XII

134 3 0
                                    


Дәптерді өзіне қайтарып берейін деп, алпыс екінші бөлмеге барсам, Меңтай бүгін түстен кейінгі поезбен каникулға ауылына қайтпақ боп әзірленуде екен. Кітаптарын текшелеп буып қойыпты. Үстел үстінде, аузы жайындай ашылып қара чемодан жатыр. Қанипа, Майра, Ақанас, Назиләш, Зайкүл бәрі сонда жиналған, жапырласып жүк жинасып жүр.
– Өй, сен қайда жүрсің? – деді Зайкүл мені көре салып, жүк салатын кенепке тығыздап жатқан Меңтайдың көрпе-жастығын тастай беріп. – Аузын түймелеп, бу мына қызыл көрпені.
Мен қолымдағы дәптерді Меңтайға қайырып үлгіргенше, Зайкүл ағаш тұтқалы, жүк буатын екі айыр брезент белбеуді менің мойныма салып кеп жіберіп, бұйдалап алған тайлағындай елпеңдетіп, жүгі жиналған жалаңаш төсекке қарай жетелей кеп жөнелді.
– Қойсаңшы, Зайкүл, – деп қыздар ду күлісіп жатыр.
– Е, не қоятыны бар. «Қызыл көрпе» деп таңдайы тақылдағанда сондай, бусын қызыл көрпесін.
Мен бұрылып, қолымдағы дәптерді Меңтайға ұсындым.
– Ә, менің дәптерім бе? – деп Меңтай оны маған бергенін мүлде ұмытып кеткен сияқтанып, жайлап қолына алды да, бетін ашпастан ашық жатқан чемоданның ішіне тастай салды. Мен біреу-міреу дәптерді ақтарып, ондағы менің өлеңсымағымды көріп қояр ма екен деп қорыққан едім. Асығыс болғандықтан ба, әйтеуір, ешкім оған назар аудармады. Лезде ол Меңтайдың чемоданға салған басқа заттарының астында қалды.
Зайкүлдің басшылығы, Майраның көмегімен мен Меңтайдың көрпе-жастығын, қысқы пальтосын кенепке жайғастырдым.
– Сенің осы жалқаулығың-ай, Зайкүл, – деді Меңтай қасымызға келіп, – ағайды әуре қылмай, өзің-ақ буа салмайтын ба едің?
– Ербол тұрғанда мен неге буамын? – деді Зайкүл. – Жігіт деген қыздың көк есегі емес пе, тәйірі. Қыздардың жүгін көтеріп, жұмысын тындырғанды бақыт деп білуі керек бұлар. – Осылай деп Зайкүл қыздарды ду күлдіріп алды да, сөзін қайта жалғады. – Оның үстіне мен бұған жақсылық жасап тұрмын,– деп иегімен мені нұсқап, Меңтайға бұрылды. – Сенің етіңе тиген көрпені қолына ұстаттым, сенің иісің сіңген заттарды мұрнына иіскеттім. Бұдан артық не керек жігітке! Ербол, солай ма? - Зайкүл мені иығымнан нұқыды. Мен терлеп-тепшіп, күліп, басымды изедім.
– Түу, Зайкүл, сен де жоқты айтады екенсің, – деп Меңтай қып-қызыл боп, теріс айналып кетті. Қыздар сылқ-сылқ күлісіп, төмен қарасты.
Зайкүлдің сөзінен бе, қыздардың күлкісінен бе, күннің ыстықтығынан ба, әлде шынында да, Меңтайдың заттарына қолым тиген соң елжіреп, есеңгіредім бе, әйтеуір, маңдайым, өне бойым жіпсіп, лезде арқамды тер жауып кетті. Қалың солдат гимнастеркасы оны сырт көзге көрсетпегенімен, соған ерегесіп, қасақана, қыздар көрсін дегендей, екі самайымнан жарыса домалаған қос моншақ еңкейіп жұмыс істеп жатқан менің мұрныма қарай жылжыды. Мұны қыздар көрмесе екен деп, мөңкитін асаудай мойнымды ішіме алып, одан сайын бұға түстім. Дес берісі, осы сәтте біреу дүбірлете жүгіріп келіп, сартылдата бөлменің есігін қақты да, жұрттың бәрінің назары солай қарай ауды. Ол түнде қаладағы жақындарының үйіне қонып, қыздарды шығарып сала алмай қалып қойдым ба деп желпеңдеп келген Жомартбек екен. Қыздар жапырласып оған бұрылып кеткенде мен ұрланып, гимнастеркамның жеңімен екі самайымды, маңдайымды сүрттім. Содан соң жүк қаптың екіжақ басын буып, тығыздап белбеуін тарттым.
Қыздардың кейбіреуі қолдарына бір-бір бума ұстап, буылған жүкті мен, чемоданды Жомартбек көтеріп, әзіл-күлкімен жатақхана дәлізін басымызға көтеріп, көшеге шықтық. Есік алдында Жомартбек екі қолыма тең болсын деп мен көтеріп келе жатқан жүкке ұмсынып еді, Қанипа қолын қылыштай сермеп кеп қалды.
– Жоқ, болмайды, мұны тек Ербол ғана алып жүруі керек.
– Неге? – деді Жомартбек апалақтап.
– Себебі бар. Солай ғой, Зайкүл.
– Солай, солай! - деп Зайкүл Жомартбек екеуміздің ортамызға кимелеп кіріп, арамызды алшақтатып жіберді.
Ерігіп келе жатқан жұртқа бұл да езу жидырмас күлкі болды. Қойшы, не керек, аттап басқанымыз әзіл, қит еткен қимылымыз күлкі болып, жатақхана жанынан өтетін трамвай жолына жеттік. Никольск шіркеуінің түбіндегі көк базардың қасынан базардан шыққан жұртпен таласа-тармаса екінші трамвайға отырып, оның ішін және күлкіге толтырып, екінші Алматы вокзалына келдік. Вокзал басын кернеген кілең студенттер екен. Біз перронға шығып, бірінші жолда тұрған қабырғаларында «Алматы–Новосибирск» деген жазулары бар вагондарға жақындадық. Бұл поезбен Меңтай, Майра, Сақила аттанбақ. Олардың жүгін вагонға жайғастырып, жерге түстік те, алқа-қотан тұра қалып, әнге кірістік. Әнді Жомартбек бастады.
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты.
Сөзі бар алуан, шекер, балдан тәтті...
– Бәсе, – деп сықылықтай күлді Зайкүл. – Жомартбек «Аққұмды» айтатын шығар деп едім, тура содан бастады. Енді оны поезд жүргенше созады бұл.
Жомартбек өзіне қарап күліп, бірдеңе деп тұрған Зайкүлге басын изеді де, әнін тоқтатпай жалғастыра берді.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын әнге қосып... перизатты,
Еги-гай,
Еги-гай,
Ек-кәй.
Еги-гай, –
деп ол, қай жерінен суырып алғаны белгісіз, құрықтай ұшталмаған қара қарындашты бізге қарай сілтеп, сәл бөгелді де: «Ал енді қосылыңдар» дегендей, әрқайсымызды бір нұсқап, Дирижерше басын изей бастады. Біз тез әннің қайырмасына кірістік.
Еги-гай, сәулем, Еги-гай, сәулем.
Еги-гай, еги-гай! Еги-гай, сәулем, Еги-гай!
Бір вагонның қасында ән басталуы-ақ мұң айтқан екен, біртіндеп басқа вагондар тұсынан да көп дауыстар қосыла әуендер шырқалып кетті. Бізге көрші вагонның жерде тұрған жолаушы қыздары «Басында Қамажайдың бір тал үкі» деп бастап, құйқылжыта шырқаса, бір жағымыздан «Маусымжан, Маусымжан, танимын, сәулем, даусыңнан» деп жігіттер екпіндете және жөнелді. Одан әріректе «Айттым сәлем, қаламқас», «Айнамкөз» айтылып, енді бір жақтан «Қызы едім мен Уәлидің...» деп Майра әні сайрады. Мен Жомартбек бастаған әннің «еги-гай, ек-кәйін» қоя салып, солардың әрқайсысына кезек құлақ тігемін. Студенттер мен жүргінші жолаушылар жаңа ғана чемодан сүйретіп, жүк арқалап, қайшы алысқан перронның енді лезде ән алаңына айналып кеткеніне таң қаламын. Әр жерде нақыш-мәніне келтіре шырқалған әндердің таныс әуендері мен сөздері жүректі қытықтай, жанды тербей тамылжиды.
Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас...
Мен еріксіз Меңтайға қарадым. Ол ақ маңдайы жарқырап, қыздар айтқан екінші ән «Гаккуге» сабырмен қосыла шырқап тұр.
Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым,
Ән салып, талай жердің дәмін таттым...
Әннің әр сөзін айтқан сайын қыздың оймақтай аузынан көрінген кіршіксіз аппақ тістері жарқ-жұрқ етіп, көз шағылыстырады. «Секілді қолмен тізген іш қайнайды» деген ақын сөзі ойға оралады. Менің де ішім қайнайды. Мен қыздың мінез, көрік, келбет, ақыл, парасатына қызығамын. Мен оның адамгершілік инабат, ұстамдылығын ұнатамын. Сары алтындай сабырлылығына сүйсінемін. Мен іштей осы қыз өзімнің жарым болса екен деп тілеймін. Бірақ сол тілегімді оған ашып айтуға тіл жоқ. Тіл бар-ау, тілге тілекті жеткіздірер тәуекел жоқ. Өйткені қыз мені «аға» деп ардақтайды, туысындай көріп, құрметтейді. Оның осыдан басқа ойы жоқ. Ойы жоқтығын қысқы каникул кезінде, «Қызыл көрпе» өлеңіне байланысты бір білдірді. Кеше оны тағы да аңғартты. Кешке, сауықтан кейін университеттен жатақханаға қайтып келе жатқанда менің бетіңнен сүйгеніме өкпелеген жоқсың ба деген сұрағыма: «Жоқ, біріншіден, ол ойынның шартына байланысты болды ғой. Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз. Ағасы бетінен сүйгенде қарындасы өкпелеуші еді ме?» деп жауап берді. Бірақ Меңтай қалай қашқалақтаса да, менен бойын аулақтатса да, бәрібір, мен оны жақсы көремін. Ол күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайды. Маған бір ауыз жылы жауап бермесе де мен оның жақыннан жүзін, алыстан қарасын көргенге мәзбін. Анадайдан Меңтайдың төбесі көрінсе болды, желді күнгі диірменнің қалағындай қалбалақтаймын да қаламын. Өзімнің соншама күлкілі жайға түсетінімді сеземін. Сезсем де, сезімімді тежей алмаймын. Ыржалақтап күліп, ықыластанып қауқалақтай беремін. Бірақ қыз оны сезбеген, ұқпаған қалып танытады. Менің жүрегімде оған деген соншама ыстық сезім барын білмеген, түсінбеген күй көрсетеді. Қазір де оның менің өзі жайында ғана ойлап тұрғаныммен шаруасы жоқ. Маған көз қиығын да салмастан, жүзін де бұрмастан қыздармен қосыла ән шырқап, ән ырғағымен сәл тербеле, теңселіп тұр.
... Түскенде сен есіме, ерке Гакку, құлпыртып осынау әнді толғанамын, –дейді Меңтай қыздармен қосыла. Қыздар бұлай десе, мен ішімнен, сол әуенге қосып өз әнімді, өз жүрегімді жарып шыққан жырымды ағытамын. Мен де өз-өзімнен ырғалып, толассыз тербелемін.
Бәрі аз бағасына барша санның,
Тәж, тағы, мал мен мүлкі патша, ханның,
– Меңтайды мәңгі құшып, сүйетұғын
Бар екен не арманы жігіт-жанның?..
Мен қайта-қайта жаутаңдап Меңтайға қараймын. «Жанымның жырын ұқсаңшы, жүрегімнің тебіренісін тыңдасаңшы!» деп жалынғандай боламын. «Мен сені екі ай көрмеймін. Екі күн көрмесем, есім шығатын басым, екі айға қалай шыдаймын, Меңтай? Сол екі айға азық боларлықтай етіп, маған бір рет қиыла қарасаңшы, аясаңшы мені» деп жылағандай боламын. Бәлкім, көлденеңнен анықтап қараған адамға менің иегім дірілдеп, ернім кемсеңдеп кеткен де шығар. Бір-ақ әсем әнге елтіген жұрттың ешқайсысы менің көріксіз бетіме көңіл аударған жоқ.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя