа жақын сөздер қолданатынын көрсетеді. Атап айтқанда ақын алғашында қыздың күлкісі «бұлбұлдай», «іш қайнатады» деп мақтаса, соңынан сол күлкіні «жартақтап», «тыртақтаған» деп жаратпай шыға келеді.
Осыдан кейін Әуенов екінші бір өлеңін талдауға көшеді. Бір талдаудан бір талдау қызық боп, ол бізді Абай өлеңдерінің қатпар-қатпар шатқал, шыңдарына қарай жетелеп бара жатқан тәрізденеді.
Әуеновтың өзге оқытушыларда жоқ бір өзгеше дағдысы бар еді. Ол әрқашанда сондай қызықты лекциялардың соңынан міндетті түрде бес минуттай уақыт қалдыратын. Осы бес минутты ол жеке студенттің жай-күйімен танысуға жұмсайтын. Күн сайын бір студентті орнынан тұрғызып алып, өзі оған әртүрлі сұрақтар беретін.
Бағана менің аудиторияға кешірек келгенімді көзі шалып қалған соң ба, бұл жолы ол мені орнымнан тұрғызды.
– Ербол, сен осы соғыста неше жыл болдың?
– Төрт жыл, Мұхит аға.
– Сонда кітап оқи алдың ба?
– Оқыдым.
– Қане айтшы, қандай кітаптар оқыдың? – деп профессор менің оқыған кітаптарымды санау үшін сол қолының саусақтарын ыңғайлай бастады.
– Шекспирдің «Король Лирін», Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатын», Гетенің «Жас Вертерін», – осы кезде Меңтай жалт етіп, менің бетіме бір қарап қалды. - Анатолий Виноградовтың «Паганиниді ғайбаттау» деген кітабын, Александр Бектің «Волоколам тас жолын» оқыдым.
– Пәлі, - деп профессор рахаттанып қалды. - Өзің көп кітап оқып тастапсың ғой. Мен соғыс солдаттарының кітап оқыр хал-мұршасы болмайтын шығар деп ойлаған едім.
– Мұхит аға, – деді Зайкүл осы арада профессордың аузындағы сөзін қағып әкетіп, – бұл сіздің «Ақын» романыңызды да оқыпты. – Осы арада Зайкүл өз-өзінен сықылықтап күліп алды. – Сыртын далба-дұлба қылып алып келіпті. Әсіресе Тоғжанды айтқанда аузының суы құриды мұның.
Әуеновтың өңі күреңітіп, қозғалақтап қалды. Содан соң сүйінші сұрағандай боп, оң қолының қос саусағымен тыныш тұрған етжеңділеу келген қыр мұрнын жебей сауып, жұлқып-жұлқып жіберді. Бұл оның қатты сүйсінгендегі немесе ерекше күйінгендегі әдеті еді.
– Пәлі, не айтады мына Зайкүл, рас па, Ербол? - деп профессор менің бетіме қарады.
Мен тез басымды изедім.
– Сіздің «Ақыныңыз» біздің күндік нанымыз, артық патронымызбен бірге арқамыздағы зат қапшығында жүрді.
– Пәлі, не дейді-ау? Ал оқи алдыңдар ма оны?
–Жорықта келе жатып та, окопта отырып та оқыдық, Мұхит ағай, – дедім мен студент болғалы бірінші рет «ағай» деген сөз аузымнан шығып. – Ол кітаптың көп көмегі болды бізге.
– Пәлі, не көмегі болды? - Әуеновтың екі беті нұрланып, көзі күлімдеп, жүзі бұрынғыдан да жыли түсті. – Қай қаһарман басым көмек көрсетті?
– Бәрі де. Әсіресе Тоғжанның көмегі көп болды. Ол бір емес, Бірнеше медсестра, санитарка қызметін жалғыз өзі атқарды десем, артық болмас деймін.
– Пәлі, не дейді-ау! Шын ба осының? – деп профессор мол денесін тез қозғап, ілгері ұмсынды.
– Шын, Мұхит аға.
Әуенов сәл шалқайыңқырап, тағы да мұрнын сауа сипалап қалды.
Осы кезде лекцияның біткенін хабарлап, қоңырау соғылды. Бірақ профессор асықпады.
– Ербол, сен өзің мені қуантып тастадың ғой, - деді ол алдында жатқан папкасын бір сипап қойып. - Ал енді өзің осы айтқандарыңды қағазға түсіре алар ма едің? Тоғжанның жаңағы өзің айтқан майданда талай медсестраның қызметін атқарғанын дәлелдеп, оқушыны иландыратын етіп жазуың керек. Осы қолыңнан келер ме еді?
– Келеді, Мұхит аға, – деді Зайкүл мен үшін жауап беріп.
– Бұл өзі ақын. «Қызыл көрпе» деген өлең жазған.
Мен ұялып, Меңтай жаққа қарай жүзімді бұрдым. Байқасам, ол да қызарып кеткен екен.
– Жазып көрейін, – дедім мен.
– Өзің өлең де жазушы ма едің? – деді профессор орнынан тұрып жатып.
– Жоқ, жай, әшейін...
– Шын, шын, Мұхит аға! - Зайкүл қасы қанжардай дір етіп, одан сайын өзеурей түсті. – Өзі өзге сабаққа да жақсы. Соғыстан қайтқалы әлі үйіне де барған жоқ.
Профессор Зайкүл сөзінің бас жағында күлгенімен, аяқ жағына назар аударып, менің әлі елге бармағаным анық па екен деп сұрады. Мен оқу басталып қойғаннан кейін бір жылым босқа өлмесін деп осында қалып қойғанымды айттым.
– Жарайды, онда тіпті жақсы. Ал енді сен жаңағы айтқанды менің алдағы дүйсенбідегі келесі сабағыма дейін жазып әкел,– деді профессор. – Одан соң әлгі Зайкүл айтқан кітапты да ала кел. Мен басымды изедім. Келесі лекцияның оқытушысы жоқ болып шықты. Сөйтіп студенттер «терезе» деп атайтын бос екі сағат сопаң етіп шыға келді. Студенттер «терезеге» қайғырмайды. Бұл екі сағатта бірсыпыра жұмыстар бітіріп алады. Соның негізгілерінің бірі Совет көшесі мен Карл Маркс көшесінің бұрышындағы «Алатау» кинотеатрына бару.
