XX

150 1 0
                                    



Майра маған бір көрпе мен бір жастық және ұзыншақ келген құрақ көрпеше беріпті. Соғыстан соңғы дүниеге тапшы кез еді ғой ол. Құрақ көрпешені текемет үстінен төсеуге әрі простыня орнына бергенге ұқсайды. Төсекті тез салуын салып алғаныммен, тыншығып жата алмадым. Текеметке киімшең құлаған бойыммен, өлі тигендей дөңбекшіп, біресе он жамбасыма, біресе сол жамбасыма аударыла беремін. Кейде төмен домалап, үй үстіне қаулап өскен алабота, көк қурайды сытырлата сындырып, аунай кеп жөнелемін. Төбедегі шөпті ат аунағандай етіп жапырамын да, одан соң қайтадан орныма ораламын. Біраздан кейін киімімді шешіндім де, тек трусишең ғана күйде қалдым. Содан соң аюмен алысқандай боп екі иығымнан демалып, екі танауым делдеңдеп біраз шалқамнан жаттым.
Сөйтіп, жұрт аяғы басылып, ел ұйқыға кеткенше өз-өзімнен аласұрумен болдым. Әлден уақытта жолбарыстай ырғып орнымнан тұрдым да, біреу көріп қоятындай еңкеңдеп, бір басып, екі басып сатының қасына келдім. Беседка жаққа көз салып едім, қыздардың жайбарақат ұйықтап жатқандары аңғарылды. Сатыдан түсе салып, жүгіріп қастарына барсам, Майра басын бүркеп алған екен. Қою қара шашы ақ жастыққа шашылып, шалқасынан жатқан Меңтайды көргенде үстіне құлап түсе жаздадым. Буын-буыным қалтырап, тынысым тарыла түсіп, Меңтайды еңкейіп ернінен сүйдім. Ол тез көзін ашып алды да, мені қос қолымен бетімнен сипап, мойнымнан құшақтады.
Мен дегбірім кетіп, оны тез орнынан тұрғызбақ болып, екі қолынан тарттым. Меңтай кеудесін көтеріп отырды да, Майра жаққа қарап, маған екі саусағын көрсетіп, ерніне басты. Онысы: «Ақырын, Майра оянып кетеді» дегені деп ұқтым. Мен оған саусағыммен беседканы нұсқап, одан соң үйдің үстін көрсеттім. Оным: «жүр, үйдің төбесіне барып жатайық» дегенім еді. Ол орнынан тұрып, үндеместен соңыма ілесті. Беседкадан шыққаннан кейін екеуміз қол ұстасып, сатыға қарай жөнелдік. Жұқа, шолақ ішкөйлегінен екі тізесі жарқ-жарқ көрініп, ақ мәрмәрдай мойын, кеудесі айға шағылысып, қалың, қою, ұзын қара шашы ту сыртын қара мақпалдай қымтаған Меңтайдың сахнаға шыққан бишідей аяғының ұшынан лыпып басып қасымда келе жатқанын көргенде менің жүрегім жарылардай боп дүрс-дүрс соқты.

Үйдің үстіне шыққаннан кейін Меңтай төсек үстіне келіп, демін ішіне тартып дымы құрығандай боп, шоқиып отыра кетті. Сол тұста көкте қайырған қыранның тегеурінінен тайсалақтап, діріл қағып, жан ұшырып тегіс жерде шалқасынан құлаған қызыл түлкінің үстіне жарқ етіп, нажағай соққандай болды. Ерінді ерін тауып, бір-бірінен шырын сорып, бал жұтысқан тойымсыз, тынымсыз, толассыз бір сәт туды.
Меңтай екеуміз құшақтасып, жалаңаш денеміз сүйіскен екі еріндей жабысып, көрпе астында үн-түнсіз ұзақ жаттық. Бұл күн ыстықта ұзақ жол жүріп, қаны кеуіп шаршап, қаталап келіп, алдынан кездескен мөлдір бұлаққа бас қойған адамның алғашқы алған рахатынан кейінгі тапқан тынысы тәрізді шақ еді. Қатты шөлдеген адамның сусыны қанушы ма еді? Менің тағы да шөл қандыру әрекетіне кіріскім келді. Осы кезде Меңтай мені сәл бөгеп, бір нәрсе сұрағысы келгендей ыңғай білдірді.
– Сіз... сен менен жиіркенген жоқсың ба? – деді ол.
– Жоқ.
– Жиіркенбейсің бе?
– Жоқ.
– Өмір бойы ма?
– Иә...
Осы кезде менің денемнің Меңтай жақ жартысы дір ете қалғандай болды. Діріл тез қайталап, бірден жиілей түсті. Сөйтсем, Меңтай өксіп, жылап жатыр екен. Оны неден ренжітіп алдым деп мен жаным шыға бәйек болып, асты-үстіне түстім.
– Не болды, жаным?
– Жай, әшейін.
– Әшейін емес қой, айтшы, қуатым, – дедім мен жалынып.
– Әшейін, – деді Меңтай үстіміздегі көрпенің шетіне көзін сүртіп.
– Айтшы, сәулем, – дедім оның ащы жас шыққан екі көзінен, аузынан тынбастан сүйіп. – Айтшы, қуатым.
– Жай, әшейін дедім ғой... Сен болмасаң, мені кім бағалар еді? Өзегіне құрт түскен алмаға кім қолын созар еді?... деп... Әшейін соған...
Меңтайдың неге жылағанын енді білдім. Тезірек оны жұбатуға асықтым.
– Қойшы, қалқам, оны ойламашы, – дедім тағы да толассыз сүйіп жатып. – Ол бір сәт түнде көрген жаман түс сияқты болып, өтті де кетті емес пе. Ойламашы соны. Сен бітеу тұрған, бұзылмаған ең тәтті алмасың, жаным.
– Мен сіздей... сендей кісіге лайық емеспін-ау, тең емеспін-ау деп ойлаймын.
– Жоқ, лайықсың! Сен менен артықсың, сәулем!
Меңтай біраз үнсіз жатты.
– Жарайды, сенің көңіліңе келмесе болды маған, – деп ол мені ыстық ернімен аймалап, жұмсақ алақанымен жанымды сүйсіндіре жауырынымды сипады.
– Келмейді, келмейді, қуатым! Сенші маған. Келмейді ешқашан да! Ешқашан да! Мен сені осылай құшып жатқаныма бақыттымын, қуатым, қызығым, өмірім, өзегім!..
– Айналайын, көкетайым! – деді Меңтай «айналайын» деген сөзді жанды еріте созып айтып.
Айлы түнде айдай жарымның ашық жатқан аппақ кеудесіне тағы да құмарта көз тіктім. Ұлы даналар жасаған жан ләззаты – жалаңаш әйел бейнелері көз алдыма елестеді сол сәт. Гойяның биік төсекте шалқалай сұлап, топ-томпақ қос анары қызықтыра көз тартып, өзіңе маужырай қараған бұраң бел жалаңаш Махасын көргендей тамсандым. Енді бір сәт Тицианның қою қолаң шашын уыздай денесіне шәлі етіп жамылып, жұмыр білегі, қос анары, үлбіреген ақ тамағы ғана ашық қалған жанды еріткен жас сұлу Мария Магдалинасы мен ақ санын айқара ашып тастап, сабыры сарқылып жатқан Данаясының бір сәт Рубенстің оң иығына жалт бұрылып, әлденеге құмарта қарап қалған сымбатты Вирсавиясының қасында тұрғандай сұқтандым.
– Айналайын, – деді осы кезде Меңтай даусын соза сөйлеп, жалынғандай болып, – қарамашы тесіліп, қойшы, көкем. Ұяламын. Біреу көріп қояды.
– Кім көреді? Ешкім де көрмейді, – деймін мен оны кеудесіндегі тырсиған ақ алмасынан аймалап.
– Әне, ай көріп тұр, – деді Меңтай күліп, қытығы келіп.
– Ай көрсе, көре берсін.
– Ол айналасына айтады.
– Айтса, айта берсін.
– Жұлдыздар көріп қойды. Олар жер жүзіне жаяды.
– Жайса, жая берсін.
Дүниеде әйелдің тәнінен тәтті, оның тұлғасынан сұлу ештеңе жоқ шығар, – деп ойладым мен Меңтайдың ақ денесін көрпемен қайтадан қымтап жатып. – Әйелдің асыл тәніне тәнті болу – еркектік тіршіліктің түйіні шығар деп түйдім мен онда. Бірақ ешбір картина менің Меңтайымның сымбатын бере алмайды. Барлық Венералар да, Данаялар да, Мариялар да, Вирсавиялар да, Меңтайдың шеніне келмейді. Өйткені бұл ешкім көрмейтін менің өз картинам, өз дүнием, өз байлығым, өз бақытым! Міне, мен Меңтайды бауырыма басып ішімнен осылай деп жаттым. «Меңтай – менің өз картинам, өз дүнием, өз байлығым, өз бақытым!» деп мың мәрте қайталадым.
Әйел мүсінінің сұлулығын қыл қаламмен жырлап өткен ұлы даналар қалдырған Эрмитаж қабырғаларындағы бір көрген адамның ешқашан есінен кетпес мәңгілік ғажап картиналардай болып, сол бір түн, жарық ай, жалаңаш Меңтай күні бүгінге дейін менің көз алдымда қалды. Сол жолы мен сұлулықтың шын сырын ұқтым. Әйел сымбаты, әсіресе оның жалаңаш мүсіні дүниедегі ең қуатты күш екенін түсіндім. Әйел тәні еркектер үшін магнитпен пара-пар екенін білдім. Жалаңаш әйелді жау да жеңе алмас-ау деп ойладым. Бұл сабақты маған сол түн, сол сәт берді. Ол түн маған дүниеде ең бір ұлы сабақтың алғашқы әліппесі болды.
Мен шалқамнан жатырмын. Меңтай бір қырындап, мені құшақтап алған. Мен оны мойнынан қысып, екінші қолыммен қолын сипап жатырмын. Аспанда асыға ай дөңгелеп барады. Одан әріректе, менің Меңтайымның жүзін көруге таласқандай боп, жұлдыздар жапырласады. Олар бір-бірімен жарыса жымыңдасады. Содан соң: «Сен қандай бақыттысың!» деп маған бас изегендей болады. «Иә, мен бақыттымын! – деймін жұлдыздарға күбірлеп. – Менің бақытыма сендердің де сандарың жетпейді!»
Өстіп Меңтайды құшақтап, жұлдыздармен сөйлесіп жатып, мен соншама бір ғажап, рақат теңізінің түбіне қарай шым батып бара жатқан сияқтандым.
Таңертең Меңтай ерте тұрып, мені қайта-қайта сүйді. Содан соң беседкадағы Майраның қасына кетті. Мен жалғыз қалдым. Бұл жолғы жалғыздығымды мен басқаша сезіндім. Үй үстінде бір өзім оңаша болғаныммен, Меңтай көзге көрінбей қасымда жатқан тәрізденді. Ол да оңаша емес, қасына мені алып жатыр деп ойладым.
Көкжиектен дөңгелеп күн шығып келе жатты. Жалғыз жатып мен күбірлеп күнмен сөйлестім, сыбырлап желмен сөйлестім. Оларға да өз бақытымды айттым.
Бір кезде үйден шелегін салдыратып, сиыр саууға Майраның анасы шықты. Мен киініп үй төбесінен түсіп, абзал анаға сәлем бердім.
– Армысыз, анам!
– Бар бол, балам. Ұйқың келмесе, өзенге бар, – деді ол.
– Бүрген! Бүрген, мен бақыттымын, – дедім, өзен жағасына келіп айқайлап.
Одан соң аяңдап гүлді өзекке түстім.
– Гүлдер, гүлдер! Мені құттықтаңдар! Мен сендердей гүл құшақтадым, мәңгі құштым! – дедім оларға.
Гүлдер қуана құттықтап, бастарын изесті. Содан соң мен Көктөбеге көтерілдім.
– Мен бақыттымын! – дедім төбе басында тұрып дауыстап. Маған алыстағы таулар үн қосты. Олар: «Мен бақыттымын! Мен бақыттымын!» деп жаңғыра жауап қатты.
Маған Бүрген өзені шалқып жатқан дария, Көктөбе асқар тау сияқты боп көрінді. Мен дүниенің төріне шығып, төбесінде тұрғандай сезіндім өзімді.
Иә, сол күні кешке Майра болмастан той жасады. Ауыл жиналды. Махаббат гимні – «жар-жар» айтылды, әндер шырқалды. Ауыл адамдары Меңтай екеумізге ақ жүректерінен шыққан адал тілектерін айтысты. Шарап жоқ, шатақ жоқ шаршы ғана жиын жасадық өзімізше.
Ертеңінде Меңтай, Майра, мен үшеуміз қалаға келдік. Жатақханаға кірсек маған деген тілдей ашық хат жатыр. Оқып жіберсем, былай деп жазылыпты.
«Ербол!
Сен бізге аса қажетсің. Тез келіп, маған жолық.
Б.Уазитов».
– Мені редакция іздеп жатыр. Барамыз ба, қыздар? – дедім неге екенін білмесем де өз-өзімнен қуанып.
– Барайық, – деді олар бірден.
Базардың қасына келіп, трамвайға отырдық. Одан кейін біраз жаяулап редакцияға бардық. Жол бойы мен жақ жаппастан сөйлесумен болдым. Қыздар күлумен болды.
Қыздар тосып сыртта қалды. Мен ішке кірдім.
– Ә, келдің бе, Ербол? – деді жауапты секретарь мені көріп. - Сәлеметсің бе? Хал қалай? Сессияң бітті ме?
– Бітті.
– Оқуыңды қашан тауысасың?
– Енді бір он шақты айдан кейін.
– Бізде бір орын босады. Сені қызметке алсақ деп ойлап едік. Қалай көресің?
– Ақылдасып кеп артынан айтайын. Кімнің орны?
– Шалғынбаевтың орны.
Менің көзім бақырайып кетті.
– Ол қайда? Неғып кетті?
– Басқа жұмысқа ауысты. Газетте істеуге қабілеті жетіңкіремеді. Оның үстіне мақтаншақ, даңғой, ішкіш адам болып шықты. Ал өз шешіміңді айт кәне.
«Апырай, Шәкем-ай, – дедім мен ішімнен. – «Аһ!» деп өзіңнен-өзің сиыр қайырғандай болып отырушы едің. «Тіркемелі» жүз елу грамм түбіне жеткен екен ғой, тегі».
– Қазір, семьяммен ақылдасайын, Бәке, – дедім содан соң.
– Семьялы болып па едің? Құтты болсын, – деді жауапты секретарь. – Семьялы болсаң осы қызметке кіргенің жөн болар.
Жүгіріп есік алдына шықсам, Меңтай мен Майра күтіп тұр екен.
– Иә, неге шақырыпты? – деді Майра.
– Бізге қызметке кел дейді.
– Иә, сіз не дедіңіз?
– Семьяммен ақылдасайын, – дедім. Майра мәз боп күлді.
– Ал, семьясы, айт, – деді Меңтайға бұрылып.
– Оқу бар ғой, – деді Меңтай.
– Қалған бір курсты жұмыс істеп жүріп-ақ бітірмеймін бе?
– Ана жақтағы жұмысыңды қайтесің?
– Оны тастаймын. Редакция ол жақтан өзі босатып алады.
– Қайдам, өзіңе ауыр болып жүрмесе?
– Жоқ, түсейін. Менің арманым нағыз журналист болу емес пе? Ол үшін осы газетте жұмыс істеуім керек. Оның үстіне қызмет істесем екеуміздің де жағдайымыз жақсарады.
– Өзің біл. Бірақ маған осыдан артық еш жағдайдың керегі жоқ, Ербол. Мен қандай қиындық болса да шыдаймын ғой.
Сол күні маған Ербол Есенов республикалық газеттің әдеби қызметкері болып тағайындалсын деген бұйрық берілді. Тағдыр менің сүйген қызымды да, сүйікті қызметімді, осылай, бір-ақ күнде қолыма ұстатты.
Сонымен, не керек, нағыз бақытты жан мен болдым. Меңтай екеуміз Мичурин көшесінен оңаша бөлме жалдап алдық. Мен Меңтай дегенде, ол мен дегенде ішкен асымызды жерге қоятын болдық. Біріміз жоқта біріміз бір ұрттам су ішпейтінбіз, тамағымыздан өтпейтін. Мен жұмыстан, ол сабақтан босасақ-ақ болды, екеуміз бір-бірімізге қарай ұмтылатынбыз. Жылдам жетіп, жолығысқанша асығатынбыз.
Біздің кішкентай бөлмеміз бүкіл курс студенттерінің орталығына айналды. Олар, әсіресе, демалыс күндері біздің үйден шықпайтын. Шай ішетін, шарап тататын. Өте-мөте Жомартбек пен Майра біздің үйге жиі келетін.
– Екеуің қосылсаңшы, – дейтінбіз біз оларға әзілдеп.
– Менің қосылғым-ақ келеді-ау, – дейтін ондайда Жомартбек күліп. - Бірақ мына Майра мен сенен үш жас үлкенмін, апаңмын деп болмайды. Осылай деп Жомартбек күлкісін тыя қояды да, моп-момақан болып, Меңтай екеумізге кезек қарайды. Содан соң: – Апасын алушы ма еді жұрт? – деп сұрайды.
Бәріміз қыран күлкі боламыз. Майра Жомартбекті төмпештеп, екі құлағынан кезек жұлады.
– Ойбай, апатай, алмайын, апатай, – деп Жомартбек бақырып, үйді басына көтереді.
Бұған да көзімізден жас аққанша күлісіп, мәз боламыз.
Кейде Зайкүл келеді. Келеді де ол біздің ескі-құсқы базарынан сатып алған жаман диванымызға жалп етіп отыра кетеді. Содан соң, бір аяқты бір аяқтың үстіне салып, юбканың етегін кейін серпіп жіберіп екі аяқтың санын жарқырата жалаңаштап тастайды да, сөзге кіріседі.
– Өз курсында оқитын қыз бен жігіттің оңаша үйі болып, аяқты көсіліп тастап отыру – қандай рақат, – дейді ол мардымсып.
Жомартбек оған дүрсе қоя береді.
– Әй, әй, Зайкүл, – дейді ол қабағын түйіп. – Сен Кербез ағайыңның алдында отырған жоқсың, жап етегіңді.
– Өй, осының өзі мәдениетсіз, – дейді Зайкүл міз бақпай, бетін тыжырайтып. – Қызға кісі өстіп дөкір сөйлей ме екен?
Жомартбек қарқылдап күліп жібереді.
– Е, немене, қыз емес дегің келе ме, - дейді Зайкүл басын қақшита ұстап. – Менің мына Меңтай сияқты күйеуім бар ма? Жоқ. Ендеше не керек саған? Артта қалғансың. Мен саған жолда жатсаң қарамас едім.
Меңтай тез орнынан тұрып, Зайкүлдің қасына барады.
– Қойшы, Зайкүл. Жомартбектің қалжыңына несіне ашуланасың, – дейді оны құшақтай арқасынан қағып. – Қарның ашты ма? Жұмыртқа қуырып берейін бе?
– Сөйтші, Меңтай, – дейді Зайкүл Жомартбекпен ұрысып отырғанын бірден ұмытып. – Ішім ұлып барады. Мен қуырған жұмыртқаны сондай жақсы көремін, Меңтай. – Содан соң Меңтайдың құлағына сыбырлайды. – Шарабың бар ма?
– Сендік бірдеңе табылады, – дейді Меңтай тез Зайкүлді тамақтандыру қамына кірісіп.
Біраздан кейін мен Меңтай пісірген жұмыртқаны табасымен көтеріп, шыжылдатып әкеп үстелдің үстіне қойдым. Меңтай біреулерден қалған шараптың аузын ашты.
– Зайкүл, жалғыз ішесің бе? Жомартбек басын шайқап отыр ғой.
– Жоқ, мен Ерболмен қағыстырып ішемін, – дейді Зайкүл шарапты жұтпай жатып, сықылықтай күліп.
– Мен мұны ішпеймін.
– Неге?
– Менің шарабым басқа.
Зайкүл алдындағы стаканды сырғыта салды.
– Ендеше мен де ішпеймін. Сендер тәуір шараптарыңды өздерің ішіп, маған біреуден қалған жаманын беріп отырсыңдар.
Мен күлдім.
– Менің шарабым, шербетім мінеки, – деп қасымда бейқам отырған Меңтайдың бетінен сүйіп кеп алдым.
– Күн сайын ішесің, күнде мас боласың, ә? – деді Жомартбек желпініп.
– Иә.
Зайкүл сықылықтай күліп, стаканға қайтадан қолын созды.
– Олай болса, ішемін.
– Ербол, Зайкүлмен соғысып ішсеңші, – деп Меңтай маған да құйды.
– Ендеше маған да тамыз, – деп Жомартбек те стакан тосты. – Бәрібір Ербол Зайкүл екеумізге басқа шарап-шербетінен татырмайды.
Зайкүл орта стакан шарапты бір-ақ қағып салды да, күлді кеп.
– О не, Зайкүл? – деді Жомартбек бұрылып.
– Менің шарабым басқа дегенде мұның өзі оңаша ішіп жүрген бәлзамы бар екен десем. Мен бір мықтының үйінен ішкемін ондай бәлзамды. Бірақ оның сауыты қыздың беліндей жіп-жіңішке болады екен. – Осы арада Зайкүл көзінің қиығымен Меңтайға қарап қойды. – Ал, мына Ерболдың бәлзамының сауыты... – Зайкүл одан сайын сықылықтады.
– Аузын кенеппен тығындап қоятын қойшылардың карелин сауытына ұқсай ма, қалай, Жомартбек?
Меңтай қызарып кетті, бірақ үндемеді. Іші білініп, жүріс-тұрысы ауырлап қалған жарымды сөккені маған да ұнамады. Жомартбек те теріс айналып кетті.
– Әй, әй, өкпелеп қалдыңдар ма? – деді Зайкүл бірден күлкісін тыйып. – Мен қалжыңдап айтамын.
– Мен қалжыңды білмейді дейсің бе, Зайкүл, –деді Меңтай.
– Алаңдамай тамағыңды ішіп ал.
– Сенің осы ешкімге ренжімейтін мінезің үшін жақсы көремін, Меңтай, – деді Зайкүл шанышқыны қайтадан қолына алып. – Менің бір ауыз қалжыңымды көтере алмай мына екеуі торсиды да қалды. Ойпырай, биыл госэкзамен келе жатыр ғой.
– Зайкүл қолына алған шанышқысын қайтадан тастай салды.
– Анау кітапты көріп ойыма түсіп кетті.
– Бір тілде бірыңғай таза сөйлеуге болмай ма осы? – деп Жомартбек Зайкүлге тағы тиісті.
– Өзім орысша араластыра сөйлегенді сүйемін.
– Өйткені сен Чеховтың «қарындасысың» ғой...
– Онда жұмысың болмасын. Араластырып сөйлесең ең жоқ дегенде екі тілді білетінің білінеді. Маған жұрт Сағынова орысшаға да, қазақшаға да судай екен деп түсінсе болды, басқаның керегі жоқ.
– Оның атын көзбояу дейді.
– Әй, болса бола берсін! Меңтай басын шайқады.
– Ол жөн емес қой, Зайкүл.
– Өзіңе не ұнаса – сол жөн, басқанікі не керек, – деп Зайкүл шанышқыға қайтадан қол созды.
– «Адасқанның – алды жөн, арты – соқпақ», – деп Жомартбек ақырын әндетіп қойды.
– Осы кітапты көрсем бар ғой, – деді Зайкүл жұмыртқадан тағы бір асап жатып, этажеркадағы кітаптарға көзі түсіп кетіп, – аза бойым қаза болады. Кітапты жек көретіндігімнен бе қайдан білейін. Әнеукүні түсімде бар ғой, Меңтай, бар кітап жиылып мені сабап жүр. Мынау Жомартбектей шілмиген жұп-жұқа «Логиканың» өзі жұдырығын түйіп ентелеп келе жатыр. Түсте кітаппен төбелескен не болады екен осы? Білесің бе, Меңтай? – Меңтай басын шайқады. – Ендеше мен емтиханда құлап қалатын шығармын деп жорыдым.
– Сен құласаң, мен мұрнымды кесіп берейін, – дейді Жомартбек қуланып.
– Керегі жоқ мұрныңның. Бірақ қалай құламаймын төрт жыл оқығаннан түйірдей ештеңе жоқ басымда. Сенесіңдер ме осыған?
Біз үшін жауапты Жомартбек берді.
– Сенеміз. Бірақ сендей сұлу қызға жасаған жар болады, Зайкүл.
Зайкүл мақтанып, қуанып қалды.
– Табиғат әділ ғой, шіркін, – деді ол. – Ой бермей, маған өң бергенін айтсаңшы! – Үстел шетіндегі айнаны алып, басын қисаңдатып бетіне тосты. - Мынандай өңі бар кісіге ойдың керегі не? Әһ?
– «Айнаның қарсы алдына маймыл барып», – дейді тағы да Жомартбек әндетіп, бірақ «маймыл» деген сөзді Зайкүлге естіртпей міңгірлей айтып. – Жаман болсаң да, жас болғанға не жетсін, Зайкүл.
Біз бәріміз ду күлеміз. Сөйтіп Зайкүл кетеді. Одан соң өзгелер келеді. Күлкі күлкіге жалғасады.
Осылай базар болып тұрған алтын отауымыздың шаңырағы бір-ақ күнде, ойламаған жерде, салдыр-күлдір етіп ортасына түсті... Ғапу етіңіздер, мен бұл әңгімені әлі күнге дейін тебіренбей, көзіме жас алмай айта алмаймын... Ол күндерде еңірегенде етегім толатын еді... Одан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Бірақ, бәр-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда сайрап тұр... Иә, қай жерге келіп едім? Қазір... Қазір... Бір күні түнде Меңтай ішім ауырды деді. Ол былай болды.
Мен ол күні күндіз редакцияның тығыз тапсырмасымен бір заводқа барып келіп, кешке мақала жазып отырдым. Үстелдің екінші басында Меңтай болашақ бөпемізге деп көйлек пішіп әбігерленіп жатты.
– Ербол деймін, – деді бір кезде Меңтай.
– Ay, – дедім мен тез қағаздан басымды көтеріп.
– Өстіп, тігісін сыртына қаратып тепши берсем, бола ма?
– Болады, болады, Меңтай.
Осыдан кейін екеуміз де өз шаруамызды істеп отыра бердік.
– Ербол деймін, – деді бір кезде тағы да Меңтай.
– Ay, Меңтай.
– Сенің иткөйлегің болды ма?
– Болған шығар.
– Менікі де болған шығар, – деді Меңтай басын изеп. - Бірақ біз ғой шешеміздің оны қалай тіккенін білмейміз.
– Әрине, білмейміз.
– Иткөйлегін екеуміздің осылай ақылдасып отырып тіккенімізді біздің бөпеміз де білмейтін болады ғой әлі, иә, Ербол?
– Қайдан білсін ол тентек...
– Ой, ішім, – деп Меңтай ішін баса қалды осы кезде. Мен орнымнан ұшып тұрып, оны арқасынан құшақтадым.
– Ербол-ай, бүріп әкетіп барады, енді қайттім? – деді ол маңдайынан тер бұрқ ете түсіп.
Менің де жаным шығып кете жаздады.
– Қазір, қазір, жедел жәрдем шақырайын, – дедім сасқалақтап.
Меңтай басын изеді. Мен жанұшырып көшеге шығып, автоматтан жедел жәрдемге телефон соқтым. Көп кешікпей жедел жәрдем машинасы келіп, мен Меңтайды перзентханаға алып бардым. Мен қиналмасын деп перзентханаға жеткенше ол тістеніп дыбыс шығармауға тырысты. Барысымен сестралар «ай-түйге» қаратпастан, ішке қарай ала жөнелді. «Кетпеңіз» деп біреуі маған ескертіп те кетті. Осы қазір келіншегімді босандырып, баламды әкеп қолыма құшақтатады екен деп, оған едәуір дәмеленіп қалдым.
Бір кезде қолына түйіншек ұстап, жаңағы сестралардың бірі шықты.
– Алыңыз, – деп ол түйіншекті маған ұсынды.
– Мұныңыз не? – дедім мен шошып кетіп, шегіншектей кейін сырғып.
– Әйеліңіздің киімі.
– Әйелім қайда?
Сестра күлді.
– Қорықпаңыз, жігітім, әйеліңіз осында қалады. Киімін үйге алып қайтасыз. Босанғаннан кейін бір аптадан соң киімдерін қайта алып келіп, әйеліңізді де, балаңызды да үйіңізге алып кетесіз, – деп тыныштандырды ол.
«Аузыңызға май!» дедім мен ішімнен. Содан соң Меңтайдың киімін құшақтап үйге қайттым. Үйге жеткенше денемнің дірілі қалмады. «Апырай, мына киімін қайтарып беретіндері жаман ырым екен!» дей бердім ішімнен. Сонда неге жаманға жорыдым екен деген ой маған күні бүгінге дейін келеді. Әрине, ол ойлағандықтан да емес қой. Әшейін құр далбаса ғой менікі. Сонымен, не керек, мен сондағы Меңтайдың киімін құшақтаған бойда қалдым ғой ақыры...
Меңтай перзентханада төрт күн болды. Үш күн бойы күніне үш pет барып, терезеден көріп кетіп жүрдім. Ол екінші этаждағы палатада болатын. Мен «Меңтай!» деп дауыстаймын келе сала асығып. Ол менің үнімді ести сала төсегінен түсіп, терезенің жанына келеді. Сөзіміз бір-бірімізге жөнді естілмейді. Содан кейін екеуміз сақау кісідей ымдаса бастаймыз.
Мен төменде тұрып оған, суға батып бара жатқан кісіге ұқсап, қайта-қайта иек қағамын. Оным – «жайың қалай?» дегенім. Меңтай балаша жымиып, басын изейді. Ол – «түсіндім» дегені. Содан соң аурухананың олпы-солпы ақ көйлегінің сыртынан кеудесін басады да, алақанын жайқайды. Онысы – «қорықпа, мен үшін алаң болма» дегені. Сөйтеді де, екі көзін ботаның көзіндей мөлдірете кең ашып, маған қарайды. Сұқ саусағымен қайта-қайта мені нұсқайды. Онысы – «өзің қалайсың?» дегені. Мен бас изеймін де, екі қолымның басын төмен салбыратып жіберіп, кезек көтеріп, саусақтарымды жыбырлатамын. Оным «Кешегі мақаламды машинкаға бастырдым» дегенім. Меңтай түсініп, қайта-қайта басын изейді. Сонсоң мен сұқ саусағымды көрсетемін. Мұным – «Мақаламды редактор оқып, «жақсы» деп айтты» дегенім. Солай түсініп, Меңтай да қайта-қайта бас изейді. Мен тағы да ишара жасап, қолымды сілтеп, көше жақты нұсқаймын. Оным – «мақала баспаханаға терілуге кетті» деген сөзім. Меңтай алақанын шапалақтайды.
Тағы бір барғанымда Меңтай «Маған тамақ әкелме, өзін іш» деп ымдады. Бір күні кешке екі қолын жастық етіп, соған қисайтып басын қойды. Онысы – «Маған алаңдамай, жақсылап ұйықта» дегені еді. Бірде қолын төбесінен аса созып, өзі жоғары қарады. Онысы «Ұзынбала» - Жомартбек келіп кетті дегені деп ұқтым. Өйткені Жомартбек: «Енді жеңгем болдың, маған ат қой» деп болмағаннан кейін кейде Меңтай саған қойған атым деп оны Ұзынбала деп атайтын. Бір жолы ол бас бармағы мен сұқ саусағын дөңгелектеп көзіне апарды да, екі саусағын көрсетті. Онысы – «тостаған көз Майра бүгін екі рет келіп кетті» дегені болатын.
Төртінші күні түсте (таңертең де келіп, Меңтайды көріп кеткен болатынмын) жүгіріп келіп, таныс терезенің түбінен «Меңтай!» деп дауыстадым. Терезе алдына ешкім келмеді. Тағы да «Меңтай!» деп айқайладым. Бұл жолы өз дауысымнан өзім шошып кеттім. Дауысым палатаға да үрейлі естілді-ау деймін, терезе алдына орта жастағы қазақ әйелі жетіп келді. Келді де, мені көре салып кейін қашты. Тұла бойым шіміркеніп, не болғанымды білмей кеттім. Тағы да «Меңтай-а-ай!» деп айқайлап жібердім. Бұл жолғы үнім перзентхана маңын ғана емес, бүкіл Алматыны, барша Алатау аясын басыма көтере шыққан жан дауысымдай еді. Іштен ақ халат киген қартаң сестра жүгіріп шығып, тез-тез бірдеңе деп, мені қолтықтап ішке қарай алып кетті.
Мен сіздерге бұдан кейінгісін айтпай-ақ қояйын. Оны тар есікті, мұз еденді мәйітхананың тас төсегінен қалай көргенімді, асыл жарды өлі туған перзентімен бірге қалай қиып қара жердің құшағына бергенімізді айтуға дәтім шыдамайды.
Меңтайды қойғаннан кейін үшінші күні үйге жас орыс әйелі бас сұқты.
– Сіз Есенов боласыз ба? – деп сұрады менен.
– Иә, Есеновпін.
Алдымен әйел сіздің қайғыңызға ортақпын деп маған көңіл айтты. Содан соң өзінің перзентхана сестраларының бірі екенін білдіріп, қалтасынан қол басындай дәптер шығарды. Тани кеттім. Бұл менің Меңтай перзентханаға түскен күннің ертеңінде апарып берген дәптерім болатын.
– Осы дәптерді зайыбыңыз сіздің өз қолыңызға тапсырыңыз деп аманат етіп еді маған.
Әйелдің қолынан дәптерді алып, денем дірілдеп бірінші бетін аштым. Меңтайдың маржандай жазуы көзіме оттай басылды. Бірінші бетке ол былай орысша жазыпты: «Улица Мичурина, 65, Есенову Ерболу, лично».
Ағыл-тегіл тағы жыладым. Көлденең жұртқа жақсы көрген жарынан айырылған еркектің еңірегенін естуден ауыр жай жоқ екенін сонда білдім. Жан-жарынан айырылған еркектің сәбидей қорғансыз, сақау, саңыраудай бейшара боп қалатынын сонда ұқтым. Содан кейін ол дәптер менің бойтұмарым болды. Оның беттеріндегі жазулар, тыныс белгілері – үтір, нүктесіне дейін, тасқа қашалған Орхон-Енисей жазуындай болып, менің жүрегімде мәңгі жатталып қалды. Мен сіздерге соны оқып берейін де, әңгімемді аяқтайын енді.
Ал тыңдаңыздар. Азғантай ғана өзі де.

«Ербол, жаным Ербол!
Өткен түнде, сен мені перзентханаға әкеп салып қайтып кеткеннен кейін маған осында өліп қалатын шығармын деген ой келді. Мен өлсем де, бала өлмесе екен деп тіледім. Атын өзің қой. Сен не деп қойсаң, мен соған ризамын, менімен келістім деп есепте. Бұл – менің болашаққа жолдаған сәлем хатым болады ғой сонда, иә, «Мамаң аты кім?» десе, «Метай» дейді ғой ол тілі шыққан соң. Ол мені айтқаны ғой. Сонда сен күлесің де, күрсініп мені еске аласың ғой.
Жо-жоқ, бұл жай ой ғой, Ербол. Мүмкін, мен өлмейтін шығармын. Бірақ: «Өлетін адам ажалын сезінетін сияқты» деп сен өзің айтушы едің ғой. Мен де бірдеңені сеземін бе, қайдан білейін. Сезбегенім жақсы болар еді. Бәлкім, бұл сені шексіз сүйетіндігімнен шығар. Сенен ажырамасам екен деген тілегім өзінен-өзі үрейге ұласатын болар. Сүйген жүрек – дірілшіл, күйген көңіл – ырымшыл келетін шығар тегі.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя