XIV

165 3 0
                                    





Енді бүгіннен бастап дайындалатын емтихан жоқ. Қыздар да ауылдарына кетті. Бір бөлмеде қалған Жомартбек екеуміз ғана болсақ, оның кешке дейін келу-келмеуі екі талай. Ол да ертең не бүрсігүндері еліне қайтпақшы. Бәлкім, ол қазір билет алудың қамында жүрген болар. Сондықтан мен сағаттың алты болуын күтпей, бүгін жұмысқа күндегіден ерте бардым.
– Ербол, ой, Ербол, - деді Бибіш апай менің төбем баспалдақтан көрінісімен-ақ. – Жылдамырақ жүрші, айналайын.
Апайдың темекісі таусылып отыр екен. Қазір тартпасын ашып, сумкасын ақтара бастайды деп ойладым ішімнен.
– Сәлеметсіздер ме? Жайма, Би-апай?
Апай күліп жіберді.
– Темекіге жұмсайды екен деп қалдың ба? Темекім бар, қалқам. Осы қазір ғана сені жауапты секретар іздеп отыр еді. Соған бара қойшы тез. Саған жаңа жұмыс бергілері келіп отырған сияқты.
Салып отырып жауапты секратардың кабинетіне барсам, Бәкең жалғыз отыр екен.
– Қал қалай, Ербол? – деді ол сәлемдескеннен кейін.
– Қал жақсы, емтиханды бітірдік.
– Каникулде қайда болмақ ойың бар: осында қаласың ба? Әлде бір жаққа барасың ба?
– Осында қаламын, қайда барамын? – дедім мен. – Ауылға қайтайын десем, арлы-берлі жүруге қаражат керек.
– Онда биыл жаздай бізде корректор боп істей тұрсаң қайтеді?
– Істеймін.
– Ертең бір кешкі корректор демалысқа шығушы еді. Соның орнын саған ұстап отырмын. Келесі айда тағы біреуі шығады, оның орнын және сен басасың, – деді Бәкең сабырлы, қамқор көңілмен.
– Күндіз ұйқың қанғаннан кейін маған келіп жүр. Әнеугідей емес, қолың босады ғой. Мен сені енді завод, фабрикаларға жіберіп, хабар, корреспонденциялар жаздырамын. Бұл да қосымша қаражат болады.
– Рахмет, Бәке.
– Бара-бара мақала, очеркпен де айналысарсың. Сөйтіп екеуіміз сенің қолыңнан жазу келетіндігін осындағы жұртқа дәлелдейтін боламыз.
Мен басымды изедім.
– Онда мен сені ертеңнен бастап корректор қызметін атқарады деп бұйрық бердіремін.
Сөйтіп мен сол күннен бастап екі ай корректор болдым. Екі айда «Е.Есенов» деп қолым қойылып, газетте 6-7 рет хабар, корреспонденциям шықты. Газет айына екі рет қаламақы, екі рет жалақы береді екен. Студенттің айына бір рет берілетін стипендиясындай емес, бір айда қолына төрт рет ақша ұстаудың өзі маған ересен байлық сияқты боп көрінді. Оның үстіне Уазитов ағай менің хабарларыма студенттік жайымды есептеп, үнемі көтеріңкі қаламақы қойып отырыпты. Оны қаламақы алған сайын Шалдуардың бас шайқауынан білдім. Мен қаламақы немесе жалақы алып шықсам-ақ алдымнан Шалғынбаев тап бола кетеді.
– Әй, Қарадомалақ, ақша алдың ба? Аһ! – дейді.
– Алдым, – деймін мен арсалаңдап.
– Әкел санайық, – дейді ол қолын созып.
Мен жаңа ғана кассирден санап алып, көнетоз гимнастеркамның омырау қалтасына екі бүктеп салып қойған ақшаны қайта суырамын. Шалғынбаев оны уыстап алады да, мені оңашалау жерге қарай бастайды. Содан соң ол жайланып отырып менің ақшамды санай бастайды. Санайды да:
– Көп, - деп басын шайқайды.
– Неге?–деймін мен өз-өзімнен қысылып. Ол бухгалтерияға айтып, ақшамның жартысын қайтадан алдырып қоятындай боп көрінеді. Сасқалақтап, Шалдуардың бетіне жалтақ-жалтақ қараймын.
– Көп деген соң көп! – дейді ол ақшаны маған қайырмай, уыстап ұстап тұрып. Мен бір оның қолынан суырып әкететіндей, будыраған қағаз ақшаның уысынан шығып тұрған шетін бармағымен басып қояды. Сонсоң мені тергей бастайды.
– Сен бұл жартыда неше хабар жаздың?
– Екеу.
– Әне, айттым ғой. Екі хабарға мұнша ақша тиісті емес. Бұрын бізге аз қойылатын.
– Мен қайдан білейін, – деймін Шалдуардың алдында қылмыс жасағандай қысылып.
– Сен білмейсің, мен саған білген соң айтып тұрмын, аһ! – дейді ол маңғазданып.
Бір жолы, Шалдуардың осындай тергеуінен кейін, мен одан:
– Өзіңіз қанша алдыңыз? – деп сұрадым ақырын ғана. Ол басын шайқады.
– Бұл жолы мен ештеңе алғаным жоқ. Қазір өзі очеркке лайық материал жоқ, - деп қабағын шытты.
Мен одан сайын қысылдым. Бейнебір Шалдуарға тиісті ақшаны өзім алып қойғандай қуыстандым. Мені бұл қиындықтан Шалдуардың өзі шығарды.
– Ал енді бүгін ішпейміз бе? Аһ? - деді ол менің ақшамды ұстаған оң қолын жоғары көтеріп.
Мен басымды изедім.
– Жүріңіз, Шәке, сіз ішіңіз, менің ішпейтінімді өзіңіз білесіз ғой.
Бұлай дейтінім курьерлік жалақымның алғашқы жартысын алғанымда дәл осылай Шалдуар кездесе кеткен. Сонда да ол менің аз ақшамды қолына алып, ерні жыбырлап санап шығып, «ал енді ішпейміз бе?» деген. Мен оны көше бұрышындағы көк будканың біріне ертіп барып, екі жүз грамм арақ әпергенмін. Одан кейін де жалақы, қаламақы алған сайын Шалдуар менен міндетті түрде екі жүз грамм ішпесе аузы қисайып кететіндей боп әдеттеніп алған. Сол кездесулерде менің жарытып ішпейтініме оның көзі жеткен.
– Бұл сенің нешінші қаламақың? – деді Шалдуар ақшаны өзіме қайтарып беріп жатып.
– Үшінші ғой, Шәке.
– А, солай ма? Сен де үшінші рет қаламақы алып жібердің бе, ей? - Ол қарқылдай күліп, әдеті бойынша арқамнан қойып кеп қалды. Ыңқ ете түскен менің аузымды аштырмастан тағы да өзі сөйлеп кетті. – Онда былай болсын. Үшінші қаламақыны жақсылап жуумыз керек. Бәріміз де сөйткенбіз. Әйда жүр, көк базардағы шайханаға барамыз.
Мен бұрынғы әдет бойынша Шалғынбаевты көшелердегі көк будкалардың бірінен сыйлап қайтарармын деп ойлап едім. Ол мені дедектетіп, көкбазардағы шайханадан бір-ақ шығарды. Үстелге отыра сала, даяшыны шақырып, өзі заказ берді.
– Жүз елу грамм арақ – деді ол даяшының қолындағы қағазын иегімен ымдап, оған тез жаз дегендей ишара білдіріп.
– Шәке, екі жүз грамм ішіңіз, – дедім оның күнделікті мөлшерін тұспалдап қалған мен.
– Жоқ, өзімнің есебім бар, – деді Шалғынбаев, - жүз елу, жаздыңыз ба? Аһ? Жазсаңыз, оған үш рет дунган кеспесін қосыңыз.
«Біз екеу емеспіз бе, үш кеспе деп осы кісі қателесіп айтты ма» деп ойлап, оның бетіне қарадым. Менің ойымды ұққандай Шалдуар: «Үш кеспе деп жаздыңыз ба? Үшеу деп жазыңыз» деп және екі рет қайталады. «Бәлкім тағы біреу келетін шығар, үшінші кеспені соған алып отырған болар» деп түйдім де, үндемедім.
Заказ алған даяшы кухняның тесігіне қарай кетіп бара жатыр еді, Шалғынбаев қайтадан баж ете түсті.
– Тоқта, тоқта, бері кел, – деді даяшыға қолын үсті-үстіне сермеп. - Тіркемесі қалып қойыпты ғой, тіркеме қосыңыз.
Даяшы үстел шетіне еңкейіп, қағазына және бірдеңе түртіп алды. «Мұның тіркемесі не нәрсе, қымбат бірдеңе емес пе екен?» деп қыпылдап отыр едім, Шалдуар маған қарады.
– Әй, сен, тым болмаса бір кружка сыра ішсеңші, ah!
– Бір саптыаяқ ішсем, ішейін, – дедім мен.
Кетіп бара жатқан даяшыны Шалдуар тағы тоқтатты.
– Тағы бір кружка сыра қосыңыз, – деді ол мойнын созып. – Қостыңыз ба? Енді әкеле беріңіз, тез әкеліңіз.
– Жаңағы бір тіркеме дегеніңіз не? – дедім мен Шалғынбаевқа.
Шалдуар сақылдап күліп, мені бүйірімнен тағы бір періп қалды.
– Соны білмейсің бе?
– Менің білетінім машинаға тіркеп, сүйретіп жүретін бір нәрселер сияқты еді. Мәселен, зеңбірек сүйреткен машинасы...
– Е, оны білсең болды, – деді Шалдуар сөзімді аяқтатпай. Шалдуар тегі өзі ғана сөйлеуді жақсы көретін. Әсіресе ол менің сөзімді кез келген жерден қиып кетіп, шірік жіптей үзе салатын да, өзі сөйлей жөнелетін. - Бұл да сол сияқты: жүз елу грамм арақ – машина, бір кружка сыра соған тіркеме.
– Ал егер арақ жүз елу емес, жүз грамм болса ше?
– Онда бір кружка сыра тіркеме бола алмайды.
– Неге?
– Сол. – Ол менің бетіме білгішсініп, бажырая қарады.
– Жүз грамм арақ, бір кружка сыраны тарта алмайды. Түсінікті ме енді? Ah?
Мен басымды шайқадым.
– Сен топассың, – деді ол бетіме бедірейген күйі. - Түсінігің нашар, ұғымың жоқ. Сондықтан сенен мына мен сияқты жүйрік журналист шықпайды. Сенікі ет пен терінің арасындағы желік сияқты бірдеңе. Майданда бір нәрселерді шатпақтаған болуың керек. Уазитов сол үшін сені көкке көтере мақтайды. Меніңше, сенде ешбір талант жоқ.
Мен не дерімді білмей, қызарақтап күле бердім. Осы кезде қасымызға даяшы келіп, біз сұраған ас-суды подноспен әкеп алдымызға қойды.
– Кеспенің біреуін, сыраның бірін ал, – деді Шалғынбаев.
Мен айтқанын істедім. Содан соң сол кеспенің бірін өз алдына жақындатты да, екінші тарелкадағыны соның үстіне төңкере салды. Қара бұрыш пен ұсақ тұзды мол етіп септі де, асықпай араластырды.
– Дунган кеспесін жаным жақсы көреді, аһ! - деді ол. – Сондықтан мен бір жегенде оның екеуін осылай бір табаққа саламын да, бірақ жеймін. Ал, сыраңды көтер. Көбігі көпіршіген қырлы шыны саптыаяқтың құлағынан ұстадым. Шалғынбаев бүйірлі келген қырлы стаканға кеңірдектете құйылған араққа, асқа телмірген иттей еміне қарап, жұтқыншағын секең еткізіп бір жұтынып алды. Содан соң, біреу алдынан ала қашатындай, шап беріп қос қолдап ұстап, діріл қаққан стаканды жыбырлай жөнелген ерніне тез тақап, қылқылдатып жұта бастады. Стаканды басына көтеріп болып, қабағын шытты да, дереу сыраға қол созды. Одан қылқылдатып екі жұтымын және ұрттап жіберді. Осыдан кейін ол терлеп-тепшіп кеспеге бас қойды. Шалдуар қасықпен қопара көтеріп, қауып асап, асты да тез жейді екен. Мен шектей шұбатылған ұзын кеспенің бір-екеуін сораптан жұтып үлгіргенше, ол өз табағын қопарып тастады. Шанышқы мен қасықты бос табаққа салып, үстелдің жиегіне қарай сырғытып жіберді де, саптыаяқта қалған сырасына қол созды. Қол созып жатып, әрірек үстелдерде отырғандардың бірімен бас изеп амандасты.
– Әй, сен менің кіммен амандасқанымды көріп қой, – деді ол мені бүйірден нұқып. -Таяуда әскерден босаған ақын жігіт. Өзі арақты өкіртіп ішеді. Аһ!
Мен жолдасын нұсқаған жаққа бұрылдым. «Арақты өкіртіп ішетін» қызыл шырайлы келген еңгезердей жігіт екен. «Болса болар» дедім ішімнен.
– Әй, сен мына сыраға қарашы, – деді Шалдуар саптыаяғын көтере ұстап. – Осының түсі қандай?
– Қоңыр емес пе?
– Жоқ, таба алмадың. Жақсы ішетін бір журналист мұны былай деп суреттеген:
Тобылғы торы сыраны
Толқыта ішер күн қайда?
Тостаған көз қыздарды
Толықси қуар күн қайда?
«Тобылғы торы сыра» дегені жақсы теңеу емес пе, ah! Ғажап тауып айтқан? Ah! - осылай деп Шалдуар қалған сыраны басына бір-ақ көтерді.
– Тобылғының түсін торы демеуші еді ғой, - дедім мен серігім саптыаяғын үстелге қойғаннан кейін. – Қызыл тобылғы десе керек еді. Торы деген сөз тек жылқыға ғана айтылмай ма? Егер арақтың дәмін аюдай ақырған ащы дей келіп, сыраны торы жылқыдай жуас десе бір сәрі емес пе?
– Жоқ, сен түк білмейсің, тобылғының да түсі торы, - деді ол маған бет бақтырмай. - Жоқ сен оны қой. – Шалдуар білегімнен қысып ұстап алды. – Енді мен тобылғы торы сырадан ішемін бе? АҺ!
– Өзіңіз білесіз.
– Жоқ, сен оны қой. Мен сыра ішемін бе? Aх!
– Ішіңіз.
Көзі кілегейленіп, ол маған тесірейе қарады.
– Жаңағыдай, тіркеме қылып ішемін ғой? АҺ!
– Өз жайыңызға қараңыз.
– Жоқ, менің жайымды неғыласың, енді бір тіркеме жүргіземін бе мен? Aх!
Шалдуардың тағы да дәметіп отырғаны белгілі болды. Осы жолғы қаламақымды қосып, киім алып кисем деген есебім бар еді. Ол ойым жүзеге аспауға айналды. Ішімнен қынжылсам да, мен оған ақшам азайып қалады дей алмадым. Амалсыз бас изедім. Шалғынбаев дереу даяшыны шақырып алды да, қайтадан заказ берді.
– Жүз елу тіркемесімен... – Ол тез маған бұрылды. - Сен ішесің бе?
– Жоқ, - деп мен безек болдым.
– Дұңған кеспесін жейсің бе?
– Жоқ, жоқ, әбден тойдым.
– Онда, - деді Шалдуар даяшыға қарап, екі саусағын көрсетіп, - екі рет дұңған кеспесін әкел.
Менің бір апта ішетін тамағымды мынаның бір жолы ішіп кеткелі отырғанына ішім ашыды. Ендігәрі шайханаға келмеспін деп өзіме өзім ант та бердім. Сол екі арада Шалдуар құлағынан күн көрінетін бір арық адамға орнынан тұрып, кеудесін басып, бас иді. Биске шақырылған әншінің сахнаның екінші шетінде нотасын реттеп жайбарақат отырған пианисті орнынан тұрғызып өзімен қоса көпке бас идіретіні сияқты, Шалдуар тұқырайып кеспе жеп жатқан мені иығымнан жұлқылап, шайнаңдатып, орнымнан тұрғызды.
– Ағаңа сәлем бер.
Мен аузымдағымды әрең жұтып, жаңағы Шалғынбаевша оң қолымен кеудемді басып, жұқа құлақ кісіге қарап бас идім. Ол менің сәлемімді керек етпеді-ау деймін, ары бұрылып кетті.
– Бұл кісі кім еді? – дедім Шалдуарға ілесе мен де орныма отыра беріп.
– Білмейсің бе?
– Жоқ.
– Мәссаған! Бұл атақты ақын ғой. - Шалғынбаев оның қай ақын екенін айтпастан, бірден мінездеме бере жөнелді. – Жасында мықтап ішкен кісі. Кәрі тарлан сыр берместен әлі сол шабысымен сілтеп келеді. Айтпақшы, сен білесің бе? Аһ?
Тамаққа ұмтыла берген мені ол тағы да бүйірімнен түйіп қалды. Мен қасығымды қайта орнына қойып, Шалғынбаевқа қарадым.
– Жазушылар Одағы осы көк базардың іргесінде ғой. Aх! Түсте олар осы шайханадан келіп тамақ ішеді. Екеуміз сәл кешігіп келдік, әйтпесе мен саған олардың небір жайсаңын көрсететін едім. Сен маған жазушылар ас ішетін жерге әкелгенім үшін және анадай екі ақынды көрсеткенім үшін рахмет айт. Аһ! Мен сені ана кәрі тарланның өзімен қол ұстастырып таныстырайын ба? Аһ? Бірақ оған ана... не... - деп Шалдуар оң қолының суық саусағы мен бармағын бір-біріне шапшаңдата үйкеп-үйкеп жіберді. – Ана... нетіп... тағы да ақша шығаруың керек. Аһ!
Мен күліп, басымды шайқадым.
– Шәке, рахмет. Мен өзге емес, осы сіздің өзіңізбен танысқаныма бақыттымын!..
Осы кезде жүз елу грамм араққа бір саптыаяқ сыра, екі тарелка кеспесін «тіркеп» даяшы жетті. Шалдуар, алғашқысындай, кеспені бір табаққа қопарып алды да, босаған ыдысты сырғыта салды. Содан соң араққа қолын созып жатып маған:
– Сен барып, даяшыға ақшасын төлеп кел, - деп бұйырды.
Мен даяшымен есептесіп қайтып оралсам, қырлы стакан босап, табақ тақырланыңқырап қалған екен. Шалғынбаев терлеп-тепшіп, қызара бөртіп кетіпті. Табақ түбінде қалған асты сыпырып-сиырып бір-ақ асады да:
– Сен жақсысың! Aх! - деді ол маған бұрылып. Содан соң қабырғамнан тағы да бір қойып кеп қалды. – Рас айтамын. Сен жақсысың деймін!
– Мақтағаныңызға рахмет, Шәке, – дедім мен ыржия күліп, бүйірімді сипалап. Шалдуардың өзімді мақтап ұрғанының әсерінен бе, білмеймін, бұл жолы бүйірім бұрынғыдан аз ауырған сияқтанды. Осы арада: «Бәләй, жаңа ақшам көп кетті деп бұған бекер ренжіген екенмін» деп те ойладым. Егер емеурін білдірсе сол сәтте мен оған енді бір «тіркеме» алып беруге де бейіл едім. Бірақ Шалдуар, өз шамасын біледі-ау деймін, бірден орнынан тұрды.
– Кеттік.
Есік алдына шыққан соң Шалғынбаев екі сөзге келген жоқ. Маған қолын сілтеді де:
– Ал сен кете бер, енді керегің жоқ. Aх! - деді. Содан соң көңілдене аяңдап өз жөнімен кетті.
Осыдан кейін бір күні жауапты секретарға жолықтым.
– Қалың қалай? – деді ол.
– Жақсы.
– Қаламақы алып жүрсің бе?
– Алып жүрмін, бірақ сіз маған көп қойып жүрген жоқсыз ба.
– Неге олай деп ойлайсың?
– Шалдуар мен қаламақы алған сайын «саған көп қойыпты» деп басын шайқайды.
– Содан соң?
– Содан соң «мұны мөлшерлі қалыпқа келтірейік, жүр шайханаға» дейді.
Жауапты секретар қалың қасы түксиіп, төмен қарады да, үстелінің тартпасын ашты. Одан бір папка суырып, мені қасына шақырды.
– Мынау қаламақы шкаласы, – деді ол папканың бетін ашып. Мұнда қандай мақалаға қанша сом қойылатыны көрсетілген. Міне, мынау сен жазған хабарларға қойылатын баға. Осыған қарап өткен жартыда жазған мақалаңның саны мен оған қойылатын қаламақы мөлшерін есептеп көрші.
Мен ернім жыбырлап, іштен есептеуге кірістім.
– Дұрыс па екен?
– Дұрыс сияқты.
– Ендеше Шалдуар шатаспасын! Бұл қаламақы дегеннің өзі қып-қызыл саясат. Мен сені қанша жақсы көргеніммен, тиісті мөлшерден артық ақша қоя алмаймын. Өйткені, ол менің өз ақшам емес қой. Түсінікті ме, Ербол.
Мен басымды изедім.
– Бәсе, арқамнан ауыр жүк түскендей болды ғой, – дедім іштей қуанып.
Күн сайын жүгіріп жұмысқа барып, ай сайын ақша тауып жүрсем де, мен бұл екі ай бойы өзімді қараңғы қапаста қалғандай сезіндім. Жатақханаға келсем де, жұмысқа барсам да бір нәрсемді, аса бір қымбат затымды жоғалтқандай боп, іштей алаңдаумен, елегізумен болдым. Кейде жеген тамақ, жұтқан суымды да ұнатпай қалатын сәттер кездесті. Осының бәрі маңымда Меңтайдың жоқтығынан еді. Осы күйім Меңтайға арналған үшінші өлең боп және қағазға түсті. Менің оған арнаған ең соңғы өлеңім де осы болды. Ол мынау еді.
Күн күңгірт, түн қараңғы ай болса да,
Келмес ұйқы жақсы орын, жай болса да.
Күншығыс жоқтай болып көрінеді,
Төрт бұрышты төңіректің сай болса да.
Күн шығып тұрса-дағы түк көрмеймін,
Айналам қараңғыдай қол сермеймін.
Сәулесін аспандағы ай мен күннің,
Меңтайдың ақ жүзіне теңгермеймін.
Жұтуға ауадағы жайсыз аса,
Сөйтпек пе әлде көңіл жабырқаса?
Қайдан тәтті болмақшы ауа шіркін,
Меңтайдың дем-лебізі қосылмаса.
Іздеумен елегізіп қысылдым сан.
Тән терлеп, жүрек жүдеп, қиналды жан.
Күн – күңгірт, ай – қараңғы, ауа – ауыр
Меңтайдың бұл маңайда жоқтығынан!..
Онымен жаз өтті. Күзде, оңтүстікке қарай бет түзеген тырналардай тізіліп, Алматыға лек-легімен студенттер қайтты. Әр жақтан, алыстан келіп, өзінің үйреншікті көліне қонған аққудай сыланып отыз қыз өзіміздің отыз үшінші аудиторияға жиналды. Меңтайды көріп, менде ес қалған жоқ. Өзіме онша назар аударып, жақын тартпаса да, бар бейілім соған ауды. Оның аудиторияға кіріп-шыққаны, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, күлген күлісі – бәрі маған қуаныш болды. Енді маған күн де күлімдеді, ай да жарқырады, ауа да жақсарды. Сары алтынның буына масайғандай, көңілім көтеріліп, көзім күлімдеп, мәз болдым да қалдым. Сөйтіп жүріп, сентябрдің өткенін де аңғармаппын.
Бұл күнде мен бұрынғыша Меңтайдың қасына отырмаймын. Жұрттың көзі түсіп, сөзі көбейгеннен кейін, оның үстіне өзімнің оған деген құмарлығым артқан соң, амалсыз қоныс аударғандай боп, арт жаққа, Жомартбектің қасына кеткенмін. Қазір Меңтай мен Майра жұптасып, екеуі бірге отырып, бірге жүретін болған. Ол екеуі сияқты, курстағы еркек кіндікті екеуміздің де жұбымыз жазылмайтын.
Бір күні, октябрдің аяқ кезінде, Жомартбек екеуміз сабақтан қайтып жатақханаға жаңа ғана кірген едік. Жомартбек дереу шай әкелуге кетті. Оның артынан іле-шала ентіге жүгіріп бөлмеге Тана келді. Терезе алдында тұрған менің қасыма әзер жетті де, мойнымнан бас салып құшақтай алып, еңірей жылап қоя берді. Мен шошып кеттім. Өне бойым қалтырап, не істерімді, не дерімді білмей қалдым. Қыз байғұстың құшағы ажырайтын емес.
– Жыламашы, тоқташы не болды, Тана? – дедім мен үрпиіп.
Қыз тоқтап, сәл сабыр тұтып, сөз бастамақ боп көзін сүртті. Сөйтті де:
– Заман... Заман... – деп, ар жағын айта алмай, қайтадан кемсеңдеп, ағыл-тегіл боп және жылады.
Тана «Заман» деп менің досым, өзінің өлген серігін айтып тұр ма? - деп бір ойладым. -Әлде «Заман» деп дәуірді айтып, басына түскен тағы бір мұңын шаққалы келді ме екен? – деп тағы да дағдардым.
Бір кезде қыз есін жиды.
– Сүйінші, Ербол, Заман тірі екен! – деді бір жылап, бір күліп. – Досың тірі екен, сенің!..
Мен сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Төбе шашым тікірейіп, өне бойым түршігіп кеткендей болды. Өйткені осы байғұс бала ой соқты боп кеткен жоқ па екен деген күдік келді маған.
Сонымды сезгендей қыз басын шайқап, безек қақты.
– Рас, рас, Ербол айналайын, қуатым. Илан менің сөзіме, илан! - деп Тана тез ридикюлін аша бастады. Одан бір конверт шығарып, конверттің ішінен екі хат суырып алды. – Мынау Заманның біздің үйге жазған хаты, мынау менің сіңлімнің маған жолдағаны.
Мен жалма-жан, саусақтарым дірілдеп, Заманның хаты деген қағазды аша бастадым. Рас, Заманның жазуы, соның өз қолтаңбасы. Хаттың басына бір қарап, дереу аяғына көз жүгірттім: «1946 жыл, 15 сентябрь» деп жазылыпты. Содан соң мен бас салып Тананы шөпілдетіп сүйе бастадым. Осыдан нақ екі жыл бұрын бір төсекте жатып, Тананың бетінен сүйіп, көзінен аққан қайғылы жасын қоса жұтып едім. Енді міне оның бетінен екінші рет сүйіп, көзіндегі қуаныш жасын қоса сіміріп тұрмын. Екеуміз біріміздің бетімізді біріміз тыным таппай шөпілдете сүйісіп жатырмыз.
Бір кезде дедек қағып Жомартбек келді. Сүйісіп жатқан екеуімізді көріп ол, таңданғандай боп сәл тұрды да, қолындағы шайнекті еденге қоя салып, жүгіріп келіп, екеуміздің бетімізден кезек сүйе бастады.
– Сен неге сүйесің Тананы? - деймін мен Жомартбекке қуана күліп.
– Сен сүйген соң сүйіп жатырмын. Ал сен неге сүйесің?
– Онда себеп бар. Жарайды, сен Тананы қыз болған соң сүйдің дейік. Ал менде нең бар?
– Сен Тананы сүйген соң, ол сені сүйді. Өзің мен сүйсем, Тана да мені сүйе ме деп дәметіп жатырмын, - деді Жомартбек шімірікпестен.
Үшеуіміз де күлдік. Содан кейін:
–Ендеше сені де сүйейін, бауырым, – деп Тана Жомартбектің оң бетінен шөп еткізді.
– Мына бетім өкпелеп қалады, мұны да сүйіңіз, – деп Жомартбек дереу Танаға екінші бетін тосты.
Тана Жомартбектің сол жақ бетінен тағы да сүйді. Тағы да ду күлдік. Осыдан соң ғана есімізді жиғандай болып, хаттарды қайта оқыдық.Сөйтсек, 1943 жылы Заман өлмепті. Ол ротасымен қоршауда қалады. Қоршауды бұзып шығамыз деп түнде шептегі немістерге шабуыл жасағанда Заман ауыр жаралы боп, жау қолына түседі. Ротаның жартысы аман-есен өзіміздің жаққа өтеді. Ол тұтқындар лагерінде болады. Бірнеше рет қашуға талаптанып, қолға түсіп қалады. Ақыры, 1945 жылы майда әскери тұтқындармен бірге біздің қолға өтіп, кейін сотталады. Содан бері Орал тауында шахтада жұмыс істейтін көрінеді. Заман хатының соңында өздерінің Свердловск қаласының солтүстік-батыс жағында сексен шақырымдай жердегі Билимбай деген жұмысшы поселкесінде тұратынын айтып, әдірісін көрсетіпті. Келем деген кісі алдымен Свердловскіге жетсе, одан кейінгісі қиын емес – біздің рудниктің кен тасыған машиналары ағылып жатады депті. Әрине, ол ешкімге де, Танаға да кел демеген, бірақ ерікті өзіне тастаған. Ол қалай дегенмен де, уақыты бітіп босағанша, біраз қиындық көруге тура келетінін ескерткен. Ал хатының ең соңында былай депті: «Соғыстан кімдер тірі қалды? Ербол аман оралды ма? Көрсең менен көп-көп сәлем айт. Әдірісімді бер».
Сонымен Жомартбек, Тана, мен үшеуіміз үстел үстіне жайып жібердік те, картаға үңілдік. Ары қарап, бері қарап ақыры, Орталық Оралдан Свердловскіні таптық та, оның маңынан Билимбайды іздедік.
– Осы Билимбай дегеніміз картаға түсетін жер аты емес, Заман ағайдың пәтерде тұрған үйінің иесі боп жүрмесін, – деді Жомартбек күлдіріп.
– Расында да өзі қазақ атына ұқсас екен, – деді Тана бір жылап, бір күліп. Тана жылаған кезінде көзінен көк маржан домаласа, күлгенде аузынан ақ маржан шашылған секілденеді.
– Бәлкім башқұрт жері болар, – деймін мен оларға өз жорамалымды айтып.
– Бәсе, – деді бір кезде Жомартбек масаттанып, – бала кезімде бірсыпыра б... жесем керек еді. – Осылай деп ол сұқ саусағын шошайтып картаға тіреді.
– Ой, ой, Жомартбек, байқа, картаны тесіп жібересің, – дедім мен оған күлместен, жымимастан, көзімді бақырайтқан болып. – Сенің саусағың саусақ емес, шеге екенін білмейтін бе едің? – Жомартбектің саусақтары шегедей салалы, ұзын болатын. Оның саусағы бүйіріне тиіп кеткен қыздардың қайсысы болса да баж ете қалатын. Әсіресе Зайкүл: «Әй, Әй, Жомартбек, тіліңді қалай сұқсаң, олай сұқ, бірақ ана шегелеріңді ары әкет» деп безек қағатын. - Бірақ мақтауыңа әбден болады. Бала күніңде б...-ны көп жесең, әрине, табасың. Жарайды, саусағыңды тарт енді.
– «Б» деген немене, витамин бе? – деді Тана да мырс етіп.
Жомартбек тез саусағын ала қоймады.
– Немене, сен «б...» дегенге ананы айтып тұрсың ғой, – деді ол маған бұрылып. Қазақта кімде-кім бала күнінде өз кәкейін көп жесе, өскенде сол көргіш болады деген әзіл сөз бар емес пе. Менің де ойыма келгені сол еді, Жомартбектің де «ананы» деп тұрғаны сол. -Оны жесең, өзің жеген шығарсың. Ал мен бала күнімде күріш ботқаны көп жегенмін. Ал ботқа жегеннің көзі көргіш болады дейтін үлкендер.
– Біздің жақта күрішті жасық ас деп есептейді. Сенің көреген боп жүргенің күріштен емес шығар, – дедім мен күліп. Тана да күлді. Басын шайқап, Жомартбектің өзі де қосылды.
Күлкіміз тыйылғаннан кейін Жомартбек картадан саусағын көтерді. Билимбай картада расында да бар екен. Оған көзіміз түсіп, әрқайсымыз өз ауылымыздың төбесін көргендей, қуанысып қалдық.
– Ал енді не істеймін мен? – деді Тана менің бетіме шыдамсыздана қарап. - Сенімен ақылдасуға келдім. Хатты кеше алғамын, бүгін сабаққа да барғамын жоқ.
Мен ойланып қалдым.
– Заман өлді деп хабар келгелі екі жылдан асты. Басқа сөз беріп қойған ешкімің жоқ па еді? - дедім төмен қараңқырай күбірлеп.
Қыз жылап жіберді.
– Ербол-ау, Заманның аты ойымда тұрғанда, мен кімге қараушы едім. Оның аты мәңгі менің жанымда, жүрегімде, жадымда емес пе?
Осылай деп қыз көзінің жасын қайтадан сүртті. Мен күліп, әзілге айналдырдым.
– Маған да қарамас па едің, Тана? – дедім.
– Иә, саған да, - деді қыз да күліп. – Бірақ Заман болмаса, саған қарауым мүмкін еді.
– Рақмет, Тана,– дедім мен қызды шашынан сипап. – Ендеше сенің Билимбайға баруың керек болар. Қыз қуанып, орнынан атып тұрды.
– Өзім де осы қорытындыға келіп едім, Ербол, – деді ол түрегеп тұрып мені иығымнан құшақтап.
– Ойбай, бұл мәселеден мені де шет қалдырмаңыз, – деп Жомартбек орнынан ұшып тұрып, Танаға ол да иығын тосты. Тана оны да құшақтады.
– Түу, рақаттанып қалдым ғой, шашымнан бір сипап жіберіңізші. – Тана Жомартбекті шашынан сипап, басын бауырына қысып босатты. – Осында отыз қыздың ортасында отырмыз, Ербол екеуіміз. Бірде-бірінің дәл сіздей шарапаты тиген емес бізге. Ербол Меңтайға неге құмар десем, қыздың сипағаны жақсы болады екен ғой, шіркін!
Үшеуміз де ду күлдік. Күлкі тынған соң Жомартбек байсалды қалпына келді де, Танаға қарады.
– Оқуыңызды қайтесіз, Тана? – деп сұрады.
– Тастаймын, – деді Тана бірден. – Заманым ана жақта ауыр жұмыста жүргенде оқу, қызық маған не керек? Барамын, қасында боламын. Ол отқа күйсе – бірге жанамын, ол су түбіне кетсе - бірге батамын!
Мен Тананың түрінен шын ғашықтың шешімін таныдым. Таныдым да: «Ер екенсің ғой, айналайын!» деп іштей құптадым.
Ары талқылап, бері талқылап ақыры біз мынаған келістік. ЖенПИ берсе Тана екінші курсын бітіргені жайында анықтама алады. Бермесе – жүре береді, артынан жібереміз. Өйткені ол, документтерін ала кетсе, Свердлов оқу орындарының біріне түсіп, Заманға жақын жерге орналасады. Ал, анықтаманы аттестатымен қоса кейін жіберсек, онда ол сондағы бір институтта сырттан оқитын болады. Сексен шақырым жерде институт болса, оны бітіріп алудың не қиындығы бар?!
Одан кейінгі мәселе қаражат жайына тірелді. Менің жазда курьер, корректор болып тапқан екі мың сомдай ақшам болатын. Тананың қаражатына сол жарайды деп есептедім. «Әттең бір 7–8 мың сом болса, жақсы болар еді», – деп өзімнен өзім кіжіндім. Бірақ, қара табан студенттің құр кіжінгенінен не шығады?! Жоққа жүйрік жетпегенде, ол қалай жетсін.
– Қашан жүресің? – дедім мен содан соң.
– Ұшарға қанатым жоқ, Ербол. Тез жүрсем, тез жетсем, тезірек көрсем екен! – деп қамықты Тана.
Мен тығып жүрген бар ақшамды алып, ескі ақшаның кезі ғой онда, қобыратып, Тананың ридикюліне салып бердім.
– Апырай, Ербол-ай, – деді Тана тағы да тамағына жас тығылып, – мен сенің адал дос екеніңді білгенмен, мынадай мырза екеніңді білмейтін едім...
Мен бұл сөзді де әзілге айналдырып жіберуге тырыстым.
– Жолдасың жомарт болса, сен қалай сараң боларсың, – дедім күліп, Жомартбекті нұсқап.
Жомартбек менің осы сөзімді пайдаланып, тез жәп ете түсті.
– Мұны сіз жалғыз Ерболдың бергені деп ойламаңыз, Тана,– деді ол қутыңдап. - Бұл сіздің жолыңызға Ербол екеуміздің қосқанымыз.
– Рақмет. Бұл еңбектеріңді тірі болсам ұмытпаспын да, өтемей және тынбаспын!
– Әрине, сіздің екі есе ғып өтейтініңізге мен шүбәланбаймын, – деді Жомартбек қуақыланып.
– Әкел, қолыңды, бауырым, - деді Тана күліп, екі көзі оттай жайнап, – осы еңбектеріңді үш есе ғып өтейтініме ант етемін!
Мен баж ете қалдым.
– Қой, Тана. Жомартбек қалжыңдап тұр. Бұным саған қарыз емес, достық қарызының титімдей төлеуі ғана болар бұл. Ана қарызынан кейінгі өмірде өтелмес үлкен қарыз достық қарызы екенін білесің ғой өзің. Бұл, әшейін, жол қаражаты болсын дегенім. Бала боп кеткенбісің, қайдағыны айтып.
Мен ашуланған болып аузымды бұлтиттым.
– Айналайын, айналайын, қалқам, - деді ол тағы жылап, ашуланбашы маған.
Тана бір аптаның орайында қалайда жүрмек болды. Жомартбек екеуміз билет алып, шығарып салуға уәделестік.
Ертеңінде бұл оқиға бүкіл біздің курсқа тарады. Жомартбек менің анада, емтихан кезінде, Тана туралы айтқан әңгімемнің шын екендігін, Тананың жігіті, менің досым Заманның өлмей тірі боп шыққанын, соны естіп Тананың ЖенПИ-дегі оқуын тастап, Оралға жүргелі жатқанын, менің алдағы базарда костюм, пальто, аяқкиім сатып аламын деп жинап отырған ақшамды бір тиынына дейін қалдырмай Тананың ридикюліне салып бергенімді бірін қалдырмай қыздарға айтып қойыпты. Қыздардың бәрі, танаулары делдеңдеп, дүрлігіп алыпты.
– Рас па, ағай?
– Шын ба Жомартбектің айтып жүргені? – деп менен бірінен соң бірі сұрасады.
– Алла-ай, не деген күшті махаббат! – дейді Зайкүл жағасын ұстап. – Бұл заманда да мұндай махаббат болады екен ғой. Мен ойлаушы едім махаббат анау Қыз Жібек, Баян сұлулармен біткен шығар деп.
– Иә, неге сен олай деп ойлайсың, – деп Майра шап ете түсті оған. – Махаббат мәңгілік, ол ешқашанда өшпейді деп оқыған жоқсың ба? Ендеше әр заманның өз махаббаты, өз Қыз Жібегі болады.
– Бірақ мен махаббат бар екен деп сонау Оралдағы тұтқын адамға төбеңнен алтын құямын десе де бармас едім, қыздар,– деді Зайкүл иығын қиқаңдатып.
– Ол – сен ғой, Зайкүл, – деді Меңтай көзін алысқа қадап, қатты ойлана отырып.
– Сонда сен барар ма едің? – деп Зайкүл шап ете қалды оған.
– Мен ғашық емеспін, - деді Меңтай бұрылып. – Ал шын сүйіп, уәделескен кісім болса, әрине, барар едім. «Рас, шын сүйіп, уәделескен кісісі болса Меңтай сөзсіз барар еді» деп ойладым мен де ішімнен.
– Жоқ, Зайкүл, сен барасың. Баратыныңды өзің байқамай отырсың, - деді Қанипа қасқа тісін ақситып, көзін құйқылжыта күлімдеп. – Төбеңнен алтын құямын десе, неге бармайсың, барасың, әрине. Өйткені, - Қанипа бұл тұста дауысын да құбылтып жіберді, – ол алтын ғой...
Қыздар ду күлісті. Зайкүлдің өзі де күлді.
– Қайдан білейін, – деді ол басын шайқап, - онда барып та қалуым мүмкін-ау. - Бірақ ол бұл ойына табан тіремей жатып, тез жалт бұрылды. – Әй, алыс қой, бара алмайтын шығармын. Айдаладағы Орал тауы тұрғай, мына тұрған Қордай тауының етегіндегі ауылыма барып келуге де қиынсынамын.
Жомартбек әндетіп қоя берді.
– Бектер мінер сұр қасқа,
Шаба алмаса – ұр басқа.
Батырлық, байлық кімде жоқ,
Ғашықтың жөні бір басқа –– деген емес пе?
Ғашық болсаң – қашық болса да барасың, Зайкүл aпa.
Зайкүл киім жағынан өзгелерден өзін ерекше ұстауға тырысатын. Кексе әйелдерге ұқсап, мойнына студент қолы жетпейтін қызыл түлкі салып, екі қолын бірдей қаракөл жең қолғапқа тығып, оқшауланып жүретін. Сонысына ерегесіп Жомартбек оны ызаландыру үшін кейде осылай, «апа» деп атайтын.
– Әй, Жомартбек, сен қотыр тоқтыша сүйкенбей тыныш отыр, – деді Зайкүл бұл жолы оның «апа» дегеніне шамданбай. - Мен ғашықтарды құрметтеймін. Бірақ өзімнен ғашық шықпайды. Ғашық болу үшін бір-ақ кісіні сүю керек. Ал маған өзіме күле қараған жігіттің бәрі жақсы сияқты боп тұрады.
Аудиторияны бастарына көтеріп, қыздар ду күлісті.
– Зайкүл турасын айтады, – деді Ақанас.
– Мен Зайкүл апамды сол шындығы үшін жақсы көремін ғой, – деп Жомартбек орнынан тұрып, кеудесін қақты.
Оған Зайкүл масаттанып қалды.
– Ә, бәлем, мойындадың ба? Жақсы көретініңді айтқыздым ба өзіңе? Енді мына Ерболды мойындатсам, онда тіпті арманым болмас еді.
Зайкүлдің бұл сөзі тағы күлкі тудырды. Екі көзі жалт етіп, Қанипа Зайкүлге бұрылды.
– Әрине, группадағы екі жігітті бірдей иемденіп алсаң, сенің не арманың болушы еді!..
Осындай әзіл-күлкімен бұл әңгіме де басылған сияқты болды. Алғашқы қос лекцияны да тыңдап шықтық.
– Қыздар, маған бір ой келіп отыр, – деді Меңтай бір үзілістің кезінде.
– Қойшы-ей, саған да ой келе ме?–деді Қанипа қуақыланып. - Онда сал ортаға ойыңды.
Меңтай орнынан тұрып, сөзін бастады.
– Менің ойымнан Тана құрбымыз бен Заман ағай кететін емес.
– Ал?
– Сонсоң? – десті Зайкүл мен Қанипа жарыса.
– Ол екеуінікі қандай мөлдір махаббат десеңші, қыздар, ә!
– Рас, рас! – десіп басқа қыздар бастарын шұлғыды.
– Заман ағайдың суретін анада ағай көрсетіп еді ғой бізге, - Меңтай иегімен мені нұсқады. – Сондай бір сымбатты, өңінен инабаты білінген әсем жастың тұлғасын танығандай боп едік қой суретіне қарап. Сол асыл жігіт тұтқынға түсіп, қор болып мынадай күйге ұшырапты, – Меңтайдың дауысы дірілдеп кеткендей болды. Ол сәл тоқтап, бойын бекітіп алды да, қайта сөйледі. – Тана болса, «өлді» дегенге сенбей, өмір бойы күтуге бекінген екен. Енді оның тірі деген хабарын естігенде, бар бейнетке белін байлап, соған жүргелі жатыр, – Меңтай үні тағы да булыға бастады. – Біз ғашықтарды құрметтеген елдің қыздары емеспіз бе? Шамамыз келгенше бұл сапарға Тананы дұрыстап аттандырып салсақ қайтеді...
Осылай деп Меңтай, сөзінің аяғын айта алмай, кемсеңдеп, бетін басып жылап жіберді. Бірсыпыра қыздар оған қосыла көздерін сүртті. Жомартбек екеуіміз де босап, төмен қарап, партаны шұқылай бердік.
– Ағай кеше қалтасындағы бар ақшасын беріпті ғой, «Бақа бірдеңе етсе көлге сеп» деген бар емес пе? Тананың жолына біз де қаражат жинап берейік. Танымайтын бөтен жерде жарын іздеген шүйкедей жалғыз қыздың күні не болатынын кім білсін... бірақ ең жоқ дегенде қалтасында ақшасы болса, ол да көңілге медеу ғой... менің дайын ақшам жоқ. Бірақ бір кесек нәрсемді берейін. Жомартбек соны ертең базарға апарып сатсын да, ақшасын ағай екеуі Танаға апарып берсін.
Меңтайдың ұсынысы отқа құйған майдай болды. Қыздар лап етіп, оны бірден қостап әкетті. Біреу елу, біреу жүз сомнан тауып беретіндерін айтысты. Нәзилаш қолма-қол тізім жасауға кірісті. Осы кезде Зайкүл орнынан тұрды.
– Меңтайдың жаңағы сөзі жүйке-жүйкемді босатып жіберді, қыздар-ау, – деді ол. Әшейінде Зайкүлдің әр сөзін қыздар күлкімен қарсы алатын еді. Бұл жолы ешкім езу тартқан жоқ. Әлде оның алдында айтқан Меңтай сөзі жүректерін тебірентті ме? Әлде Зайкүл қайтер екен деп, соны сынағылары келді ме, әйтеуір, қыздар бірінші рет тырп етпестен, тыныш күйде қалды. Бірақ Зайкүл олардың неге үндемей қалғандарына мән берген жоқ, сөзін әрі қарай айта берді. – Иығымда түлкі жағам болған соң мына Жомартбек мені бай деп ойлап, «апай» деп мазақтайды. Бірақ менде де бір теңге ақша жоқ. Өйткені бір теңге ақшам болғаннан бір үзім наным болғанды артық көремін.
– Мен де сондаймын, апамнан айнымағанмын, – деді Жомартбек.
Осы тұста ғана қыздардың еріндерін күлкі қытықтап, сәл-пәл жымиысып қалды.
– Жомартбек, қоя тұршы қыстырылмай, – деді Зайкүл оның сөзің шыбын шаққан құрлы көрмей. – Одан да сен ертең таңертең біздің бөлмеге келіп, менің түлкі жағамды алып кет. Соны базарла да, ақшасын осы іске қос.
Мұндай ерлікті Зайкүлден ешқайсымыз да күтпеген едік. Бәріміз таңырқап, таңданып, бір сәтке үнсіз қалдық. Бұл үнсіздікті Жомартбек бұзды.
– Айналайын, апам-ай, жүрегің қандай жақсы еді. Келші, бетіңнен бір шөп еткізейін, - деп ол Зайкүлге қарай ұмтылды. Зайкүл қымсынбастан бетін тосты. Жомартбек оны құшақтап, бас салды. Жұрт тағы да қыран күлкіге батты.
Ертеңінде Жомартбек қыздардың берген заттарын осы күнгі стадион орнындағы ескі-құсқы базарына апарып өткізіп келді. Оның ең қымбатқа сатқаны Меңтайдың қызыл көрпесі болыпты. Жомартбек Меңтайдың шешесі мен ағасынан қалған белгі – жалғыз көрпесін сатпаймын, алмаймын деген екен. Ол: «Ал, апар, басқа бағалы затым жоқ» деп қиылып болмапты. Сөйтіп, мен үшін махаббаттың жалауындай болған қызыл көрпе, ақыры, асыл махаббаттың мұқтажына жұмсалыпты. Сонымен, қыздардан бас-аяғы төрт жарым мың сом ақша және жиналды. Сол күні кешке кітапханадан шығып, жатақханаға кірсем, маған келген телеграмма жатыр екен. Тез ашып жіберіп, асыға көз жүгірттім.
«Алма-Ата. Виноградова, 62, комната 69. Есенову Ерболу.
Бесконечно рад, мой бесценный друг. Обнимаю и целую тебя тысячу раз. Таня если хочет, если любит меня по-прежнему, пусть приедет. Буду ждать с нетерпением, Твой Заман».
Тана келіп, 3аманның хатын көрсетіп, баруға бел байлағаннан кейін мен Заманға телеграмма жібергенмін: Тананың барғысы келеді, қабылдай аласың ба, тез хабарын жібер дегенмін. Бұл Заманның соған жіберген жауабы екен. Демек оның Танамен бірге тұруға мүмкіншілігі бар деп түйдім.
Ертеңінде Жомартбек екеуіміз Танаға барып, телеграмманы көрсеттік. Одан соң Жомартбектің Жоғарғы Совет президиумында қызмет істейтін туысына барып, келесі күні жүретін Алматы – Москва поезына билетке бронь алдық. Сол броньмен Свердловскіге дейін деген билет қолымызға тиді. Тек Тананың Куйбышевта басқа поезға отыруына тура келеді. Тана жүретін күні вокзалға соңғы лекцияны тастап біздің группа түгел барды. Вокзал басында қыздар Танамен шетінен көрісіп қоштасты. Әсіресе, Тана мен Меңтай бірінен-бірі ажыраса алмай, көп жыласты.
– Жайықтан жеке жөнелген Төлегендей болып, жалғыз аттандың-ау, құрбым, – деп Меңтайдың егіле айтқан сөзі бәріміздің сай-сүйегімізді сырқыратты.
Көзімнің құйрығын қайта-қайта сипалап, ернімді үсті-үстіне тістелеп, бордай босап, ішімнен егіліп мен тұрдым.
Содан соң Тананы вагонға орналастырдық та:
– Қош!
– Қош!
– Заманға сәлем айт!
– Сәлем айт! – деп біз қалдық.
Алматының қою түні бүркеген поезд ішінде, вагон доңғалақтарының рельс қоспасына сарт-сұрт соғылған ырғағымен теңселіп, белгісізге бет қойып, Тана кетті алысқа. Аяулы ғашық аттанған поездың барлық дүрсіл-гүрсілін жүрегімізде сақтап біз қалдық перронда.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя