Көктемде топыраққа түскен дән алдымен нәзік сабаққа айналып, артынан уақыты жеткенде бас жарады. Уақыты жеткенде тал бүршіктейді, өсімдік түйін тастайды, алма ағашы гүлдейді, гүл қауызын ашады - шешек атады. Өсімдік үшін осы бір ғажап шақ тек қана жазда болады. Адал махаббатқа мерзім жоқ – ол жылдың төрт мезгілінің қалаған маусымының сәтті сағатында жүректе гүл жарып шыға келеді. Махаббат гүлдегенде жас адамның аузынан «сүйемін» деген асыл сөз ақтарылады.
Менің Меңтайға деген махаббатымның сол сағаты ноябрьдің алғашқы күндерінің бірінде, Никольск шіркеуінің түнгі он бірдегі қоңырауымен қоса соқты.
Соның алдында ғана жүрегім өз-өзінен өрекпіп, үйде отыра алмай сыртқа шыққанмын. Жомартбек жоқ еді, Пернеш кітапханадан қайтпаған. Тек Төлеубек қана төсегінде қорылдап, ұйықтап жатқан. Соның қорылы ойымды бөлгеннен кейін, оңаша жер іздеп, екі жатақхана арасындағы ашық алаңға бет қойғанмын.
Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанында, басына темір телпекті шам орнатылған биік бағана түбінде ұзын орындық болушы еді. Соны бетке алып, аттай бердім де, онда біреудің отырғанын аңғардым. Аяңдап қасына келсем, ол отырған Меңтай боп шықты. Оның Меңтай екенін танығанда, жүрегім дір ете түсіп, өз-өзімнен дегбірім кетіп, састым да қалдым,
– Кеш жарық, Меңтай, - дедім әр сөзім кекештің аузынан шыққандай әрең қиюласып.
– Жарық кеш жан ләззәті болсын, ағай. Келіңіз, отырыңыз.
Қасында бірнеше кісілік бос жер болса да, Меңтай сырғып, маған өз орнын берді. Менің жүрегім одан сайын лүпілдей түсті. Маған орнын бергені – өзгеше қадірлегені ғой Меңтайдың» деп ойладым ішімнен. «Қадірлегенің жақсы-ау, бірақ құрметіңнің өзі менің аузыма қақпақ, басыма тоқпақ боп жүр ғой» дедім тағы да. Ойлағаным осы болса да, аузымнан шыққаны басқа сөз болды.
– Жалғыз неғып отырсың, Меңтай?
– Жай. Жатар алдында ауа жұтайын деп шығып едім, – Меңтай біздің жатақхана жаққа көз тастап алды да, сөзін қайтадан жалғады. – «Кімді ойласа, сол келеді» деген рас екен, ағай. Мен жаңа ғана сіздің бөлменің терезесіндегі шамды көріп, «ағай әлі сабақ қарап отыр екен ғой» деп ойлап едім. «Ойлағаның, есіңе алғаның қандай жақсы, – дедім мен ішімнен. - Ал мен сені сағат сайын ойлаймын ғой, Меңтай. Сен осыны білесің бе?»
Теңіз тебіреніп, жағаға толассыз толқын лақтырғандай бір сәт туды. Менің де теңіздей тербеліп сөйлегім, ішімдегі Меңтайға деген махаббат толқынын ағылта ақтарғым келді.
- Рақмет, Меңтай, – дедім тағы да екі сөздің басын әрең қосып. – Ойлағаныңа...
О, ғажап, теңіз тұрғай титімдей бұлақ құрлы да қауқарымның жоғын аңғардым. Аузымды байқаусызда біреу желімдеп кетіп, соны күшпен әрең ашатын сияқтымын. Ашқанмен ар жағынан ақтарылар ештеңе жоқ, адасқан жалғыз қаздай қалбалақтап, анда-санда бір сөз зорға шығады. Бірақ сыртқа шығарып айта алмағанды іштей сарнауға шебермін ғой мен. Дегенмен, аузымды судан шыққан балықтай, бостан-бос ашқаныма мәз боп, бірсыпыра асыл ойларымды ақтардым-ау деп жорамалдадым ішімнен.
Осы кезде ыңыранып, Никольск шіркеуі үн қатты. Мен шіркеудің өзін жек көрсем де, оның қоңырауының үнін ұнатушы едім. «Дың-дың» деп мыс қоңырау күңгірлей бастағанда, істеп отырған шаруамды тастап, аяғына дейін тыңдай қалатынмын. Маған, әсіресе, ұзақ соғылатын, ұзаққа кететін осы түнгі қоңырау күңгірі аса бір сазды, қызық күйдей боп танылатын. Сол әдетім бойынша шүу дегенде мен тым-тырыс тыңдай қалдым да, қоңырау бір-екі рет соғылғаннан кейін, оны тастай салып, дереу негізгі шаруама көштім. Осы қоңырау үнінің дүрмегімен, басқа еш жанға естіртпей, айтатын басты сөзімді Меңтайдың өзіне ғана тез ақтарып қалғым келді. Қоңырау соғылып бітіп қалмасын деп, шапшаң Меңтайды екі қолынан ұстай алдым да, екі алақанымның арасында «пыр» етіп ұшып кететін тірі торғай тұрғандай елбелектеп, аузымды қыздың құлағына тақадым.
- Меңтай, мен сені сүйемін! Шексіз сүйемін! - дедім, біреу «тәйт!» десе, жылап жібергелі тұрған жас баладай кемсеңдеп. Қанша әсемдеп, әдемілеп айтам деп пәленбай уақыт ойланып, оқталып, жадымда жаттап жүрсем де мен Меңтайға деген мәңгілік махаббатымды, арман тілегімді, шексіз ықылас, қалтқысыз құрметімді, оны бар дүниеден өзгеше бағалайтынымды ауызбен айтып жеткізе алмадым. Көптен бері айтамын деп әзірлеп жүрген сөздерім дәл қажетінде ауызға түспейтін бұлдыр, буалдыр бірдеңке болып кетті. Әшейінде тақылдақ тілім, болдырған жорғадай сенделектеп, сүрініп, тұтығып, тоқтап қалды. Енді сол ауыз жеткізбегенді лүпілдеген жүрек, дірілдеген дене, денедегі лыпыл қаққан сансыз тамырлар қосыла айтып, Меңтайға асыға баяндап жатқандай болады. Меңтай енді солардың сөзін тыңдағандай, бар зейінін соларға аударғандай боп, жым-жырт, үнсіз отырып қалды. Осы үнсіздік кезінде саусақтарым терлеп, буын-буыным қалтырап кеткен маған көшедегі күнде міз бақпай бақырайып тұратын электр шамдары өз-өзінен жыпықтай жөнелген сияқтанды. Екі жатақхана ортасынан сылдырап ағып жатқан арықтың суы да, демін ішіне тартқандай, үнсіз қалды. Ағаш бұтақтарындағы соңғы жапырақтар да сыбдырын тоқтатып, сілтідей тынды. Бірақ, өзіммен өзім әуре мен олардың неге өйткендеріне мән бермедім, менің басыма төнер не сұмдықты сезгендерін аңғармадым. Есіл-дертім Меңтайда болып, оны құшақтағым, құшқым келді. Алғашында иық тиістіріп отырған мен, оның үндемегенінен дәмеленіп, оң қолымды босатып, қызды қаусыра құшақтап, өзіме қарай тарттым. Неге екенін білмеймін, Меңтай менің құшағымнан сытылып шығуға әрекет етпеді. Соған батылдандым ба, білмеймін, мен еңкейіп, оның діріл қаққан ыстық ерніне ернімді тигіздім. Меңтай оған да қарсылық көрсетпеді. Осыдан кейін маған Меңтай мендік екен деген ой келді де, асыл арманыма шынымен қолым жеткені ме? – деп, көкіректе бұрқ-сарқ қайнаған қазандай тасыған қуаныштың ыстық буы көзімді шарпыды. Бірақ мұның бәрі Меңтайдың мені есіркеуі ғана екенін келесі сәттерде бір-ақ білдім.
Ол менің сөзімді тыңдап болғаннан кейін төмен қарап, қоңыраудың соңғы соғылуы біткенше үнсіз отырды. Одан соң да ләм демеді. «Кей қыздар жігітпен кездескенде оған сүйетін, сүймейтінін бірден айтады. Бағзы біреулер өз ойын олай етіп жеткізе алмайды. Көпшілік қыздар ауызбен айтар сөзді ішінен айтып, үнсіз баян етеді. Сырттан сөзі де, үні де мөлт етіп көз жасы ғана болады. Сол әр тамшы жаста әр алуан асығыстық сөздер мен жан күйдірген күйініш немесе жүрек шарпыған сүйініштер жатады. Меңтай да маған деген сөзін іштей айтып отырған болар» деп малдандым мен. Бірақ, бетіне қарасам, Меңтай бір қызарып, бір бозарып отыр екен. Кейде дем ала алмай, қысылған да сияқтанады. Оны көргенде мен Меңтай сырқаттанып қалған екен деп қалдым.
– Немене, Меңтай, ауырып отырған жоқсың ба? – дедім көзім бақырайып. - Әлде менің жаңағы сөзіме ренжідің бе?
– Жоқ, ағай, – деп әлден уақытта Меңтай сәл басын көтерді. Мен сіздің сөзіңізге емес, басқа нәрсеге қиналып отырмын.
Осылай деп Меңтай тоқтап қалды. Сәл бөгеліп, одан соң әр сөзін үзіп-үзіп айтып, қайтадан сөйледі.
– Мен де сізді жақсы көремін, ағай. – Менің, бұл сөзді құлағымның естігеніне, ол сөздің Меңтай аузынан шыққанына сенер-сенбесімді білмей, екі көзім жыпықтап кетті. Оған бұрынғыдан бетер жабыса түсіп, қолын қайтадан сипалай бердім. Меңтайдың «Мен де сізді жақсы көремін» деген бір ауыз сөзі мені Алатаудың етегінен ең төбесіне шырқатып бір-ақ шығарғандай болды. Меңтай сөзі тағы естілді. – Бірақ... – Осы кезде екеуміздің иығымыз ажырап, арамыз сәл ашылып кетті. Маған «бірақ» деген сол жалғыз сөз кенет жер жарылып, Меңтай екеуміздің арамыздан түпсіз шыңырау шыға келгендей боп көрінді. Сол шыңыраудың Меңтай бір жағында, мен бір жағында қалған сияқтандым. – Бірақ, мен басқа біреуге уәде беріп қойған едім. – Меңтайдың ендігі сөзі маған алыстан, шыңыраудың арғы жағасынан әрең естіліп тұрғандай болды. – Сіз Совет Одағының Батыры Мәлкен Ғабдуллаевты білесіз бе? Білсеңіз, менің ағайым Жүніс Ербосынов соғыста сол кісінің қарамағында қызмет етті. Оқ тиіп ағайым өлгенде қасында Тұмажан деген досы болған екен. Өлерінде жалғыз бауырым, жан ағатайым Жүйке мені аузына алыпты. «Менің қарындасымның суретін сан рет көрдің ғой. Тірі қалсаң сен соған серік, сүйеу бол – өмірлік жар ет. Меңтайға менің өлер алдымдағы осы өсиет-тілегімді жеткіз» депті Тұмажанға. Ауызша айтқан өсиетін хатқа түсіріп және беріпті, - деп Меңтай көкірек жара бір күрсініп қойды. - Соғыс біткеннен кейін жігіт еліне барып, елінен мені іздеп осында келіп, ағайымның қалай өлгенін баяндап берді. Ең соңында ағайымның өмірден өтерде аузынан шыққан ақтық сөзін – өсиетін жеткізді. Мен солқылдап көп жыладым. Көп уақытқа дейін өксігімді баса алмадым. Жігіт қасымнан кетпей отырып алды. «Мендік боламын деп маған уәдеңді бер» деді. Жанымдай көретін жалғыз ағамның өсиеті солай болған соң және ел қорғап соғыстан келген жігіттердің жақсы, жаманы жоқ шығар деп ойлап, «жарайды» дедім де, уәдемді бердім. - Меңтай терең бір дем алып, сөзін аяқтауға кірісті.
– Бар мән-жай осы, ағай. Мен ол жігітті сізден артық демеймін. Айта берсеңіз, қандай екенін де білмеймін. Ендігісін өзіңіз біліңіз. Тұмажанды таста, уәдеңді бұз дейсіз бе, оны өзіңіз айтыңыз. Мен сізге сенемін. Бұз десеңіз, бұзып-ақ кетейін, ағатай!..
Меңтай осылай деп айтарын айтып қалды да, бірақ бекер айттым-ау деп өкінгендей, тез тағы да сөйлеп кетті.
– Бірақ, уәде бұзған адам оңа ма, ағай? Уәдеге беріктік – адамның асыл қасиеті болуы керек қой. Ендеше қайтып бұзамын мен ол уәдемді.
Енді Меңтай емес, мен қиын жағдайда қалдым. Ол ендігі билігін өзіңіз айтыңыз деген жаңағы соңғы сөзімен менің махаббатым мен адамгершілігімді сынға салғандай болды. Таразының бір басында мен, екінші басында Меңтай тұрған сияқтанды. Қай жағына ауарын білмей таразы дірілдеп ұзақ тұрып қалған іспеттенді. Бір кезде, оның Меңтай жақ басы дір етіп қозғалып, бұлдырап кетті...
Төрт жыл бірге болған майдандас достарым есіме түсті. Ол кездегі бәріміздің бірінші арманымыз – жауды жеңу болса, екінші арманымыз – соғыстан соң бір-бір жақсы жар құшып, жарасты өмір кешу еді. Кей жолдастарым осы арманына жетпей өліп кетті. Тұмажан да көкірегіне сондай арман тұтып, аман келген азамат шығар. Ендеше оның серттескен қызын бұзып алу солдаттың солдатқа жасаған қиянаты болар. Мұным адамшылыққа жатпас, арсыздықпен шектесер деп бір ойладым. Жоқ, қыз мені жақсы көремін деп тұр ғой. Ендеше неге бөгелемін: бұз дейін уәдеңді, бұздырайын деп тағы қобалжыдым. Осы кезде баяғы танкпен жекпе-жек шайқасқанда өлген өз достарым көз алдыма келді. Олар, бірінен соң бірі: «Жоқ, сержант, өйтпе. Азғырма солдаттың серттескен қызын» деп, бастарын шайқап тұрғандай боп көрінді. Наводчигім өзіммен өте сырлас еді. Сәлима күйеуге тиіп кетіп, мұңайып отырғанымда ол келіп арқамнан қағып: «Жан табылса – жар табылады, сержант. Уайымдама!» деп жұбатқан еді мені. Сол наводчигім ерекше мұңайып: «Жан табылса, жар табылады ғой, сержант. Сен тірі қалдың. Жаны кеудесіндегі кісінің жары жолында, алдында емес пе. Тағы ілгері жүр, іздеп табасың әлі. Бүркітбай сенің Сәлимаңды бұзып алғанда, күйінгенің есіңде ме. Ендеше өзіңмен қарулас болып, жеңісті бірге шыңдаған солдаттың жанын жаралама, сержант. Өтінемін!» деп тұрғандай болды.
Біресе көзіме Заман елестеді. Маңдайына түскен қою шашын сілкіп тастап ол: «Әй, әй, мен сенен мұндай қиянат шығады деп ешқашан ойламаған едім» деп теріс айналған секілді. «Жоқ, Заман, - дедім мен оған іштей үн қатып. – Мен қиянатқа қаспын. Азғырсам – жігітке қиянат, ыстық уәдесін бұздырсам – қызға қиянат. Сенің досың қос қиянатты арқалай алмайды. Солдатты қадірлегендіктен, қызды сүйгендіктен өйте алмаймын мен».
– Жоқ, Меңтай олай болса... – дейді еріндерім дірілдеп, өн бойым қалтырап, - мен саған сертіңді бұз дей алмаймын. - Алтыбақан тепкен екі адамның бірі төмендегенде, екіншісінің шырқап жоғары көтерілетініндей, таразының Меңтай жақ басы биікке бір-ақ шықты. - Онда, буынсыз жерге пышақ ұрып, орынсыз қинағаныма ғапу ет.
Міне осылай дедім. Бұлай дейтінім тілі шабан, тілегі жүйрік ауыл баласымын ғой мен. Уәдеге берік, антқа адалдықты жоғары бағалап, оның өзіме келтірер залал, зиянын пайымдап жатпастан өз үкімімді өзім шығардым сөйтіп. Әккілігі жоқ, аңғал, адал көңілдің, жүрегіме бала жасымнан ұйып, ұялаған арлылықтың сөзін айттым. Адалдық, тазалық, шыншылдық, туралық - емшек сүті, мектеп өнегесі, әскер тәрбиесімен бойға сіңген қасиетім ғой менің. Момын әке, жуас шешеден туып, көпшіл колхозды ауылдың баласы болған соң, осылай айтуым заңды да болатын. Өзімшілдігі жоқ боп өскен жастың бірі болғандықтан ол түнде өзіме қас үкім шығарыппын мен. Әрине, мен мұныма өкініп тұрғамын жоқ бүгін. Егер жастық шағым қайта оралып, мен сол жағдайға жаңадан тап болсам, сөз жоқ, сол шешімімді іркілместен тағы қайталаған болар едім қазір.
Меңтай жұбатқандай болып, енді менің қолымды сипады ақырын.
– Сіз ренжімеңіз, ағай,–деді біраздан соң. - Біздің курстағы қыздардың бәрі де сізді жақсы көреді. Олардың бірен-сараны болмаса, бәрі де жақсы қыздар. Әсіресе Майра қандай жігітке болса да адал жар, ақпейіл дос, сенімді серік бола аларлық жан.
Сонымен, мен Меңтайға бірінші рет ашық түрде сөз айттым. Ол қарсылығын осылай қамқорлықпен, елжірей отырып білдірді. Меңтайдың қарсылығының өзі маған хош айтқандай боп көрінді.
Ойын айтып болған соң ол, өн бойы қалтырап, сәл діріл қаққан тәрізденіп орнынан тұрды. Енді кішкентай бөгелсе, өзін-өзі ұстай алмастай көрді-ау деймін. Қолымды босатқысы да келмей, босатпай да тұра алмай әлденеге күйбіжіктеп, бөгелгендей болды. Сонсоң тез-тез басып, жатақханаға қарай жөнеле берді.
Қолды пышақ кесіп кеткенде адам оның ауырғанын бірден білмейді. Сол сияқты, өзімді өзім аяусыз жаралағанымды мен де Меңтай жанымнан ұзай бастағанда бір-ақ білдім. Алдындағы бір отар қойды қақаған қатты қыс жұт болып жалмап, қотан шетінде таяғын ұстап жалғыз қалған сорлы шопандай күйде болдым мен. Менің қолыма түсер деп дәмеленген бар байлық Меңтайдың махаббаты еді. Одан айырылып, әп-сәтте жұрдай боп жұтадым да қалдым.
Өстіп, ескі түрік қағанаты кезінен қалған тас мүсіндей, серейіп тұрдым-тұрдым да, ілбіп үйге қарай аяңдадым. Аяғыма батпан байланып қалғандай, әрең қозғаламын. Әр аттаған сайын жер басып келе жатқандай емес, қара жердің астына шымырлап батып бара жатқан сияқтанамын. Аттаған сайын: «Енді маған Меңтай жоқ, Меңтай жоқ!» деп күбірлеймін өз-өзімнен.
Сол кезде Никольск шіркеуінің ыңырана, күрсіне шыққан үні келді құлағыма. Ол да маған: «Енді саған Меңтай жоқ! Жоқ! Жоқ!» деп тұрған сияқты болды. Шіркеу қоңырауы түнгі сағат он екіні жариялады – маған он екі рет «жоқ! жоқ!» деп қақсады. Бағана ғана сазды музыкадай көрінген қоңырау үні енді маған дүниедегі ең сүйкімсіз, құлаққа түрпідей қадалған қаңғырлақ дыбыстай боп танылды. Қоңырау күңгірі алыстап, талаурап барып үзіліп кетті де, дүние тым-тырыс бола қалды. Күңгірдің соңғы дірілімен бірге менің жүрегімдегі Меңтайға деген соңғы үміт қоса үзіліп кеткендей болды. Мен сүрініп, шайқалып кеттім, сол кезде өзімді шыңнан шыңырауға құлап бара жатқандай сезіндім де, жалма-жан жолдағы қарт теректі құшақтай алдым. Оған мұңымды шаққандай өкіріп, өксіп қоя бердім...
Ертеңінде мәңгіріп, дел-сал болып қалыппын. Әлдекім мені сойыл сілтеп, соққыға жығып, аяусыз жаулықпен естен тандыра ұрып кеткен сияқты да болады. Үлкен ұрысқа әзірленіп, түні бойы жәшік-жәшік снаряд тасып, таңертең шабуылға шығып, кешке жаудан жеңіліп, кейін шегінген сәтте де осындай боп өлердей бір шаршайтын шақ болатын еді. Сонда кез келген шұңқырға түсіп, жантайып жата қалғың келетін. Өлсем де, осы жерден тұрмасам екен деп ойлайтынсың. Сондай күйге түстім де, түске дейін төсектен тұра алмай, тұралап жаттым. Махаббатта күйреу де соғыста жасанған жаудан жеңілуден кем болмайтынын мен сонда білдім.
Студенттің бақырауық түйедей бажылдақ темір кереуетін қайта-қайта сықырлатып, бір жамбасымнан екінші жамбасыма аунақши беремін. «Өлі тиіп» жатқан қойдай тыпырлаймын. Бірақ, маған «Өлі» тиген жоқ, тірі тиген. Тірі болғанда мылтық кезеп, қылыш суырып қырқыса кетер жау емес. Маған тиген қарусыз қыз. Ол маған жау пиғылын, жат мінезін танытқан да жоқ. Күліп жүріп, күлімсіреп тұрып, ең ақырында, көзінен бұрқ еткен ыстық жас шығарып мені осындай күйге, аурудай халге ұшыратты. Мен соны ойлап дөңбекшимін. «Не деген асылжан еді!» деймін. Меңтайдың көз қызығып, көңіл сүйсініп тамаша етерлік сырт тұлғасына ішкі адамгершілік парасаты қосылғанда адамды тебірентпей, тербелтпей қоймайтынын енді ғана білгендей болдым. Оған алғашқы көрген сәтімнен бастап, көп күндер бойы ғашық боп жүргенімнің де себебін сонда ғана аңғардым.
«Бұған баға жете ме? Жоқ, жетпейді!» деймін өзімнен өзім жатып. Сондай баға жетпес қыздан айырылып қалғаныма жүрегім сыздап, жарылып кетердей боп, екінші жамбасыма қайтадан аунаймын. Жұдырықтай сорлы жүректің өз денемді төсек үстінде олай бір, былай бір лақтыруға ғана әлі келеді. Сонысымен ол маған қарсылық білдіріп, наразылық айтып жатқан секілденеді. «Сен неге Меңтайға тек мені сүй, тек қана менімен бол демедің?» деп мені жазғырып, жазалап жатқанға және ұқсайды. Осы арада Меңтайға жазда, емтихан бітіп, отыз үшінші аудиторияда сауық өткізген кештің түнінде шығарған өлеңімнің бір шумағы еріксіз есіме түседі.
Бәрі аз бағасына, барша санның,
Тәж-тағы, дүние, мүлкі патша, ханның –
Меңтайды мәңгі құшып сүйетұғын
Бар екен не арманы Тұмажанның?!
Өлеңнің аяғындағы бұрынғы «жігіт жанның» деген сөзді «Тұмажанның» деп қалай өзгерткенімді өзім де аңғармай қалдым. Жоқ, енді Меңтайға өлең шығармаймын, – дедім ішімнен өзіме-өзім ант еткендей. Меңтайға ешбір өлеңнің керегі жоқ. Меңтайға керексіз дүние - маған да керексіз. Жоқ, енді мен Меңтайды көруге де құмартпаймын. Енді мен оны ешқашан да ойламаймын.
Бірақ, ғашықтың ойы басқа да, ісі басқа болады екен. Ғашық көрмеймін, бармаймын десе, өзінің қалай барып, қалай кездескенін де білмей қалады екен ол.
Сол, мен үшін қайғылы түннен кейін Меңтайды ертеңінде кешке, театрда кездестірдім тағы да. Бір-екі минуттай ғана қасында тұрдым. Содан кейін мен оны, расында да, бірнеше күннен соң бір-ақ көрдім. Бәлкім бір аптадан кейін де болар шамасы.
Түнде Жомартбек, Пернеш, Төлеубек үшеуі шырт ұйқыда жатқан сағат бірдің мөлшерінде, жатар алдында аз ғана ауа жұтпақ боп, аулаға шықтым. Ауладағы Меңтай екеуміз ажырасқан орындыққа еріксіз көз салдым. Осындай оңашада анада Меңтай отырған жерге барып отырғым келді. Неге екенін білмеймін, ол отырған орындықтың тақтайын алақаныммен бір сипасам деп ойладым. Бәлкім, онда Меңтайдың жұп-жұмсақ қолдарын қайта-қайта сипағаным еміс-еміс есіме келген болар. Сол сәтте орындықтың қатты тақтайы қыз қолы емес екенін ескермеген де шығармын.
Қарасам оңаша орындықта, айнала құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштықта, бұйығып біреу отыр. Жақындап келсем, Меңтай екен. Жағын таянып, шынтағын тізесіне тіреп, төмен қарап қалыпты. Менің тықырымды да сезбегендей, селт ететін емес.
Жүрегім кеудемді ұрғылап, тағы да дүрсілдеп қоя бер-ді. «Жүрсеңші, жүгірсеңші. Тұмажанды таста, мені сүй деп, жалынсаңшы Меңтайға. Аяғына жығылсаңшы жылдам!» деп тағы да зарлап, жылап жіберген іспеттенді. «Енді Меңтайдың жанына жақындамаспын, оған ешқашан бір ауыз тіл қатпаспын» деген антымды мен біржола ұмыттым. Жел қуған қаңбақтай домалап, жанына жетіп барғанымды өзім де аңғармай қалдым.
– Сәлеметпісің, Меңтай. Жеті түнде неге жалғыз отырсың? Бір жерің ауырып отырған жоқ па, жабырқаусың ғой өзің, – дедім оған бірнеше сөзді бір-ақ лақ еткізіп.
Бірнеше күн кездеспегендіктен бе, ол маған шынында да ауырып, жүдеп қалғандай боп көрінді.
– Жоқ, қазір саумын ғой, – деді Меңтай жауап сәлемін айтқан соң. - Жай, басым ауырған соң далаға шығып едім.
– Бірсыпырадан бері қайда болдың?
– Ауырып, үйде жаттым.
– Не дейсің, қыздар маған айтпады ғой.
– Мен қыздарға айтпаңыздар, ағай босқа мазасызданбасын дегенмін. Отырыңыз.
«Мазасызданады деп менің қамымды ойласа, онда әлі менен безбегені ғой. Кет әрі емес болғаны ғой» деп ойладым мен қуана бастап. «Мүмкін, Меңтай менің әнеукүнгі өтінішімді қабылдаған шығар. Сонда «мен де сізді жақсы көремін» деп еді ғой. Бәлкім, сол жақсы көргені жеңген шығар. Он күн ойлап, менің тілегімді қабылдауға бел байлап, бүгін мені әдейі күтіп отырған болар».
– Меңтай, – дедім мен оның қасына отырғаннан кейін әнеукүнгідей оның қолдарын қос қолымның арасына алып. - Мен... мен... мен...
– Иә, сіз, – деді Меңтай қоңыр үнмен.
– Өткен жолы сен: « Тұмажанды таста деңізші. Уәдеңді бұз деңізші. Сіз солай десеңіз, мен бұзып-ақ кетейін» деп едің ғой. Мен солай дегелі келдім саған. Сөйтші, Меңтай. Мен сені жанымдай жақсы көремін!...
– Жоқ, ағай, кеш қалдыңыз, – деді Меңтай қапалы үнмен.
– Неге кеш, неге? – деп мен оны өткен жолғыдай етіп, тағы да құшақтай бастадым.
– Жоқ, жоқ, енді болмайды, ағай, – деп Меңтай құшақтатқысы келмей бойын аулақтата берді.
– Неге болмайды, – дедім мен оны бас салып құшақтағаныма әрі қысылып, әрі оның өткен жолы емес, дәл бұл жолы бұлқынғанына таңданып.
– Өйткені болары болды, бояуы төгіліп қалды, - деді ол менен сәл алысырақ сырғып барып, төмен қарап отырып, соншама бір солғын, бәсең үнмен. – Бәріне өзіңіз кінәлісіз...
Осылай деп солқылдап жылап жіберді. Орамалын алып, бір қолымен бетін басып, өксіп отырып қалды.
Мен не істерімді, не дерімді білмедім. Бар болғаны қыздың жанына жақындап, оның бос екінші қолын екі алақаныммен қайта-қайта сипай бердім. Оған қанағат қылмай, шашын сипадым. Біраздан соң ол өксігін басып, қайтадан сөйледі.
– Әнеукүні сіз театрға Тұмажанды ертіп әкелдіңіз. Сізбен екеуіміз осы арада отырып сөйлесетін түннің ертеңінде. Мен сол күні одан қашып, оны көрмейін, көрінбейін деп театрға кетіп едім. Оның бұл мейрамда қалайда келетінін білгенмін... Сіз театрда бізді табыстырып, кетіп қалдыңыз... Содан ол үш күн жатты... Мені босатпады, – деді қыз тағы да солқылдай жылап. – Содан соң бітті, бәрі бітті...
Ол күні мен төсекте езіліп күні бойы жатып, кешке таман жатақханадан сыртқа шыққанмын. Шықсам аулада, кешегі Меңтай екеуіміз қоштасқан орындықтың үстінде бірсыпыра таныс студенттер қарта ойнап отыр екен. Солардың қасына бардым. Күн жексенбі және мейрамға бір-екі-ақ күн қалғандықтан ба, әйтеуір студенттер көңілді екен. Мені көре сала олар орталарына шақырды.
– Кел, кел, Ербол, – деді Төлеубек, – карта ойнаймыз. Күні бойы ұйықтап, басын күп боп ісіп кеткен шығар сенің.
Мен басымды шайқадым.
– Неге, ойнамайсың ба?
– Ойнай білмеймін.
– Ең аяғы бес картаны да білмеймісің?
– Иә.
Төлеубек қарқылдап кеп күлді.
– Карта білмейсің, темекі тартпайсың, арақ ішпейсің. Сонда сен не білесің осы?
– Төке, Төке, ол сабақ оқуды ғана біледі, - деді Жомартбек. - Жүріңіз, кәне, кезек сіздікі.
Жігіттер мені жайыма тастап, құлаштай соғып, картаны өздері ойнай берді.
Осы кезде жатақхана қақпасынан елбелектеп, бірі сақа, бірі жастау екі жігіт кіріп келе жатты. Сақасы едіреңдеп алға шығып, біздің қасымызға тоқтай қалды да:
– Жігіттер, амансыңдар ма? - деді.
Карта ойнап отырғандар оған оншама мән бере қойған жоқ. «Аманбыз» дей салды да, отыра берді. Едіреңдеген жігіт маған көз тоқтатты да, үстімдегі гимнастеркамды көріп:
– Әй, сен өзің солдат болып па едің, әлде солдат көйлегін киіп отырсың ба? - деді нақ бір мені тексеруге келгендей бірден тергей жөнеліп.
Мен оның бетіне қарадым. Дауысы шіңкілдек, мінезі ожарлау, қаймыжықтай жұқа ерінді, бітік көздеу келген талдырмаш сары жігіт екен. Жаңа өсіп келе жатқан, тікендей тікірейген сүйкімсіз шашы бар. Үстіндегісі су жаңа әскери киім: шұға галифе, гимнастерка, офицер белбеуі, жып-жылтыр қара хром етік. Тек фуражкасы ғана жоқ. Екіншісінің үстінде де көнетоз солдат киімі бар.
– Иә, солдатпын, - дедім басымды көтеріп.
– Солдат болсаң, бері кел, - деді ол маған командирімдей-ақ өкім сөйлеп.
«Мұның менде не шаруасы бар, ей?» деп ойладым да, орнымнан тұрдым. Ол мені үйдің бұрышына таман алып келді де, тағы да тергей бастады.
– Сен студентпісің?
– Иә.
– Қай факультетте оқисың?
Мен оны да айттым.
– Қай курстасың?
– Үшіншіде.
Мен тарих-филология факультетін айтқанда-ақ ол ежіреңдеп қалып еді. Ал үшінші курста оқитыным оның шамына тигендей боп, шытынап кетті.
– Онда сен Ербосынованы білесің бе?
– Меңтайды ма, білемін, - дедім әлденеге жүрегім су ете қалып.
– Қалай білесің?
– Бірге оқимыз.
– Басқа ештеңең жоқ па?
Мен сәл үндемей тұрдым да:
– Жоқ, – дедім.
Ол менің бұл жауапты кідіріп барып бергеніме күдіктенгендей болды. Сенерін де, сенбесін де білмегендей, бетіме шегір көзін сығырайтып, тағы да тесіле қарады.
– Ендеше сен оны осы қазір бізге шақырып кеп бер, – деп бұйырды ол.
Енді мен оның бетіне тесіле қарадым. Бақсам, жігітім ептеп жұтып алған екен. Маған өктем сөйлеп жүргені де содан болуы керек. «Шабуылға шығарда сілейе арақ ішіп алып, ес-түсін білмей оққа қарай жүгіретін фрицке ұқсауын!» дедім оны ішімнен кекетіп.
– Кім шақырды деймін!
«Онда не шаруаң бар?» дегендей сары шегір маған тіктене қарады. Көзі от шашқандай боп, қанталап кеткен екен. Морт, есерлеу адамның әлпетін танытты. Ол көзін тікендей қадап, қанша ежірейсе де, мен орнымнан қозғалмай тұра бердім.
Сары шегір оның өз жөнін білмей шақырып бермесімді ұқты да, мойнын күжірейтіп, теріс айналды.
– Ағаң шақырады. Тұмажан келіп тұр де, – деді шіңкілдеп.
Мен селк ете түскендей болдым да, оның бетіне қайтадан жалт қарадым. Қалыс естіген жоқпын ба деп, қайыра сұрадым:
– Кім дейсіз?
– Тұмажан Ошақбаев, – деді ол маған жеки сөйлеп. – Саңыраумысың өзің?
– Но, соғыста артиллерист болғанмын, – дедім мен де оған тіктеп, сыздана қарап. – Содан қалған құлағымның мүкісі бар.
Мен бұл сөзді шегір сарының әкіреңдегеніне ыза болып айттым. Қанша ыза болғанмен, шыным да сол еді. Бар қиратқаным: дауысымды көтеріп айтқаным болар. Бірақ бұған өзімнің де айызым қанбағанын сездім. Содан соң лақ еткізіп, аузыма келген бірінші сөзді және айтып қалдым.
– Көп болса Қыз Жібегін іздеп келген Төлеген шығарсың. Бірақ мен саған Бекежан емеспін, әкіреңдеме өйтіп!
Осылай дедім де жалт бұрылып, кетуге ыңғайландым. Алғашында қайтадан карта ойнаушылардың қасына барайын деп ойлаған едім. Сонсоң осы дәлдірге ашуланып қайтемін, барып айта салайын дедім де, жатақханаға қарай кеттім.
Меңтай бөлмесінде жоқ екен. Майра екеуі театрға кетіпті.
– Қай театрға? – деп сұрадым қыздардан оның үйде болмағанына бір жағынан қуанғандай, бір жағынан өкінгендей болып.
– Драмаға.
Екі жігіт мені тосып тұр екен. Сары шегір темекі тартып, көк түтінді көмейлете жұтып шиыршық атады. Қасындағысы мені көргенде елең етіп, үсті-басын түзеп, әлек боп қалды. Сары да екі саусағын белбеуіне тығып жіберіп, қораздана бастады.
– Меңтай үйде жоқ, – дедім мен олардың қасына онша жақындамай тоқтап.
– Қайда кетіпті? - деп сары шегір тағы әкірең ете қалды.
– Театрға.
– Қасындағы жолдас қызы да жоқ па екен? – деді екінші жігіт сәл қысыла үн қатып.
– Майра қайда екен? – деді Тұмажан онымен жарыса.
– Екеуі де кетіпті.
– Қай киноға дейсің? - деп сары шегір қайта сұрады.
– Киноға емес, театрға. Өзің саңырау емеспісің? – деп мен де оны шағып алдым.
Тұмажан менің кекеткеніме мән бермеді. Қайта сұрақ қойды.
– Ол қай жерде, алыс емес пе?
– Жоқ, алыс емес. Осыдан үш-төрт-ақ квартал жерде, Дзержинский мен Виноградов көшелерінің қиылысында, – дедім Никольск шіркеуі жақты нұсқап.
Мен олардың қасынан өтіп, жаңағы карташыларға қарай беттедім. Зығырданым қайнап, өзімнен-өзім ыза боп келе жаттым. Неге ашуланғанымды және білмеймін. Осы кезде сырт жағымнан: «Ағай, тоқтаңызшы» деген дауыс естілді. Мойнымды бұрсам сары шегірдің жолдасы екен.
– Ағай, ана кісінің сөзіне ашуланып қалдыңыз ба? Ол кісінің мінезі солай. Майданда батырдың жолдасы болған кісі, өзі де ер мінезді адам. Меңтай оның қарындасы емес, уәделескен қызы, жаңа оны өзіңіз дәл тауып айттыңыз. Алда мейрам келе жатқан соң сол кісіге жолығып қайтайық деп ауылдан, сонау Нар станциясынан келіп едік. Оның үстіне ана кісі «Меңтайдың жақсы құрбысы бар, соны саған таныстырамын» деп сүйрелеп болмады мені. Менің де әскерден келгеніме екі ай ғана болып еді. Өзіңіз де солдат екенсіз. Сізден өтінішім, мына екі солдат бауырыңызды театрға ертіп апарсаңыз екен. Біз оның қай жерде екенін білмейміз. Ағай, мен сізден жалынып өтінемін...
Осылай деп, Тұмажанның жолдасы лақ еткізіп бар сырын бір-ақ айтты. Және іші-бауырыма кіре өтініш етті. Мен бұл жас жігіттің тілегін қайтара алмадым. Осы жігіт үшін екеуін театрға алып бармақ болдым.
Үшеуміз Никольск базарын басып өтіп, шіркеудің жанымен, базар маңындағы ескі үйлерді артқа тастап, алдымен Дұнған көшесіне, одан соң Аманкелді көшесіне шықтық. Жас жігіт екеуміз анда-санда тіл қатысып қоямыз. Одан жөн сұрадым. Ол Нар ауданындағы бір колхоз председателінің баласы екен. Аты Ерғазы. Бұл әскерде жүргенде әкесі ауылдағы біреудің қызын әпермек боп, уәделесіп қойыпты. Бірақ жігіт оны ұнатпапты. Қасындағы ағайы бір күні ауылдарына уәкіл болып келіп, үйлерінде қонақ болып отырып: «Мен саған Алматыдан қыздың көкесін тауып беремін» депті. Сонымен ол мұнда «қыздың көкесін» іздеп келіпті. Ерғазы қалқан сырын осылай, шелектен су құйғандай етіп, тағы бір ақтарып салды да, кейінірек келе жатқан Тұмажанға естіртпей:
– Бұл кісі аудандық мекеменің меңгерушісі, - деп қойды.
Өзбек көшесін кесіп өтіп, драма театры тұрған Дзержинский көшесіне келіп тірелдік.
– Театр осы, – дедім мен көше жақ қабырғасында кішігірім қазандай аспалы сағаты бар, бүйіріне сыған әйелдерінің киіміндей әртүрлі алабажалақ афиша қағаздары жапсырылған, жатаған, өзен пароходына ұқсас, үлкен үйді нұсқап.
– Бұдан біз қалай табамыз? - деді Ерғазы апалақтап.
– Билет алып, ішіне кіріңіздер.
– Қазыр ойын басталып кетті ме екен?
– Басталған болар. Бірінші акт бітіп, жұрт үзіліске шыққанда тауып аласыздар ғой.
Арттан ырғала басып Тұмажан келді. Ол келе сала театр қабырғасындағы афишаға үңілді. Онда көрсетілген спектакльдерді бір-бірлеп оқи бастады.
– Е, бүгін «Қобыланды» екен ғой, – деді ол.
– Иә, «Қобыланды» екен, – деді Ерғазы.
«Әр Дон-Кихоттың өз Санчо Пансасы болады» дедім мен ішімнен. Сонсоң бұрылып, өз жөніммен кетуге оңтайландым.
– Тоқта, сен қайда барасың? – деді «батырдың жолдасы» дегбірсізденіп.
– Театр осы. Керек кісілеріңізді осыдан іздеп тауып алыңыздар.
– Әй, сен тауып берсеңші, біз қалай табамыз?
Бағанағыдай емес, «батырдың жолдасы» жұмсарып қалыпты.
Бұл жолғы үні тіпті жалыныштылау болып шықты. «Батырға да жан керек» деген емес пе, театрға келген қалың жұрттың ішінен өзіміз таба алмаспыз деп қорыққан болуы керек.
– Ағай, сөйтсеңізші, – деп Ерғазы қоса жалынды. Мен олардың бұл өтінішін тағы да жерге тастай алмадым. Ішке кірсем фойеде кассирден басқа ешкім жоқ екен. Ойынның басталғанына жарты сағаттай болыпты. Бірақ билет бар екен. Мен қойны-қонышымды тінтіп, әрең дегенде балконға кіретін билеттің ақшасын жинап алдым. Бұл ертең тамақ ішуге тиісті ақшам еді. Намыстанамын деп жаңағыларға ақшамның жоғын да айтпадым.
Ішке кіріп, қараңғы дәлізбен өзіміз әзілдеп «Студенттер ложасы» деп атайтын балконға көтерілдім. Қап-қараңғы есіктен ішке бас сұқтым. Сахнада сәнді сарай көрінеді. Бұл – Қобыландыға жау ел – Қызылбас жұртының ханы Көбіктінің сарайы. Сарай алдында «Кек, кекелеп» өзінен-өзі қойқаңдап батыр Қазан жүр. Осы арада сыртта қалған Тұмажан ойыма түсті де: «екі заманның екі есер батырының бір-біріне ұқсауы-ай» дедім ішімнен. Бір жақтан сыздана алшаңдап Алшағыр батыр және шықты. Екеуі хан қызы Қарлығаға таласып, біріне-бірі сапы ала жүгірісіп, текедей тіресті де қалды.
Балконның ең артында түрегеп тұрып көрген бұл көрініске мен мырс етіп тағы да күлдім. Жаңағы Тұмажан екеуміздің жатақхана жанында шарпысқанымыз ойыма түсіп кетті. Бұлар да қызға таласып жатыр екен ғой дедім ішімнен.
Сахнадағы бұдан кейінгі көріністерге жете назар аудармадым. Бар болғаны Көкланның шашы жалбырап, «Зу-зу арзу» деп сахнада ұшып жүргені. Қарлығаның өзіне құмар қос батыр Қазан мен Алшағырға қыр көрсетіп, жалаң қылышты жарқылдата би билегені есімде қалды.
Бір кезде жарқ етіп шам жанды. Жұрт орындарынан тұра бастады. Үзіліс болғанын мен сонда ғана білдім. Жалма-жан балкондағы жұртқа бір, төменге бір қарап, өзі арық мойнымды қылқаңдатып соза бастадым. Жоғарыға шапшаң көз жүгіртіп, төмендегі жұрт арасынан іздеуге асыққандықтан ба, балконда біздің қыздар жоқ сияқты көрініп, тез төмен қарай жүгірдім. Жан-жағыма алақтап көз салып, әркімге бір тесіле қарап, елпеңдей басып келе жатыр едім. Сол кезде фойедегі жұртты қақ жарып, таныс, бейтаныс адамдарымен қайта-қайта бас изей сәлемдесіп, көрермен қауымға мейірлене, бейілдене жымиып, сол жымиюымен жан-жағына шуақты жылу шашып, маңғаз аяңдап профессор Әуеновтің қарама-қарсы кеп қалғанын бірақ аңғардым. Жалма-жан шетке бұрылып:
– Мұхит аға, сәлеметсіз бе, - деп оң қолыммен кеудемді басып, бас идім.
– Бәле, бұл Ербол, сенбісің? «Қобыландыны» көруге келдің бе? – деп Әуенов бұрылып келіп мені білегімнен алды. Осы арада мен мыңдаған таныс, жүздеген студенттері бар Әуеновтің адам аттарына соншама зеректігіне таң қалдым. Профессорға сәлем бере тұрып, бұл кісі менің жүзімді танығанымен атымды біле қояр дейсің бе? Күн сайын алдынан топ-тобымен өтіп жататын шәкірттерінің қайсысының аты-жөнін біле береді, менің есімім де есінен шыққан шығар деп ойлаған едім. Жоқ, олай емес екен. Профессор мені өзімен ілесе жүруге икемдеп, сөзін жалғады.
– «Қобыландыны» көруге келгенің абзал болған, көру керек. Жалпы театрға көп барғанын, спектакльдерді көп көргенің дұрыс. Мен Ленинградта оқығанда әрбір жаңа спектакльді босатпай көретінмін. Кітаптан оқығанда көп нәрсе көзден таса қалып қояды. Ал сол оқиғаны сахнадан көрсең, ол ешқашан ұмытылмастан есіңде жүреді. Сахна тәрбиесі деген – ерекше тәрбие. Ол ұғымды, жұғымды, ұтымды болады, Ербол. Жалпы өнердің бәрі ұстаз ғой. Ал ұстаздардың ішінде тыңдаушының құлағына құйып беретін сұңғыла шешені, ұқсас ерік алдына қоймайтын өзгеше салауаттысы болмай ма? Ендеше театр өнерін де сондай ұстазға пара-пар деп білуің керек. Театр – бос ермек, орынсыз күлкінің орны емес. Ол ақыл мен сезімге нәр беретін орын...
Әуенов өзінің теңіз ырғақты үнімен тебірене сөйлеп кеткен еді. Мен, даладағы екі жігітті де, театрдан өзім іздеуге келген екі қызды да ұмытып, профессордың шабытты сөзін ұйып тыңдап қалған болатынмын. Осы кезде біреу көлденеңдеп келіп, қос қолын бірдей ұсынып, Әуеновтің сөзін бөліп жіберді. Онымен амандасқаннан кейін профессор қайтадан маған қарады.
– Орның бар ма өзіңнің? Қай жерде? – деп сұрады.
– Бар, Мұхит аға, - деп мен саусағымды шошайтып, төбені нұсқадым. Оным: «орным балконда» дегенім еді.
– Менің қасымда, бірінші қатарда бір бос орындар тұр. Мен саған ақша берейін, Ербол. Егер сол орындардың бірі шын бос болса – билет ал. Орын болмаса – ақша қалтаңда қалсын, басқа бір керегіңе жаратарсың, өз орныңда отырып көре бер, - деп Әуенов жұрт көзінен тасалай қалтасынан жүз сом суырып, менің, алақаныма салып, жұдырығымды өзі жұмды. Сонсоң иығымнан қағып, - бар, тез билет алып кел, Ербол, – деді.
Мен: «Рахмет, Мұхит аға» деп міңгірлеп, өз-өзімнен қызарып, сыртқы есікке қарай аяңдадым. Есікке тақағанда бүйірден бір таныс дауыс құлағыма шалынды.
– Иә, ағай, кімді іздеп жүрсіз?
Жалт қарасам, Майра екен. Қасында Меңтай тұр.
– Сендерді, – дедім қуанып кетіп. – Қайда отырсыңдар өздерің, бағанадан бері шарқ ұрып, таба алмай жүрмін.
Сөйтсем олар балконда, нақ менің алдымда, иегімнің астында отырыпты. Мен жарты сағаттай, қараңғыда, солардың желкесінде тұрыппын.
– Иә, ал, неге бізді іздедіңіз? - деп сұрады Майра. Меңтай да бетіме қарады. Бұл сұрақты ол маған үнсіз қойды. Менің жүзімнен өзіне аса қажет бір нәрсені іздегендей боп, қымсына, қиыла, үміттене, үзіле қарағандай болды, тобарсыңқырап тұрған жұқа ернінің жиегін күлкі қозғап өткен іспеттенді. Содан соң лезде ернін жымырып, орынсыз келген күлкіні қымтап, тас қылып бекітіп тастаған сияқтанды.
– Жай, бір кісілер іздеп келген екен екеуіңді... Солар тауып бер деген соң...
– Иә, ол кім? - деді Майра сөзімді аяқтатпай маған қарай сол ентелей түсіп. Меңтай үндемеді. Қайта менің: «бір кісілер екеуіңді іздеп келіпті» деген сөзім оның иығынан батпан болып басқандай, жаңағы күлкі қозғаған ернін жазалағандай боп, аяусыз тістелеп, төмен қарады. – Иә, қандай кісілер – әйел ме, еркек пе, айтсаңызшы тез.
– Екі жігіт, бірі Меңтайдың ағасымын, атым Тұмажан дейді, – дедім мен бәсең, солғын үнмен. Меңтай селк еткендей боп, ернін одан сайын тістелеп теріс айналып кетті.
– Неге әкелдіңіз оларды? Әкелмеуіңіз керек еді ғой, – деді қынжылған қалып білдіріп.
Мен сасып қалдым. Біреуге істеймін деген жақсылығым екінші біреуге жамандық болар деп ойламаған басым не айтатынымды, недерімді білмедім.
– Жік-жапар боп жалынған соң... Қайдан білейін... және уәдем бар демеп пе едің өзің...
Меңтай қиналғандай боп басын шайқады. Онысы уәдем жоқ дегені ме, әлде тағы да бекер әкелгенсіз дегені ме – оны анық ұға алмадым.
– Ендеше көргемін жоқ, таба алмадым деп айтыңызшы, – деді ол жалынғандай боп.
Мен қысылдым, не дерімді білмедім. Бар аузыма түскені:
– Меңтай-ау, қалай өтірік айтамын, - деппін.
– Иә, рас, ағай не деп өтірік айтады, – деді Майра. – Жүр шығайық. Әдейі іздеп келген кісілерге шықпау ұят болады.
Ол Меңтайды білегінен ұстап, сыртқа қарай икемдеді. Меңтай басын шайқап күрсінді де: «Ал, баста» дегендей ишара жасады. Байқасам, бетінде қан қалмай, бейне бір өлімге бара жатқан адамға ұқсап, қуарып кетіпті. Мен өзімді Меңтайды жігітімен жүздестіруге емес, дар ағашына қарай айдап дара жатқан жендеттей сезініп, қалбақтап алға шықтым.
– Онда мен... мен... жоқ екен деп айтайын, – дедім.
Қыздар менің бұл сөзімді естімеді ме, естісе де енді кеш деп, елемеді ме, ілбіп ілгері жүре берді. Жігіттер сыртқы дәлізге кіріп, бір бұрышта күтіп тұр екен. Шегір көз сары қыздарды көргенде құбылып сала берді. Жымыңдап, жылмиып, маймаңдай басып бізге қарай ұмтылды. Иіріліп, иіліп еңкейіп келіп, Меңтайға бас иді. Аяғын сарт еткізіп жіберіп, оның қолын алды да, алдымен ернін тигізді, сонан соң алақанын апарып бетіне басты. Меңтайдың қолын жайлап босатып, тез Майраға қарай бұрылды да, аяғын тағы да сарт еткізіп, жаңағы жасағандарын жылмия тұрып қайталауға кірісті.
«Апырай, мына Тұмажан бір емес, екі кісі болып шықты-ау, – деп ойладым мен оның мына қылықтарына қарап тұрып. - Жаңа маған соншама сызданып еді. Енді қыз алдында құрдай жорғалауын қарашы».
– Бикештер, өздерің қашып, ұстататын емессіңдер ғой, – деді ол қыздарға қырлана үн қатып.
– Бізді аяғымыздан тұсап, арқандап кеткен ешкім жоқ шығар, – деді Меңтай сабырлы үнмен.
Шегір көз сары иығын қозғап, ұрынбақ болып қопаңдап қалып еді. Одан бұрын Майра сөйлеп кетті.
– Иә, Меңтай түні бойы қатты ауырып, түске дейін төсекте жатып еді, – деді ол. – Содан соң бой жазайық деп театрға келдік. Әйтпесе, әрқашанда үйдеміз.
Шегір сары Меңтайға қадалып, оның шынында да жабырқап тұрғанын көрді. Сондықтан ол оқталған сөзін айтпады.
– Ал, қош болыңыздар, – дедім мен кетуге ыңғайланып.
– Ағай, сізге рақмет, – деп Ерғазы келіп қолымды алды. – Сіз болмасаңыз, біз таба алмайтын едік бұл кісілерді.
Тұмажан жай ғана иек қақты. Меңтай үнсіз, төмен қараған күйде қалды. Майра көзінің астымен Меңтай мен Тұмажан екеуіне кезек қарай берді.
Мен енді қайта театрға кіре алмайтынымды, кірсем де орнығып отырып, ұғып ойын көре алмайтынымды сездім. Театрдан шықтым да, ішім толып бара жатқандай боп, жатақханаға қарай жүгірдім. Өкпем күйгенде барып бір-ақ тоқтадым. Ненің қуанышы қуалап жүгіргенімді өзім де білмедім. Жоқ, ол қуаныш емес еді. Бағанадан бері денесінде снарядтың жарықшағы қалған жаралы адамдай күйде болатынмын. Енді сол «жарықшақ» қозғалып, жанымды шығара бастады. «Апырау, неге ертіп әкелдім осы екеуін сөлпеңдетіп?» – деп бір өкіндім. «Мен әкелмегенмен олар бірін-бірі бәрібір табады ғой», – деп қайтадан өзімді-өзім жұбаттым. «Меңтайдың өтінішін орындап, қыздар мұнда жоқ екен деп, неге өтірік айтсам, аузым қисайып кетпейтін еді ғой» деп және қиналдым. «Қой, өлсем де, өтірік айтпаспын» деп ол ойыма тағы қарсы болдым. Мені мұншама ойға қалдырып, жанымды қинаған «жарықшақ» - қызғаныш пен өкініш еді. Мен Меңтайды уәделескен жігітінен қызғандым. Мен оған берген уәдеңді бұзба дегеніме бір өкінсем, енді екеуін қолдарынан жетектегендей боп біріне-бірін табыстырғаныма және өкіндім. Өкініш пен қызғаныш өксік болып, тамағыма кептеліп еді. Ол күні осылай болғанды.

ВЫ ЧИТАЕТЕ
Махаббат қызық мол жылдар
Любовные романыМахаббат қызық мол жылдар - Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы шығарған романы. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 3...