Бір жолы да бірін-бірі еліктіріп, қыздардың бірсыпырасы киноға кетті. Аудиторияда бес-алты қыз бен Жомартбек екеуміз ғана қалдық. Біраздан кейін киноға барғысы келмейтінін айтып, Меңтай қайтып келді.
Меңтайдың ұрыспасына анық көзім жеткеннен кейін, бағана өзі айтқан қызыл көрпенің тарихын білгім келді. Жомартбек екеуміз жағалап, Меңтайдың қасына бардық. Жомартбек қыздан бағанағы «Қызыл көрпе» деген өлеңдеріңді көрсетіңдерші деп өтінді. Меңтай кітаптарының арасын ақтарып, алдыңғы күні мен тастап кеткен қағазды тауып алып, – Оқыған соң өзіме қайтарып бер, - деп Жомартбекке ұсынды. Меңтайдың «өзіме қайтарып бер» деген сөзі жүрегіме майдай жақты. Ол менің сұрауым бойынша, маған «күндес» боп көрінген қызыл көрпенің тарихын баяндауға кірісті.
Меңтай Лениногорск шахтерінің қызы екен. Шешесі бастауыш мектепте мұғалім болыпты. Әкесі оның сәби шағында шахтада төбесіне тас құлап дүниеден қайтқан. Қыздың кішкене ағасы Жүніс сегізінші класс бітіргеннен кейін жұмыскер боп семья асырауға кіріскен. Соғыс басталар жылдың 1-майында оған жақсы жұмысы үшін сыйлыққа бес метр қызыл жібек тиеді. Бұған шеше байғұс қатты қуанады. Ұлының бұл алғашқы табысын ырым етіп, өз алдына отау шыққандағы бірінші жасауы болсын деп, арасына түйе жүнін салып, мектептен қолы бос кездерінде көрпе қабиды. Сөйтіп ұлын үйлендірмек болады. Сол екі арада соғыс шығып кетіп, ол көрпені етіне бір-ақ күн жамылып, Жүніс майданға кетеді. Содан кейін шеше ол көрпені ешкімнің етіне тигізбеген. Ұлына сақтаған. Ал ұлынан «өлді» деген қара қағаз келген. Жалғыз ұлдың жаманатына шыдай алмай, шеше сорлы сол хабарды естіген жерде, класс ішінде өзі де дүние салған.
– Соғыста ағайым оққа ұшты, – деді Меңтай күрсініп. – Соның күйігіне шыдамай апам өлді. Апамның өлгенін көзіммен көрдім, ағайымның өлгенін көргенім жоқ. Сондықтан Жүйкем өлді дегенге көпке дейін сенбедім. Жүніс ағатайымды Жүйке деп атайтын едім, – деді ол Жомартбекке түсіндіріп. – Соғыс біткен соң, осы өткен күздің басында Жүйкенің қасында болған бір кісіден ауызба-ауыз естігенде ғана сендім. Ол кісі терең етіп зират қазып, ағайымды жақсылап тұрып өз қолынан қойыпты. Жақын жердегі деревняның ұста дүкеніне барып, зиратқа темірден қоршау шарбақ жасатып орнатып, оған «Жүніс Ербосынов» деп мәңгі өшпейтін етіп жаздырып кетіпті. «Ағаңның жатқан жерін көрем десең, ертіп апарайын, әйтпесе кейін барып көрерсің» деп әдірісін берді. Өзім қазір қайдан іздейін, кейін оқу бітіріп, қызмет істеп, ақша тапқан соң, барармын деп ойладым.
Меңтай ағасына мұнша жақсылық жасаған адамның еңбегін сонша сүйсіне айтты.
– Сол көрпені биыл өзіммен бірге алып келген едім, – деді қыз күрсініп қойып. – Ол маған аса қымбат ескерткішпен пара-пар: ағайымды да, анамды да есіме түсіреді. Кеше кітап арасынан ағайдың өлеңін тауып алып, оқығаннан кейін сол көрпені бауырыма басып қысып, өксіп-өксіп жылағанымды айтсаңшы менің!
Байқаймын, Меңтай әңгімесінің Жомартбекке онша әсері болған жоқ.
Меңтай сөзін аяқтап, мұңайып төмен қарап қалған кезде ол: «Мен мына өлеңді көшіріп ала қояйыншы» деп, жымпыңдап өз орнына қарай жүгірді. Ал маған бүкіл бір семьяның тағдырын баян еткен бұл қысқа новелла дүниедегі ең қайғылы, қасіретті жырдай танылды. Не айтарымды, қызды қалай жұбатарымды, жүрегімдегі аянышты қалай жеткізерімді білмей абдырап отырып қалдым. Оның көңілсіздігі біртіндеп маған ауыса бастады.
Студенттік өмірдің бейқам, сонымен бірге аққан судай ағынды күндері, өзінің сылдыр-былдыры мол қызық, қуанышымен, бірін-бірі қуалап өтіп жатты. Мен Әуеновке берген уәдемді орындауға бар күшімді салдым. Соғыста бірге аттанған шағымызды есіме түсірдім. Алматыдан кетерде мен магазиндерге жаңа ғана түскен «Ақын» романының бірінші кітабын тауып алған едім. Сол кітап бүкіл майданды менімен бірге аралап шықты, талай солдатты тамсандырып оқып беріп жүрдім. Бірақ бұл естелікті мақтанғандай боп өз атымнан жазбайын, басқа жолдастарым оқыған етіп баяндайын дедім. Сөйтіп мен ол кішкентай естелікті төрт күн жаздым. Естелігім Әуеновке ұнамай қалар ма екен деп, жаным мұрнымның ұшына келді. Жазып біткен соң оған «Тоғжан» деген ат қойдым. Зайкүл айтқандай, жазушылардың өз шығармаларын жақсы адамдарына арнап жататыны ойыма түсті. Менің бұл ең алғашқы естелігімді Әуеновке арнағым келді. Оң жақ шекесіне «Осы образды жасаған жазушы Мұхит Әуеновке арнаймын» деген сөздерді қолымның қалай тез жазып жібергенін де байқамай қалдым. «Қой, мұным тым бадырайып кетті және жазушыға жасаған жағымпаздық сияқты боп көрінер» деп ойладым да, оны қайтадан түзеттім. «Осы образды жасаған кісіге арнаймын» деп қана қойдым. Жексенбі күні үйде табан аудармай отырып, жазғанымды жақсылап көшіріп шықтым.
Дүйсенбі күні отыз үшінші аудиторияға бірінші лекцияға келген профессор Әуенов, бұрынғы әдетінше, самай шашы бұйра-бұйра, сократ маңдайлы үлкен қасқа басын студенттерге мол ілтипат, ықыласпен изеп, Оқытушы столының басына барып отырды. Профессор есіктен кірісімен-ақ менің жүрегім өз-өзінен лүпілдеп қоя берді. Орнына отырғаннан кейін Әуенов маған қарай бұрылды да:
– Ал, Ербол, уәде орындалды ма? – деді.
Мен Әуенов оны лекциядан кейін сұрайтын шығар деп, жайбарақаттау күйде отыр едім. Профессор бірден соны сұрағанда не дерімді білмей сасқалақтап қалдым. Әрең дегенде есжиғандай болып:
– Өзімше орындадым, Мұхит аға, – деп орнымнан тұрдым.
– Пәлі, жөн. Әрине, сенің өзінше орындағаның керек бізге, – оқып беруіңе лекция аяғында қанша уақыт қалдырайын саған.
– Төрт-бес минут қана, Мұхит аға, – дедім мен дәптер бетіне жазылған он шақты бетті оқиға қанша уақыт керек екенін ажырата алмай.
– Жоқ, онда мен он минут қалдырайын. Сен оқығаннан кейін оны біздің талқылауымыз бар емес пе?
Мен «жарайды» дегендей, басымды идім.
– Ал онда алдымен кітабыңды көрсет, Ербол, – деп профессор маған қарай қолын созды.
Мен шапшаң қимылдап, сумкамдағы сырты жыртылып, жан-жағы жемтір-жемтір боп кеткен «Ақын» кітабын алып, Әуеновке қарай аяңдадым.
Әуенов бағынышты командирден рапорт қабылдайтын генералдай боп, орнынан көтерілді. Демобилизацияға жатып, еліне қайтатын солдат бөлімнен кетер алдында қай жерінде қандай белгісі барын бес саусағындай білетін кәрі винтовкасын жүрегі толқи дірілдеп рота старшинасына өткізер еді. Мен де сол солдаттай болып, осыдан бес жыл бұрын Алматыдан майданға ала кеткен осынау асыл кітапты енді, міне, аман-есен иесіне тапсырдым.
Профессор, сәл сұрланғандай түспен, кітапты үнсіз қолына алды да, орнына отырды. Кітаптың сыртына көз жүгіртіп, жыртық мұқабаны қайта-қайта сипалап, ішін ашты.
– Рас, біздің кітап, – деді басын ықыластана изеп қойып. Содан соң бір-бірлеп, беттерін ақтарып қарай бастады. Бір кезде кітапты көтеріп, бетіне тақады. – Пәлі, өзінен дәрі иісі шығады, иіскеңдерші...
Әуеновтың қасына ең алдымен Зайкүл жүгіріп барды. Ол кітапты ала салып, дұғалықтай етіп бетіне басты да:
– Рас, мүңкіп тұр, – деді оқ-дәрі иісінің қандай болатынын сезбесе де.
Бұған басқа қыздар мырс етіп, күліп жіберді.
– Сен маған баға жетпес ғажап дүние сыйладың-ау, Ербол,- деді Әуенов екі көзі жасаурап, тебірене үн қатып. – Өзім майданға бармасам да, бұл кітап менің бір перзентім болып, соғысқа қатысыпты. Сол перзентті сен аман-есен ертіп әкеліп қолыма тапсырдың-ау менің. Соғыс деген өрт болса, өртке жанбай шыққан бұл кітаптың жаңа бір бағасын және таныттың сен. Рахмет, қарағым. Аудитория сілтідей тынып қалған еді. Профессор бойын тез жиып, кезекті лекциясын бастады. Әуенов лекциясының екінші сағатының соңында бағанадан бері толассыз буырқанған теңіз үні тоқтап, аудитория ішінде әлдебір әлсіз бұлақтың болымсыз сылдыры естілгендей болды. Естелігімнің заголовогы мен оның он пұшпағындағы арнауды дауысым дірілдеп, сүрініп-қабынып, әрең айтып шықтым да, тамағымды кенеп, сәл тыныс алғаннан кейін тексті оқуға кірістім.
«1942 жылдың ортасында Алатау бауырынан эшелон-эшелон әскер майданға шеру тартты. Бұл Алматыда құрастырылған атқыштар бригадасы еді. Жарты жылдай астана айналасына лагерь-лагерь болып, әскери өнерге жаттыққан жауынгер бөлім тұтас көтеріліп, «Отанға тиген жау қайдасың?» деп, батысқа қарай бет түзеген болатын. Соңғы эшелондардың бірінде артиллеристер дивизионы кетіп бара жатты.
Соғыс кезінің паровозы жаңғырығы жер жарып, қатты жүйткиді, жолда кездескен станциялардың, разъездердің тұсында ащы бір айғайлайды да, гүрс-гүрс етіп, тарта береді. Су алу, көмір тиеу қажет болмаса, басқа жерге көп тоқтамайды. Толассыз жүйткіп, зарлап ағады.
Казал вагондардың екі жақ есіктерін бірдей, шалқайта кең ашып тастап, көлденең-керме тақтайға асыла иін тіресіп, майданға кетіп бара жатқан жауынгерлер туған жерге жүректері елжірей көз тігеді. Қарт атадай ақ бас тау, жас анадай жасыл желек жамылған орман, сары бел, салқын көл – бәрі самаладай болып, бірінің соңынан бірі ұзап қалып барады. Өз алдына бір шолақ эшелонға ұқсап, шеткі үйінің түтіні будақтаған ауыл, тепең-тепең қаққан салт атты жолаушы, обадай қақшиып қалың қойдың шетінде тұрған шопан жалт етіп бір көрінеді де, ғайып болады.
Күн батқанша дала бетіне үңіліп, көзі жасаурап талғанша көп қараған адамның бірі салпы сары жез мұртты кәрі солдат, Талдықорған облысының Ақсу аулынынан келе жатқан Сәттіғұл Өсенов болды. «Сапта жүруге жарамаймын, көп тұрсам аяғым талады, белім ауырады» деп, Өсенов зеңбірек атына мінуші болған. Осыған орай бір солдат бағана: «Сапта тұрса аяғы ауыратын көзелдің күні бойы қозғалмастан қызыл вагон есігінің алдында қақшиуын» деп бір қағытып өткен. Оны естіген өзге жұрт қатты бір ду күлісіп алған болатын. Жолдасының ажуасына да, жұрттың күлгеніне де қарамастан Өсенов вагонның босағасына сүйенген күйі далаға қарап тұра берген. Енді, міне жер бетін түннің қара мақпал шапаны бүркеп, вагон ішінде майшамның жалғыз көзі сығырайғаннан кейін, Өсенов артына бұрылып, шамды қоршай отырған жолдастарының қасына келді.
– Әттең, шіркін, қалды-ау, қайран туған жер! – деді ол отыра беріп, вагон ішіндегілердің бәріне естірте. Аузынан қызыл жалын атқығандай шермен, күрсіне айтты.
Шам айналасында, вагонның бұрыш-бұрышында, қара көлеңке жерде, төрт-бестен бірігіп алып, әр жайды қоңыр әңгіме етісіп отырған жұрт Өсеновтің мына сөзін естіген шақта тым-тырыс болысып, бір сәт үндеспей қалысты. Ат айдаушы шалдың: «Қалды-ау, қайран туған жер!» деген шер сөзі майданға аттанып бара жатқан осынау сұсты солдаттардың жүрек қылын басып қалғандай болды. Шал айтқан туған жерде әркімнің жанашыр жақыны, жақсы көрер жандары қалып барады. Біреу қарт әке, қадірлі анасын еске алады, біреудің көз алдына жақсы жар, жас баласы келеді. Енді біреудің жүрегіндегі жар етем деген жанына қосыла алмай кеткен арман-зары запыран болып ақтарылады. Шал сөзі әр жүректің түкпірінде жатқан осындай мұңды сырдың пернесін басады.
Әлден уақытта:
– Жоқ, қалған жоқ. Ол бізбен бірге! – деген, саңқ еткен бала бүркіт үніндей, жігерлі жас дауыс естілді. Бұл зеңбіректің екінші көздеушісі Құсайынов Айтқали деген жауынгердің үні еді. Айтқали қараңғы бұрышта отырған орнынан тұрып, шамға таман жақындады. – Туған жер мына кітаптың ішінде. Ол жұртқа сол кезде баспадан жаңа ғана шыққан, өзі Алматыдан аттанар алдында вокзал басында сатып алған «Ақын» романының алғашқы кітабын көрсетті. Жауынгерлер тез, қуатты үлкен магнит тартқан көп ұсақ шегедей болып, Айтқалидың айналасына жиылды. Вагондағы жалғыз жарық соның алдына қарай итерілді. Бір табадан ыстық күнде шүпірлей су ішкен ақ үрпек балапандай болып, қара көлеңке вагон ішіндегі қайратты жастардың басы сол кітаптың үстінде түйісті. Ішіндегі жандарды жылауық баланың бесігіндей үздіксіз шайқай тербеген үлкен вагонның қабырғасына түскен үйме-жүйме көлеңке үздіксіз қозғалып тұрды. Солдаттардың «Ақын» романын оқуы осылай басталды.
Алматыдан аққан жұлдыздай зымырап шұбала созылған ұзын қызыл эшелон Москваға келді де, қазақ бригадасы астана түбіндегі Бабушкин деген қалада поездан түсті. Мұнда біраз жатып, тыныққаннан кейін, жауынгерлер қалың тоғайлы, көкшіл көлді Калинин облысының жеріне қарай жаяу тартты. Өне бойлары мұздай көк қарумен құрсанып, күн демей, түн демей, ерлер етікпенен су кешіп, аттары ауыздықпен су ішіп, суыт жүріп. ұзақ сапар шекті. Артиллеристер майдан жерінің батпағын белуардан кешіп, ер қаруы ұзын тұмсық көк болат зеңбіректерді тынбастан алға қарай сүйреді. Ол батып қалған жерде: «Раз, два – взяли!» деп орман ішін жаңғырта айғайлап, оның қалқанынан, стволынан итереді. Доңғалақтарды күпшектерінен батпаққа батқан ауыр қаруларды ауыр азаппен тартқан, мұндай қиын, қысталаң шақтарда екі етегін белге түрінген жаяу әскер зеңбірекшілерді басып озып, оларды артқа алысқа тастап кетеді.
Алдыңғы шепке тақаған сайын колоннаның бас жағынан: «Во-о-оздух!» деген зәрдей ащы үн жиі естіле бастайды. Ирелеңдеген жыландай етіп, созылтып, шұбалта айтқан осы бір үрейлі сөзді ести сала солдаттар жолдан шығып, тырым-тырақай қашып, жол шетіндегі орманның қойнына тығылады. Қанатында қара бүйісі бар сары ала самолеттер ырылдап кеп төбеден төнеді.
Міне, осындай жорық кездерінде он бес-жиырма минуттық үлкен бір дамылдау шағы болады. Он екі мүшесі cay кісілер, қас қаққанша қолынан айырылып шолақ, аяғынан айырылып ақсақ боп шыға келетін, жаңа ғана қасқая күліп тұрған немесе құлындай ойнақтап жүрген жолдастарын лезде жан тапсырып, мәңгіге жоқ боп кететін, адам өмірі түнгі үлкен оттан ұшқан ұсақ ұшқындай сөніп жататын майдан өмірі үшін он бес -жиырма минут қысқа ғұмырлы солдат қауымы дамылдап жан шақырып, талай қызық күлкілерге кенелетін, естеліктер айтысып, ес жиып қалысатын өзінше бір ұзақ уақыт. Колоннаның алды тоқтап, сол жерден біреудің аузынан біреу қағып әкетіп артқа қарай, дауыстап жеткізіп жататын «привал!» деген берер таудай толқындар лықсып, бірін-бірі қуалап, бар ләззат қызығымен өзіне қарай жақындап келе жатқан сияқтанады. «Привал!» Сен де бар даусыңмен қуана дауыстап, өзіңнен кейінде келе жатқан жұртқа жар саласың да, жол шетіне шығып, сызды жерді салулы төсектей көріп, жолдастарыңмен бірге жантая кетесің. Бойыңдағы солдаттың ауыр жүгінен арылып, құрыс-тырысыңды жазып, рахаттана керілесің. Таңертеңгі ауылдың мұржаларынан жарыса будақтаған түтінді еске түсіріп, қомағайлана бұрқылдатып темекі сорасың. Дем аласың.
Артиллерия дивизионының жауынгерлері жиырма мен жиырма бес арасындағы, қырдың қызыл гүліндей жайнаған, қыршын жас жігіттер еді. Бұл шақтағы көңілге жақсы жар, сұлу қыз жайы көп оралатыны даусыз. Өмірдің бүршік атар көктеміндей бұл тұста осы жастар орталарын қақ жарып өтіп жатқан осынау майдан жолына көгенделген көп қозыдай болып, соғыс әлегімен сол бір ыстық шақтан алыс қалған. Бірақ олардың әрқайсысының жүрегінде алаулап жанған махаббат бар. Сондықтан да, осындай тыныштық, демалыс минуттарында, алдымен екі-үш солдат, құйрық-жамбастарымен жер сыза, жымыңдай жортақтасып келіп, Айтқалимен тізелесе жайғасады. Оның бірі әрқашанда зеңбірек көздеушісі Ризуан Қалиев болады.
– Айтқали, Абай мен Тоғжанның кездескен жерін тағы бір оқып жібермейсің бе? – деп қолқалайды олар.
Айтқали шаршап отырмын деп бәлденбейді. Арқасындағы зат қапшығын иығынан сыпырып, алдына алады. Сабынға айналар сақардай шұбатылған зеңбірек майы көп сіңіп, жарадар болған, жарылған жерлеріне батпақ орнап, қап-қара боп күстеніп кеткен қолын арбиған салалы саусақтарымен қапшықтың аузын аша бастайды. Оның ішінде таңертең старшина берген күндік қорек жұдырықтай нан, қарабиннің алпыс патроны, «лимонка» аталатын, сырты тақталана бөлінген шоколад сияқты бұжыр-бұжыр екі граната жатыр. Солардың арасында, жорықтағы солдаттың ешқашанда пайдаланылмай қапшығында жүретін таза бет орамалына оралған «Ақын» кітабы бар. Айтқали орамалдың ішінен кітапты алып, оның өзі білетін «Шытырман» деген тарауын ашып, тамағын кенеп, қарлығыңқы даусын нәшіне келтіріп, оқи бастайды. Айтқалидың қолындағы кітапты көргеннен кейін бұлардың төңірегіне таяу маңдағылардың бәрі тегіс жиналады. Зеңбіректе жегулі тұрған аттың шылбырын қолына ұстап, Өсенов те Айтқалидың артына келіп жантаяды.
Тараудың бас жағы әкесінің жұмсауымен жасөспірім бозбала Абайдың Сүйіндік аулына келгенін, оның көрікті, ақылды қызы Тоғжанды көріп, оған ғашық болатынын баяндайды. Айтқали тамағын тағы бір кенеп алып, ары қарай оқиды.
«...Орташа келген қырлы мұрны енді ғана анық көрінді. Қырынан Қарағанда бір түрлі сүйкімді екен. Жұмсақ жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір толқындай боп, нәзік бұғағы білінеді. Жылтырап таралған шаш, қап-қара қалың өріммен, грекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, кіші де емес әшекей сырғасы діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр...»
– Уап, бәле!
– Қызым-ақ екен-ау өзі де! - деп әркімдер осы тұста сүйсіне үн қатысып қалады.
– Е, Абайды өзіне ғашық еткен қыз осал болады дейсің бе?!.
Өсенов жез мұртының ұшын ширатып жіберіп, ақырын бір жұтынып қояды. Ұзақ сапар шегіп, шаршап-шалдығып келе жатқан жандардың езулеріне жылы күлкі жүгіріп, көздері жайнай түседі. Жүректері лүпіл қағып, өздері сол сұлу Тоғжанның қасында тұрғандай сезінеді. Жүрек түбінен әркімге елде қалған өз Тоғжаны елес береді. Онымен өзінің ең алғаш қалай кездескені еске оралады. Бір сәтке олар өздерінің орман ішінде, оқ астында отырғандарын, жаны тебірене жар денесін сипауға созған қолдары қазір автоматтың суық стволын қысып тұрғандығын ұмытып кеткендей болады. Осы кезде алдан, әртүрлі дауыспен ышқына айтылған «По местам» деген жауынгер команда құлаққа шалынады. Бойларына күш жиып, қуаттанып қалған жауынгерлер орындарынан атып-атып тұрады...
Жауынгер Айтқали Құсайынов 1943 жылдың тоғызыншы январында Великие Луки қаласының түбінде, жау танкісі мен зеңбіректің жекпе-жек атысында, ер өлімімен қаза тапты. Соғыстың қатал дәстүрі бойынша өлген солдаттың денесі, бойынан қару-жарағы, қойнынан документі алынып, жаңа қазылған жас қабыр басында қарулас серіктерінің ақырғы құрметі көрсетіліп, туған жердің топырағына беріледі. Отан үшін қан төгіп, жан берген ер солдатты жер-ана құшағына қысып, мәңгілікке алып қалады.
Айтқалиды қастерлеп қойып, жауынгер жолдастары жаудан кегіңді аламыз деп серт еткендей, аспанға үш дүркін оқ атып салют бергеннен кейін, оның жетімсіреп жерде жатқан қарабинің кіші сержант Ризуан Қалиев көтеріп, ал зат қапшығындағы патрондарды өзге серіктеріне бөліп берді. Қалған екі гранат пен «Ақын» кітабын кіші сержант өз қойнына алды. Өлген жауынгердің қолынан алынған документ комсомол билеті мен қызыләскер книжкасының арасынан жөнелтілмей қалған үш бұрыш хат шықты. Хаттың сыртында: «Семей облысы, Белағаш ауданы, Ерназаров с/с, Тоғасова Задаға» делінген әдіріс бар екен. Зада – Айтқалидың сүйген қызы. Ол сонау Белағашта, селолық Советте секретарь болып істейтін. Айтқали қыздан үзбестен хат алып тұратын. Селолық Советтен хат келген сайын қуанып, жолдастарына сүйген қызы жайында көп-көп жалынды әңгімелер шертетін. Заданың сұлулығын да, сабырлылығын да бір ғана Тоғжанмен теңестіретін. «Тек Заданың құлағында «діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұратын» сырғасы ғана жоқ» деп қуана да, қулана күлетін.
Хат ішінде Айтқалидың маржандай әріптерімен мынадай сөздер жазылыпты: «Қалқам Зада! Біз қазір үлкен бір орыс қаласының түбіндеміз. – Айтқали әскери құпияны сақтап, Великие Луки қаласын осылай атапты. – Жау осы қалаға аранын ашып, анталап тұр. Бірақ біз оны бермейміз жауға. Оған сенімің кәміл болсын.
Қазір түн. Мен жертөледе дневальныймын. Жолдастарым жанымда тегіс тынығып жатыр. Олар тоңбай жақсы ұйықтасын деп, темір пешке өкіртіп от жағып отырмын. Далада шыңылтыр қарды шықырлата басқан сақшы аяғының сықыры естіледі. Жертөленің сыртына немістер жақтан келіп бір мина жарылды. Қорыққанға қос көрінеді деген рас болуы керек. Немістердің түні бойы осылай түсінен шошығандай беталды оқ атып отырмаса көңілдері көншімейді. Сен одан қорықпай-ақ қой, мұнда құр далбаса үшін атылған жау оғының маған да, менің жолдастарыма да келтірер қырсығы жоқ.
Сен қазір ұйықтап жатқан боларсың. Мен пешке шайыры мол құрғақ ағашты қалап қойып, снаряд гильзасынан жасалған солдат шамының түбінде кітап оқып отырмын. Ол сен туралы, екеуміз жайында жазылған кітап. «Ақын» романы. Соның «Бел-белесте» деген тарауының аяқ жағында Абай мен Тоғжанның екінші рет кездесуі баяндалады. Екі досжан әрең табысып, бір-біріне жүректерін жайып, ынтыға ұмтылысқан шақта оларға Қарауыл өзені тасып кетті деген суық хабар келеді. Бұл Абайға да, Абай жанындағы әйелдердің де бастарына төнген қатер еді. Сондықтан да ол тез кетпек болып, қимас ғашығын тастап, асығыс жөнеледі. Кітаптың осы жерін оқышы сен, Зада, тағы бір қайталап оқышы. Екеуміздің жайымыз да нақ осы сияқты болды ғой. Біз осы жазда қосыламыз деп уәде байласқан шақта, сол бір тәтті түннің таңертеңінде соғыс басталып кетті емес пе. Бізге төнген қатер көктемде тасыған шағын өзен Қарауыл емес, шалқар Отанымызды шарпыған сұрапыл соғыс болды ғой.
Оқасы жоқ, Зада, сол Қарауылдың қалың сеңінің қамауынан құтылып, өзеннен аман өткен Абайың болып, бір күні жауды жеңіп жетермін мен де саған құстай ұшып. Қуана күліп, алдында тұрармын қанатымды кең жайып. Сонда біздің соғыс ажыратқан құшағымыз қайта айқасады. Мәңгілік болып айқасады. Қош сәулем, Задашым - Тоғжаным менің. Ақ бетіңнен аймалай сүйіп, сенің, тек қана сенің
Айтқалиың.
8 январь, 1943 ж.
Дала почтасы 1745, 125 бөлімі».
Жебір соғыс жалмаған асыл азамат сүйгеніне жетпеді. Төбе басын томпитып, алыста қалды.
Бұдан кейін де, соғыстың сансыз темір тісі тілгілей жыртқан азалы жерге адам сүйегін сепкен талай күндер өтті. Жауынгерлер қилы-қилы қанды жорықтарды қиын-қиын қырқысқан ұрыстарды бастарынан кешірді. Жырым-жырым болып, солдаттар қойныңдағы кітап та тозды. Бірақ жігіттердің жүректеріндегі Тоғжан тозған жоқ. Ол, «әшекей сырғасы діріл қағып» жорықта солдаттармен қатар жүрді. Ол, «жылтырап таралған шашы, қап-қара қалың өріммен, ерекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіп», жауынгерлермен қол ұстаса, жауға қарай сан рет шабуылға шықты.«Елде сенің де сұлу жарың бар» деп, әр солдаттың құлағына сыбырлады, әр жүректі наздана қытықтады. Жаралыға үміт болып, шаршағанға қайрат берді. Қараңғы түнде алыстан маздаған от, аспандағы шолпандай болып, Тоғжан оларды атой салып жеңіске шақырды, өмірге жетектеді.
Соғыс бітті. Эшелон-эшелон қызыл вагондарға тиеліп, солдаттар туған елге қайтты. Жеңіс поезы желдей жорықпен өткен, соларды азат ету үшін қан төгіп, қиян-кескі ұрыс салған қалалар мен селоларға, ормандар мен шоқыларға, өзендер мен көлдерге қарайды. Сол жерлерде мәңгі ұйықтап жатқан ер жолдастарын естеріне түсіреді.
– Апырай, бұл соғыстан тірі қаламын деп ойлаған жоқ едім, - дейді жездей сары мұртты, кәрі солдат қасындағы сержантқа бұрылып, басын шайқап. – Ажалсызға тау құласа да өлмейді деген осы екен-ау...
Сары мұртты солдат баяғы Өсенов. Оның қасында тұрған сержант Ризуан Қалиев. Қалиевтың кеудесі ордендер мен медальға толы. Өсеновтың де кеудесі құр емес, қос медаль жарқырайды.
Сержант та кәрі солдатқа күле қарайды. Баяғыда Алматыдан алғаш майданға аттанған шақ есіне түседі. Сондағы осы шалдың бүкіл вагон ішіндегі жұрттың жүрегіне қаяу салып, шерлене күрсінуі бар. Солдаттарды сол сәттегі шер тұңғиығынан шығарған Айтқали болып еді-ау. «Жоқ, туған жер қалған жоқ, ол бізбен бірге, мына кітаптың ішінде» деп, жарқ етіп шыға келіп еді-ау, айналайын... Айтқалидың өлген жерін есіне алып, сержанттың қабағы шытынып кетті. Жалғыз Айтқали ма, талай-талай маңғаз жігіт, аяулы азаматтарды мерт қылып кетті ғой бұл соғыс. Сержант Нәсіп Қалиев, кіші сержант Әбдірахман Бимурзин, жауынгер Сембек Молдабаев кімнен кем еді? Взвод командирі лейтенант Қажым Көшеков, батарея командирлері Жамалхан Жамалбеков, Ақыраш Андиров, подполковник Әбілқайыр Баймолдин, пулеметші батыр қыз Мәншүк Мәметова ше? Бәрі де жанып тұрған, лаулап тұрған жалын еді. Отан үшін, анамыздай қымбат арымыз үшін қабақтарын шытпастан жандарын қиды да, не бір қаланың табалдырығын жастанып, не бір өзеннің қабағын қарайтып, арыстай боп қала берді олар... Сержанттың көз алдына өз батареясының командирі капитан Жамалбеков елестеді. Ұрыстың бір толас шақтарында, немесе бөлім екінші эшелонда тұрған кездерде жауынгерлер алқа қотан отыра қалып, кезекпен «Ақын» кітабын оқысатын еді. Жауынгерлермен бірге отырып, бұл кітапты капитан да тыңдайтын. Ел сағынған жүрекке осы бір тозған кітап үлкен медеу болатын. Әсіресе оның Тоғжан жайлы айтылатын жерлерін оқығанда жауынгерлер жымыңдасып, екі езулері құлақтарына жете мәз болысып қалатын. Жалғыз жауынгерлер ғана емес, капитан қоса жымиятын. Әшейінде түсі суық, сұсты көрінетін командир жүзі Тоғжанның жүріс-тұрысы, қылықты қимылдары суреттелген жерде мүлде жібіп, майға балқытқан қорғасындай толықсып кететін... Сөйтіп, артта Европа қалды. Артта қираған қалалар қалды. Қалалардың төңірегі толы молалар қалды. Енді міне жеңіспен елге келеміз. Қазақтың қара көз қыздарын көреміз. Өз Тоғжанымызға барамыз... Қалиевтың қиялы шарықтап, Шар ауданындағы өзінің туған ауылына қарай қанат қағады. Ажары атқан таңдай жылы жүзді, жұмсақ, жұмыр білекті, су тиген қарақаттай мөлдір көзді аса бір сымбатты жан аяла да, қуана кеп мұның алдынан шыққан тәрізденеді...
Ол кезерген ернін жалап, бір тамсанып қалып, жанындағы жолдасына қайта бұрылады.
– Рас, ажалсызға тау құласа да өлмейді деген... – дейді Өсеновке, әр сөзін үзіп-үзіп айтып. – Апырай, Москваға қашан жетер екенбіз. Тезірек көрсек-ау Қазақстанды...
Сержанттың жүрегі аузына кеп тығылардай боп, кесек лүпілдеп, қатты соғады. «Рас, рас... туған жер, туған жер...» дегендей, эшелон толы солдаттар вагон ырғағымен бастарын қайта-қайта изейді».
Мен оқып болдым. Самайымнан тер сорғалап кетті. Жазғаным Әуеновке ұнамаған шығар деп ойладым. Қысылып бір қырындай тұрып, профессорға көзімнің қиығын салдым. Оның өңі нарттай қызарыңқы сияқты көрінді. Менің оқығанымды беріле, бар ынтасымен тыңдап шыққанға ұқсайды.
– Пәлі, Ербол, сенің мынауың көркем шығарма ғой өзі, – деп мұрнын бір сипап қалды. – Мұны новелла десе де, естелік атаса да, немесе көркем очерк деуге де келеді. Бұнда бүкіл бір әскери бригаданың қысқаша тарихын айтыпсың. Тоғжан бейнесін жақсы түйіндепсің. Оны тек жақсы қыз деп қана емес, жан сүйсінтер сұлулық мұраты, өмірдің өзі, тіпті Отан тұлғасы деп те түсінуге болады екен. Біз жазған Тоғжанның майданда осындай әсері болғанын соғысқа қатысып келген солдат сенің аузыңнан есту маған қандай ғанибет екенін білесің бе, Ербол? – деп профессор мені көкке көтеріп тастады. Мұны жазғанда менің ойыма түйіндеу деген де, бір бригаданың тарихын тізу деген де келмеген еді. Мен тек өзім көрген, жолдастарымның басынан кешкен жайларды ғана айтуға тырыстым, айта алдым ба екен деп шүбәландым. Профессор сәл бөгеліп барып, сөзін қайта жалғады. – Мен мұндай болар деп ойламаған едім. Тағар сыным, айтар мінім жоқтың қасы. Сен өзің журналист боламын деп жүрсің ғой. Әбден боласың. Мына аяқ алысың сенің қазірдің өзінде дап-дайын журналист екеніңді танытады. Менің саған берер кеңесім: осы жазғаныңды газетке апар. Мен үшін емес, өзің үшін апар. Газет деген үлкен жаршы орын. Сен сияқты болашағы бар журналистің газетке жарияланып, көріне беруі абзал. Ал мына тырнақ алды еңбегің ұялмай жариялануға әбден жарарлық. Сенің мұны қысылмай ұсынып, газеттің қымсынбай басуына болады.
Әуенов маған редакцияға баруымды мәслихат етіп бола бергенде, лекцияның біткенін паш етіп, қоңырау шылдырады. Мен өзімнің аудиторияда сабақта отырғанымды сонда бір-ақ білдім. Аудиторияда Әуенов екеумізден басқа жандардың барын да енді аңғардым. Әуенов тұруға ыңғайланып, алдында жатқан папкасын жиыстырып, үстел үстіне қырынан ұстап отырды да, тағы бірдеңе айтқысы келгендей, асықпай менің бас-аяғыма қарады.
– Солдат студенттің жайы басқалардан гөрі ауырлау болады. Сен өзге жұрттан кейінірек келдің ғой, Ербол, жатақханаға жайғасып па едің? – деп сұрады. Мен жатақханадан орын тимей, пәтерде жатқанымды айттым.
– Ал, өзге жайларың дұрыс па?
– Дұрыс, – дедім мен.
– Онда қазір менімен бірге деканатқа жүр, сенің жатақхана жайыңды сөйлесейік.
Мен қуанып кеттім. Жатақхана жалына қол жетпес жақсы арғымақтай арманым еді. Орнымнан атып тұрып, Әуеновтың соңынан ілестім.
Декан өз орнында отыр екен. Есіктен кіріп келе жатқан Әуеновты көріп, ұшып тұрып оған өз орнын берді. Бас изеп, менімен де сәлемдесті. Бұған менің ішім одан сайын жылып, үмітім күшейе түсті.
– Ыбырайым,–деді профессор деканның орнына жайғасып жатып, – мен өзіңді жақсы декандардың бірі санаушы едім. Бірақ мынау ісіңді құптамай қалдым.
– Не боп қалды, Мұха? – деді декан оған қарай еңсеріле құлағын тосып.
– Мынау Ербол деген жігіт, – деді профессор босағада түрегеп тұрған мені нұсқап, – табандатқан төрт жыл соғыста болып, осы тұрған шағын бойымен ер шыдамас, нар көтермес жүк көтеріп, жауды жеңіп келген асыл азаматтардың бірі. Осы жігіт соғыстан қайтып келе жатып, туған жеріне де бармастан, осы біздің университетте оқуда қалған. Мұны өзің қабылдапсың, оның дұрыс болған. Бірақ осы жігіт үш айдан бері туысы емес, танысы емес, соғыста бірге болған жолдасының тар үйін сол үйдің көп жанымен қосылып мекен ететін көрінеді. Танымайтын беталды біреу бұл жігітке босағасынан орын бергенде өз үйі сияқты университет неге жатақханадан орын бермейді?
– Ойбай, Мұха, – деді декан, – қазір жатақханада орын жоқ. Бұл жігіт сол тұрған үйінде биылша бірдеңе ғып шыдап шықсын. Алдағы оқу жылында жатақханаға қайтсем де орналастырайын.
– Пәлі, со да сөз бе екен? – деді профессор түсін бірден суыққа сала сөйлеп. – Орын неге жоқ? Жатақханаға жайғасып алған, өздері соғысқа бармаған, жай-күйлері жақсы, көк жаға күйлі студенттер бар емес пе? Немесе, ана нашар оқитын студенттеріңнің бірін жатақханадан шығарып жібер де, орнын осыған бер.
– Ол болмайды ғой, Мұха, – деді декан сасқалақтап.
– Болмаса мен ректорға барамын. Бұны қайткенде де болдыру керек. Біздің осы болымсыздан қол жетпейтін биік, көш өтпейтін шыңырау жасап алатынымыз жаман. Әйтпесе қол астында үш жүздей студенті бар деканға жатақханадан бір орын табу қиын болып па?
– Ойбай-ай, Мұха, сөзіңіз өтіп кетті. Мен бұл жігітті қайтсем де бірдеңе ғып орналастырайын, – деп декан маған бұрылды. - Фамилияң кім, қарағым?
– Есенов, – дедім мен.
Декан менің фамилиямды жазып алды.
– Бүгін лекциядан қайтарыңда маған соға кет. Оған дейін коменданттармен хабарласып, бір нәрсе істеттірейін, шырағым.
– Е, пәлі, – деді Әуенов қайтадан жадырап. – Жөн істедің, Ыбырайым. Бұл өзі қамқорлық жасауға тұратын жігіт.
Мен деканға да, профессорға да рақмет айтып, қуанышым қойныма сыймай, деканаттан шықтым.
Ертеңінде мен жатақханаға көштім. Виноградов көшесіндегі үйдің екінші этажындағы 65 бөлмеге, Жомартбектің қасына орналастым. Төсек-орын жоқтықтан, әзірге ол екеуміз бірге жататын болдық. Сөйтіп, менің екі ыстық тілегім бірден орындалды, жатақханаға жайғастым, Меңтайдың жанына жақын келдім. Сүйген қызыңды сыртынан жиі көріп жүрудің өзі бақыт қой, шіркін! Бұл бақыт енді менің жүрегімді күн сайын кернеп, оны үрген шардай тырсылдата керіп, жұқартып бара жатты.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя