Вокзал радиосы поездың жүруіне бес минут қалғанын хабарлап, перронға «Саржайлау» күйінің екпінді әуенін төкті.
Осы кезде қыздар мен жігіттер шыр көбелек айналып, етектер үйіріліп, еріндер күлімдеп, вагондар алды би алаңына айналып кетті. Екі-екіден жұптасқан жастар аяқтарының ұштарымен зыр қаққанда маған вокзал алды бірін-бірі қуалаған сансыз құйынға толып кеткен сияқтанды. Қан көбелек айналған сол құйындар көкке бұраңдадай бұралып қазір ұшып-ұшып, биіктеп самғап, алыстап кететін іспеттенді. Жомартбекпен билей жөнелген Меңтайға көзім түсіп еді, екі бетінің ұшы қызарып, екі танауы әсем боп делдиіп кеткен Меңтайдың кішкентай әдемі аяқтары жерден жоғарылап көтеріліп барады екен. Одан айырылып қалардай зәрем ұшып, «алла!» деп мен көзімді жұмдым. Менің бақытыма қарай осы кезде күй аяқталды да, бауырын жазып көкке көтерілуге айналған аққу қайтадан жерге қонды. «Уһ!» деп ішіме терең бір дем тартып, үлгіргенімше проводниктердің тұс-тұстан жамырай айтқан: «жолдас жолаушылар, вагонға кіріңіздер!» деген үндері естілді. Перронды кернеген жаңағы «құйындар» тегіс вагондарға қарай лап қойысты. Бізде қыздарымызды қолтықтап, вагонның тепкішегіне көтердік. Олармен асығыс қол қысыстық. Меңтай менің қолымды қаттырақ қысып, ұзағырақ ұстайтын шығар деп үміттенген едім. Олай болмады, оның алақаны менің қолыма тиер-тиместе екінші біреу қағып әкетті. Осы кезде радио «Қараторғай» әнін шырқады. Оған перрондағылар қосылды, вагондағылар және жалғады. Көп адамның қосыла шырқаған үні желді күнгі теңіздей толқып вокзал үстіне көтерілді де, кең проспектіні керней Алатауға қарай лықсыды.
Келеді қара торғай қанат қағып...
Мен дереу ілгері ұмтылып, вагонның алдына келдім де:
– Меңтай, сен маған ұрыспа, дәптеріңе бір сөз қосып қойдым, - дедім дауыстап.
Осы кезде гудок беріп, поезд қозғалды. Перроннан поезға, поездан перронға қарай қолдар созылды. Меңтай басын изеп, қыздарға қол бұлғады. Ол басын маған изеді ме, қыздарға изеді ме, менің не дегенімді естіді ме, естімеді ме – айыра алмадым. Менің көзіме мөлтілдеп жас келді. Оны өзгелерге көрсетпеу үшін, жылжып бара жатқан вагондарға қарап қолымды сермей бердім. Қол сермеп жердегілер шырқап тұр. Вагондардың терезелерінен, есіктерінен қолдар бұлғап, поездағылар шырқап барады. Сермелген қолдар қалықтап ұшып бара жатқан қара торғайларға ұқсайды. Бір топ қара торғай зымырай, самғай ұшып, алысқа бет қойғандай. Бір тобы қалықтай көтеріліп, қайта айналып, келіп алғашқы орнына қонуға бет алып қайта төмендегендей.
Бұлаң етіп қасымыздан соңғы вагон өтті. Сары жалаушасын шошайта ұстаған кондуктор сан көздің шарасына жалғыз кіріп, бейнебір сол көздердің тұңғиық түбіне сіңгендей болып, тереңдеп, батып бара жатыр.
Радио музыкасы тынды, ән тоқтады. Поездың дүрсілі бірте-бірте алыстай да, бәсеңдей берді. Қалған жұрт үн-түнсіз кері бұрылып, вокзал қашасынан қалаға шығатын қақпаға қарай ағылды. Перрон той өткен, жәрмеңкесі тараған тақыр төбеге ұқсап, құлазып бос қалды. Сол перрондай болып, поездың қарасынан көз айырмай қалтиып жалғыз қалған менің көңілім құлазылды.
– Ереке, – деді біреу ақырын, дауыстап. Бұл Жомартбектің үні еді. Ол мен әскерден келген алғашқы кездегідей «ағайды» қойып, кейде осылай «Ереке» дейтін болған. Үйренісе келе басқа бірсыпыра қыздар да мені «Ербол» деп атауға көшкен. Тек Меңтай ғана «ағай» деп атайтын. Мен мойнымды бұрсам, мың кісі сиярлық перронда Жомартбек екеуіміз ғана қалыппыз. Жомартбек менің Меңтайды құлай сүйетінімді іштей түсінетін еді. Сондықтан болар, ол жақаурата сөйледі.
– Екі ай деген не, екі-ақ күндей боп өте шығады әлі, содан соң тағы да бас қосамыз ғой бәріміз, – деді ол екі танауы делдеңдеп. – Жүріңіз, жұртта сіз екеуіміз ғана қалдық.
Жомартбек мені жұбаттым деп ойлады. Бірақ онысы жұбату емес, жараның аузын тырнаумен тең болды. «Екі ай екі күндей боп қалай көрінсін, – деп назаландым ішімнен. – Мен қызыққанға көлденеңнің құрығы түскіш келуші еді. Көңілім құлаған осы қызды да тағы біреу қағып кетіп, дәт деп қалмасам жарар еді. Онда мен қалай өмір сүремін? Сәлиманың шерін соғыс тұншықтырған еді. Мұндай келбет-көркі келісті, ақыл, парасаты мол, жаным сүйген жақсы қыздан айырылып қалсам, сорлы жүрегім өмір бойы, қап арқалаған қайыршыдай арман арқалап кетпей ме амалсыз. Мұны ұмыттыратын басқа жақсы қызға кездессем құба-құп, кездеспесем, мүгедектей мұңды болып қалмаймын ба өмір бойы. Ендеше, аузын буған өгізге ұқсап, сегіз ай бойы неге жүрдім үн-түнсіз? Неге айтпадым шынымды? Неге аяғына жығылып, «жарым бол» деп жалынбадым мен оған? Кейбіреулер қызды бір көргенде-ақ «Мен саған ғашықпын. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын» деп, жетім қозыдай қақсамай ма, жақ жаппай? Құмарлығын ғашықтыққа балап, қыр соңынан қала ма қыздың ондайлар? Қант салған қаптай ғып, қолма-қол жүрегінің аузына ашып тастамай ма аңқайтып?
Ендеше мен шын ғашықтық сырымды неге ақтармадым сонша күннің ішінде», – деп іштей еңіреп, өз бармағымды өзім шайнап, сүйретіліп вокзалдың қақпасынан әрең шықтым. Жаным жаңағы поезда кетіп, бұл жерде құр сүлдерім ғана қалғандай, мең-зең күйде Жомартбекке ілесіп келіп трамвайға міндім. Трамвай Карл Маркс көшесімен жоғары өрлеп келіп Шевченкоға қарай бұрылған бұрышта Жомартбек түсіп қалды. Қаладағы туыстарының бірінің үйіне кетті. Менен Жомартбектің жағдайы әлдеқайда жақсы: мынадай үлкен қалада ағайын-туғандары бар. Солардың үйіне барып ас ішеді, аунап-қунап қайтады. Елде әке-шешесі, бір ауданды билеп тұрған ағасы бар. Онда барса да күп ете түседі. Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Қаладағы жалғыз танысым майдандас жолдасымның соғыстан мүгедек боп келген ағасының үйі. Көп балалы және жалғыз кісінің пенсиясына қарап отырған ол үйге сомадай боп сопиып қашанғы бара бересің. Әскерден алғаш келгенімде паналатып, жатақханаға көшкенше тар үйінің бір бұрышынан орын бергенінің өзіне рақмет. Тірі болсам, ағайдың ол жақсылығын өтермін әлі.
Трамвай салдыр-гүлдір етіп, Никольск базарына келіп тоқтады. Осыдан екі сағаттай бұрын Меңтайдың жүгін көтеріп, жұртпен таласа күліп мінген трамвайдан енді алты ай жаздай сүзекпен ауырып, содан жаңа ғана тұрғандай сүйретіліп жалғыз түстім. Бағана бұл жерде адам да көп, базар да қызу сияқты еді. Енді аялдама басында ешкім жоқ, базарға кіре беріс бергі маңда да ешбір жан көзге көрінбейді. Әшейінде жатақханадан шыға қалсаң да, университеттен келе жатсаң да мен мұндалап, сары ала тон киген патшаның суретіне ұқсап үнемі қожырайып алдында тұратын шіркеу де жоқ; тағынан тайғандай, тасаланып қалыпты.
Трамвай жолынан өтіп, салбырап жатақхана қақпасына қарай бет түзедім. Өне бойым сал-сал. Бірнеше күн мас болып, мәңгіріп қалған сияқтымын. Басым салбырап, пәленбай жылдан бері студенттердің аяғы таптап келе жатқан тақыр асфальттан көз алмаймын. Жерден бір нәрсе көрсем деп ынтығатындаймын. Бірақ қиыршық тас, ұлпа топырақтан басқа ештеңе көрінбейді. Міне қызыл кірпіштің сынығы жатыр.
Бұл сынық бағана біз жатақханадан шыққанда жол ортасында тұрған. Қыздармен қатар алда келе жатқан Меңтай тоқтай қалып, аяғындағы кішкентай ақ танкеткасының тұмсығымен кірпішті итеріп, асфальттің шетіне қарай сырғытып кеткен. Содан соң сәл бұрылып арт жақта жүк көтеріп келе жатқан Жомартбек екеумізге қараған. Мен оның аппақ аяқтарының қаздиып осы кірпіштің қасында тұрғаның өз көзімен көргемін. Енді міне сол жерде де оның ізі жоқ. Мен ернімді тістедім. Сүйген жаныңның ізі көз алдыңда неге сайрап жатпайды екен деп наза болдым. Тоқтап, асфальтқа еңкейіп, қызыл кірпіштің сынығын қолыма алдым. Үңіліп оған да қарадым, онда да еш белгі жоқ. Сонда да оны қолымнан тастамадым. Біресе бұл Меңтайдың танкеткасы болсашы деп ойладым. Біресе оның аяғын өстіп сипасам-ау дедім. Алақанымдағы кесекті қайта-қайта қысып қойдым. Бірақ ол бұрынғы, қатты, икемсіз күйінде қалды. Жатақхананың сыртқы есігінің маңдайшасына орнатқан жаппаның тіреу ағашына қыстырып, ішке кірдім. Алақаныма қызыл кірпіштің қып-қызыл ұнтағы жосадай жұғып қалыпты. Ғашықтық ізі осы болғаны ма деп ойладым езу тартып, өзімді-өзім мысқылдап.
Жоқ, мен өзімді-өзім бекерге мысқылдаппын. Ғашықтық ізі болады екен. Бірақ ол топыраққа, тасқа түспейді екен. Мен оны жүрген жолдан бекер іздеппін. Асфальтқа орынсыз үңіліп, жан-жағыма босқа жалтақтаппын. Ол із өзге жерге түспепті, менің жүрегімде, ойымда қалыпты. Оны мен екінші этажға көтеріліп, дәлізбен сүйретіліп Меңтай бөлмесінің алдына барғанда білдім. Оны мен өз бөлмеме кіріп, жастығымның астында жатқан қойын дәптерімді қолыма алғанда көрдім.
Неге екенін білмеймін, өз бөлмемнің алдынан өтіп, Меңтай бөлмесінің есігіне бардым. Сол жерден қайрылғым келді. Сол жерде Меңтайдың осы бөлмеден шығып бара жатқанда соңғы айтқан сөзі ойыма оралды. Қыздар топырлап бөлмеден сыртқа қарай беттеген еді. Олармен ілесе Жомартбек шығып бара жатты. Зайкүл мен Меңтай есікке қарай аяңдады. Ең соңында жүкті алып, мен шыққалы жатыр едім. Есікке бара беріп Зайкүл жалт бұрылды.
– Ойбу, мен айнаға қарамаппын ғой, – деп жүгіріп барып бұрыштағы шифоньердің есігін ашты. Оның қақпағының ішкі жағындағы шар айнаға итініп, тыртысқан маңдайын, ұйпаланған қасын сипады. – Тұра тұр, Меңтай, мен бетіме опа жағып алайын.
Меңтай қайырылып оның қасына келді. Зайкүл жалма-жан сумкасын ашып, диірменшідей бұрқыратып, бетіне ұн жаға бастады. Мен жүкті алып, дәлізге шығып, босағада қыздарды тосып тұрдым.
– Меңтай, осы сен неге боянбайсың? – деген Зайкүлдің үні естілді.
Меңтай сәл бөгеліп (тегі ол әдеті бойынша ақырын бір жымиып алған болуы тиіс) барып жауап қатты.
– Мен табиғатпен таласуды жөнсіздік деп білемін.
– Ол не деген сөзің?
– Адамға табиғат берген бояудың өзі жетіп жатыр. Оның үстіне бетіңе баттастырып бірдеңе жағу... – Меңтай үні үзіліп қалды. Мен есікке қарай құлағымды тоса түстім, оның сөзінің аяғын естуге құмарттым. - Не десем екен саған? Иә, табиғат берген бояудың үстіне баттастырып бірдеңе жағу Рафаэльдің немесе Репиннің ғажап картиналарын жаңа бояу сүйкеп жақсартамын деп әуре болумен пара-пар. Мен сондықтан боянбаймын, Зайкүл.
Мен бұл сөзді өзім айтқандай қуандым. Меңтай жауабының тапқырлығына да, оның өзге қыздар сияқты ешқашан боянбайтындығына да сүйсіндім. «Сол керек саған, Зайкүл», дедім ішімнен. Бірақ бұған Зайкүл қысылмады.
– Қойшы, сен де қайдағыны соғады екенсің, - деді Зайкүл өз-өзінен сықылықтай күліп. -Бояуға не жетсін, шіркін! Ерінді қып-қызыл, қасты қап-қара етіп боянып шыға келгеніңде жігіттердің жаны жәннәмға кетпей ме? Сенін бетің ақ қой, опа жақпасаң да болар. Бірақ ерін мен екі беттің ұшын қызартуың керек. Сонда сен үріп ауызға салғандай болар едің.
– Жоқ, Зайкүл, мен сенің орнында болсам опа да ұстамас едім, жосаға да жоламас едім. Ойға емес, опаға, бойға емес, бояуға қызыққан жігіттен не барқадар шығар дейсің.
Туфли өкшесінің тықыры шықты. Екі қыз ашық тұрған есіктің табалдырығынан аттады. Зайкүлдің қоңырқай беті айран жаққандай ала қожалақ бола қалыпты. Сонысын сұлулық санап, кішкентай ешкі басын кекжите ұстап, қасымнан өтті. Мен дереу есікті қайырып, кілтін сала бастадым. Кілтті бұрап жатып, Меңтайдың Зайкүлге айтқан сөздерін есімде қалдыруға тырыстым.
Екі қыздың соңынан жүгіре аяңдап, баспалдақпен төмен түсіп келе жатсам, төменгі этажда қыздар күтіп тұр екен.
– Сен үшеуің қоштасып шыққаннан саумысыңдар? - деді Қанипа көзін ойнақшыта, мойнын қиқаңдатып.
– Жо-о-ға, – деді Меңтай дауысын созып. – Мына Зайкүл айнаға қарап аламын деп.
Мен Берлин қақпасының кілтін ұстағандай масаттанып, қолымдағы кілтті жоғары көтердім.
Қыздар бөлмесінің алдына барғанымда кенеттен сол сөздер ойыма түсті. Ұмытып қалмау үшін жазып қояйын деп, өз бөлмеме келіп дәптеріме үңілдім. Түні бойы отырып көшірген жазуларым көзіме оттай болып және басылды. Бұл да Меңтай сөздері, соның ойлары. Ендеше ғашықтық ізі деген осы емес пе? Ақ қарға түскен қызыл түлкінің ізіндей сайрап ол көңілде, көкіректе, ойда қалады екен ғой. Ғашықтық ізін тек қана жүректен іздеу керек екен ғой.
Мен осылай деп түйдім.
Бұл кезде мен жұмыс істейтінмін. Жазуымды жазып болдым да, жұмысқа барғанша кішкене тынығып алайын деп төсегіме жантайдым. Ұйықтап қап, жұмыстан кешігіп жүрмейін деп және ойладым. Олай деп ойламай қайтейін, бұл менің әрең қолым жеткен қызметім ғой. Төсекте шалқамнан жатып, бұл жұмысқа қалай орналасқанымды есіме түсірдім.
...Оған дейін мен жексенбі сайын жатақхана маңында көрінбей жоқ боп кететінмін. Қайда кетіп, не тындыратынымды бір бөлмеде жататын Жомартбек те, Пернеш те, Төлеубек те білмейтін. Олар білмеген соң қыздар мүлде сезбейді. Жұртқа сездірмей мен жексенбі күні таңертең ерте Фурманов көшесіне түсіп алып, төмен қарай заулаймын. Көше мен темір жолдың түйіскен жерінде сексеуіл базасы бар. Жексенбі сайын оған отын тиеген эшелон келеді. Оны түсіру үшін базаға қосымша жұмыс қолы қажет. Мен база жұмыскерлерімен жалғасып платформадан жерге сексеуіл құлатысамын. Темір жол жиегіне біз құлатқан сексеуіл тау болып үйіліп қалады. Қала тұрғындары оны бірнеше күн бойы біреу есек арбамен, біреу ат арбамен, қолы ұзындаулар машинамен алып кетіп жатады. Әркімге қолындағы талонына қарай отын беріледі. Кімнің қанша отын алатынында менің шаруам жоқ. Мен кешке еңбегім үшін қолыма тиген 250 килограмм сексеуілдің талонын білемін. Соны сатып, ақшасын стипендияма жалғап, бір апта бойы талшық етемін. Кешке қарай жатақханаға қайтқанда екі аяғыма екі пұт темір байланып қалғандай боп әрең қозғаламын. Ертеңінде де өн бойым ауырып, жайсыз күйде боламын. Содан кейін бірте-бірте құрыс-тырысым жазылып, келесі демалысқа дейін денемнің ауырғанын мүлде ұмытып кетемін.
Қыс пен көктемді осылай өткіздім. Тек жазғы емтихан болғаннан бергі жексенбілер ғана сабаққа әзірлікке кетіп қалды. Бірақ бүгін тағы да, әкемнің үйіне бара жатқандай, лағып, сексеуіл базасына қарай бет қоюыма тура келді. Себебі сен емтиханға әзірленіп жатыр екен деп өз-өзінен қалтаңа көк тиын келіп түспейді ғой. Ал, қалтадан ақша кетсе, қарынның берекесі кетеді. Ақшаң барда тойған қозыдай томпайып үнсіз жататын моп-момақан, қарның қалтаң қағылса ішіне қоралы қасқыр кіріп кеткендей боп, ұлып шыға келетіні бар емес пе. Шұрылдап-шуылдап, құрылдап-қорылдап мазаңды алатынын қайтерсің. Әсіресе, қыздардың қасында отырғанда қинайтынын айтсаңшы оның. Ішегін шұрылдап, қарның күндей күркіреп жөнелгенде шекеңнен тер шып-шып шығып қысыла бастайсың. Сол кезде Қанипаның: «Ербол, ішіңе ит қамап қойғанысың? Қоя берсеңші ол байғұсты» деп әзілдеген боп өз-өзінен сақылдап кеп күлетінін айтсаңшы. Қыз күлкісі деген бір жерінен от тисе барлық тұсы бірден лап ете қалатын ашық ыдыста тұрған бензин іспетті емес пе? Тек Меңтай ғана олармен қосыла күлмейді. Бәлкім, ол мені аңғармаған болып, дайындалып отырған пәнімізге қажетті аса бір керекті датаны іздегендей, дәптер бетін парақтай береді.
Бүгін мен, Қанипа айтқандай, ішімдегі «қамаулы итті» босатып қоя беру үшін келе жатырмын. Келе жатып Жомартбектің бір қылығы ойыма түсіп кетеді де, ақырын мырс етіп күліп аламын.
Бір бөлмеде мен, Жомартбек, Пернеш, Төлеубек төртеуміз тұрамыз. Солардың менен басқа үшеуінің де үйінен азық келеді. Жомартбек үйінен келгеннің бәрін қаладағы жақындарынікіне қалдырады. Пернешке бірдеңе келсе, жұртпен бөліп жеп тез тауысуға құмартады. Алғаш дәм татқаннан кейін қалғанын өзі жесін деп, біз үнемі шегіншектей береміз. Сабақтан келе сала, оны-мұныны сылтауратып, бөлмеден шығып кетеміз. Ондайда Пернеш дәлізден бізді іздеп, соңымыздан қуып жүреді. «Қайда қашып кеттіңдер? Келсеңдерші мынаны бөліп жейік» деп шыр-пыры шығады. Кейде екеуміз оңаша қалсақ ол маған: «Ағай, мынадан бір алып жіберіңізші, жалғыз менің тамағымнан өтпей отыр» деп жалынады. Ал Төлеубектің тамағынан өте береді. Ол ешкімге дәм де таттырмайды, жұрттың көзінше теріс қарап алып, үйінен келген сары май мен жентті қара нанға жағып, күйсетеді де отырады. Күн сайын сөйтеді. Бір күні Төлеубек төсегінің алдында теріс қарап жайланып алып, қарыннан шыққан сап-сары майды нанға жағып, жаңа аузына тыға бергенде, жанына Жомартбек жүгіріп барды.
–Төке, мынаған да жағып жіберіңізші, жүрегімді жалғайын, - деп қалжың-шыны аралас қолындағы бір жапырақ нанын тосты.
– Жоқ, бітті, – деп Төлеубек дереу төсек астындағы қара чемоданға құлыпты салды да тастады.
Осыдан кейін Төлеубек күндіз жұрт көзінше қара чемоданға жоламайтын болды. Сөйтсек ол түнде, біз ұйықтағаннан кейін, өз тамағын өзі ұрлап жеуге көшіпті. Оның бәрін Жомартбек қу біліп жүріпті. Бір күні түнде мені біреу төсегімнен жұлқылап оятты. Сөйтсем, Жомартбек екен.
– О, не болды?
– Ереке, тұрыңыз, осы үйге ұры кіріп кетті.
– Қайдағы ұры, не алады бұл үйден? – деймін мен ештеңе түсінбей.
– Жоқ, өзіңіз тұрыңызшы, - деп ол болмай орнымнан тұрғызды да, қараңғыда қасыма отыра қалып баяндай бастады. – Шырт ұйқыда жатыр едім, еден сықыр ете түсіп, оянып кеттім.
Расында да біздің бөлменің едені сықырлауық болатын. Әсіресе Төлеубек жатқан тұстың тақтайы шіріген еді де, оның төсегіне қарай аяқ бассаң бажылдап қоя беретін.
– Иә.
– Басымды көтеріп алып едім, біреу Төкеңнің чемоданын тықырлатып жатыр екен. «Әй» деп қалып едім, ұры демін ішіне тартып, еденге үн-түнсіз жата қалған сияқты болды. Тегі Төкеңнің чемоданындағы құрт, май, жентін ұрлауға келген біреу болуы керек.
Жомартбек сөзінің жаны бар сияқтанды.
– Онда Төлеубекті неге оятпайсың?
– Төке, Төке! – деді Жомартбек дауыстап. – Төке, тұрыңыз, қасыңызда ұры жатыр.
Төлеубекте үн жоқ.
– Әне, айттым ғой, Төкең қатты ұйықтап қалған.
– Ендеше шам жақ. Пернешті оят.
Жомартбек шам жақты. Пернеш те оянған екен. Бәріміз анталап Төлеубектің төсегіне қарадық. Ол басын бүркеп алып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Төсегінің астындағы күні-түні құлып кетпейтін қара чемоданның аузы ашылып қалыпты.
– Әне, айттым ғой, – деп Жомартбек баж ете түсіп, жүгіріп барып Төлеубекті жұлқылады. – Ойбай, тұрыңыз, Төке, чемоданыңызға ұры түсті.
Бірақ Төлеубек тұратын емес. Басын қымтап алып құныса түседі.
– Ойпырай, Төкеңнің ұйқышылы-ай осы, – деп Жомартбек оның үстіндегі көрпені жұлып кеп алды. Қырыққан серкештей тыртиып, Төлеубек орнынан тұрды. Аузы қомпаң-қомпаң етеді. Алғашында ол Жомарбектің жұлқылағанынан шошып кетіп, үні шықпай қалған екен деп ойладық.
Сөйтсек, аузына толтырып алған талқанды жұта алмай қақалып тұр екен. Ауызындағы кебір талқанның жартысын әрең ары қарай жөнелткен Төлеубек, көзі аларып Жомартбекке бақшиды.
– Сен, немене, кісінің өз тамағын өзіне жегізбейсің бе? – деді аузынан ақ боран бұрқылдап.
– Ойбай-ау, Төке, мен қайдан білейін сіздің өз асыңызды өзіңіз ұрлап жеп жатқаныңызды, – деп Жомартбек өз төсегіне қарай шегіншектей берді.
– Иә, білмегенін...
Пернеш екеуміз теріс қарап сылқ-сылқ күліп жатырмыз.
– Оллаһи, білгемін жоқ, - дейді Жомартбек міз бақпастан. Сізді өйтеді деп кім ойлаған?!
Біз қайтадан орнымызға жаттық. Жомартбек шам өшіруге беттеп, сөйлеп бара жатыр.
– Біздің ауылда бір кәнігі ұры болған екен, - дейді ол өзінен өзі даурығып. – Сол кісі әбден қартайып, атқа мінуден қалған соң, анда-санда, түнде өз үйінің шошаласынан ет ұрлайтын көрінеді. Оны айдалаға апарып, бақырға асып, маңайда ешкім жоқ екенін біле тұрса да, айналасына алақ-жұлақ қарап отыратын болса керек. Шала піскен еттен бір асап, опыр-топыр отты сөндіріп, қараңғыда бұқпантайлап тұра кеп қашып, үйіне келіп, содан соң екі-үш күн қатарынан рахаттанып ұйықтайды екен. Біздің Төкең де сөйтіп...
– Әй, оттамашы өзің!..
Қараңғыда бір нәрсе қабырғаға тарс ете қалды. Әрине, ол Төлеубектің бұзаубас туфлиі. Туфли еш жеріне тимесе де Жомартбек: «Ойбай, өлдім!» деп баж етіп төсегіне құлады. Біз тағы да мырс-мырс күлеміз. Жомартбек те күліп жатыр. Оның мәз бола қатты күлгендігі сондай, төсегінің тот басқан шынжыры бірсыпыраға дейін шиық-шиық етті де тұрды.
Көшеде келе жатып мен өзімнен өзім осы оқиға есіме түсіп күлемін. «Ой, Жомартбек-ай, несі бар екен Төлеубек байғұста?» деймін басымды шайқап. Күлемін де, «артыңнан тым болмаса қатықсыз қара талқан келіп тұрғанның өзі де қызық екен-ау» деп ойлаймын. Осы кезде көз алдыма Меңтай елестейді. Ол қалың кірпіктерін төмен түсіріп, «Рас» деп, ақырын ғана мені құптап бас изегендей болады. Әрине, рас деймін мен содан соң өзімді өзім құптағандай. Ой ойға ұласады. Қызға ғашық болу жігіт өмірінің ғажап бір кезеңі ғой. Кейінгі өміріңнің реніш, қуанышы да соны сенің қалай түсініп, қалай өткергеніңе байланысты. Қайта оралмас, қайырылмас сол бір қымбат сәтті қадірін кетірмей, адалдықпен ардақтап, ертең еске түсіргенде өзің сүйсініп, өзге ғибрат аларлықтай етіп өткізгенге не жетсін, шіркін! Бірақ, сен сыртынан сұқтанған көрікті қыз көңіліңе тоқ болғанымен, қарныңа қанағат әкелмейді екен. Міне, мен сондықтан таң атпай дедектеп сексеуіл базасына келе жатырмын.
Бірақ бұл жолғы келуім сәтті болмады. Өйткені сексеуіл тасу ісі жазда тоқтап, күзде бір-ақ басталады екен. Біз емтиханға кіріскелі базаға бір де состав келмепті. Алайда отын тау-тау болып үйіліп жатыр. Жұрт жазғы қажетін ептеп осыдан алып кете бермек. Менің мұндағы серіктерім де ыдырап кетіпті. Қалған бірен-сараны әркімнің есек арбасына отын тиесіп, иесінің мырзалығына қарай бірдеңе алатын көрінеді. Түске дейін 2-3 арба тиесіп, мен де он-он бес сомдай ақша таптым. Бірақ, қыстағыдай емес, жұрт аяғы сирек. Қыста машина мен машина қағысып, біреуге біреу жол бермей ыю-қыю боп жатушы еді. Енді алматылықтар жазда от жағып, ас пісірмеуге ант етіскендей, тыйыла қалыпты. Мандымды ештеңе болмаған соң, мен түн ауа қайтайын деп қалаға қарай беттедім. Сексеуіл базасынан шыға берісте есек арбаға еріп келе жатқан Шалдуар Шалғынбаев кездесе кетті.
– Ay, аманбысың, Қарадомалақ, ah! – деді ол мені көре салып, бейне бір редакцияның дәлізінде тұрғандай өктемсіп.
– Сәлеметсіз бе?
– Е, неғып жүрсің мұнда?
– Жұртқа сексеуіл тиесейін деп келіп едім.
– Жүр, онда маған да тиес.
Шалдуар мені қолтығымнан алып, кейін қарай бұрды. Ықылас, ризалығымды да сұраған жоқ. Екеуміз есек арбаға мөлшерлеп екі жүз елу килограмм сексеуіл салдық. Шалдуар қолының ұшымен ғана қимылдайды, көбінесе маған бұйрық берумен жүр.
– Әй, анау қуарған кәрі сексеуілді арбадан алып таста.
– Неге?
– Сол. Оның орнына мынау бұғының мүйізіндей ербиген жасын сал.
– Жас сексеуіл жаруға қиын болады.
– Неге қиын болады? Балталаймыз онда.
– Балта өтпейді.
– Тасқа соғамыз.
– Тасқа ұрғанмен тез сынбайды: кісіні электр тогы соққандай естен тандырып, екі қолды салдыратып тастайды.
– Соқ ертегіні. Одан да ерініп тұрмын десеңші.
– Ерінетін дәнеңесі жоқ, сал десеңіз, салып берейін. Маған бәрібір.
Екеуіміз сексеуіл тиеген есек арбаға ілесіп, қалаға келе жатырмыз. Есек иесі ұзын сирақ бала дедектеп алда келеді. Әр көшенің бұрылысына жеткенде ол артына бұрылып, Шалдуарға айғай салады.
– Ағай, енді қалай жүремін?
– Тура тарта бер, – дейді Шалғынбаев мардымсып. – Бірақ тар көшенің қиылысында осылай, тоқтап сұрап отыр.
– Қайта-қайта сұратып қайтесіз? Одан да баратын жердің әдірісін бірден айтпайсыз ба? – деймін мен баланы аяп.
– Сұрасын, алатын ақшасын адалдап алсын, - дейді Шалдуар тұмсығын көтеріп.
«Шалдуар десе, шалдуарсың-ау өзің. Атыңды әкең дәл тауып қойған екен» деймін мен ішімнен. Содан кейін мен ептеп Шалғынбаевтан сыр тартамын.
– Шәке, осы редакция маңынан жеңіл-желпі жұмыс табыла ма?
Ол бедірейіп маған қарайды.
– Кімге?
– Маған.
Шалғынбаев шалқалап кеп күлді.
– Саған неғылған жұмыс? Сен студентсің ғой.
– Студент болсам да, жұмыс істемесем болатын емес: тұрмыс қиын боп барады, - дедім мен шынымды айтып. – Таңертең лекцияда болып, түстен кейін жұмыс істер едім. Тіпті түннің бірсыпыра жеріне дейін істеуге де бейілмін.
Тегі менің үнім жалынышты боп шықты-ау деймін, Шалғынбаев енді күлмеді. Оның күлмегенін пайдаланып, мен өзімнің қыстай демалыс сайын жалданып, ептеп ақша тауып келгенімді айттым.
– Әй, сонда сен қанша ақша таптың? – деді Шалдуар тоқтай қалып, мені иығымнан жұлып, өзіне қаратып.
«Әй», «өй» деп сөйлеу, сөйлегенде қасындағы адамын иықтан, желкесінен періп қалу, жұлқып өзіне қарату Шалдуардың әдеті екен. Байқаусыз келе жатқан мені оң иығымнан жұлып қалғанда құлап түсе жаздадым. «Мынаған не болған?» деп ойлап апалақтап оның бетіне қарап едім, Шалдуардың менің тәлтіректеп барып түзелгенімде шаруасы жоқ, бедірейіп өз сұрағына жауап күтіп тұр екен.
– Жексенбі сайын 20-30 сомға дейін қаратушы едім, – дедім мен мардымсып. – Ол көп ақша ғой!
Шалдуар екі санын шапалақтап, қарқылдап кеп күлді. Одан соң ол мені тағы да иықтан періп қалып, жол шетіндегі арыққа құлата жаздады.
– Көп ақша дейді! – деді ол ішін басып, күлкісін тыя алмай. – Тапқан екенсің көп ақшаны. – Ол күлкісін әрең басып, менімен қайта қатарласты. Тағы да мақтана сөйледі. – Сенің ол «көп ақшаң» біздің бір кішкентай информацияның құны ғана. Сен білесің бе? – деп Шалғынбаев оң қолының бармағы мен сұқ саусағын біріне-бірін жақындата ұстап, менің көз алдыма тосты. - Бес жолдық мынадай информацияға бар ғой, бізде он сом қояды. Ал мынадай болса, - сұқ саусақ пен бармақтың арасы алғашқыдан алшая түсті, – жиырма сом. Егер информацияның көлемі мынадай болса, – ол бір нәрсені өлшеп жіберетіндей боп қарысын көрсетті, – алпыс сом. Білдің бе: бір қарыс информация жазсаң, бірден алпыс сом аласың. Ah! Бұл газеттің бір нөмерінде бір информацияның ғана шықса алатынын. Кейде бір номерде бірнеше информацияның шығып кетуі де ықтимал. Ол өзіңнің пысықтығына байланысты. Ал айына газеттің неше нөмері шығатынын білесің бе 25-26 нөмері шығады. Сонда бір айда орта есеппен он бес информация шығарған журналистің өзі тоғыз жүз сомдай ақша табады. Білдің бе? Аһ!
Шалғынбаев маған ежірейе қарап, бармағын шошайтты. Мен көзім бақырайып, басымды изедім. Тегі Шалғынбаевтың менің көзімді мүлде ұясынан шығарып жібергісі келді-ау деймін, сол қабағын шытыңқырап маңызданды да, қайтадан сөйлеп кетті.
– Мен өзім информацияны кәсіп қылмаймын, – деді ол әлденеден жиіркенгендей танауын тыжырайтып. – Оны кәсіп қылу тышқан аулаумен бірдей. Мен етектей-етектей очерктер жазамын. Сен менің бір очеркіме қанша гонорар қойылатынын білесің бе? Аһ!
Мен басымды шайқаймын. Менің оны білмегеніме Шалғынбаев одан сайын разы бола түседі.
– Білмейсің. Саған оны білу қайда? Мен бір очеркіме алты-жеті жүз сом аламын! – «Ал, қалай?» дегендей, ол бетіме қарады. «Сұмдық көп екен!» деген ишарамен мен көзімді жұмдым. – Ал сен менің айына қанша гонорар табатынымды білесің бе? Аһ?
Мен тағы да басымды шайқаймын. Шалдуар одан сайын мәз болады.
– Әр айдың аяғында мына дөдең, – ол бармағын шошайтып, кеудесін түртті, – мың жарым – екі мың сом гонорарды қалтасына салып алып, талтаңдап жүре береді. Оның үстіне менің ай сайын сегіз жүз сом жалақым тағы бар. Енді осының бәрін қосшы өзің.
– Көп ақша ғой, - дедім мен.
– Жоқ, өзің қосшы кәне.
– Екі мың үш жүз - екі мың сегіз жүздей-ау деймін.
– Дәл, дәл. Кейде мына үшеудің өзі де боп кетеді, аһ! – деп ол бармағымен шынашағын басып тұрып, қалған үш саусағын шошайтады. – Міне көп ақша қайда жатыр? Ал сен отыз сомды көп ақша көресің.
– Рас,–деймін мен Шалғынбаевтың қаламақысынан басым айналғандай төмен қарап. -Маған айына екі-үш жүз сомның жұмысы табылса да істер едім. Алда жазғы каникул келе жатыр. Ол кезде жұмыссыз бос жүру де қасірет қой...
– Әй, - деді Шалғынбаев ұзаңқырап барып тоқтап тұрған есек арбаға қарап, аяғын шапшаңдата басып, – біздің редакцияда екі-үш жүз сомдық жұмыс болмайды. Курьердің өзі айына төрт жүз сом алады, корректорлардың айлығы алты жүз, әдеби қызметкерлердікі сегіз жүз. Сен сияқты шикі студентке әдеби қызметкер болу қайда. Сен корректорға да жарамайсың. Егер курьер болғың келсе, ертең бізге кел. Мен сені жауапты секретарға алып барайын. Кеше Нюра деген курьер қызымыз демалысқа шықпақшы боп, орнына кісі табылмай жатқан сияқты еді.
Біз есек арбаның қасына келдік.
– Әй, былай бұр, - деді Шалдуар есектің шылбырын ұстаған балаға көшенің оң жағын нұсқап. – Ыстықкөл көшесіне қарай тарт. Анау, бұрыштағы үй.
Есек арба оңға қарай бұрылған соң мен:
- Ал, Шәке, қош болыңыз. Ертең редакцияға келемін, – деп өз жөніме кетуге ыңғайландым.
– Ой, қайда барасың? - деді Шалдуар «өзіңнің есің дұрыс па?» дегендей маған бажырая қарап.
– Жатақханаға... Емтиханға әзірленіп жатыр едік.
– Жатақханаға... - деді ол маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қабағын шытып. – Сен енді мынаны түсіріп бермейсің бе?
«Асығыспын, өзіңіз түсіріп алыңыз» дегелі бір тұрдым да, Шалдуардың түрінен қорықтым. «Мінезі тік пәле екен, ренжіп қап, ертең жұмысқа алдырмай жүрер» деп ойлап, оның соңынан ықылассыз ілестім. Ыстықкөл көшесі мен Гоголь көшесінің бұрышындағы екі этажды үйдің алдындағы сарайдың қасына есек арбадағы сексеуілді түсірдім, Шалдуар үйіне кіріп, ақша алып шықты да, арбакеш баланы жөнелтті.
– Әй, неғып тұрсың? – деді ол кетуге ыңғайланған маған қарап. – Енді бұларды анау тасқа соғып жармайсың ба? – Менің қырсау қимылымды аңғарды ма, ол бірден бастырмалата жөнелді. – Сен өзің менен ақы дәметіп жүргеннен саумысың?! Саған ақы не керек. Отыз сомды олжа көріп жүрген сен ертең курьер боп, айына төрт жүз сом алып отырсаң шекеңе тар келе ме? Менің саған берер ақшам сол. Ұқтың ба? Аһ?..
Мына пәле шынында да бір сұмдықты шығарып жүрер дедім де, үйіліп жатқан сексеуілді үн-түнсіз шетінен сүйреп жаруға кірістім. Тасқа соғылған сексеуіл жігері жалаңаш қолымды жаңғыртып, өн бойымды электр тогы соққандай дip-дip еткізеді. Сонда да тістеніп, тырмысып жатырмын. «Мұны өзім жаратынымды білгенде бағана тез сынатын шірік сексеуілді көбірек салатын едім ғой» деймін ішімнен. Бірте-бірте алақанымның терісі ойыла бастады. Ақыры, қолым шыдамай бара жатқан соң, жарылған сексеуілді аяғының ұшымен жинастырып тұрған Шалдуарға бұрылдым.
– Шәке, жаман қолғап бірдеңе табылмас па екен?
– Ой, сен, өзің... студенттің жаман қолын аяп, – деп ежірейді ол маған, екі қолын қалтасында ұстап, шірене тұрып. – Мен саған жаман қолғапты қайдан табамын?
– Қол шыдамай барады, – дедім мен Шалдуардың қолғабы жоғына бейне бір өзім кінәлідей-ақ ыржия күліп.
– Онда несіне солдат боп жүрсің, бес тал ағашты жару қолыңнан келмесе? Жә, жар да, болған соң ана сарайға үйіп, құлпын сыртынан баса сал да, жатақханаңа жүре бер.
Осыны айтып Шалдуар алшаңдап үйіне қарай кетті.
«Жұрт қажылы сөйлеп, сәл кішілік көрсетсең, өстіп иығыңа мініп алатыны жаман, – деймін мен өзімнен-өзім күйіп-пісіп. – Маған бірдеңесін өткізіп қойғандай әкіреңдеп, алшаңдауын. Солдатты адам емес темір деп ойлайды екен-ау бұл. Көрер едім соғыста болсаң, сенің жаныңның қандай темірден соғылғанын!» Өстіп, іштей күңкілдеп қанша ұрысқаныммен, ол күні Шалдуардың бар шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындырып кетуіме тура келді.
Ертеңінде, сағат таңертеңгі тоғыздан аса үкідей ұшып редакцияға жеттім. Редакция орналасқан үш қабат үйдің алдына келсем-ақ менің жүрегімді өзгеше бір лүпіл кернейді. Оның сыртқы биік тас баспалдағына көтерілгеннің өзіне тау болмаса да, төбе басына шыққандай көңілім биіктеп сала береді. Маған редакция адамдарының бәрі ерекше жаралған жан боп көрінеді. Олар шетінен жақсы, шетінен сүйкімді сияқтанды. Шалдуар Шалғынбаевтай боп олардың ортасында жүруден артық бақыт жоқ іспеттенді. Өстіп, редакция үйінің әр бұрышына аса зор құрметпен қарап, дәлізде кездескен әр адамына, ол мені елемесе де, иіле сәлем беріп, жаңа түскен жас келіндей сызылып келе жатсам, Шалдуар машина бюросынан шығып барады екен.
– Шәке, – дедім оны көргенде әкемді кездестіргендей қуанып.
Шалдуар жалт бұрылып, қалбалаңдай ұмтылған маған таңданғандай, сүзе қарап қалды.
– Шәке, сәлеметсіз бе?
– Сені кім шақырды, аһ? - деді ол қасына келген менің қолымды да, сәлемімді де алмастан.
– Сіз бүгін кел деп едіңіз ғой.
– Қашан?
– Кеше, сіздің үйге отын түсіргенде.
Шалдуар қабағын тыржитты.
– Отын, отын!...» – деді ол әлденеге мені кекеткендей. – Жұмыс жайында десеңші одан да.
– Иә, жұмыс жайында ғой, Шәке. Курьер алып қойған жоқ па едіңіздер?
Шалғынбаев менің бұл сұрағыма жауап бермеді.
– Жүр, – деді ол өкім үнмен иығымнан жұлқып қалып. Бағанағыдай емес, Шалдуар енді маңғаздана аяңдады. Мен сүмеңдеп соңынан ілестім. Ілесе бере, оған тағы бір сұрақ қойдым.
– Шәке, біз кімге барамыз?
– Жауапты секретарға, - деді ол мойнын бұрмастан.
– Жауапты секретарьларыңыз кім деген кісі еді?
– Сен білмейсің, - Шалдуар оң қолын шорт сілтеді, – жаңадан келген адам. Сен сияқты соғыста болған.
Мен «ендеше ол кісіге кірмей-ақ қояйық» деп үлгіргенше болмады. Шалдуар «жауапты секретарь» деген жазуы бар кабинеттің есігін жұлқып қағып, мені жеңімнен сүйрей ішке кірді.
Кабинет иесі үстеліне еңкейе түсіп, газет қарап отыр екен.
– Осы кісі жауапты секретарь, осы кісімен сөйлес, – деп Шалдуар мені ілгері итермеледі. Мен Шалдуар өзі айтып, қызметке өзі алдырады екен деген үмітпен келген едім. Ол, малту білмейтін адамды терең суға лақтырғандай, мені кабинетке кіргізе салып, өзі сырғып шығып кетуге ыңғайланды. Осы кезде жауапты секретарь басын көтеріп, бізге бұрылды. Оның жүзін көргенде мен өз көзіме өзім сенбеген сияқтандым. Кірпіктерім үсті-үстіне жыпылықтап кетті. Қасы түксиген, орыс өңдес, сабырлы ақ сары кісі. Екі көзі де бұрынғысындай сәл шегірлеу. Үстіне жай киім кигені болмаса, бұрынғыдан еш өзгерісі жоқ: әскери журналист капитан Бағи Уазитовтың нақ өзі.
– Бәке! – дедім мен жауапты секретарға екі қолымды бірдей созып.
Бәкең де мені жазбай таныды-ау деймін. Тез орнынан тұрып:
– Ербол, сенбісің, айналайын! – деп құшағын жайды. Мен Бәкеңнің мол құшағына қалай еніп кеткенімді білмей қалдым. Ол: «Аман-есен келдің бе?» деп бауырына қысып, арқамнан қағып жатыр.
– Шүкір, Бәке, мен былтыр келгенмін, – деймін Бәкеңнің мені құшақтағанына көңілім босаңқырап, бірақ оны білдірмеуге тырысып. – Өзіңіз қашан келдіңіз?
– Екі айдай болды. Осында бұрынғы қызметіме орналастым. Өзің қайдасың, Ербол?
– ҚазГУ-де, оқудамын.
– Бәрекелді. Ал, отыр, әңгімелесейік.
– Әңгіменің үлкені осыған жұмыс керек, – деді жаңағы мені осында кіргізе салып шығып кетуге ыңғайланған Шалдуар қайтадан бұрылып келіп, және мені қалай да қызметке орналастыруға бел байлағандай белсенділік білдіріп.
– Бұл корректорлыққа жарамайды, курьер ету керек. Өздеріңіз де таныс екенсіздер ғой.
– Болғанда қандай! – деді Бәкең баптай сөйлеп. – Біз бір бөлімде қызмет еткенбіз. Мен редакцияда болдым. Ерболдың өлең, мақалаларын газетімізде жиі жариялап тұратынбыз.
Бәкеңнің бұл сөзі мені бір көтеріп тастады. Шалдуар «жаман студент», «жаман солдат» деп желкемнен түспей қойып еді. «Бәлем, білші менің қандай солдат болғанымды» дедім ішімнен айызым қанып. Менің осы ойымды сезгендей Шалдуар шап ете түсті:
– Бұл өлең жаза алушы ма еді? – деді Бәкеңнің сөзіне сенбегендей.
– Бәле, жазғанда қандай! Мұның өлеңдерінің кейбір жолдары біздің бөлімнің туы іспеттес боп кеткен. Бөлім шабуылға шыққан сайын біз Ербол өлеңінің:
«Алға қарыс бассаң бас!
Сүйем кейін шегінбе!
– Әдет жоқ ондай тегіңде!–
деген жолдарын үнемі газеттің шпигеліне беретінбіз. Шалдуар басын шайқады да:
– Мынадан өлең шығады дегенге ешқашан сенбес едім, аһ,– деп мені бүйірден түртіп қалып, сақылдап кеп күлді.
Жауапты секретарь сөзін қайтадан жалғады.
– Оның үстіне мен Ерболға соғыстан аман келіп, осы орында отырғаным үшін тікелей қарыздар кісімін, – деді ол Шалдуардың парықсыз күлкісінің тоқталуын тоспай. – Бұл бақандай үш журналисті тікелей ажалдан алып қалған.
Шалдуар бұған да сенбегендей боп, маған қарады да, басын шайқады. Жауапты секретарь үш журналистің алғы шепке келіп, маған жолыққанын, біздің позициямызды жау атқылап, бір снарядтың жер үй алдына келіп ысылдап жатып алғанын Шалғынбаевқа таратып айтып жатпады.
– Ербол, сен Нығмет Елеусізовтің қазір қайда екенін білесің бе? – деді маған бұрылып.
– Жоқ.
– Бәле, ол қазір С. қаласында, облыстық газет редакторының орынбасары. Ал капитан Рыжовтың қайда екенінен хабарын бар ма?
– Жоқ.
– Ол Москваның бір баспасына орналасыпты. Мен хат алып тұрамын. Бір хатында сені сұрапты.
– Апырай, ә, - деймін мен қуанған үстіне қуанып.
Уазитов енді менің жайыма ойысты.
– Сен студентсің ғой, – деді ойлана отырып. – Әрине, қоса қызмет істемесең, болмайды қазір. Ал саған не жұмыс тауып берсек екен?
Ол қарсысында түрегеп тұрған Шалғынбаевқа қарады.
– Е, мұны Нюраның орнына кешкі курьер ете салыңыз, ah,– деді Шалдуар жұлып алғандай. – Бұған сол да жетеді.
– Иә, – дедім мен басымды изеп.
– Жоқ, мен Ерболға түпкілікті жұмыс болса деп отырмын. Курьерлікті қойшы, Ербол түбінде біздің белді қызметкерлеріміздің бірі болуға тиіс. Бірақ қазір сол уақытша курьерліктен басқа бос орын жоқ.
– Мен курьер-ақ болайын, Бәке, – дедім осы бар қызметтен айырылып қалмайын дегендей асығып. - Қазір емтихан өткізіп жатырмыз, өзі кешкі жұмыс болса, маған қолайлысы осы сияқты.
– Жарайды, әзірше осыған орналаса тұр. Ар жағын тағы көре жатармыз, – деп жауапты секретарь маған бір жапырақ қағаз ұсынды. – Арыз жаз: уақытша курьер етіп алуды сұраймын деп қолыңды қой. Кешкі алтыда қызметке кел.
– Айттым, орналастырдым. Аһ! Ал енді неғыл дейсің? Аһ! – деді Шалдуар жауапты секретарьдан шыққаннан кейін маған шірене қарап. - Сен менің бұл жақсылығымды ұмытпа.
– Рахмет, Шәке, ұмытпаймын, – дедім мен оған асыға бас изеп.
Мінеки, осыдан жиырма шақты күн бұрын мен қызметке осылай орналасқан едім. Күн сайын кешкі алтыда редакцияға барамын. Түнгі он бір-он екіде жұмысымды бітіріп, жатақханаға қайтамын. Алғашында «курьер» деген сөздің мәнісін жөнді біліңкіремей де жүрдім. Сөйтсем, редакция мен баспахана арасына қағаз тасушы кісіні осылай деп атайды екен. Редакцияда екі курьер бар. Күндізгі курьер Даниловна дейтін қартаң әйел. Кешкі алтыға дейін редакциядан баспаханаға қағазды ол тасиды, кешке ол жұмысқа мен кірісемін. Біздің таситынымыз редакция бөлімдерінің күн сайын газетке басылуға даярлайтын мақалалары. Соны жиналған сайын топтап секретариаттан алып, баспаханаға апарып тастаймыз. Цех бастығы курьерден келген мақалаларды қол қойып алады да, дереу линотиписткаларға бөліп береді. Олар алдарында тұрған пианино тәріздес машиналарға – линотиптерге отыра қалып, мақала сөздерін қорғасынға көшіреді. Осылайша екі курьердің күні бойы кезектесіп баспаханаға тасыған қағаздары ертеңінде газет болып шығып, оқушылардың қолына жетеді.
Маған редакция да, баспахана да қызық. Күн сайын екеуінің де жұмысын жайын ақырындап түсіне түстім. Түсінгеннен кейін өзімді қатар жатқан қос көлдің айдынына кезек сүңгитін қоңыр үйрекке теңедім.
Редакцияның негізгі мақалалары баспаханаға көбіне күндіз жөнелтіледі екен. Кешке күндіз үлгермеген азын-аулақ мақала, көбінесе алдағы нөмерлерде басылуға тиіс запас материалдар тасылады. Анда-санда ТАСС-тан келген тығыз мақалалар болады. Аударылғаннан кейін баспаханаға соларды жеткіземін.
Қалай дегенде кешкі курьердің бос уақыты көп болатын. Ондай сәттерді бос жібермей, мен оңаша кабинеттердің біріне кіріп алып емтиханға әзірленетінмін. Ал емтихан өткізген күндері Даниловна апайдың қуанышына жұмысқа бірер сағат ерте де шығатынмын. Елпек атқа кімнің мінгісі келмейді.
Қалған жұмысын Даниловна да маған тастай салады. Қызмет аяғында қайта басылған мақаланы салыстырып асығып отырған бөлім меңгерушісі де маған жалынады.
– Ербол, сен мынаны тыңдай қойшы, мен оқып тастайын.
– Ербол, сен мынаны оқып жіберші, мен оригиналға қарап отырайын, – дейді.
Ең алдымен мені машинистка Бибіш апай жұмсайды.
Мен баспалдақтан көтеріле бергенде машбюроның ашық тұрған есігінен төрде отырған апайдың көзі мені шалып қалады да, тартпасын аша бастайды.
– Сәлеметсіздер ме? – деймін машбюроның ашық есігінен басымды сұғып.
– Айналайын, менің Ербол бауырым елгезек қой. Маған төменнен барып бір папирос әкеп бере қойшы, - деп Бибіш апай бірден ақшасын ұсынады. – Осы шарша-а-ап өлейін деп отырмын, бүгін жұмыс сондай көп болды.
Мен күліп бас изеймін де, редакцияның астындағы буфеттен бір пачка «Прибой» әкеп беремін. Оған апай мәз боп қалады.
– Ой, тілеуіңді бергір. Ой, бір жақсы келіншек алып, көсегің көгергір! – деп батаны үсті-үстіне жаудыртады.
Апай жақсы келіншек жайын айтқанда мен өз-өзімнен қызарып кетемін. Көз алдыма бірден Меңтай елестейді. Менің оған ғашықтығымды осы апай бейне бір біліп отырғандай боп көрінеді. Өстіп жүріп оқу жылын да аяқтадым.
ВЫ ЧИТАЕТЕ
Махаббат қызық мол жылдар
RomanceМахаббат қызық мол жылдар - Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 3...