Сөйтіп менің студенттік дәуірімнің алғашқы күндері өте бастады. Университетке, оның биік-биік аудиторияларына бойым үйреніп, оқытушылардың аты-жөнін біліп, қай сабақтың қай жерде өтетінін адаспай табатын болып, біртіндеп көшелі студент санатына қосылып келе жаттым. Бұрынғыдай біреу бетіме қараса ыржиып қоя бермейтін болдым. Мастықтан айыққандай өзімді өзім тежеп ұстауға машықтана бастадым. Соғыста жеңіл нәрсе, жұмсақ зат ұстап көрмегендіктен аудиторияда қолыма ілінгеннің бәрі жеп-жеңіл көрініп, не құлатып, не қиратып алатын әдетімнен де айыға түстім.Өзіміздің курстың қыздарына да ептеп көзім қанып, оларды аудиторияда ғана емес, көшеде де танып, бас изесетін халге келдім. Аш ауызға ерінге тигеннің бәрі май тәрізді боп таныла ма, кім білсін, әйтеуір, бірінші көргенде курстағы қыздардың бәрі бірдей сұлу, сымбатты, бірінен бірі өткен әсем, бейіштің төріндегі хор қызындай бірінен-бірі айырғысыз сияқтанып еді. Алғашында балықтың уылдырығындай ұқсас, шетінен жұмыртқадай ақ боп көрінген қыздар бірте-бірте пішін-тұлғалары бірінен-бірі бөлектеніп, мінез-құлықтары ерекшелене, екшеле түсті. Олардың ішінен ептеп қара торы қыз да, қара қыз да, шұбар қыз да шыға бастады. Дегенмен, көпшілігі сол бірінші жүздескендегімдей жылы шырайлы, уыздай уылжыған әсем, әдемі күйінде қалды.
Ал солардың бәрінен де мен үшін алғашқы көргенімдегіден де сұлу, сымбатты, одан да сезімтал һәм инабатты болып Меңтай ғана жеке дара шықты.
Жігіттің қызды жақсы көруінің себептері көп қой. Бірақ оның бәрін ауыз шіркін айтып жеткізе ала ма? Тек жүрек байғұс қана қыз жақсылығын қылдай тізіп, көкіректе сақтап жүреді емес пе. Мен соғыстан қайтып келген күндері көрген қыздарымның бәріне ғашық едім. Жігіт өзін самғап жүрген сұңқармын деп есептесе, қыздың көркі сол сұңқар шырмалар тор емес пе? Сұлу емес қыздың өзі саған жалт етіп бір көз тастаса, сорлы жүрегің қолға түскен ұрыдай қалтырап қоя бермей ме? Ал мен болсам, самғап келіп бір курста мөлдіреп отырған отыз қызға тап болдым – отыз торға шырмалдым. Бірақ өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейді. Қыздың көркі тор болса, оның жайдары көңіл, жақсы мінез, назды қылықтарын неге теңеуге болады? Асау тұлпардың аяғына салған болат кісеннен кем емес-ау деймін жақсы қыздың қылығы. Алғашқы күнгі мен партаға құлатып алған кішкентай сауыттың әлсіз сылдыры бірте-бірте сол кісен шынжырының шылдырына айналған тәрізденді. Осы оқиға, сұлу әйелдің бетіндегі мен мұндалап, мөлдіреп тұратын меңдей болып, өмір бойы көкейімде, көз алдымда қалды. Меңтайды шын жақсы көруімнің шеті осы оқиғадан басталды-ау деймін.
ВЫ ЧИТАЕТЕ
Махаббат қызық мол жылдар
RomansaМахаббат қызық мол жылдар - Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 3...