VIII

197 2 0
                                    


Менің жазғанымды Әуеновтың ұнатуы бүкіл группаны қуанышқа бөледі. Курсымыздағы отыз қыз бен менен кейінгі еркек кіндікті жалғыз ұл Жомартбек сол күні мені кезек-кезек құттықтаумен болды. Келесі күндері де бұл әңгіме ауыздан түспеді. Әсіресе, Зайкүл: «Мұхит ағаға мен айтпасам, мен Ерболдың қолынан жазу келеді демесем, мен ол кісіге сенің өлең шығаратыныңды да жеткізбесем - сен мұны жазбайтын едің де, Әуенов аузынан мұндай баға ала алмайтын едің», – деп көп мақтанды. Ал Меңтай бір-ақ ауыз сөзбен баға берді: «Анау өлген жігіттің қойнынан алынған хат оқылғанда ойыма өз ағайым түсіп, көзіме жас алдым» деді. Маған Зайкүлдің жүз рет айтқан «мен-менінен», осы бір ауыз сөз әлде қайда қымбат көрінді.
Қыздар Әуеновтың айтқанын орындап, жазғанымды тез редакцияға жеткізуімді жөн көрді. «Газет мұны қайтсе де басады», «Мұхит аға мақұлдаған әңгімені неге қабылдамасын» – десіп, апармас ерік алдыма қоймады.
Шынымды айтсам, ол кезде қыздармен қоса өзім де керемет қуанышты едім. Кеудемді қайдағы бір лыпылдаған сабырсыз мақтаныш кернеді. Редакцияны іздеп келе жатқанымда Әуенов айтқан бір ауыз жылы сөз қанат боп мені аспанға көтеріп әкетіп бара жатқандай көрінді. Творчество адамдарының көңілінде өзге жанда көп кездесе бермейтін ерекше бір леп болатынын мен бірінші рет сонда ғана сездім. Сездім де: «Бір әлжуаз әңгіме жаздым деп көкірегім гимнастеркемді жырта керіп, көктемде тасыған шолақ сайдай күркіреп, шолтаңдап менің өзім қаншама әлек-шәлек болдым. Ал әлденеше әңгіме, пьесалар, «Ақын» тәрізді үлкен роман жазған Әуенов неғып топан суындай тасып, сел боп қаптап, жолындағы жұртты жайпап кетпей жүр екен?» деп және ойладым. «Тегі жазушы парасаттылығы жазған дүниесі жақсы болған сайын шошаңдап, шоршаңдап кеуде қағуда емес, сабырлы, салмақты бола түсуде шығар» деп тағы түйдім.
«Сап-сап, көңілім, сап көңілім» деп, бұл ойыма және тұсау салдым. «Сен, немене, дәл бір жазушы боп кеткендей-ақ толғанып келесің. Саған Әуенов жазушысың немесе өзің де дайын журналист екенсің деді ғой, – дедім өзіме өзім. - Ендеше неменеге ит қуған бұзаудай боп, екі танауың шелектей делдиіп, едіреңдеп келесің?»
Үлкен екі көшенің қиылысында тұрған үш қабат үйдің биік тас баспалдағының алдына кеп тоқтадым. Үйдің маңдайшасы толған қызыл шаршы шыныларға республикада шығатын газет аттары қағазға басылатын көзге таныс пішінімен бедерленіпті. Осында келген ең негізгі жұмысым сондай-ақ, мен тұра қалып, оларды шетінен оқи бастадым: «ҚазТАГ», «Советтік Қазақстан», «Советский Казахстан», «Жас ұлан»...
Мен іздеп келген редакция да осында екен. Жүрексініп кеп, тас баспалдақтың бірінші басқышына аяғымды салдым.
Редакция дәлізінің екі жағы қатар-қатар есік екен. Әр есіктің сыртында тақтайға бұранда шегемен бекітілген алақандай Қызыл шыны тұр. Шыныда әр бөлімнің аты және оның меңгерушісі мен әдеби қызметкерлерінің фамилиялары көрсетіліпті. Әр қойдың шабын бір түрткен жетім қозыдай болып, әр есікке бір үңіліп келе жатыр едім, алдымнан тасыр-тұсыр пулемет атылып қоя бергендей болды. Сөйтіп мен ашық тұрған бір есіктің алдына кеп қалған екенмін. Бөлме ішіне жағалай, көлемі кішіректеу келген біркелкі тапал-тапал үстелдер қойылыпты. Әр үстелдің үстінде бір-бір машинка. Әр үстелдің басында әлекедей жаланған бір-бір әдемі келіншек. Әр келіншектің қасында алдындағы қағазына қарап, бірінің айтқанын бірі тыңдамай, өз-өзінен екілене сөйлеп отырған бір-бір еркек. Еркектердің ауыздары жыбырлаған сайын келіншектердің ақ саусақтары, су бетіне секіріп ойнаған ақ қайрандай боп, жарқ-жұрқ етеді. Әйелдер де, еркектер де өз екпіндеріне өздері апиын ішкендей елтіп, екі жақтарына кезек теңселеді. Бақсам, ол машбюро екен.
Онымен қатарлас есігі ашық екінші бөлмеден дүңкілдеген және бір дыбыс естілді. Қарасам, ішінде ешкім жоқ. Жаңағыдай тапалтақ үстелдің үстінде тұрған бір машинка тарс-тұрс етіп, өзінен-өзі басылып жатыр. Одан біртіндеп еденге қарай сусыған молотилканың көш құлаш белбеуіндей ұзын сары қағаз төгіледі. Бұл телетайп бөлмесі екен. Сол жақтағы есігі ашық тұрған басқа бөлмеге және көзім түсіп еді: қатар тұрған екі үстелдің басында алдарындағы қағаздарына еңкейе түсіп, сырылдата жазып, үш адам отыр екен. Олар маған, неге екенін білмеймін, бір-бірімен үзеңгі қағысып, танаулап келе жатқан үш сәйгүліктің жалдарына бұқшия жабысып, әрқайсысы өз атына қамшы басқан үш шабандозға ұқсап кетті. Осының бәрі маған лыпып соғып тұрған тамырдай сезіліп, редакция жұмысының ішкі ырғақ, екпінін танытты. Ақыры, дәліздің ең түкпіріндегі іздеген есігіме де жеттім. Онда былай деген жазу бар екен:
«Әдебиет және өнер бөлімі. Меңгерушісі М. Омаров.
Әдеби қызметкер Ш.Шалғынбаев».
Есікті қағып едім, бұл бөлмеде біреу менің келуімді асыға күтіп отырғандай-ақ, табан астында, «Да» деп бұрқ ете түскен, сыпайылықтан гөрі сызы көп тырнауық дауыс естілді.
Бөлмеге кірсем, ішінде екі адам отыр екен. Жас жағынан біріне бірі тетелес сияқты: төрдегі тарамыс арық қара торысы отызға жаңа жетсе, есік жақта отырған қалың қара шашты, аққұба өнді сәл пұшық мұрындау келген сымбатты дембелше жігіт одан үш-төрт жас қана кіші болуы керек. Есік жақта отырған сымбатты жігіт бөлім бастығы болар деп ойладым. Сондықтан да оған «Омаров ағай сізсіз бе?» дедім. Бұйра шаш жігіт бақжиып бетіме қарады да, иегімен төрде отырған кісіні нұсқады. Оған жете бергенімде телефоны шылдырап, ол трубкаға: «Қазір, қазір» деді де, бөлмеден шыға жөнелді.
Ол шығып кеткеннен кейін бұйра шаш орнынан тұрды. Тұрды да, маған қарамай, шолақ мұрнын маңғаздана пұшпырайтып, бастығының орнына барып отырды. Креслоны ілгері қозғап, нығарлана жайғасты. Содан соң, он жақтағы телефонды құлағынан сүйреп әкеп, алдына қойды. Оның трубкасын көтеріп, құлағына тосты да, орнына қайта салды. Осыдан соң барып маған қарай қолын еріне созды.
– Менің атым Шалдуар Шалғынбаев. Кәне, не әкеліп едің?
– Новелла, – дедім мен Әуеновтың осылай деп те атағаны есіме түсіп, не де болсам, айды аспанға бір-ақ шығарайын деп. «Естелік» дейін десем, ол отбасында отырып өткен-кеткенді еске түсіретін шалдардың шаруасы боп кетер, «очерк» десем, қара мақалаға ұқсар да, мына күпиген әдеби қызметкердің алдында беделім түсіп қалар деп ойладым.
Әдеби қызметкер өз-өзінен мәз бола қарқылдап күліп алды да:
– Жігітім, сен өзің көкте жүр екенсің, аһ! – деді маған қарап.
– Неге? – дедім мен абыржып.
– Сол. Жер басып жүрген жоқсың, әйтеуір. Әйтпесе, новелла дей ме екен кісі? Әңгіме десеңші одан да. Ал, меніңше мұның әңгіме де емес.
– Неге? – дедім тағы одан сайын сасқалақтап.
– Неге екенін айтайын қазір. – Әдеби қызметкер шалқая отырып, сұқ саусағымен менің қолжазбамның тақырыбын түртті. – Мынау не деген сөз, ah!
– «Тоғжан», – дедім мен әдеби қызметкер менің жазуымды ажырата алмай, әлде көзі жетіңкіремей отыр екен деп ойладым.?????????
– Ол кім, аһ? – Шалдуар маған тесіле қарады.
– «Ақын» романының кейіпкері.
– Онда сол роман жайында ғой мұның, ah?
– Иә, бірақ?
– Бірағыңды қоя тұр. Мұның романға рецензия болса, онда бізге керегі жоқ. Өйткені ол туралы бізде профессордың рецензиясы шыққан. – Шалдуар сұқ саусағын шошайтты. Онысы «сен студент ғанасың, ал біз профессорлардың өздерімен істеспіз» дегені-ау деп ұқтым. - Ал бұның роман туралы, немесе соның бір кейіпкері туралы әңгіме болса, оның не қажеті бар бізге? Сен Әуеновтен артық жаздым деп ойлайсың ба өзің?
– Жоқ, бірақ, бұл тек Тоғжан туралы ғана емес...
– Тоқта, тоқта, – деді Шалдуар. – сен алдымен менің сұрағыма жауап бер. Әуеновтен артық жаздым деп ойлайсың ба өзің, аһ?
– Жоқ, – дедім мен.
– Ендеше мұны газетке басудың қажеті де жоқ, – деді қызметкер.
– Сонда да, алдымен өзіңіз оқып көрмейсіз бе? - дедім мен дағдарып.
– Тоқта, тоқта, – деп ол бейне бір мені қылышпен шауып түсетіндей сұстанып оң қолын көтерді. – Сен өзің газет қызметкерлерін кім деп ойлайсың, ah? Жұмысы жоқ, сандалбай деп білесің бе? Біздің бөлімге сенің мынауың сияқты, - ол менің қағаздарымды дудырата ұстап жоғары көтерді, – күніне отыз өлең, он әңгіме келіп түседі, аһ! Біздің бөлім осы редакциядағы ең хат көп келетін бөлім. Өйткені қазақтың ең жоқ дегенде екі ауыз өлең шығармайтыны кемде-кем. Соның бәрі өздерін ақынбыз деп біледі. Газетке басыңдар деп, оларын бізге жібереді. Ішінде іліп аларлық ештеңесі жоқ сол хаттардың бәрін, сеніңше, біз, Омаров екеуіміз, басымызды қатырып оқып отыруымыз керек пе, аһ? - Ол есік жаққа бір қарап қойды. – Омаров оқиды. Ол елден келген хаттардан ең жоқ дегенде сөз үйренуге болады дейді. Ал, мен, – ол дауысын сәл ақырындата сөйледі, – елден келген шала сауатты хаттардан ештеңе де үйренуге болмайды деймін оған. – Шалдуар дауысын қайтадан қатайтты. – Сендердің бұл сияқты бытпырақтарыңды оқып біз отырып алсақ, онда редакцияның жұмысын кім істейді? Кім істейді, аһ? Егер сен біздің орнымызда болсаң қайтер едің? Оқыр ма едің соның бәрін, аһ? Оқымайсың. Ендеше басты қатырма: мұныңды оқуға уақыт жоқ. Және, сен біліп қой, газет тек актуальді мәселелерді ғана жазады. Сенін мұныңның газет үшін еш актуальдығы жоқ. Сен өзің «актуальді» дегеннің не екенін түсінесің бе? Ол злободневный вопрос деген сөз. Вот, біліп қой. Және сен өзің шүу дегеннен әңгіме жазамын деп ойлама. Ол қиын жанр. Осы бөлмеде отыратын екеуміздің ішімізде әңгімені жаңағы Омаров қана жазып жүр. Саған қайда әңгіме жазу. -Шалдуар «қайда» деген сөзді мені белімнен соққандай ғып созып айтты. – Сен тұрғай осындай үлкен редакцияда қызмет етіп отырған мына менің өзім де әңгіме жазуға жүрексінемін. Мен өзім қазір очеркті боратып жүрмін. Сен біліп қой: очерк деген газеттің романы. Очеркті екінің бірі емес, журналистің төресі ғана жаза алады. Білдің бе, ah? Ал apтынан әңгімеге ауысамын.
– Менің мынауым да очерк, – дедім мен бағанағы айтқанымнан бір саты төмендеп, «очерк» десем, Шалдуар жібімес пе екен деп дәмеленіп.
– Очерк? – Ол маған үрке қарады. – Саған очерк жазу қайдан келсін?! Армиядан келген солдат студенттің мұрнына очерктің исі қайдан барады? Жай, әшейін, қызбалықпен айтып тұрған шығарсың, жігітім.
Мен не дерімді, не айтарымды білмедім.
– Оқыңызшы өзіңіз, осы очерк, - дедім Шалдуарға жалынғандай болып.
– Оқымаймын. Бұл очерк емес, «Тоғжан» деген атының өзі очеркке келмейді. Егер аты «Сауыншы қыз Тоғжан» деп тұрса, онда очерк деп ойлауға болар еді. Ал, алда-жалда мұның кейбір жерлері очеркке ұқсай қалса, онда ешбір актуальдығы жоқ.
Осы бір «актуальді» деген сөз маған пәле болды. Шалдуар соны сойыл ғып сілтеп, шоқпар ғып сермеп, мені маңдайдан пергілеп, тобықтан ұрғылап есімнен тандырды да отырды.
–Актуальді болмағандықтан мұның газетке қабылданбайды. Түсінікті ме, аһ?! – деді ол тағы.
– Газетке баспай-ақ қойыңыз. Тек маған оқып шығып, пікіріңізді ғана айтыңызшы.
– Осы саған редакцияға бар деп жүрген кім өзі?
Шалдуар мені редакцияға бар деген адам қазір қолына түссе түтіп жіберердей боп, сұстанып кетті.
– Мұны профессор Әуенов сіздерге апарып көрсет деген соң келіп едім.
Шалдуардың түсі қайта жұмсарды. Тіпті күліп те алды.
– Үлкен кісілер солай деп айта салады, – деді ол. – Сенің көңіліңді қимаған ғой. Және ол кісінің мазасын алатын сен сияқты студент аз деймісің?
Шалдуардың түсі қайта суыды. – Ал Әуенов айтты екен, сол кісі жөн сілтеді екен деп сен малданба. Біз Әуеновтың жазғанының да бәрін баса бермейміз. Әкелгені актуальді болса ғана басамыз, түсінікті ме?
– Түсінікті, – деп мен енді есім шығып, тезірек кетуге ыңғайланып.
– Түсінікті болса, жүре бер. Мә, мынауыңды ала кет.
Мен қолжазбамды алып есікке қарай аяңдадым. Осы кезде оның есіне авторлардың күдерін үздірмеу керек деген журналистік қағида түсті-ау деймін, маған қайтадан дауыстап:
– Әй, әй, тоқта, – деді қолын шошайтып. Мен тоқтадым.
– Егер актуальді бірдеңе жазсаң, тағы да келерсің. Енді жүре бер, – деп ол қолын сермеді.
Мен жүре бердім.
Редакцияның босағасын алғаш аттауым осылай аяқталды. Кеше ғана Әуеновтың алдынан көңіліме қанат бітіп, іштей тасып, лепіріп шыққан мен Шалдуар Шалғынбаевтың алдынан жермен жексен болып шығып, редакцияның биік баспалдағынан тәлтіректеп жерге әрең түстім. «Өзіме де сол керек, – дедім былайырақ шыққан соң ішімнен. – Тұңғыш баласын ЗАГС-ке тіркетемін деп, туған күннің ертеңінде ала жүгірген жас анадай желпеңдеп, алды-артыма қарамай жүгіріп едім редакция қайдасың деп. Ал, жүгір...»
Осыдан кейін бір күні тағы да редакцияға бардым. Баяғы бөлмеде Шалғынбаев жалғыз отыр екен.
– Бұл жолғым актуальді мәселе еді, – дедім мен Шалдуар иіле ме деп үміттеніп.
– Немене?
– Алда Жамбылдың қайтыс болған күні келе жатыр ғой. Біз соғыс кезінде Жамбылға хат жолдап, ол кісіден өлеңмен жазылған жауап алғанбыз. Соның тарихын баяндап және...
Қаншама шапшаң сөйлесем де Шалдуар менің сөзімді аяқтатпады.
- Оның да актуальді емес, – деп қолын бір-ақ сермеді. – Жамбыл туралы филология ғылымының кандидаты Тұрғанбаевқа мақала жаздырғанбыз. Филология ғылымының кандидаты, - деп қайталады ол. - Соны машинкаға бастырып, мына өз қолыммен апарып, осы жаңа ғана редактордың алдына қойып келдім. - Шынымды айтсам, ол сәтте редактордың үстеліне мақала апарып қоятын мынау Шалдуардай әдеби қызметкер болу маған қол жетпес бақыт сияқты көрінді. Шалдуар менің осы ойымды сезіп қалғандай, қайтадан кекете сөйледі. – Немене, Жамбыл туралы мақала жазып, қаламақы тауып, аяқ астынан бір байып қалайын дегенсің-ау, тақыр студент.
Мен Шалдуардың бұл сөзіне шамданғаным жоқ. Студент екенім рас, студенттің көпшілігі тақыр кедей болатынына тағы да талас жоқ. Несіне ренжимін. Тек одан өзім бұрын естімеген, білмейтін сөзімнің мәнін сұрадым.
– Қаламақы дегеніңіз не? – дедім. Шалдуар тағы дүрсе қоя берді.
– Ой, сен өзің қаламақының не екенін білмейсің, қалай журналист боламын деп жүрсің?! – Мен кінәлі адамдай басымды изедім. Сол түрімді аяды-ау деймін, Шалдуар жаңағы өз аузынан шыққан, оны білмеген адамның журналист болуы мүмкін емес сияқты сиқырлы сөздің мәнін маған түсіндірген болды. – Қаламақы деген ол гонорар деген сөз. Ал гонорар дегенің қып-қызыл ақша. – Шалдуар өзінен өзі тамсанып, сықап салған ақшасы сыймай тұрғандай, шалбары мен пиджагының қалталарын қайта-қайта басып, сипап қойды. – Түсінікті ме, аһ?
Шалдуардың осы бір «Аһ?» деген сөзі-ақ жүйкеме тиеді. Ол бұл сөзді «солай ма, рас емес пе?» деген мағынада айтады екен. Бірақ ол мұны өкпесін қабындыра аузынан қатты дем шығарып айтқандықтан, маған онысы қаперсіз келе жатқан адамға тасадан «ап!» деп әлдебір қорқынышты нәрсе тап берген сияқты боп сезіледі.
«Түсінікті» дегендей, мен басымды изедім.
– Ендеше кете бер, – деп Шалдуар телефонға қарай қолын созды.
Сөйтіп, тағы да Шалдуардан қайтып, адасып жүріп тікенек қалың қарағанның арасынан әрең шыққан адамдай қалжырап, қарын ашып, жүрек қарайып, бұрлығып, университетке, лекцияға келдім.
Университет алдында Меңтай кездесті.
– Ағай, сізге айтатын бір жаңалық хабарым бар, – деді Меңтай менімен сәлемдескеннен кейін балаша жымиып, қуана күлімдеп. Жүрегім өз-өзінен дүрсілдеп қоя берді.
Меңтай жайлап өзінің Пушкин атындағы кітапханадан келе жатқанын, онда жаңа ғана жазушы Әуеновтың оқырмандармен кездесуі болып өткенін айтты.
– Профессор оқырмандар алдында сөз сөйледі, – деді Меңтай. – Сөзінің соңында ол біздің университетте соғыстан қайтқан, болашақта үміт күттірерлік бірсыпыра әдебиетші, журналист жастар бар дей келіп, солардың ішінде сіздің де фамилияңызды атады. Мен сізді шын жүректен құттықтаймын, ағай.
Осылай деп ол кіп-кішкентай, жұп-жұмсақ қос алақанымен менің қолымды қысты. Күші солғын, күйдіруі күшті ақ саусақтар оң алақанымның іші-сыртын сәл ғана сипай ұстаған сол сәтте іште тулаған ыстық лептер, дауыл күні теңіз жағалауындағы жалғыз жартасты сабалаған толассыз толқындай қаптап, жүректі соғып, сүйінші сұрағандай оның ұйқы-тұйқысын шығарып, жұлқылап жұлмалап жатты. Бал-бұл жанып, қуана жайнап тұрған Меңтайдың жүзі маған бұрынғысынан да сұлу, сүйкімді көрінді. Егер жұрттың бәрінде бірдей менің көзім мен жүрегім болса, онда Меңтайды бар студент, бүкіл ғалам жер үстіндегі ең сұлу, ең ақылды қыз осы ғана деп бағалар еді-ау, шіркін! Дариға-ай, дүниенің тұтқасы қолымда болса, бар жақсылықты осы қызға жасап, бар бақытты осының басына үйіп қояр едім мен. Бірақ, кедей студент менің қолымнан махаббат пен тұрақтылықтан басқа не келеді десеңші.
Меңтаймен бірге ішке кіріп, ішімдегі осы ойды мазасыз баладай тербетіп, екінші этажға көтеріліп келе жаттым. Алайда, бүгін бірінші рет Меңтайды көріп, екі қайтара оның қолын ұстауым, ол айтқан жаңағы жылы хабар маған күш, қуат берді. Қарным ашып, қалжырап, шаршап келе жатқанымның бәрі лезде ұмыт болды.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя